Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

ҒЫЛЫМИ МӘТІННІҢ КОММУНИКАТИВТІК АСПЕКТІСІ

Автор: 
Жадыра Есенжолова (Астана, Қазақстан)

Мәтін – өзіндік ерекшеліктерге, заңдылықтарға ие аса күрделі семантикалық-құрылымдық жүйе. Мәтін арқылы барлық тілдік бірліктер іске қосылатындықтан, ол ерекше күрделі тілдік таңбаға жатады. Соған орай мәтінді талдау мен мәтінді тану, оның түзілімі мен құрылымын саралау, мәтінжасам барысындағы тілдік бірліктердің қызметін анықтау бүгінгі таңда өзекті мәселеге айналып отыр.

Адамзат баласы мәтіннің өзіне тән болмыс-қасиетін зерттеуге сан ғасырлардан бері ұмтылып келе жатса да, оның бүгінгі күн талабынан зерттеуді қажет етіп жатқан тұстары әлі де көп. Бұл бағытта жаңадан қалыптаса бастаған қазақ мәтіні лингвистикасы жас болса да біраз тәжірибе жинақтады. Ол еңбектер қазақ тіл білімінде соңғы он жылдағы зерттеулерді қамтиды. Қазіргі ғылымның тоғысқан, жаңа салаларының пайда болып жатқан кезеңінде қазақ мәтіні лингвистикасы мәселелерін жан-жақты зерттеу аса қажет.

Мәтін танушылар көркем мәтінді, көркем мәтіндердегі тілдік бірліктерді авторлық стильдік мақсаттарға орай шебер қолдануы тұрғысынан қарастырып келеді. Бұл мәселелер тек мәтіннің көркем мәтін түріне қатысты зерттеулер. Ал ғылыми мәтін мен оның негізгі ұғымдары, өзіне тән ерекшеліктері туралы мәселелерді зерттеу кейінгі жылдары ғана қолға алына бастады. Осы орайда С.Қоянбекованың мақаласын еске алған лазым. Мақалада ғылыми стиль талабынан туындайтын ғылыми мәтінге тән кейбір тұстар, ғылыми сөйлеудегі тілдік құралдардың қолданылу ерекшеліктері жалпылама тұрғыда баяндалған [1, 36-40]. Егер мәтіннің көптүрлілігі мен көпқырлылығын ескерсек, ғылыми мәтін де өз кезегінде барлық мәтін типтеріне қолданылатын жалпы заңдылықтардан тыс болмауымен қатар, өзіндік мағыналық сипатымен де, сондай-ақ баяндау тәсілдерімен де ерекшеленетінін ұмытпаған жөн.

Профессор А.Қ.Жұбанов қазақ тіліндегі ғылыми-көпшілік мәтіндердің абзацтарға тән функционалды-мағыналық топтарының статистикалық ерекшеліктерін анықтаса, А.И.Тілембекова ғылыми-техникалық мәтіндердің лингвопрагматикалық құрылымын айқындауға үлесін қосты. Ғылыми тіл құрылымын анықтап, ғылыми мәтіннің стилистикасын қарастыруда ғалым С.Әлісжановтың еңбегі ерекше аталады. Алайда ғылыми мәтіннің барлық ауқымды жақтарын тануда, негізгі ұғымдары мен өзіне тән ерекшеліктерін түсінуде, коммуникативтік құрылымын айқындауда бұл еңбектердің аздық етері сөзсіз. Сондықтан ғылыми мәтіндердің құрылымын, өзіне тән ерекшеліктерін, әдеби тілге қызмет етуін зерттеу тілші-ғалымдарға жүктелген алдағы уақыттың үлкен еншісі деп түсінеміз.

Кез-келген мәтін белгілі бір мақсатты көздейтін, белгілі бір адресатқа арналған ақпардан тұрады. Мәтін тіл жүйесі ішінен синтаксистің ең жоғарғы бірлігі ретінде орын алады және мағыналық, коммуникативті, номинативті, структуралы сипаттарымен түсіндіріледі.

Ғылыми мәтін де өз қабылдаушысын (адресатын) тапқанда ғана жұртшылықпен (социум) қабылданады. Сөйтіп қана ғылыми мәтін өзінің зерттеу сипаты жағынан генетикалық байланыстағы көптеген тұтас мәтіндермен қоян-қолтық араласады, солармен бір мәнмәтінге (контекске) енеді, соның бір элементі ретінде қалыптасады [2, 32].

Демек, адресат факторы ғылыми мәтіндерді талдауда есепке алыну керек, бұл ғылыми мәтіннің коммуникативтілігі тұрғысынан басқа мәтін типтерінен өзгешеленетінін көрсетеді. Бәрімізге белгілі, ғылыми шығарма авторы өзінің алдына оқырмандарды өз тарапынан ұсынылатын тұжырымдарға, қағидаларға, түсініктемелерге сендіруді, соған көзін жеткізуді мақсат етіп қояды, осыған орай бұл типтес мәтіндерде арнайы амал-тәсілдер қолданылады. Мұндай амал-тәсілдер өз кезегінде қарым-қатынас актілеріне айналып, оқырмандарды мәтіндегі ғылыми ақпараттардың мазмұнын дұрыс түсінуге мүмкіндік тудырады. Демек, мазмұнының шынайылығы ғылыми мәтін үшін басты нәрсе болса, оны жасайтын, мазмұнның көріну дәрежесін беретін лингвистикалық жолдарды айқындау да соншалықты қажет.

Ғылыми тілдің негізгі принциптері – ықшамдылық, дерексіздік, дәлдік болып табылады. Бұлар ойлаудың ғылыми типіне және мәтінді оны қабылдаушымен байланысына тән белгілер. Ғылыми мәтін авторы әрқашан өзі тақырып етіп алып отырған мәселені, яғни сөйлеу тақырыбын толық баяндап шығуға ұмтылады, алайда осы орайда авторлардың үддеден шығуы әр түрлі болып келеді. Ғылыми мәтінде рационалды бағыт үстем тұрады, ол өзінің кең көлемділігімен, талдап қорытушылығымен, логикалық құрылымымен ерекшеленеді.

Ғылыми мәтінде сөз желісі логикалық жүйеге бағынады, өзара бірімен бірі байланысты арнаулы ақпараттар баяндалады, сөз сипаттау түрінде болып, дәлдікке ерекше мән берілді. Мұның өзі ғылыми мәтіннің мамандандырылған ақпарат беру//қабылдау жағынан өзге де коммуникацияның түрінен (көркем дискурс, публицистикалық дискурстан) ерекше екенін көрсетеді [3,12].

Бірінші жақтық тұлға бейтараптанады, баяндауыш көбіне ырықсыз етіс тұлғасында болады: жасалды, көрсетілді, анықталды, айқындалды т.б. Бұлай болу себебі, ғылыми мәтіндегі сөз нақты ситуациядағы сөзден, я болмаса жалпы тілдік мағынасынан дерексіздену арқылы өзгешеленуге тырысады. Құбылыстың, заңдылықтың объективтілігін көрсету, өзінің ой-пікірін субъективті етіп көрсету үшін автор ғылыми мәтінде өзін-өзі шеттету тәсілін жоғарыда айтылған тілдік-прагматикалық құралдардың көмегімен жүзеге асырады. Сондай-ақ деп айтуға болады, деп бағаланады, осылай деуге негіз бар т.б. тәрізді тілдік құралдар автордың “тасада тұруының” өзін салғырт субъект ретінде көрсетуінің ғылыми дискурс прагматикасына тән тәсілдердің бірі [3,14].

Ғылыми мәтіндердегі осы тәріздес тілдік-коммуникативтік белгілер оның мазмұндық ұйымдасуын құрайды. Мазмұндық ұйымдасу тақырыптық ұйымдасуға, мәтіннің тақырыбына тікелей байланысты. Тақырыптық ұйымдасу да, мәтіннің тақырыбы да өз кезегінде сөйлеу тұлғаларын іріктейді, мәселенің баяндалу тәсілдерін көрсетеді және сол арқылы мәтіннің композициялық-мағыналық құрылымы анықталады.

Сөз актісінде екі сана – адресанттың және адресаттың санасы жұмыс істейді. Осы екі сананың мүмкіндігінше бір-біріне сәйкес келуі коммуникацияның сәтті болуына оң әсерін тигізеді.

Ғылыми тілде ілгеріде аталған адресат факторына байланысты екі прессуппозиция байқалады. Адресат сипаты арқылы біз ғылыми туындының бір ғана мамандарға арналғандығын, не болмаса кең көлемді аудиторияға арналғандығын біле аламыз. Сонда бір ғана мамандар үшін жазылған туындыны таза ғылыми, ал мамандармен бірге өзге де оқырмандарға арналған мәтінді ғылыми-көпшілік деп атау орынды [4,22]. Таза ғылыми мәтіндерде көпшілікке түсініксіз терминдер молынан қолданылатын болса, ал ғылыми-көпшілік мәтіндерде жалпыға түсініксіз терминдер кездескен жағдайда, оны суреттеу жолымен, белгілі тіркестермен кеңінен түсіндіріліп беріліп отырады.

Таза ғылыми мәтіндерде адресат факторы «маман-маман» деген формулаға сай жүргізіледі, адресаттың білім деңгейлері шамалас болады, екеуіне де ортақ білім қоры болады. Бұл мәтіндер қатарына монография, ғылыми мақала, диссертация, ғылыми-техникалық есеп, тезис, ғылыми баяндамаларды жатқызуымызға болады.

Ал ғылыми-көпшілік мәтіндер, ғылыми мәтіндерге қарағанда қатаң дәлелдеуді талап етпейді. Онда «идея» деңгейінде түсіндіру, қарапайымдылық рұқсат етіледі. Егер ғылыми мәтінде толыққанды дәлел қажет етілсе, ғылыми-көпшілік мәтінде материалдың түсінікті етіп берілуі жеткілікті болады. Ғылыми мәтіннің тақырыптық аясы шексіз болса, ғылыми-көпшілік мәтін тек оқырманға қажетті, көпшілікті қызықтыра алатын көкейкесті тақырыптарды қарастырады.

Ғылыми мәтін түрлі авторлармен жасалады, әр түрлі мәселелерге арналады және ғылыми танымның түрлі деңгейінде көрініс табады. Ол тілдік жүйенің белгілі бір лексикалық және лексика-грамматикалық бірліктерінің жиынтығы. Кез-келген әдеби шығарма тәрізді ғылыми мәтін де оқырман үшін жазылады, сондықтан оқушы қауымның нәтижелі білім алуы - оның негізгі мақсаты. Мәтін үзіктерінің синтаксистік жағынан ұйымдасуы оның коммуникативтік мақсат-мүддесіне астарлас келіп, семантикалық-синтаксистік ұйымдасқан тұтас мәтін ретінде көрінуіне қызмет атқарады.

Қорыта келгенде, ғылым мазмұнының негізі – оқырман сезіміне емес, миға әсер ету және де ақпаратты нақты объект бейнесінде жеткізу. Бұған қарап ғылыми мәтіннің ғылыми қарым-қатынас аясындағы негізгі тілдік өнім екенін көреміз. Мәтінді тек автор туғызбайды, мәтін автормен адресаттың тілдік ойлауының өзара әрекеті. Сондықтан да, кез-келген мәтін коммуникацияның нәтижесі, әрі коммуникациялық бірлік болып табылады.



Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қоянбекова С. Ғылыми стиль мәселелері // «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы, 2005, №7

  2. Әлісжанов С. Ғылыми прозаның синтаксисі. – Алматы: Арыс, 2007

  3. Уәли Н. Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері: филол. ғыл. д-ры... дисс. автореф. –Алматы,2007

  4. Есинбаева Ж. Ғылыми-көпшiлiк стиль: дискурстық, тiлдiк-стильдiк талдау: филол. ғыл. канд. ... дисс. автореф. –Алматы, 2009

 

Ғылыми жетекші:

ф.ғ.к., доцент Еспекова Ләззат Әубәкiрқызы

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті доценті.