Автор:
Нәзгүл Әужанова (Талдықорған, Қазақстан)
Бүгінгі таңда дарынды балалар мәселесін зерттеуге қатысты біршама философиялық, психологиялық, педагогикалық, әдістемелік әдебиеттер жарық көрді. Бұл мәселенің түп тамыры ғасырлар тереңінде жатқаны да белгілі. Адамның психикалық ерекшеліктері жөніндегі идеялар, оның ішінде қабілеттілік туралы ойлар сонау ертедегі грек философтарының еңбектерінде, қайта өрлеу дәуірі ғалымдарының және алдыңғы қатарлы әр елдің озық ойлы педагогтарының еңбектерінде кездеседі [1, 2].
Таланттылық пен данышпандық туралы құнды пікірлер ерте грек философтарының еңбектерінде көптеп кездеседі. Бірақ, адам психикасы танымдық құбылыстың ішіндегі танып білуге, ұғынуға өте қиын мәселелердің бірі болғандықтан, жекелеген адамдардың табиғи ерекшелігі мен оларда ерекше табиғи қабілеттіліктің болуы құдыреті күшті құдайдың жарылқағаны деп есептеген. Платонның пікірінше, ақын туындылары өзінің өнерлігі мен білімінен емес, құдайдың құдыретінен, оның әркімге даруынан дейді. Ерте грек философтары дарындылықты құдайдың құдыретінен дей келе, оны дамытуда білім мен тәрбие берудің маңызын да жоққа шығармайды.
Қайта өрлеу дәуірінен бері ғылымдағы педагогика мен психологияның дифференциациясы негізінде адам психикасы мен қабілеттілігі жөніндегі көптеген ғылыми зерттеулер жүргізілді.
XIX ғасырда қазақ халық ағартушылары да халықты сауаттандыру, жеке тұлғаның қабілетін дамыту мәселелерін көтере бастады. Ағартушы Ы.Алтынсарин «Табиғи ақыл өзін қоршағанды ғана құшағына ала алса, оны дамытып, өзі көрмегенді де танып білуге мүмкіндік жасайтын тек қана өркениетке жетелейтін озық білім» дейді.
Абай Құнанбаев адамды қоршаған орта ‒ табиғаттың бір бөлігі дей келе, табиғаттың адам баласына берген керемет сыйы ‒ туылғаннан бастап білуге, түсінуге деген ұмтылысы деп есептейді. «Кей қасиет туа бітеді, ал, кейбірі еңбек арқылы қалыптасады» дейді.
Дарындылық мәселесі туралы зерттеушілердің еңбектері көп болғанымен, дарындылықтын мән-мағынасы жөнінде олар ортақ бір пікірге келе қойған жоқ. Сондықтан біз баланың дарындылығы деп, оны өз құрдастарымен салыстырғанда бірдей жағдайда білімді игеру деңгейінің жоғарылығы мен аса ерекше көзге ұрып тұрған шағармашылық қабілетінің байқалуы деп түсінеміз.
«Дарындылық» ұғымы «сый» («дар») деген сөзден шыққан, дамудың қолайлы ішкі алғышарттарын білдіреді. Бүл ұғымға педагогикалық энциклопедияда төмендегінше анықтама берілген: «Дарындылық ‒ белгілі бір іс-әрекет саласында ерекше жетістікке жеткізетін адам қабілеті дамуының жоғары деңгейі».
Дарынды балаларды ерекшелендіретін белгілер [3, 6].
Ең бірінші мектеп кезіндегі ерекшеліктерді анықтауға тоқталайық.
-
Белгілі уақытта, белгілі ортада оқушы өз мүмкіндіктерінің жоғары даму деңгейіне жетеді, соған байланысты өз қатарластарынан биік деңгейде болады.
-
Мүмкіншіліктерді дамыту шеңберінде жеткен жетістіктер, оқушының зейіні, оның икемдігі бар пәнге тереңірек бағытталса, орташа мүмкіндіктерді дамыту деңгейіне қарағанда, ол үлкен жетістіктерге жетер еді, деген тұжырым жасалған.
-
Оқушы өз икемдігі бар салада интенсивті жүмыс істеу үрдісінде жоғары нәтижелерге жете алады, сонымен қатар оның басқа пәндерден үлгерімі орташа да болуы мүмкін.
Дарынды балалар өз іс-әрекеттер ерекшелігімен мүғалім, жаттықтаушыларының т.б. көзіне ерекше түседі. Мұндай балалардың дарындылық жақтарын зерттеген мүғалім кейіннен басқа балалардың қасиеттерін бірден ажырата алатындай болады. Бұл келесі ерекшеліктер:
1. Дарынды балалар әр уақытта қимыл-қозғалыста болып, бір нәрсеге қызығып отырады. Олар басқаларға қарағанда, көп жұмыс жасап, сабақтан тыс та жұмыстармен айналысады. Сырттай қарағанда олардың белсенділігі барлық пәнге жетпейтіндей көрінеді. Оларға ерекше бақылау қажет, тым шаршатып алмай, белгілі бағдармен жұмыс істетіп отыру керек. Оқушының белсенділігін арттыру мақсатында, олардың өзіне деген сенімсіздігін тудырмау қажет.
-
Дарынды балалар алдына қойған мақсатына тезірек жетуге ұмтылады. Бұл ерекшелігімен олар мұғалімнің жақтыртпаушылығын тудыруы мүмкін, себебі, олар барлығынан қосымша ақпарат білгілері келеді. Бұл жағдайда ең, аз дегенде, қажетті әдебиеттерге сілтеме жасап отыру керек.
-
Олар оқып, нақты жетістіктерге жеткілері келеді. Оқу оларды қанағаттандырады және де олар оқу үрдісін өзіне деген тежеу деп сезінбейді.
-
Өз ерекшеліктеріне байланысты, олар басқалармен салыстырғанда өзіндік жұмыстармен айналыса алады. Бұл әсіресе әдебиеттермен жұмыста, эксперимент жүргізуде, ұйымдастырушылық шараларда анық көрінеді.
-
Олар қоршаған ортасына сын көзбен қарай алады және заттар мен құбылыстардың нақты түсінігіне жетуге тырысады. Қатарластарына бұл түсініктер жеткілікті болса да, жалпы түсініктер оларды қанағагтандырмайды.
-
Олар көптеген сұрақтар қойып, оларға толық жауап күтеді. Сабақта зерттеушілік әдісі қолданғанда, сабақ оларды ерекше қызықтырады. Оған қарағанда басқа оқушылар жақсы құралған, дайын материалды оқуды ұнатады.
-
Өз заман жаналықтарын жақсы білгендіктен, олар тез арада керекті деген мағлұматтарды бірден ажырата алады. Өз қатарластарымен салыстырғанда, олар индуктивті және дедуктивті түрде ойлап, логикалық операцияларды жүргізе білу және жүйелеу арқылы өздерінің білім деңгейін көтере алады.
Мұндағы берілген белгілер ғалымдардың өмірбаянынан және де педагог, психологтардың ғылыми зерттеулерінен алынған. Дарынды баланың тұлгасында бұл белгілер кей уақытқа дейін білінбеуі де мүмкін, немесе әртүрлі белгілермен комбинацияларда болуы да мүмкін [5]. Бұл белгілер дарындылықтың себептері де болуы мүмкін, бірақ оны толығымен дәлелдемейді. Оларға жататындар:
-
Ойлау, іс-әрекетінің қызығушылығы, себеп-салдар, түсініктемелер ізденісі жананы ашып, зерттеуге ынталылығы, кең ауқымды білімі, жақсы есіне сақтаушылық қабілеті, фантазия байлығы;
-
қиын ережелері бар және де ерекше зейінді қажет ететін ойындарға қызығушылығы (шахматы); өз бетімен ойнап, жұмыс істей алу, тілдің байлығы, оқу үрдісіне шыдамдылығы; оқуға қосымша шараларға қатысуға дайындығы, әртүрлі әдебиеттерді зерттеу (атлас, сөздік, т.б.);
-
ғылыми жаңалықтарға, зерттеулерге терең қызығушылығы, кәсіби біліктілігі, әділеттілікке бейімділігі; жинақтаушылығы (коллекция), үй жағдайында эксперимент жүргізу, ұымдастырушылыққа қабілеті қалжыңды жақсы түсінушілігі, жауапкершілік сезімі.
Қалай мұғалім, ата-анасы және де ең басты оқушының өзі дарындылығын дамыта алады. Келесі кеңестердің жасөспірімдерге және ересек адамдарға қатысы бар [6].
Сонымен:
-
Баланың осы уақытқа дейін танытқан қабілеттіліктерін ескеру керек. Бірақ та баланың, мысал үшін, биологиядан аздаған түсінігі бар болса, оның болашақта атақты биолог болатынына дәлел емес. Кей жағдайларда бала жеке немесе қоғамдық себептерге байланысты осы уақытқа дейін танытқан қабілеттеріне қызығушылығын жояды, ондай жағдайда баланың қызығушылығын басқа жаққа бұру керек. Бірақ та оның айналысатын жұмысы, бірінші ізденушіліктерімен байланыста болуы керек. Егер де мұндай тікелей байланысты орнату мүмкін болмаса, онда тұлғаның басқа да қасиеттерін дамытуға бағыттау керек.
-
Қызығушылық деген алтын кілтті барынша пайдалану. Баланың дарындылығының дамуы оның жеке іс-әрекеттерімен байланысты. Ол белгілі жетістіктерге жету үшін, алдына мақсат қоя білу керек. Осыған байланысты ғалымдар бір тәжірибе жүргізді. Олар ересек адамдарға белгілі мәтінді балалар оны жаттап алғанша оқытылды. Содан соң балалармен қоса, ата-аналарынан да ол қайталанып сұранды. Соңғылары мәтінді жаттамағаны көрінді, себебі, олардың мәтінді оқыған кезде қойған мақсаттары басқа болды. Бұл тәжірибеден: алдына қойған мақсаты болмаса, істеген іс-әрекеті нәтижесіз болатыны көрінді. Сузуки деген жапондық, балалар скрипка оркестіріне, бұл инструментте ерекше қасиеттеріне байланысты емес, барлық балаларды алады.
Сонымен қатар, балалар бірнеше апта скрипкадан басқа инструменттермен танысады. Сузуки бірнеше айдан кейін де скрипкаға қызығушылығы байқалмаған балаларды оқытпаған. Ал, қалғандары оқу үрдісінде жақсы нәтижелерге жеткен.
-
Үлкен жетістіктерге жету үшін мотивация қажет. Белгілі аумақта ерекше жетістіктерге жете алатын және ол үшін қажетті күшін салатын түлғаны дамыту, әр іс-әрекетінің мақсаты болу қажет. Жас кезінен-ақ үлкен жетістіктерге мотивацияны дамыту қажет. Жасөспірім кезіне жеткен кезде ол жеткен жетістіктер нәтижесінде ылғи алға ұмтылуға үйренеді. Ол үшін әртүрлі олимпиада, спартакиада, байқаулар ұйымдастыру кажет.
-
Өзінің қоғамдық мағынасын түсіндіру. Тарихтан және қазіргі заманнан адам өзінің қоғам болашағына елеулі үлес қоса алатынын сезінсе, оның жұмысқа деген күш-жігері арта түседі.
-
Қабілетіліктердің даму үрдісін тұрақты түрде бағыттап отыру. Дарынды тұлғаны тәрбиелеу барысында ешқандай үрдіс байқалмайтын кезең болады. Осы кезде баланың жанында оны түсініп, көмектесетін адам болса, ол осы кезеңен қиналмай шыға алады.
-
Қабілеттіліктердің дамуын ұйымдастырып, кәсіп түріне орай бағыттау керек. Баланың өмірінің бірінші кезенінде оның іс-әрекеттері белгілі бір бағытқа бағыталмау керек. Оның барлық сұрақтарына толықтай жауап беруге тырысу керек. Ол өмірлік тәжірибесін жинақтап, өз кәсібін өзінің қызығушылықтарына сәйкес таңдауы керек.
Дарынды оқушылармен жұмыс жүйесінде мұғалім маңызды орын алады. Оқушының болашақтағы мамандығына байланысты, яғни кәсіби тағдыры тек қана жақсы мұғалімге байланысты. Өкінішке орай дарынды баланы анықтау, дамыту, оған қолдау көрсету қазіргі уақытта білім жүйесіндегі қолға алынып жатқан өзекеті мәселе екеніне қарамастан, еліміздегі жоғары оқу орындары осындай категориялы оқушылармен жұмыс істейтін мұғалімдерді даярлау мәселелері нақты, әрі мақсатты қарастырылмаған. Мектепте мұғалімдер мен психологтердің дарынды оқушылармен жұмыс істеу тәжірибелері жеткіліксіз. Дарынды оқушыны анықтау, дамыту және оқытуға арналған ғылыми-әдістемелік оқулықтар тапшы. Сондықтан әрбір мұғалім өзінің жинақтаған және семинарларда алған тәжірибесі деңгейінде ғана оқушымен жұмыс жасайды. Ал, бұл дарындылық мәселелерін толық шеше алмайды [5].
Дарынды оқушылармен жұмыс істейтін мұғалімге қойылатын педагогикалық-психологиялық талаптарды мынадай бөліктерге бөлуге болады.
1. Мұғалімнің бағыт-бағдарына байланысты талаптар [4]:
-
дарынды окушымен жұмыстың әлеуметтік қажеттілігін сезінуі; оқушыны жақсы көруі және қабілеті жоғары оқушылармен жақсы қарым-қатынаста болу;
-
дарынды оқушымен жұмысқа түрақты қызығу танытуы және нәтижелі әдіс-тәсілдерді талмай іздеу; дарынды оқушының ата-анасымен тығыз байланыс орнату; дарынды оқушымен жүмыс кезінде жоғары нәтижелерге жетуге ұмтылуы.
2. Мұғалімнің біліміне қойылатын талаптар:
- өзінің сабақ беретін пәнін мемлекеттік стандарт деңгейінен жоғары деңгейде білуі; қызмет нысанын, яғни біріңғай педагогикалық үрдісті білуі;
- дарынды оқушыны анықтаудың психодиагностикалық әдіс-тәсілін білуі; қазіргі заманға сай оқытудың жаңа технологияларын білуі;
- дарынды оқушыны оқыту, тәрбиелеу үрдісінде үлгеріміне ғана көңіл бөлмей, оның басқа көрсеткіштерімен байланысына да көңіл бөлуі;
- дарынды оқушылардың ерекшелігін ескере отырып, оларға шығармашылықпен жұмыс жасайтын тапсырмалар дайындай білуі.
3. Мұғалімнің іскерлігіне қойылатын талаптар:
- дарынды оқушыны анықтау әдістерімен жұмыс жасай алуы; дарынды оқушыларды оқытуға арналған тереңдетілген бағдарлама құрастырып, сонымен тұрақты жұмыс жасай білуі;
- оқушы дарындылығын дамытуға қажетті зерттеу жүмыстарын жүргізе алуы; дарынды оқушыны зерттеуге психодиагностикалық күнделік жүргізуі;
- дарынды оқушыны оқытудың нәтижесін нақты бағалай білуі; дарынды оқушының ғылыми ізденіс жұмыстарымен айналасуына жетекшілік етуі;
Сондай-ақ дарынды оқушымен нәтижелі жұмыс жасайтын мұғалімнің кәсіби «келбеті» мынандай қасиеттерден тұрады: жоғары кәсіби біліктілік, даралық қасиет, білімпаздық, ойлап табуға және ғылыми зерттеу жұмысына қабілеттілік.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
-
Бекжанова М.Б. Дарынды балалармен жұмыс – заман талабы. ‒ Қазақстан орта мектебі, 2009, №5/6, 18-25 б.
-
Бектібаева З. Дарындылық дамытудың теориялық негіздері. ‒ Қазақстан мектебі, 2009, №6, 71-73 б.
-
Елубаев А.О. Дарынды оқушыларды тану ерекшелігі. – Дарын, 2009, №5, 112-116 б.
-
Ерматов Ш.Р. Дарынды балаларға арналған мектеп оқушыларының шығармашылық белсеңділігін дамыту туралы. ‒ Білім-Образование, 2009, №5, 3-5 б.
-
Ерпенова А.Б. Дарынды балаларды анықтау әдістемесі. ‒ Мектеп директорының орынбасары, 2009, №3, 9-10 б.
-
baxultanov.ucoz.kz/blog/ylymi.../2011-01-22-5