Автор:
Батима Тажигулова (Астана, Казахстан)
«Қазақстан Республикасының 2004-2015 жылдарға арналған экологиялық қауіпсіздігін сақтау тұжырымдамасында» экологиялық ахуалды жақсартудың жаңа технологиялық мүмкіндіктері айқындалып, еліміздің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағдайындағы қоғамды экологияландыру мәселесі қамтылады.[1, б.2].
БҰҰ Қазақстанды экологиялық жағдайы өте нашар елдердің қатарына жатқызады. Қазіргі таңда табиғи байлықтарды пайдалану тонаушылықпен жүргізілуде. Қоршаған ортаны қорғау туралы, ерекше қорғалатын аймақтар туралы заңдар, қажетті нормативтіқ-құқылық базалар, экономикалық механизмдер болғанымен іс жүзінде ол заңдар, ережелер өз дәрежесінде жұмыс істемей жатыр. Мұның бір себебі, азаматтардың экологиялық мәдениеті деңгейінің төмендігі. Экологиялық мәдениет - бұл азаматтардың экологиялық сауаттылығы, ақпараттармен хабардар болуы, табиғатты тиімді пайдаланудың нормаларын күнделікті орындау белсенділігі мен сенімділігі.
Қоғамды экологияландыру – бұл адамның табиғатпен үйлесімділігіне қол жеткізуге бағытталған қоғам көзқарасының жаңа жүйесін қалыптастыру процесі. Тарихи тұрғыдан бағдарласақ, адамның өмір тіршілігінің, қызмет-әрекетінің негізі – табиғат заттары мен табиғи процестер. Олар адамзаттан әлдеқайда бұрын пайда болған, адам санасынан тыс және тәуелсіз өмір сүреді. Қоршаған ортаны танып білу, игеру барысында адам табиғат дүниесіне қуатты және ауқымды ықпал ете алатын құдіретті өзгертуші күшке айналады. Мұны ғылымда «екінші табиғат» деп атайды.
Қоршаған ортаны қорғау туралы пікірлерді біз көне дәуір оқымыстылары Эмпедокл, Гиппократ, Теофраст еңбектерінен көреміз. Олар өсімдіктер мен жануарлар тіршілігінің біріншіден морфологиялық, екіншіден физиологиялық бейімделушіліктің қоршаған ортаға тәуелділігін экологиялық тұрғыдан қарастырды.
Шығыстың екінші ұстазы, әл-Фарабидің пайымдауынша табиғаттың баға жетпес байлығы біріншіден адамды оқу-білім, тәлім-тәрбие, ізгілік сияқты қасиеттерге баулу үшін алдымен қоршаған дүниені, табиғат құбылыстарын танып-білу керек; екіншіден табиғатты аялау, ізгілікке баулу ұлттық тамырдан нәр алады, үшіншіден табиғатқа деген адам көзқарасының дұрыс бағытта болуы оның ой-сезіміне әсер етіп, мінез-құлқын жетілдіру арқылы жүзеге асады.
Ұлы Абай да өзінің қарасөздерінде табиғат туралы философиялық ой-пікірлер мен табиғат заңдылықтарын терең пайымдап, табиғаттың бар байлығын адам баласының аузына тосып, таусылмас азық болып отырғандығын көрсете келе, «Кім өзіне махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың парыз», – деп өскелең ұрпақты табиғат-ананы сүйе білуге үндегені белгілі. [2, б.38 ].
Білім беруді экологияландыру мәселелері В.М.Назаренко, Д.П.Ерыгина, Г.В.Мисичкина, Л.А.Коробейников, Г.М.Чернобельская, Н.Е.Кузнецова т.б. жұмыстарында қарастырылған.
Ғалымдардың зерттеу жұмыстарына жасалған талдау нәтижесінде, атап айтқанда: Ресейде (Голубец М.А, Захлебный А.Н, Иоганзен Б.Г, Кучер Т.В, Миронов А.В, Соломина С.Н, Тихонова А.Е,) Өзбекстанда (Тұрдықұлов Э.А, Хакимов Э.) және Қазақстанда (Аймағанбетова Қ, Бейсенова Ә.С, Бірмағанбетов Ә.Б, Жатқанбаев Ж.Ж, Жүнісова К.Ж, Чилдебаев Д.Б., Тілеубергенов С.Т, Торманов Н.Т., Сыдыкова З.Е., Турабаева Г., Қойбагарова Б.Х., Смирнова Г.М.) экологиялық білім мен тәрбие берудің теориялық негіздерін, мазмұнын, ұйымдастыру жолдары мен әдістерін қарастырғаны айқындалды.[3, б. 5].
Демек, философтардың, педагогтардың еңбектеріндегі ой-тұжырымдардан олардың экологиялық тәрбие беруді экологиялық сана, экологиялық таным, экологиялық қарым-қатынас; экологиялық іс-әрекет; экологиялық сезім; экологиялық қызығушылық; экологиялық көзқарас ұғымдарымен бірлікте қарастырғанын байқаймыз.
Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінде экологиялық білім мен тәрбие беру тұжырымында «пәндерді экологияландыру дегеніміз – дәстүрлі пәндерді оқыту барысында тақырыптардың мазмұнын қосымша жаңа экологиялық мәліметтермен байыту» - деп көрсеткен.
Экология ғылымының негіздерін оқу пәндерінің мазмұнына өңдеу – бұл білімді экологияландырудың бірінші міндеті, екінші – пәндерді оқытудың тиімді әдістемелік жүйесін жасау.
Экологиялық сана - экология саласындағы мәселелерді шешу, ең алдымен адамның оған қатысты экологиялық санасын қалыптастыруды қажет етеді, экологиялық сана экологиялық білім, табиғатты және қоршаған ортаны қорғау заңдылығын бұзғандармен өздік қалауы бойынша белсенді күрес жүргізудегі талпынысы немесе әрекеті, сол себепті экологиялық сана қоғамдық сананың формасы ретінде маңызды қызмет атқарады.
Қоғамды экологияландыру - бұл адамның табиғатпен үйлесiмдiлiгiне қол жеткiзуге бағытталған қоғам көзқарасының жүйесiн қалыптастыру процесi. Оны жүзеге асыру экологиялық бiлiм беру мен тәрбиелеудi дамыту, ғылыми қамтамасыз ету, экологиялық үгiт-насихат және жұртшылықтың қатысуы жолымен жүргiзiледi.Қазіргі кезде экологиялық білім беру және тәрбие мәселелері жалпы тәрбие беру мен білім жүйелері дамуының өзекті бағыттарының бірі. Экологиялық білімсіз қоғамдық экологиялық сана құру мүмкін емес. Экологиялық білім беру - бұл табиғатты пайдаланудың дайындау, іргелі негіздері ретінде жалпы экологияның теориясы мен практикасын игеруге бағытталған оқыту жүйесі. Ол табиғатты қорғаудың теориясы мен практикасын игеруге бағытталған оқыту жүйесі - табиғатты қорғау білімімен тығыз байланысты.Экологиялық білім - қоршаған ортаны қорғау үшін қажетті білімді, әдетті, ептілікті, икемдікті қамтиды. Ол кәсіби мамандарды дайындауға ықпал етіп, кадрларға білім беру, оларды дайындау жүйесінің ажырамас бөлігі болып табылады. Заңдар бойынша экологиялық тәрбие мен білім берудің бәріне ортақ, кешендік және үздіксіз болуы қарастырылған.[4,б.14].
Қоғамдық экологиялық сана қоғамның экологиялық проблемаларымен күресуде мықты фактор болып табылады. Мысалы, Жапония - табиғатты қорғау саясатында үлкен жетістіктерге жеткен мемлекет. 60-шы жылдардың соңындағы үлкен экологиялық қарсылықтар мемлекеттік табиғат қорғау жүйесін құруға алып келді. Ол кездегі жүргізілген саясат тек экономикалық өсуді ғана алға мақсат етіп қойып, қоршаған ортаның жайы еш ескерілмеді. 70-ші жылдардың бас кезінде қоғамдық пікірлердің қысымымен Ұлттық экологиялық стратегия іске аса бастады. Қазір Жапония экологиялық саясаты жағынан дүние жүзі бойынша алдыңғы қатарлы мемлекеттердің бірі. 60-70-ші жылдардағы АҚШ-тағы осындай жағдай да үкіметті экологиялық проблемаларды шешуге мәжбүр етті. [5,б.13].
Адам мен табиғаттың қарым-қатынасын жақсарту бағытталған тағы бір шара — табиғат байлықтарын тұтынуды ақылға сиымды мөлшерде өзіне-өзі шек қою. Халықтың экологиялық санасын қалыптастыру міндетті экологиялық білім мен тәрбие берудің бірқатар комплексті мәселелерінен тұрады. Олар — экологиялық ғылыми сананы қалыптастыру, экологиялық этиканы, экологиялық психологияны және экологиялық құқықтық сананы қалыптастыру қажет. Аталған ғылыми негізделген мәселелерді жүйелі және кешенді түрде жүзеге асыру қоғамды экологияландырудың негізгі іргетастарының бірі болып есептеледі.
Пайдаланылған әдебиеттер:
-
«Қазақстан Республикасының 2004-2015 жылдарға арналған экологиялық қауіпсіздігін сақтау тұжырымдамасы»// 2004-24 б.
-
Манкеш А.Е.// Автореферат. Үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығының ғылыми-педагогикалық негіздері.Алматы; 2008.-98б.
-
Бұзаубақов К.Ж. //Мектептік экология негіздері. Оқу құралы: - Тараз;
ТарМУ, 2000-139б.
4. Бірмағамбетова Ә. //Табиғатты оқыту әдістемесі. Алматы-1991ж.-108б.
5. Қоянбаев Ж.Б. Қоянбаев Н.М.// Педагогика. Астана 1998ж.-218б.