Автор:
Б.К. Қыздарбеков, Г.А. Мухатаева К.Ж. Абдрахманова, Г.Г. Алиева (Қарағанды, Қазақстан)
Түркілердің соның ішінде қазақ халқының тарихын зерттегенде, олардың көне ата-мекенінде сан мындаған жылдарға созылған күрделі тарихи үдерістерді анықтауды женілдету үшін, ғалымдар оны дәуірлерге бөліп қарастыруды дәстүрге айналдырған.
Ғылымда қабылданған тәсіл бойынша, еліміздің көне тарихын археологиялық, антропологиялық, этникалық (лингвистикалық) және тарихи дәуірлерге бөледі. Археология ғылымында еңбек құралдарының және мәдени ескерткіштердің қандай материалдан жасағанына байланысты оны тас, қола және темір дәуіріне бөледі. Аталған дәуірлердің әрқайсын өз кезегінде хронологиялық ірі кезеңдерге бөледі. Тас ғасыры үш кезеңнен: палеолит, мезолит және неолиттен тұрады. Оның хронологиялық шеңбері, шамамен б.з.д.
1 милл. жылдан-б.з.д. ІІ мың жылдықты қамтиды.
Қола ғасыры б.з.д. ІІ мың жылдықтан-б.з.д. VІІІ ғ. дейін, ал темір ғасыры б.з.д.VІІІ ғ. - қазіргі (ХХІ ғ. дейінгі) кезеңді қамтиды. Қазақстан территориясындағы қауымдастықтардың дамуының төмендегідей жүйелі тізбегін анықтауға (белгілеуге) болады:
Антропологиялық тұрғыда: 1) протоевропеоидтық; 2) европеидтық – монғолоидтық; 3) монғолоидтық-европеоидтық кезеңдерге бөлінеді.
Қазақтардың негізгі ата-мекенінде, Алтайдан Еділ-Жайыққа дейінгі ұлан-байтақ жерде мекендеген тайпалардың антропологиялық типі европеоидтық нәсілге жатқан. Көне тұранның ежелгі халықтарының физикалық типі (бейнесі) алғашқы европеоидтарға (протоевропеоидтарға) тән болған. Б.з.д. І ғ.-б.з. VІ ғ. дейін, түркілердің екінші Отаны - Алтай, Солтүстік Қытайдан (Шығыс Түркістан) келген түрік тілдес хұндардың (сюнну және ғұн тайпалары) және Алтай түркілерінің ықпалымен турлардың, сақтардың ұрпақтары европеоидтық нәсілге жататын, үйсін және қаңлы тайпаларында монғолоидтық элементтер үстем бола бастайды.
Түркі-монғол шапқыншылығынан кейін, (ХІІІ ғ. басы) әсіресе қазақ хандығы құрылуына (ХV-ХVІ ғғ.) байланысты, қазақ халқының шығуы нәтижесінде монғолоидтық тип үстем болады, бірақта европеоидтық бет-пішіні кескіні бар адамдарда сақталып қалды. Қазіргі қазақтардың 70% монғолоидтық, ол 30% европеоидтық нәсілге жататыны белгілі [1].
Этникалық (лингвистикалық) тұрғыда дәуірлерге бөлінгенде, ғылымда үстем болған евроцентристік көзқарасқа байланысты, яғни қазақтардың шығуының автохондық тұжырымдамасына сәйкес, түркілердің, соның ішінде қазақтардың ата-бабалары –Көне Тұранның байырғы тұрғындары үнді-иран және сақ-скиф тайпалары үндіевропалықтар болған, олардың түркілерге мүлдем қатынасы болмаған, о бастан олар үнді-иран тілінде сөйлеген деген тұжырым үстем [2].
Біздер, бұл евроцентристік ұстанымға, түркілердің, соның ішінде қазақтардың ата-бабалары - энеолит тайпалары және олардың ізбасарлары, андронов мәдениетін құрған арий, тур, хьон, сайрим, даха (даи), олардың заңды мұрагерлері сақ (скиф), сармат тайпа одақтарына кіретін массагет, исседон, аргиппей, аримаспы, ишкүз тайпалары, пратүркі тілінде сөйлеген деген өз көзқарасымызды ұстанамыз [3].
Этникалық (лингвистикалық) тұрғыға сәйкес түркілердің, соның ішінде қазақтардың ата-бабалары о бастан пратүркі этносына жататынын, металдың құпиясын меңгерген энеолит тайпаларының, табиғатта ашық кездесетін мысқа (жезге), табиғатта сирек кездесетін, қалайыны қосып қоланы шығарғанын айтуға тиіспіз. Көне грек, көне-еврей, санскрит, тілдерінде металлды «jes» (яғни жез), «қалайы» деп атаған [4].
Евроцентристер, оның ішінде орыс-кеңес және отандық тарихшылар, лингвистер қазақтардың ата-бабаларының тек үндіевропалықтар (түркілер емес) болғанын және олардың үнді-иран тілінде сөйлегенін дәлелдегісі келді.
Егер қазақтардың ата-бабалары үндіевропалықтар болса сол кезде үнді иран тілінде сөйлегенінің дәлелі ретінде олардың сөздік қорында, ең болмаса бір -екі сөз қалуы керек еді ғой. Шын мәнінде, оның жұрнағы да қалмаған. Қазіргі қазақ тіліндегі парсы сөздер кейінгі тарихи-мәдени және ғылыми байланыстар арқылы кірген кірме сөздер деп ұғуымыз керек.
Түркі халықтарының ықпалында 2000 жылдай болған славян халықтарының мәселен, орыстардың тілінде «айқын» түркі сөздерінен басқа да, «көзге көрінбейтіндер» («невидимые тюркизмы») ондап, жүздеп сақталғанын білеміз [5].
Бұдан шығатын қорытынды, энеолит, қола дәуірінде өмір сүрген қазақтардың ата-бабалары үнді-иран тілінде сөйлемеген. Олай болса қазақтардың көне тарихында «үндіевропалық» кезең болды деген орыс-кеңес. тарихшыларының идеологиялық ұстанымдарынан бас тартуымыз керек.
Жалпы тарихи тұрғыдан қазақтардың тарихын: 1) ежелгі (көне) дәуір (б.з.д. 1 млн. - б.з. V ғ.); 2) орта ғасыр (б.з. V ғ. - ХVІІІ ғ. 30 ж.ж.); 3) жаңа заман (ХVІІІ ғ. 30-шы жж.-1917 ж.); 4) ең жаңа заман (1917-1991жж.), соның ішінде, Тәуелсіз Қазақстан кезеңі (1991 желтоқсан-2013жж.) деп төрт кезеңге бөлуге болады.
Тарихқа дейінгі дәуір деп аталатын ежелгі (көне) дәуірде, қазақтардың ата-бабалары мекендеген жерлерде өмір сүрген тайпалардың кімдер екендігін, олардың осы жердің байырғы тұрғындары ма, әлде келімсектерме деген сұрақтарға ғалымдар нақты жауап беруге қиналады.
Ежелгі (көне) дәуірге, басқаша айтқанда, көшпенділер немесе сақ (скиф) кезеңіне, сақ (скиф) тайпаларын, тайпа одақтарын (тиграхауда, хаомоварга және парадарайя), Алып Ер Тұнга құрған Сақ мемлекетін, үйсін, қаңылы және хұндар (сюнну құрған мемлекеттерді) жатқызамыз.
Қазақ жерінде Ортағасырлар дәуірін (б.з.д. VІ-ХVІІІ ғ. 30-шы ж.ж.) шартты түрде: ерте, орта және дамыған деп, үш кезеңге бөлеміз. Ерте және орта немесе классикалық кезеңге хұнн (ғұн, сюнну) державасының ізбасары Алтайда құрылған, Ашын әулетінен шыққан қағандар билеген Ұлы Түркі қағанатын (Батыс және Шығыс (ІІ-Шығыс) қағанаттарын), Ұлы Болгария және Хазар қағанатын, Дунай және Еділ (Кама) Булгариясын, Түргеш, қарлұқ, оғыз, қимақ, найман, керей, кидан (қара-қытай), қарахан мемлекеттерін, қыпшақ бірлестіктерін, сондай- ақ Шыңғысхан мен оның ұрпақтары құрған Жошы, Шағатай және Үгедей хандардың басқаруындағы (Қазақ ұлыстарын және Батый хан (Ер Сайын) құрған Алтын Орда (Қыпшақ хандығы немесе Ұлығ Ұрыс) мемлекетін жатқызамыз.
Алтын Орда, жер иеліктері Европа мен Азия қамтитын ортағасырдағы ең ірі мемлекеттің бірі, тіпті бірегейі болатын. Оның әскери қуаты барлық Европа мемлекеттерін, сондай-ақ көршілерін тұрақты үрей жағдайында ұстаған. Алтын Орданың провинциясы саналатын Киев Русіне, түркі –монғолдарың езуі 240 ж. созылды. Түркі халықтары мекендеген Қырым, Хорезм, Еділ Булгериясы, Батыс және Шығыс деп бөлінетін, Алтайдан Дунайға дейін созылып жатқан, Дешіт-иҚыпшақта, Алтын Орда хандарының билігі жүріп тұрған. Осы атаушылы Алтын Орда ыдырағаннан кейінгі, қазақтардың жерінде пайда болған Ақ Орда, Ноғай Ордасы, Әбілқайыр, Астрахань және Сібір хандықтарын, Шағатай ұлысы территориясындағы Моғолыстан мемлекетін, сондай-ақ Қазақ хандығының құрылуын, Қазақ халқының пайда болуын біз дамыған Ортағасыр кезеңіне жатқызамыз.
Евразияның далалық кеңістігі, соның ішінде Сыр-Дария қалалары үшін Шайбанидтермен, және басқада Орта азиялық хандықтармен ұзаққа созылған соғыстардың нәтижесінде бірінғай Қазақ хандығының құрылуы және нығаюы; 1457-1758 жж. орын алатын ойрат-қазақ, жоңғар-қазақ соғыстары, қазақтардың ұлт тәуелсіздігі үшін ұзаққа созылған ерлік үшін күрес, Қазақ тарихының ортағасырлық кезеңін аяқтайды.
ХVІІІ ғ. 30-шы жж. - 1917 ж. желтоқсанға дейін созылған, ұзақ кезеңді Жаңа тарих кезеңіне немесе, отарлық дәуірдің бірінші кезеңінде жатқызамыз.
Отарлық дәуірді екі кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезеңді шартты түрде ХVІІІ ғ. 30-шы ж.ж. - ХХ ғ. нақты айтқанда 1917 ж. дейінгі кезеңді жатқызамыз. Бұл кезеңде «Ақтабан шұбырынды.....» немесе «Отан соғысы» жылдары жоңғарларға қарсы күрестің нәтижелі аяқталуы, патшалық Рессейдің қазақтардың жеріне экспансиясының басталуымен дәлме-дәл келеді. Қалыптасқан саяси ахуалдың нәтижесінде, Кіші жүздің ханы Әбілқайыр Ресейдің қамқорлығына (1731 ж.), ал ХVІІ ғ. 40-шы жж. Орта жүздің бір бөлігі Рессейдің қола астына кіреді. Қазақ жерін отарға айналдыруды патшалық Ресей, 1822- 1824 жж. Орта және Кіші жүзде хандық билікті жоюдан бастайды. ХІХ ғ. 60-шы жж. Жетісуді және Онтүстік Қазақстанды орыс әскерлерінің жаулап алуы және 1867-1868 жж., 1886 және 1891 жж. патша үкіметінің жүргізген әкімшілік реформалары, қасиетті қазақ жерін орыстардың жеке меншігіне және Ресейдің отарына айналдырды.
Қазақ жері түгел отарланып, халық бодандыққа ұшыраған соң, кең байтақ қазақ даласын экономикалық және идеологиялық жағынан меңгеру мәселесін патша үкіметі күн тәртібіне қояды. Отарланған кең өлкеге орыс шаруаларын, казактарды қоныстандыра бастады.
Осы кезеңде қазақтардың патшалық Ресейдің отарлық саясатына қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалысы кең етек алды.
Отарлық дәуірдің соңғы кезеңі - 1917-1991 жж., яғни кеңестік дәуірді қамтиды. Сонымен бірге, бұл кезең әлемдік тарихта қалыптасқан дәуірлерге бөлуге сәйкес, оның төртінші кезеңіне, яғни «Ең жаңа заман» дәуірінің хронологиялық шеңберіне кіріп кетеді.
ХХ ғ. 20-30 жж. социалистік құрылыстың тұжырымдамасы бойынша Кеңес Одағында, соның ішінде Ресейдің құрамында Қазақстанда индустриализация, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру және мәдени құрылыс іске асады. Кеңес үкіметі, өзінің мәні жағынан патшалық Ресейдің отарлық саясатын жалғастырушы болғанын, біріншіден отарланған халықтарды орыстандырудың ең ұрымтал буыны, олардың ғасырлар бойы қолданып келе жатқан жазу таңбаларын, яғни алфавитін өзгертуінен оны кириллицаға ауыстыру саясатынан байқауға болады. Екі жазуды өзгерту-олардың тарихи есінің сақталу дәстүрімен тарихынан қол үздіру арқылы идеологиялық мәңгүртке айналдырудың бір жолы екіні анық. Кеңес билігі кезінде алфавитті үш рет өзгертудің, қазақтарға негативті әсер еткенін айтпаса да түсінікті. 1917-1919 жж.., 1921-1922 жж. және 1931-1933 жж. қолдан жасалынған аштықтың нәтижесінде 7 млн. жуық қазақтың 4 млн қаза болды. Оған 1937-1938 жж. қазақ қоғамының кілегейлерін репрессиялауды қоссақ, қазақтар үшін нағыз Ақырзаман орнағанын байқаймыз. ІІ-дүниежүзілік («Ұлы отан соғысы») соғыс жылдарында ерлік пен қаза болған, хабар-ошарсыз кеткен боздақтарымызды, бұған тың және тыңайған жерді игеру кезіндегі (1954-1956 жж.) 2 млн. жуық келімсектердің келуімен қазақтардың еліміздегі үлесінің 29%-на дейін азайғанын ескерсек, сондай-ақ, демографиялық, экологиялық және оқу-білім саласындағы негативтік өзгерістердің, жеріміздің атом полигонына айналғанын қоссақ, онда Кеңес билігінің, қазақтар үшін позитивті рөлі тым төмендейтіні сөзсіз.
Бұрындары патшалық Ресей халықтардың түрмесі, ал Кеңес Одағы кезіндегі-тең халықтардың семьясы, соның ішінде, Қазақстан -«Халықтар достастығының лабораториясы» деген насихаттық штамп пайдаланылды.
Билік басындағы КПСС іс жүзінде ұлттық саясатты ұлы державалық шовинизм саясатымен ауыстырды. Шовинизмді интернационализм деп, ал ұлттық мәдениетті дамыту, ұлттық кадірлерді дайындау сияқты маңызды мәселелерге көңіл бөлуді және ұлттық сана-сезімге қамқорлық көрсетуді ұлтшылдық деп ұқты. Тоталитарлық режим халықты тұғырыққа тірей бастады.
Рухани-құлықтылық саладағы ауытқулық, әлеуметтік-әділеттілік принциптің беделін түсірді, адамдар арасында бұрынғы идеяларға түңілу орын алды. Өмірге немқұрайлық және енжарлық тудырды. 1986 ж. Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі Кеңес Одағындағы саяси өмірді демократизациялаудың катализаторына айналды. Кеңес одағының ыдырап, ТМД құрылуына алғышарт болды. Сөйтіп, 1991 ж. желтоқсанда Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, қазақтардың тарихында елеулі, дүниежүзілік маңызы бар оқиға –Тәуелсіз Қазақстан дүниеге келіп, оның салтанатты шеруі басталады. Бұл қазақтардың ең жаңа тарихының алғашқы кезеңі еді.
Ескерте кететін бір жай, өзіміздің отандас тарихшыларымыз, елімізде қалыптасқан қоғамдық-саяси ахуалдың ұстанымдарына сәйкес, өз еркімен «ең жаңа заман» дәуірін тәуелсіз, егеменді Қазақстанның пайда болуымен байланыстыратынын айтқымыз келеді. Ол ол ма, тарихшылар қауымдастығына ұсынылып отырған тарихи емес мамандықтарға (бакалавриат) арналған Жалпы білім беру пәндері бойынша Типтік оқу бағдарламасында жаңа заманды 1917 жылдан бастауды ұсынғанына таңданбасқа болмайды. Сонда ортағасырдың «ну орманы» («дремучее средневековье») ХХ ғ. басына дейін созылған болып шығады.
Әдебиеттер:
-
Исмагулов О. Ата-баба (тек). Жоғарғы оқу орындары студенттеріне арналған оқу құралы. - Алматы, 1994.
-
Этнические проблемы народов и народностей Центральной Азии в древности. Материалы международного симпозиума тюркологов –Душанбе, 1977.;
-
Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Государства и народы евразийских степей. Древность и средневековье. 2-издание. Исправленное и дополненное – СПБ., 2004.;
-
Ундасынов И.Н. История казахов и предков І-ая часть. Наши предки (ІІ тыс. до.н.э- ІІ в.н.э.). - Москва, 2002.
-
Қыздарбеков Б.К., Қыздарбеков Е.К. Көне Русь (Ежелгі және орта ғасырлық тарихы). -Қарағанды, 2004.
-
Қыздарбеков Б.К. Қазақтардың көне тарихына Кіріспе (Жаңаша көзқарас). Монография. - Қарағанды, 2012.
-
Сүлейменов О.С. Тарихқа дейінгі түркілер. - Алматы, 2002.