Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТТЕГІ КЕЙІПКЕРЛЕРДІ БЕЙНЕЛЕУ ТӘСІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТТАНУДАҒЫ ПЕРСОНОСФЕРА ҰҒЫМЫ

Автор: 
Рысгуль Абилхамиткызы (Астана, Казахстан)

Қазіргі гуманитарлық ғылымдар саласында «персоносфера» ұғымына бір ғана анықтама берілген. «Персоносфера – әрбір халықтың әдебиетіндегі, тарихындағы, фольклор және діни шығармалырындағы кейіпкерлер сферасы» деген анықтаманы орыс зерттеушісі Г. Хазагеров берген болатын [1, 134]. Қазақ ауыз әдебиетінде де бұл ұғымның өзіндік орны сақталған. Қазіргі әдеби даму, көркемдік ізденістер әдебиеттану ғылымының алдына күрделі міндеттерді шешуді қойып отыр. Сондай міндеттердің бірі әдебиеттегі – кейіпкерлер сферасы.

Орыс әдебиетінде персоносфера мәселесін зерттеген Г.Хазагеров, Д.С.Лихачев, С.Г. Бочаров, А. Бочаров, С. Е. Шаталов, В. Н. Белопольский, тағы басқа ғалымдардың пікірлерін қолдай отырып, біз де адам персоносферасының концепциясы дегеніміз жазушы жасаған бүкіл характерлердің негізін құрайтын және олардың ерекшеліктерін айқындайтын бастапқы тезистердің жүйесі деген тұжырымға тоқталамыз. «Персоносфера – кең ауқымды, бәрін қамтушы ұғым. Әрине, реалистік шығармашылықтың, оның ішінде роман жанрының негізгі мақсаты – жаңа да айқын әрі тұтас, сонымен бірге күрделі адам болмысын жасау». Қазақ әдебиетінде персоносфералық талдаудың элементтерін басқа туындылардан табуға болады (М.Әуезов, Ә.Нұрпейісов т.б.). Персоносфера жүйесін Мұхтар Әуезовтің «Абай жолындағы» кейіпкерлер құрайды. Эпопеядағы әр кейіпкер бір-біріне мүлде ұқсамайды. Әрқайсысының өз орбитасы бар. Әркім – өзгеше бір әлем. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы кейіпкерлер тұлғасы жеке алдына бір зерттеу нысаны. Персоносфера – әдеби әлеммен бірге қоғамдық болмыста өмір сүретін тұлға. Персоносфера да заман ағы­мына байланысты түрленіп, өзгеріске ұшы­рап отырады. Осы жөнінде М.Храпченко: "Персоносфера әртүрлі бағытта кездесуі мүмкін: бір ақынға характердің сыртқы белгілері, екіншісіне қоғамдық қарым-қатынас пен өмір тартысының сол характерге жасайтын әсері мәндірек, үшіншіге-сезім мен әрекеттің байланысы, төртіншіге – құмарлықты талдау қымбат, ал граф Толстой үшін ең маңыздысы – персоносфераның өзі, соның формалары, заңдары",– [2,36] деп айтады. М.Храпченко Н.Гоголь шығармашылығын зерттеп, типологиялық персоносфераны айрықша атап көрсетеді.

Қазіргі қазақ жазушыларына бүгінгі уақыт талабына сәйкес үлкен міндеттің бірі – "адам тұлғасын" ашу. Нақтырақ айтқанда, кейіпкердің ішкі рухани әлеміне үңілу, болмысына талдау жасау үшін терең толғану, тынбай іздену керек болып отыр [3, 142]. Қаламгерлер алдына қойылатын шарттың мәні мынада деп ойлаймыз, атап айтқанда,, "ол – жазушы үшін толыққанды образ, өміршең тұлға жасаудағы бірден бір қолайлы да, оңтайлы тәсіл". Шындығында да, образ, характер жоқ жерде көркем шығарма рухы тұрмақ, оның елесі де болмайды. Осы туралы сөз қозғаған Ю.В.Чепель:  "Персоносфера жасау – характер жасаудың ішкі заңы" [4, 31], – деген болатын. Оған жету үшін ахиптендіру қажет. "Типизм – творчествоның негізгі заңының бірі, онсыз творчество жоқ" [5,32]. Яғни, персоносфералық талдаудың негізгі мақсаты –   кейіпкер тұлғасын даралаудың басты сипаты.

Көлемді көркем туындыларда бірнеше адамның бейнесі мүсінделеді. Мәселен, Толстойдың «Соғыс пен бейбітшілігі» шығармасында бірнеше кейіпкер бар. Бұл шығармадан қайсысы басты кейіпкер екендігін айту қиын. Әде­биет пен көркем өнерде кейіпкердің тұл­ғасын, мінезін суреттеу өзгешелігі қолданылатын әдіске сәйкес болады. Мәселен, реалистік (оның ішінде сыншыл реализм) әдебиеттегі ке­йіпкерлерді бейнелеу әдісі мен романтизм әдісі қолданылған шығармадағы кейіпкер­лерді суреттеу екі түрлі сипатта. Бүгінгі әдебиет пен көркем өнерде кейіпкерлердің тұлғасын, мінез-әрекетін мейлінше шынайы суреттеуге бейім.

Персонсофераның ең бір ұтымды тұсы – адам мінезін, тұлға, бей­не­сін өзгеріс, даму үстінде алып, өмірлік күрес-тартыспен ұштастырып көрсету. Персоносфера – белгілі бір заманда, қоғамдық ортада қалыптасқан тұлға. Сонымен қатар, жалпы адамзатқа тән сипат-қасиеттер де айқын танылатын, типтік персоносфера дәрежесіне көте­рілген әдеби бейнелер баршылық. Персоносфералық дәрежеге көтерілген бейнелер гуманизм мен әділетсіздік, махаббат, зұлымдық, қызғаныш секілді жағымды және жағымсыз мінез, іс-әрекеттер арасындағы қайшылықты, тартысты көрсетеді. Қаншама уақыт өтсе де, ғасырдан ғасыр ауысып, заман өзгерсе де, бұл персоносфералар өз мәнін жоғалтпайды.

Персоносфера жүйесі бір халықтың әдебиеті көлемінде ғана қалмай, дүниежүзі мәдениетінде танымал бейнелерге айналады. Кейіпкер тұлғасынан оларға айрықша тән мі­нез-сипат, өзіндік кейіп айқын аңғарылады. Классикалық әдебиетте персоносфера кейде көбінесе бір қырынан, бір мінезімен танылады. Мәселен, Отеллоның бойынан алдымен бірбеткейлікті, қызған­шақ­тықты байқасақ, Ягоның мінезінен, іс-әрекетінен қызғаншақтықты, әзәзілдікті, азғыр­ғыш­тықты аңғарамыз. Ал, Дон-Кихотқа адалдық пен аңғалдықты көрсек, Гобсекке сараңдық айрықша сипат тән.

Бұл персоносфера жүйесінен өмір шындығын, адамның мінез-құлқын терең ашып көрсететін кең мазмұндылығын да ес­керу шарт. Жоғарыдағы кейіпкерлер тұлғасынан мінезі мен бейнесі сан қырлы, жан-жақты бола тұра, әр қай­­сы­сы өзіне тән, анық та айқын, даусыз, ой-санаға орнаған қалып-тұрпатымен танылады. Орыс әдебиетіндегі Онегин, Печорин, Базаров бейнелерін осы­ персоносфера қатарына жатқызамыз. Қазақ әде­бие­тінде батырлық бейнені Алпамыс, Қобыланды, Қамбар батыр, Ер Тарғынмен байланыстырса, сұлу, нәзік әрі ақылды ғашық қыз туралы сөз қозғалғанда Қыз Жібек, Баян сұлу, Гүлбаршын, Ақжүніс еске түседі. Керісінше, зұлымдық бейнесі Бекежанмен, сараңдық Қарабай мен Шығайбай арқылы байланыстырылады.

Әр халық­тың әдебиетінде кездесетін кесек тұлғалы, нанымды жасалған персоносфера жүйесі өткенді ғана емес, бү­гінгі өмірде де аса керек. Ерте ғасырдағы кейіпкерлер тұлғасына үңілсек, Одиссей сергелдеңге түс­кен батыр бейнесі, Прометей адам үшін азап шеккен жан ретінде есте сақталып қалды. Адамзат баласының әділдікке, адамгершілікке, таза махаббатқа ұмтылуы, сол биік идеалдар үшін күресі ешқашан жоғалмайтынын мойын­дасақ, мұндай танымдық, көркемдік сипаты жоғары персоносфералар да адам қауымымен бірге жасайды және ешқашан ескірмейді.

Әлем әдебиетінде он сегізінші ғасырда Лоренс Стерннің «Тристам Шенди, джентельменнің өмірі мен пікірлері» романынан басталған проза жанрындағы персоносфера Шкловскийше айтқанда, «адамның ойын психологиялық, мінездік толқыныстар тұр­ғы­сында көрсетті». Адамның сезім күйін, толғанысын, қуаныш-қайғысын барлық қайшылығымен, персоносфераны терең ашып бейнелеудің үлгісін Толстой романдарынан айқын көреміз. «Анна Каренинадағы» Анна терең психологизм, кейіпкер­дің ішкі сезімінің нәзік иірімді, құпия сырлы персоносфера. Жазушы әсерлі суреттеу арқылы персоносфераны шынайы болмысын көрсетуге мүмкіндік берді.

Персоносфераның бар болмысын ашып беру арқылы жазушы қоғамдық өмірдің қайшы­лық­тарын, адамгершілік пен қатыгездіктің қақтығысынан туған трагедиялық, жағдайды әсерлі бейнелеп береді. Л.Толстой – кейіпкердің көңіл-күйін тікелей суреттеуде де, іс-әрекеті немесе оның толғанысы, ішкі монологы арқы­лы көрсетуде де асқан шебер жазушы. Достоевскийдің персоносфераны бей­не­леудегі жаңашылдығы – романдағы өмірдің сан алуан құбылыстарын өзінше сезінуі, олар­дың әр қилы, тіпті, бір-біріне мүлде қайшы дүниетанымын, көзқарасын үңіле зерттеп, сипаттауынан анық байқалады.

Кейіпкердің өмір болмысы, адам тағдыры, дүние, жаратушы туралы белгілі бір шешімнің, нақтылы түйіннің аясына сыймайтынын байқаймыз. Көркем шығармаға көп үнділік, яғни, полифониялық қа­сиет дарытатын сан алуан толғаныстары­нан жеке адамның ой-санасы, ішкі сезімі бүкіл әлем­мен, бүгінгі ғана емес, өткен өмір­мен де, болашақпен де жалғасып жатқанын аңғарамыз. Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» дилогиясында соғыс пен әйел тақы­ры­бын жан-жақты саралай отырып, суреткер әйел жа­ны­­ның терең қалтарыстарына арыдан зерделейді. Жазушы әйел сезімінің ешбір қоғам идеологиясына, жағдайға мойынсұнбайтын құпия құді­реттерін ашып береді.

Яғни, персоносфера дүниеге келу үшін бел­гілі бір архетип керек. Мәселен, қара нә­сіл­­ділердің құқығы шектелмегенде, Гарриет Бичер-Стоу «Том ағаның күркесін», Достоевский қамауда, айдауда болмағанда «Нақұрысты», Дидро көрші келіншектің өмір жолы мен оның өмір­баянын есті­ме­генде «Сопы әйелі» өмірге келмес еді. Князь Мыщкинді көріп жазушының өзі бірден еске түседі. Достоевский ар мен ұятты жоғары қойып, ақ­ша мен даңққа аса ден қоймайды. Князь­­ бұл өмірден бар қорлықты көреді. Тіпті өлер алдындағы сезімі де аса аянышты да керемет суреттелген. Өмірде ондай ойланып-толғанатын адамдар аз өте аз.

Архитиптенген персонсфера Федор– князь, Мыщкин– Нақұрыс, Нақұрыс – князь, Мыщкин – Федор. Бір шығармада тоғысқан үш кейіпкер. Романды оқу барысында үшеуінің жиынтығын күрделі образ князьдан көруге болады. Бейнебір қисық айна сияқты, әркім әр адамды әр қырынан көреді. Мұнда мәселе оқырман қай ракурстан қарай­тындығында жатыр. Карамзин «Бишара Лиза» атты повесінде өз еңбегімен кү­нелт­кен кедей қызды жанашырлық сезім­мен бейнелеп, оның жан дүниесінің нәзіктігін, тереңдігін суреттеп көрсетеді.

Кейіп­керді персоносфералау – заман талабы. Қазақ әдебиетінде сом да алып об­разға қа­рап, сол кезеңнің бейнесін көреміз. Қаһарман Бауыр­­жан Момышұлының белгілі бір кезеңді, сұрапыл 1940-жылдарды суреттеген өмірбаяндық әрі документалды «Мәс­кеу үшін шайқас» шығармасының айрықша ерекшелігі – сәтті жазылуы мен нанымды, шынайы суреттелуі. Себебі, батыр Бауыржан өз көзімен көрді, сезінді және оны бар болмысымен суреттей алды. Және өз бейнесі персоносфера дәрежесінде көріне алды. Г.Хазагеровтің пікірінше: «Персоносфера – уақытқа сай өзгереді. «Бір кездері керегі де болмауы мүмкін» [6,124], - дейді.

Түркі халықтарында әйелдер бейнесі де персоносфераға айналған архетиптер молынан кездеседі. Үнділердің «Ведалар» кітабында әйелге сезім жетегіндегі мақұлық есебінде қараған, ежелгі қытай деректерінде «Будда» әңгімесінде әйел баланы әкелері саудаға шығарып сататын тұтқын есебінде ұстаса, Ысраил дерек көздерінде  жамандыққа итермелелгені үшін әйел азаптауға лайықты делінеді.

Әйелге құнсыз мал-мүлік есебінде қарайтын әдет ежелгі Грек, Римде де етек алған. Платон «әйел – тозақтың есігі» десе, Аристотель «әйел жаратылмағанда, еркектер тәңірге айналар еді» деген. «Әйел – жаратылыстың қатесі». Бұл ауыр сөздің иесі – «Жоғалған жұмақ» кітабының авторы Дж.Мильтон. Тіпті Ф.Ницше сияқты философтар да әйелге деген нашар көзқарастан арыла алмай: «Әйелмен сөйлесетін болсаң, таяқты қолыңа алуды ұмтыпа!» – деген. Әйелді кемсітетін сөздер Лев Толстой туындыларынан да ұшырасады.

Ал, қазақ әдебиетінде мәселен, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Зере, Ұлжан бейнелері – нағыз персоносфера. Ұлжанды айтқанда, көз алдымызға отбасының жүрек жауһарларын сақтайтын Темірқазығы мүбәрак әйел келеді. Аналық сүйіспеншілігімен қатар, тілегін де, үмітін де ақтаған Абайдай перзентіне шарапаты өз алдына жеке әңгіме. Құнанбай Меккеге қажылыққа аттанып бара жатқанда, зайыбына талай зәбір көрсеткеніне қапаланып, ғафу өтінеді. Сондағы жауаптасуда Ұлжанның «жаратылыстың арғы жағынан» біткен мейірімділігі мен кешірімділігін ұлы жазушы М.Әуезов асқан шеберлікпен жеткізеді. «Жастықта адамға төсек те, үй де, тіпті дүние де тар екен. Ал, егде тартып, зауал шағыңа бейімделген сайын кеңейе береді екен... Ұзақ дәурен кешіп келіп бүгін ырзалық айтып аттансаң болады. Мен сенімен енді көп кінәласам ба, мырза!» - деген сөздері арқылы  Мұхтар Әуезов Ұлжандай кейіпкерінің мұсылмандық ақ жүрегін ардақ тұтып суреттеген.

Ал, Зере – аналық, әжелік мейірбандыққа қосымша, әлеуметтік сана, ел татулығын ойлайтын қоғамдық зерде өрнектелген кейіпкер тұлғасы. Шығармада бұл бейне Құнанбай тұлғасында жинақталған қаталдық, кешірімсіздік секілді мінездерге қарсылық пікірде ашылады. Абайға әкесіндей мінезді бере көрме деп, Алладан сұранған ақ тілеші бейне ретінде жарқын көрініс береді. Әрбір қаламгер көпшіліктің эстетикалық мұратын әсемдік тәжін әйел қауымынан іздейтіні табиғи нәрсе.

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. Хазагеров Г.Г. Два свойства персоносферы. http://www.litmir.net/br/

  2. Храпченко М. Структурный и социально-ориентированный подходы в классификации персонажей //Вестник ВГУ. Серия: Филология. Журналистика. – 2006. – № 1.

  3. Пірәлиева Г. Ізденіс өрнектері: Әдеби сын. Зерттеу. Сұхбаттар.-
    Алматы: 2001-776

  4. Ю.В. Чепель Некоторые свойства персоносферы //Теория языка и межкультурная коммуникация №2, 2011

  5. О.С.Зубкова Терминологическая специализация метафоры-энграммы как феномена лингвосемиотического пространства профессиональной метафоры

  6. Хазагеров Г. Маргиналии в области тропов как контекстуальный феномен // Виноградовские чтения. Текст и контекст: лингвистический, литературоведческий и методический аспекты. Том 1. М., 2007