Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

АЛТАИСТИКА: СИНТАКСИСТІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Автор: 
Нурзия Абдикарим (Темиртау, Казахстан)

Әлемдік тіл білімінде алтай тілдері туралы ілімнің жақтаушылары мен даттаушылары тарапынан бір жарым ғасырдай түрлі пікірлер айтылып, салыстырмалы-тарихи және лингво-әлеуметтік аспектіде зерделеніп, алтай жалпытілдік бірліктің әуелгі жағдайының ортақ сипатын ретроспективтік қалпына келтіруге көмектесетін зерттеулер жүргізіліп келеді. Негізінен алтай гипотезасында генетикалық және типологиялық деген екі бағыт бар екендігі белгілі. Типологиялық бағытты қолдаушылардың бір қатары бұл тілдердегі ұқсастықтарды тарихи ұзақ дәуірлер бойы өзара тығыз қарым-қатынаста болуының, бір-біріне күшті әсер етуінің нәтижесі, олар әр текті тілдер десе, келесі бір тобы алтай теориясы дегенді дәлелдеуге әлі ерте, бұл тек болжам деп есептейді. Лингвистика тарихына көз жүгіртсек, алтаист ғалымдар мен антиалтаист ғалымдар лексикалық параллельдер жайында және осы тілдерден бір-біріне енген сөздерді анықтайтын әдістер (критерийлер) – фонетикалық, семасиологиялық (этимологиялық), құрылымдық-грамматикалық (морфологиялық) және мәдени-тарихи, лингво-географиялық т.б. әдістер қалыптастыруда тер төккендігін білеміз [8]. Байқап отырғанымыздай, алтай тілдерінің зерттеулерінде грамматиканың морфологиялық деректері ғана қамтылып келді.

Сөздің «өмірі» – сөйлемде. Яғни, тілдің даму, өзгеру заңдылықтары, оның құрылу, жұмсалу ерекшелігі, аясы, мүмкіншілігін танып, түсіндіріп, талдау үшін ғалымдар зерттеген сөздік қор, этимологиялық негіз, сөзжасамдық тәсілдер мен құралдар, фразеологиялық параллельдер т.б элементтермен шектелу жеткіліксіз. Осындай жағдайларды ескере келе, біз қазіргі қазақ және халха-моңғол тілдерінің деректеріне сүйене отырып, зерттеулерінде нысанадан тыс қалып жүрген тақырыптардың бірі болып табылатын грамматиканың синтаксистік саласын соны бір жағынан зерделеу үшін тарихи-салыстырмалы зерттеуден саналы түрде бас тартып, синхрондық тұрғыдан сипаттап жазуды мақсат тұтқан болатынбыз. Біздің мұндай қадамға баруымыздың өзіндік себебін түсіндіруді жөн көріп отырмыз. Біріншіден, «Тілдің дамуы сөйлем құрлысының жетіле түсуіне жағдай жасайды... Сөйлем құрылысының жетілуі оның құрамындағы сөздердің өзара байланысу тәсіліне, олардың мағына түрлеріне қатысты. Бірақ бұл категориялар тілде өте баяу дамиды» [2, б. 95] ал фонетикалық және лексикалық құбылыстар сыртқы әсердің ықпалына тез түседі. Екіншіден, алтай теориясы тек болжам ғана деп есептейтін Л.Лигеттидің пікірінше: «Тарихи салыстырмалы әдіс үнді-еуропа тілдерінің арасындағы байланыс пен туыстық дәрежесін зерттеудің негізінде дамыған болатын. Зерттеушілердің зерттейтін тілі тым көп және олардың көпшілігі көне дәуірден қазірге дейін өте мол жазба ескерткіштері болғандықтан осы әдістің арқасында табысқа жеткен еді. Онымен салыстырғанда алтай тілдері тым аз, оны көп тілдердің жүйесі деуге келмейді, үш-ақ топтан тұрады... көне жазба ескерткіштері түркі тілінікі VII-VIII, моңғол тілінікі XIII, манжьчур-тұңғыстікі XVI-XVII ғасырларға жатады» [3, б. 323] Демек, бұл тілдердің зерттеулеріне диахроннан гөрі синхрондық зерттеулер маңызды болмақ. Және де «қазіргі тілдерді зерттеу... тілдің шашыранды заңдылықтарын біріктіріп, жүйелі түрде қарастыруға мүмкіндік туғызады» [4, б. 70] Үшіншіден, алтай тілдеріндегі сөйлемнің құрылымын емес, яғни, сөйлем мүшелерінің орналасу тәртібі емес (бұл тілдер жалғамалы болғандықтан құрылымдық тұрғыдан зерттеу маңызды емес), құрылысын зерттеу қажет деген қорытындыға келдік. Сондықтан зерттеу нысанасына синтаксистің ең негізі деңгейі – өзіне дейінгі сөз тіркесіне жинақтаушы болатын, ал өзінен кейінгі деңгейдегі құрмалас сөйлемге негіз болатын жай сөйлемнің құрылысы, оның типтік түрлері алынып, талдау жасалынды және сипаттап жазу арқылы ғылыми айналымға енгізілді.

Зерттеу нәтижесінде тілдің негізгі құрылым, құрылысы сақталғанымен, оны құрайтын бөлшектер – сөздер, сөз тіркестері, олардың арасындағы байланыс, байланыс арқылы көрініс табатын сөйлем мүшелерінің жасалуында біршама алшақтық байқалатындығын анықтадық. Тілдік фактілердің негізінде моңғол тілінде бастауыш пен баяндауыштың арасында жақтық қиысу болмайды, сол себептен сөйлемнің жағы контекст, сөйлем құрамындағы қаратпа сөздер, моңғол тілінің иелік тәуелдіктің тұлғасынан, рай формаларынан аңғарылатындығын; моңғол тілінде жалпы түркі тілдеріне тән матасу құбылысы болмайтындықтан, ілік жалғаулы сөздің бағыныңқы сыңарда жұмсалуы меңгеру ретінде танылатындығын т.б. ерекшеліктерді сапалық айырмашылық ретінде, ал қазақ, моңғол ғалымдары теориялық негіздемелері мен тұжырымдарын әр түрлі қабылдағандықтан, синтаксистік категориялар грамматикалық қызметі жағынан сәйкес келгенімен, екі түрлі қатынаста, екі түрлі деңгейде танылатындығының салдарынан ерекшелік деп қабылдауға тура келетін «қондырмалы айырмашылықтар» бар екендігіне көз жеткіздік.

Сондай-ақ, аталмыш тілдер грамматикалық құбылыстардың ең негізгі, ең ежелгі белгілерімен ортақтаса алады. Бұл, әсіресе, сыртқы және ішкі әсерлердің ықпалына көне бермейтін грамматикалық тұлғалардың –септіктерінің синтаксистік қызметінен анық байқалады. Екі тілде де, негізінен, атау септігі бастауыштың, ілік септігі, анықтауыштың, табыс септігі тура толықтауыштың, барыс, жатыс, шығыс септіктерінің жанама толықтауыш пен пысықтауыштың грамматикалық көрсеткіші болады. Ал қазақ тілінің көмектес септігі мен моңғол тілінің қимыл септіктерінде ондай бірізділік жоқ. Мәселен, моңғол тілінің қимыл септігі тура толықтауыш, баяндауыш жасауға ғана қатыспайды, ал жанама толықтауыш пен пысықтауыштың қызметінде қазақ тілінің барыс, табыс, жатыс, көмектес септіктеріне, кейбір шылаулардың (arkili, кейбір жұрнақтардың (kiyimshen – buqleeree) рөлін атқарады. Мұндай көріністердің қалыптасуына біздің топшылауымызша осы тілдерге субстарттық және суперстраттардың да ықпалы болған деп ойлаймыз. Мысалы, негізінен номинатив құрылымды тілдер болғандықтан, қазақ тілінде бастауыштың грамматикалық көрсеткіші атау септігі болып есептеледі; ал қазіргі моңғол тілінде бұл заңдылық әлдеқашан бұзылып, бастауыш атау септігімен қатар басқа да жанама септіктер арқылы берілетіндігі ғылыми тұрғыдан дәлелденген [5, б. 214]. Біздің ойымызша, мұндай алшақтық моңғол тіліне тибет тілінің әсерінен пайда болған. Ал оны нақты дәйектермен дәлелдеп шығу үшін тарихи-салыстырмалы синтаксиске жүгінімуіміз керек. Өкінішке орай, мұндай зерттеулер алтай тілдері аясында түгілі түркі тілдерінің, тіпті моңғол тілдерінің арасында қолға алынбай отыр.

Сөз болып отырған тілдердегі «сөйлемнің үйірлі мүшелері», «көсемше оралым», «есімше оралым», «инфитивтік оралым», «синтаксистік оралым», «аяқталмаған жай сөйлем», «сөйлемнің күрделенген мүшесі» т.б. аталып, қазақ тілінде «үйірлі мүше» атылып жүрген құрылымдар моңғол грамматикасында жеке категория ретінде қарастырылмайтындығы, бірақ оларға сәйкес келетін құрылымдар моңғол тілінде де бар екендігі, олардың көбінесе құрмалас сөйлем деңгейінде танылатындығы және зерттеу нысанына іліккен тілдерден нақты сәйкестіктерін көрсетуге болатындығы назар аударады. Моңғол тілінде мұндай құрылымдардың бастауышы ілік, табыс септігінде тұратындығы, бар, жоқ сөздері арқылы жасалған үйірлі мүшелер моңғол тілінде –тай, -гүй жұрнақтарымен синтетикалық тәсілмен берілетіндігі анықталды.

Моңғол тілінде ешқандай интонациямен бөлінбесе де, өзіндік бастауышы бар сөйлемнің барлығы сабақтас құрмаластың компоненті ретінде танылады. Ал қазақ тіл білімінде мұндай құрылымдарды «үйірлі мүшелерді бағыныңқы сөйлемнің қатарында қарауға болмайды, өйткені олар сөйлемнің жай мүшелері сияқты байланысқан сөздерімен қабыса байланысып, анықтайтын сөзімен бір интонациялық бірлікке түседі» [6, б. 180] деген пікір басшылыққа алынып, үйірлі мүше ретінде танылады. Мұндай құрылымдарды мүше сөйлем деп тануда моңғол тілінің зерттеушілері, моңғол тілі жалғамалы болғандықтан, үнді-еуропа тілдері сияқты санамалы интонацияның қызметі өте солғын болатындығына сүйене отырып, мұндай құрылымдарда бастауыш-баяндауыштық қатынастың болуы да жеткілікті деп есептейді. Біздің ойымызша, қазақ тіл білімінде сабақтас құрмалас сөйлемнің мағыналық түрлері, шын мәнінде, пысықтауыш қатынастағы сөйлемдердің грамматика-семантикалық ерекшелігіне сай топтастырылып келеді. Егер пысықтауыш қатынастағы сөйлемдер сабақтастың сыңары бола алатын болса, басқа да мүшелік қатынасқа негізделген сөйлемдер неге құрмаластың сыңары болмасқа? Бұл сұрақтың жауабы ретінде көбінесе олардың айырым интонациясының болмауы алға тартылады. Алайда, оларды тану үшін интонацияның негізгі критерий бола алмайтындығын ғалымдарымыз (Қ.Есенов) анықтаған. Біз сөз болып отырған мәселені саралай келе, мынадай түйін жасадық: жалғамалы тілдерден айырым интонациясының айқын болуын іздеушілікке байланысты үйірлі мүшелердің табиғаты әлі толық ашылмаған; пысықтауыш қатынастағы құрылымдардың ара жігінде интонацияның айқын болуының мәні мынада: пысықтауыштар – баяндауыштың анықтауышы; айтар ойымызды күрделендіруімізге байланысты олар өзі қатысты сөзінен (предикаттық орталықтан) алшақтайды, сол себептен сөйлемдегі, яғни, синтаксистік бірліктердің бір-бірінен алшақтығы себебінен ұласпа интонация үзіледі де, үзілмелі (әлдебір бірліктің шегін байқататын) интонация келіп шығады [7, б. 21]. Және де біз өзіндік дербес бастауышы бар болса, құрмалас сөйлемнің аясында, ал өзіндік бастауышы жоқ есімше, көсемше оралымда келген құрылымдарды үйірлі мүше ретінде таныған жөн деп білеміз. Сондай-ақ, ортақ субъектілі, яғни бір бастауышқа телініп, құрамына көсемше және есімше оралымдар қатысқан құрылымдарды да үйірлі мүшелі күрделенген жай сөйлемдер деп тану керек деген А.Байтұрсынұлы, С.Жиенбаев, Н.Сауранбаев, Қ.Есенов т.б. ғалымдардың пікірін де қолдаймыз. Қазіргі моңғол грамматикасында «есімше, көсемше оралым, есімшенің инверсияланған түрі, бастауышсыз мүше сөйлем, ортақ сөзді оралым, жайылма анықтауыш» [8, б. 181] деген құрылымдарды қандай сөйлемнің деңгейінде тану керектігі сөз болып жүр. Қазақ, моңғол тілдерін басқа типтегі тілдерден ерекшелейтін синтаксистік құрылымның табиғаты болашақ зерттеулерде ашыла бермек.

Ал осы тілдердің төркіндестігі, өзіндік даму жолдары, басқа тілдердің ықпалы, соның салдарынан пайда болған ерекшеліктер т.б. мәселелерді жан-жақты талдау үшін тарихи-салыстырмалы әдіспен қатар, салғастырмалы-синхрондық зерттеулер жүргізу барысында грамматиканың синтаксистік саласын дерек көзі ретінде қарастыру да жақсы нәтиже беретіндігін айтқымыз келеді. Сондай-ақ, синтаксистің дәстүрлі зерттеулерімен қатар лингвистикалық мәтінде болатын заңдылық – күрделі синтаксистік тұтастық, сөйлемдерді актуалды мүшелеу, трансформациялық әдіс, дистрибутивті талдау т.б. мәселелерін де қазіргі тілдік деректермен ұштастыра зерттеудің де маңызы зор болмақ.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Суник О.П. К актуальным проблемам алтаистики // Вопросы языкознания. - 1976-№1. [Статьи по алтайским языкам] - Monumenta altaica.- URL: http://www.distedu.ru/mirror/_injaz/altaica.narod.ru/papers.htm

  2. Қайдар Ә., Оразов М., Түркітануға кіріспе. Алматы: Арыс, 2004. – 360 бет.

  3. Лигетти. Л. Шүүмж: Г.Д.Санжеев. Сравнительная грамматика монгольских языков.// Хэл зохиол судлал. VIII боть. Улан-Батор., 1970.

  4. Крушевский Н.В. Избранные работы по языкознанию. Москва: Наследие, 1998. – 275 с.

  5. Пүрэв-Очир Б. Орчин цагийн монгол хэлний өгүүлбэрзүй-1. Улаанбаатар., 2001. – 383 бет.

  6. Балакаев М.Б. Современный казахский язык. Синтаксис. Алматы: Ғылым., 1959. – 175 с.

  7. Абдикарим Н. Қазақ және моңғол тілдеріндегі сөйлем құрылысының ұқсастығы мен ерекшеліктері (жай сөйлем негізінде): автореферат. Астана, 2010. – 30 бет.

  8. Пүрэв-Очир Б. Орчин цагийн монгол хэлний эхийн өгүүлбэрзүй (эх задлалын асуудлууд) Улаанбаатар, 2005. – 286 хууд.