Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

Латын америкасы конституционализмінің қалыптасуы (Аргентина Республикасы мысалында)

Автор: 
Нұрзада Примашев (Астана, Қазақстан)

Жалпы конституционализм ұғымы қалыптасуына, дамуына, ерекшеліктеріне байланысты жеке мемлекетпен ұштастырылады. Сондықтан әрбір мемлекетте конституционализмнің өз тарихы бар. Құрылуы мен даму тарихына байланысты Латын Америкасы мемлекеттерінің (испан тілді) ортақ жайттар өте көп. 200-жылдық уақытты қамтитын тарихы бар елдердің ортақ конституционализмі бар деуге болады. Тәуелсіздік алғаннан бері ұқсас даму кезеңдерін бірдей өткізген, бірі-бірінің тәжірибесін қайталаған Латын Америкасы елдерінде мемлекеттік және конституциялық процестердің ұштасу тұстары өте көп. Испанияның қол астында болғандарына, бір мезгілде тәуелсіздікке қол жетулеріне қоса тілдік фактордың өзі көпті аңғартады. Жаңа жерлерге өз мәдениетін де қоса алып келген Испанияның Латын Америкасы мемлекеттеріндегі ықпалы өте күшті болды .

Аталған елдер тарихы XV ғасырдан басталады. Бір кездері қуатты мемлекет болған Испания мен Португалияның жаңа аймақтар үшін «әлемдік күресі» Оңтүстік Америка құрлығында Испанияның өктемдік етуіне алып келді. Ал шындығында, екі католиктік мемлекет аумақтық қақтығыстарды болдырмау мақсатында XV ғасырдың өзінде-ақ халықаралық шартқа отырды. Жаңа жерлерді ашу құқығын испандықтар 1479 жылы қол қойылып, 1481 жылы Рұм Папасымен бекітілген испандық-португалдық Алькоковас келісімі бойынша алған болатын [1, р. 87].

Тікелей қатысы болмаса да, Оңтүстік Америкада ұйымдастырылған испандық құрылымдар да латынамерикалық конституционализмнің қалыптасуына қатысы бар деуге болады. Испандықтар жаңа жерлерді игеру үшін Сауда палатасы, Индия істері жөніндегі кеңес сияқты арнайы органдарды құрды. Жаңа әкімшілік-аумақтарды басқарудың құқықтық негіздерін жасады. Испания тәжі 1635 жылға дейін 400 000 астам түрлі нормативтік құқықтық актілерді қабылдады [2, р.141]. Осындай құқықтық массив 50 жылға жуық уақыт өткен соң Индия корольдігінің заңдар жинағын (Recopilacion de las leyes de los Reynos de las Indias) шығаруға алып келді. Мамандар бұл жинақты «колониалдық құқықтың ресми жинағы» - деп есептейді [3, с. 187]. Испанияның Латын Америкасындағы іс-әрекеті тек қана дүниежүзілік колониалдық басқару жүйесінің ғана емес, бірінші колониалдық құқық жүйесінің қалыптасуына да алып келді [4, с. 11].

Метрополияда «Жаңа жерлер» деп аталған Латын Америкасында Испания өзінің мемлекеттік құрылысында шыңдалған тәжірибесін енгізді. Өз бетінше саясат жүргізді, өзге мемлекеттер мен өзге дін өкілдеріне жаңа жерлерге баруына тыйым салды. Әкімшілік аумақтық бөліністерді жаулау барысында құрып отырды. Онда метрополияның сол кездегі мүдделеріне сай келетін губернаторлықтан бастап вице-корольдіктерге дейін құрылды. Сондықтан латынамерикандық зерттеушілердің «испандық әкімшілік бөлініс болашақ ұлттың саяси іргетасын құрады» [5, с. 47] немесе «біздің құрылымдардың бастауын Испаниядан іздеу керек» деген пікірлеріне қосылуға болады [6, р. 97].

Латын Америкасы елдерінің ХIХ ғасырға дейінгі дамуы ортақ саясатпен, ортақ процестермен, ортақ тәжірибелермен нақтыланған. Аталған елдердің ерекше даму тарихы тәуелсіздік алғаннан басталады. Жоғарыда көрсетілген 200-жылдық тарих 2010 жылғы мамыр айының 25 жұлдызында мерейтойы атап өтілген Аргентина Республикасынан басталды.

Өзге елдердегі сияқты, Аргентинаның тәуелсіз мемлекет ретінде қабылдаған нормативтік құқықтық актілері арасында конституциялар, квазиконституциялар, конституциялық актілер мен заңдар бар. Ең алғаш қабылданған «Органикалық регламентті» [7, р. 109-115], аргентиналық мамандар «билік регламенті» деп есептейді, өйткені онда Аргентинаның конституциялық тарихында бірінші рет мемлекеттік билік - биліктің үш тармағы бекітілген. Аргентиналық заңгер Л.В. Вареланың пікірінше «Органикалық регламент Аргентинаның бірінші конституциясы болды» [8, р. 93].

Билікке келген Триумвират 1811 жылғы 22 қарашада «Сеньор дон Фердинандтың атынан Біріккен Рио-де-Ла-Плата провинцияларының Жоғарғы үкіметінің уақытша статуты» атаулы нормативтік құқықтық акт қабылдады [9, р. 117-119]. Осы құқықтық актіге сай Триумвират «Уақытша Ассамблеяның регламентін» бекітті [10, р. 210-232]. Екінші Триумвират шешімімен конституция жобасын жасау үшін «Ресми комиссия» құрылды. Бұл комиссия жасаған жобаға АҚШ-тың 1787, Францияның 1791 және Испанияның 1812 жылдардағы конституцияларының идеялары мен тәжірибелері негіз болды. 1813 жылғы ассамблеяда қаралған құжаттардың бірі «XIII жылғы Нұсқаулықтарды» уругвайлық танымал заңгер әрі құқық тарихының маманы А. Демичели конституциялық жобалар деп есептейді [11, р. 166]. Мемлекеттік биліктегі Хунта 1815 жылдың 5 мамырында «Мемлекеттік басқару мен реттеудің уақытша Статутын» қабылдады [12, р. 269-279].

Тәуелсіз мемлекет болғанымен Аргентинада Испаниядан қол үзгісі келмеген күштер көп болатын. Сондықтан Тәуелсіздік декларациясы тек 1816 жылы Тукуман Конгресінде қабылданды.

Конгресс сол жылдың 22 қарашасында «Мемлекеттік басқару мен реттеудің уақытша регламентін» қабылдады. Билікке деген күрестің нәтижесінде бұл құжат толық 1817 жылғы 3 желтоқсанда қабылданды, сондықтан тарихта «1817 жылғы Регламент» деген атпен қалды.

Жоғарыда көрсетілген комиссия 1818 жылдың шілде айында Конгресске конституция жобасын енгізді. Ұзаққа созылған талқылаудың нәтижесінде, 1819 жылдың 22 сәуірінде Конгресс «Оңтүстік Американың біріккен провинциялары» деген жаңа атаумен республиканың Конституциясын қабылдады. Бұл конституция Аргентинаның бірінші конституциясы болып саналады. Құжат 6 бөлімге біріктірілген 138 баптан тұрды. Баптардың басым көпшілігі мемлекеттік құрылысқа арналды. Бұл негізгі заң Аргентинаны орталықтандырылған, күшті ұлттық үкіметтің билігі астында біріктіруге мүмкіндік жасады. Конституция біртұтас республиканы құрды. Бірақ конституцияны жүзеге асыруға қоғамдағы әртүрлі бағыттағы әлеуметтік күштер жол бермеді. Белгілі аргентиналық тарихшы Э. Равигнани «конституция өте орталықтандырылған, сондықтан азаматтық соғыстың негізгі себебі болды» деп жазды [13, р. 423].

Конституцияға деген түрлі көзқарастар біріккен провинцияларының сепаратистік саясат жүргізулеріне алып келді. Буэнос-Айрестен бөліну процесін бастаған Санта-Фе провинциясын өзгелер де қолдады. Тукуман, Сантьяго де Эстеро и Катамарка провинциялары 1820 жылы Тукуман Федеративтік Республикасын құрды. Бұл одақтың өзі де ұзаққа бармады. Катамарка 2 жылдан соң өзінің конституциялық Регламентін қабылдады. Кордоба провинциясы 1821 жылы «Кордоба провинциясы федералдық республикасының конституциясы» атты негізгі заңын қабылдады. Корриентес, Энтре-Риос провинциясынан бөлініп, 1821 жылы алдымен «Уақытша конституциялық регламентті» қабылдады. Кейінірек өзгерістер енгізілгеннен соң, бұл құжат «Корриентес провинциясының конституциясына» айналды. Бұл құжатта оны құрушылар ұлттық мемлекет құру идеясын айқындауды ұмытпады. Олар өкілетті орган құзіреттерін бекіткен кезде көптеген құзіреттерді болашақ ұлттық билікке қалдырды. Құжаттың 3-бабында «ұлттық федералдық мемлекеттің заңшығарушы билігіне жатпайтындардан басқасы заңшығарушы биліктің құзіретіне жатады», яғни провинциялық билікті еркін түрде шектеп, орталыққа белгілі құзіреттерді берді. Осындай саясат пен тәжірибе 1821 жылы Сальта мен Жужуйда қайталанды.

1821-1823 жылдары Буэнос-Айрес провинциясы да төмендегідей 3 конституциялық заң қабылдады:

– Сайлау туралы;

– Провинциялық Кабильдоны жою туралы;

– Атқарушылық билік туралы.

Осындай сепаратистік жағдай провинцияаралық шарттар жасасуға да алып келді. Мысалы, 1820-1823 жылдары жалпы саны 40 провинция қосылған 17 шартқа қол қойылды. 1827 жылы 32 провинция қосылған 12 шарт жасалды. Мұндай сандық көрсеткіш бір провинцияның бір мезгілде бірнеше шартқа қосылғандығынан болатын. Мысалы Буэнос-Айрес пен Санта-Фе көптарапты 6 шарттың субъектісі болды. Көптарапты шарттардың ең көбі 1830 жылы жасалды, онда 38 субъекті 10 шартқа қол қойды.

Аргентинаның шығыс жағалауы провинциялары Буэнос-Айрес, Санта-Фе және Ентре-Риос 1831 жылғы 4 қаңтарда «Федералдық пактіге» қол қойды [14, р. 860-862]. Келесі төрт жыл ішінде провинциялардың барлығы осы шартқа қосылды.

Санта-Фе, Ентре-Риос, Корриентес және Буэнос-Айрес провинциялары 1852 жылғы 6 сәуірде «Палермо Хаттамасын» жасады. Осындай көпжылдық, көптарапты дайындықтардың арқасында, сол жылғы 15 қарашада Аргентина Конфедерациясының Құрылтайшы Конгресін шақыруға қол жеткізілді. Арнайы құрылған комиссия бес айдан кейін жаңа Конституцияның жобасын әзірледі. Ұзақ мерзімдік талқылаудың нәтижесінде 1853 жылдың 1 мамырында Аргентина Конфедерациясының Конституциясы қабылданды. Формальді түрде конституция елдің бір орталыққа біріктірілгенінің белгісі болды. Бүкіл конгресс қолдаған Конституция 25 мамырда промульгацияланды. Конгресс жұмысына қатысқан провинциялар жаңа Конституцияға ант берді.

Аргентина Республикасы конституциализмінің дамуы тәжірибелік кезеңнің өте күрделі болғандығын көрсетеді. Осындай қиын уақытта тыңғылықты әзірленген және жүзеге асырылған мемлекеттілік құру жобасы кейіннен өз жемісін берді. Қазіргі қолданыстағы 1853 жылғы Конституция аргентиналық конституциализмнің шарықтау шегі деуге тұрарлық. Тиісті уақыттарда жүргізілген көптеген реформаларға қарамастан оның дені сақталды. Ол кез келген уақытта өмір талабына сай келе білді. Бұл оның берік негізде қаланғанын көрсетеді.

 

Пайдаланылған әдебиет:

1 Benassar B. La America espanola y la America portuguesa. Siglos XVI-XVII. – Madrid, 1981.

2 Eyzaquirre J. Historia del derecho. – Santiago de Chile, 1957.

3 История государства и права зарубежных стран. Под ред. О.А. Жидкова, Н.А.

Крашенинниковой. – Ч. 2. – М., 1998.

4 Жидков О.А. Становление правовых систем в странах Латинской Америки //

Государственно-правовые проблемы стран Латинской Америки. – М., 1988.

5 Линч Дж. Революции в Испанской Америке, 1808-1826: Пер. с англ. – М., 1979.

6 Mejía F.R. El federalizmo argentino. – Buenos-Aires, 1964.

7 Las constituciones de la Argentina (1810-1972). – Buenos-Aires, 1975.

8 Varela L.V. Historia constitucional. – T. II. – Buenos-Aires, 1910.

9 Las constituciones de la Argentina (1810-1972). – Buenos-Aires, 1975.

10 Las constituciones de la Argentina (1810-1972). – Buenos-Aires, 1975.

11 Demicheli A. La formación constitucional rioplatense. T. I. – Montevideo, 1955.

12 Las constituciones de la Argentina (1810-1972). – Buenos-Aires, 1975.

13 Ravignani E. Historia constitucional de la Republica Argentina. – T. II. – Buenos-Aires,

1926-1927.

14 Asambleas Constituyentes Argentinas. – T. I. – Buenos-Aires, 1937-1939.

Метрополиядан ортақ бастау алу мен даму, ортақ білім мен мәдениет латынамерикандық ортақ ой-пікірлер мен көзқарастарды қалыптастыруға алып келді. Мексиканың атақты философы Л.Сеаның ойынша латынамерикандық ұлт та қалыптасты. Латынамерикандық елдердің ойшылдарының ізденісі мен зерттеулері нәтижесі ретінде өткен ғасырдың 60-70 жылдары «латынамерикандық мәннің философиясы» (filosofia de lo latinoamericano) қалыптасты. Бұл латынамерикасы елдерінің ортақ тарихы, мәдениеті мен ділінің, өзіндік ерекшеліктердің қалыптасуын түсіндіруге тырысқан философиялық ағым іспетті болды. Жалпы мәдениет пен ғаламдық тарихта латынамерикалық елдердің алатын орны мен автохтондық құбылыстарын түсіндіруге бағытталды.

Латынамерикасы елдерінің испан жаулауына дейінгі өз тарихы барын көрсету де қажет. Х.Колумбтың континентті ашуына дейін өмір сүрген инктердің, ацтектер мен майялардың қуатты мемлекеттері Мезоамерика мен Оңтүстік Америка елдерінің тарихында, ғылыми зерттеулерінде тиісті орнын алған.

 Отарлаудың, немесе жаулаудың да «құқықтық» негіздері қазақстандық мамандармен зерттелінбеген. Сондықтан бұл тақырып, жаулау кездерінде кең қолданылған «terra incognita» дегенмен барабар. Кезінде, өкінішке орай, әлі де онша назар аударылмай келе жатқан Латын Америкасы елдерінен үйренетін жайттар көп. Жоғарыда көрсетілген себептермен ол елдер туралы мақалалар қазақ тіліндегі ғылыми әдебиетте де жарияланбады.

 

Құрлықта, тіпті жаңа тарихта тәуелсіздік алу процесінде алғашқы болған, Аргентинадан алты жыл бұрын тәуелсіздік алған Гаитидің латынамерикасына тек географиялық ғана жақындығы бар.