Автор:
Света Қосыбаева (Қазақстан Республикасы, Ақтөбе)
Бала әке-шешеге берілген аманат. Бала тәрбиесі қай кезден басталатындығы жәйлі көптеген пікір - таластар бар. Кейбіреулер тәрбие тал бесіктен басталады десе, келесісі бала ес біліп, етек жеңін жиып, ержеткен соң тәрбие ала бастайды дейді. Ал, ғалымдар болса: «бала ана құрсағында пайда болған кезден-ақ оның тәрбиесі басталады»- деп айтады.
Шындығында «бала ақыл тоқтатып, есеймей тұрып-ақ көргенін істей бастайды....үлкендер не қылса, соны қылады. Жақсы істесе жақсы, жаман істесе жаман істейді. Бұлай болғанда, бала тәрбиелеудің негізі ата-анасында».[2-292 б]
Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы ұрпақтарын «сегіз қырлы, бір сырлы», өнегелі де өнерлі, иманды да инабатты, ар-ожданы жоғары, намысқой етіп тәрбиелеп келді. Ол кезде салт-дәстүр, наным – сенім, әдет-ғұрып, жора-жосын, үлгі-өнеге арқылы ешкімнен кем - қор болдырмай тәлім- тәрбие берген.
Адам биологиялық тіршілік иесі ретінде дүниеге келеді. Оның тұлға болып жетілуі үшін тәрбиелеу керек. Тәрбие адамды ізгілендіріп, оған қажет қасиет, сапаларды қалыптастырады.
Адам тәрбиелеу жөніндегі ғылым – педагогика. Ол өз атамасын грек сөздері: «пайдес» - балалар және «аго» - жетектеу деген сөздерден алған. Тікелей аудармасында «педагогика» сөзі бала тәрбиесін бағыттау дегенді аңдатады. Ал «педагог» сөзі бала жетектеуші мәнін білдіреді.
Қазіргі заман педагогикасы үлкен қарқынмен дамудағы ғылым. Сол дамуға байланысты өзгерістердің ізімен асығу қажеттігі пайда болып отыр. Педагогикалық іркіліс, кешеуілдеу адамдардың даму дағдарысына алып келеді, ғылыми - техникалық прогрестің табандауына соқтырады. Сондықтан да педагогика қалаған дерек көздерінен жаңа білімдерді теріп, жинақтап отыруы қажет.
Осы уақытқа дейін тәрбиелік қызмет мұншама қиын, күрделі және жауапкерлі болып көрген емес. Бұрын дүние басқаша кейіпте болды. Онда бүгінгі балалар тәрбиесіндегі қиындықтардың кейбір түрлері тіпті болмаған. Отбасында, мектепке дейінгі балалар мекемелерінде, мектепте болашақ азаматқа қандай негіз қаланса, болашақ өмірі мен бақыты, бүкіл қоғамның берекесі соған тәуелді. Бұл ретте бала бақшаларының атқаратын ролі жоғары.
Балабақша — мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелейтін мекеме. Мұндай мекеменің ең алғашқы үлгісін неміс педагогы Фребель (1702—1852) ұйымдастырған (1837). Еліміздегі тұңғыш балабақша Алматы қаласында 1917 жылы ұйымдастырылып, онда 100-ге тарта бала тәрбиеленді. 1919 — 1920 жылдары Қызылорда, Торғай, Орынбор, Орда, Қостанай қалаларында 115 Балабақша жұмыс істеді. 1997 жылы ҚР бойынша барлығы 1419 Балабақша жұмыс істеп, 162.2 мың бала тәрбиеленді. Олардың 425-і (18,2 мың бала) қазақ, 994-і (114,0 мың бала) орыс тілдерінде тәрбие жұмысын жүргізді. [2] Қазақ энциклопедиясында осындай деректер келтірілген.
Мектепке дейінгі балалық шақ - жеке тұлғаның дамып, қалыптасуындағы ерекше кезең. Бұл кезеңде бала айналасындағы ересек адамдарға тәуелді. Мысалы, ата-анасына, балабақша тәрбиешісіне, т.б. Осы жаста дұрыс көрсетілмеген күтім, берілмеген тәрбие келешекте үлкен проблемаларға соқтырады.
«Білім туралы заң» мен мектепке дейінгі білім беру мекемесінің типтік ережесіне сәйкес, баланың толыққанды дамуын қамтамасыз ету үшін балабақша алдында тұрған негізгі міндеттің бірі-отбасымен қарым- қатынасқа түсу. Бала қалыпты даму үшін балабақша мен отбасында теңдей жағдай жасалуы керек. Отбасының тәрбиелік қызметі-баласына мейірімді ана және әке болуда ғана емес, отбасы «қоғаммен байланысы бойынша өсіп келе жатқан ұрпақтардың әлеуметтенуін, қоғамның жаңа мүшелерін дайындауды қамтамасыз етеді» [3-344 б].
«Бала тәрбиелеушi ата-аналар өздерiнiң қабiлеттерi мен қаржылық мүмкiндiктерiнiң шегiнде, оның дене, психикалық, адамгершiлiк және рухани жағынан дамуына қажеттi өмiр сүру жағдайларын қамтамасыз ету үшiн негiзгi жауапкершiлiкте болады»[4\62б.2т.].
Ата - ана бірінші педагог болып табылады. Осыған сәйкес мектепке дейінгі мекеменің отбасымен жұмыс жасаудағы ұстанымы өзгеруі керек. Балабақшалар балаға тәрбие беріп қана қоймай, ата-аналарға тәрбие жөнінде кеңестер де беріп отыруы қажет. Ал ата-аналар «балаларды оқыту мен тәрбиелеуде білім беру ұйымдарына жәрдем көрсетуге» міндетті. [5\49б.2 т.].
Өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеуде бұрыннан қалыптасқан екі бағыт бары белгілі: отбасылық және қоғамдық. Қазіргі кезде отбасы тәрбиесін тіпті жоғары дәрежелі балабақша мен мектеп алмастыра алмайды деген пікірлер жиі айтылып жүр. Қосылуға болады. Дегенмен, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының негізінде «балаларды тәрбиелеу, оқыту, дамыту және сауықтыру тұтастығы принциптерін ескере отырып, мектепке дейінгі және бастауыш білім берудің сабақтастығы мен үздіксіздігін қамтамасыз етуге»[6\15б.2 т.] білім беру ұйымдары да борышты.
Біздің №21 «Кәусар бұлақ» мектепке дейінгі гимназиясында 10 топта 358
бала тәрбиеленуде. 2012-2013 оқу жылында: «Ойын арқылы балалардың ой-өрісін және тілін дамыту» және «Отбасы-тәрбие бастауы» деген екі бағдарламамен жұмыс жасап жатырмыз. Осы барысында «Жаңа оқу жылы мектепке дейінгі гимназия табалдырығында», «Тәртіптің ең тамаша мектебі- отбасы» тақырыптарында педагогикалық кеңестер өтті. Біріншісі дөңгелек үстел, екіншісі дәріс-тренинг пішінінде өткізілген бұл шараларда жалпы ақпараттық сауалнамалар жүргізіліп, тәрбиешілердің іс-тәжірибесінен слайдтар көрсетілді.
Бақшамызда баланы еңбексүйгіштікке баулуда ата-аналармен бірлестікте біраз шаруалар атқарылды. Баланы өзіне өзі қызмет етуге үйрету, үй шаруашылығында еңбекке баулу сияқты шаралар екі жақты ынтымақтастықта жүргізіледі. Педагогика саласында ойын арқылы балаларды еңбекке дағдыландыруды алғаш рет мәселе етіп көтерген Н.К. Крупская. Сондай-ақ ол өзінің педагогикалық шығармаларында ата-ананың да білім деңгейін көтеру керектігі, оларды балабақша өміріне араластыру қажеттілігі жайлы да атап көрсеткен. Себебі баланы қалай тәрбиелеу керектігін білмейтін ата-аналар кездеседі ғой.
Атқарылатын істер жүйелі жүру үшін алдымен ата-аналар арасында сауалнама жүргізіліп, мекемеміздің даму деңгейі, отбасымен жұмыс мазмұны анықталады. Әрі қарай білімдік қызмет көрсетуде ата-аналардың қажеттілігін зерттеу, ата-ананың педагогикалық және құқықтық мәдениетін көтеру мақсатында ағарту шаралары жалғасады. Жарты жыл сайын отбасы мен балабақша ынтымақтастығын айшықтайтын шаралар көрсетілімімен таныстыратын бейнероликтер дайындалады.
Ата-аналармен тығыз байланыста болу үшін алдағы күндерде біріккен іс- шараларды жиі өткізу, ата-аналарды МДГ өміріне белсенді араластыру мақсатында баланың жеке тұлғасын бірігіп зерттеу және қалыптастыру, баспасөз құралын шығару қолға алынбақ.
Ойымызды қорытындылар болсақ, бала балабақшаға қуана келіп, үйіне қуанып қайтуы керек. Балабақшада жайлы, көңілді, қызықты болатынын, достары көп екенін, ал үйде оны отбасы жақсы көретінін, үлкендердің оны асыға тосып отыратынын сәби сезсе балабақша мен отбасы арақатынасының дұрыс жолда екендігі анық.
Пайдаланылған ақпараттар тізімі:
1.Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы: Бірінші том \ Ред.алқасы Шаяхметов Ш.Ш. т.б. Құраст. Қ.Жарықбаев, С.Қалиев.-Алматы, Рауан, 1994-320 бет.
2. Қазақ энциклопедиясы, 2 том
3. Биекенов К., Садырова М. Әлеуметтанудың түсіндірме сөздігі. — Алматы: Сөздік-Словарь, 2007. — 344 бет
4. Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» Заңы, 1998 жылғы 17 желтоқсан N 321-I . Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1998 ж., N 23, 62-бап 2 тармағы
5.Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. Астана, Ақорда, 2007 жылғы шілденің 27-сі. № 319-ІІІ ҚРЗ, 49-бап-2 тармағы
6. сонда. 15-бап-2 тармағы