Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

Денсаулық сақтау мекемелерінің қаржылық қызметін басқару

Автор: 
Б.Т. Касымова, А.А. Ахатова (Қарағанды, Қазақстан)

Менеджмент - қоғамдық қажеттілікті қанағаттандыруға мүмкіншілік туғызатын және кәсіпорындардың қызметінің тиімділігін жоғарылатуға бағытталған басқару формалары мен әдістемелік құралдардың жинтығы. Басқарудың мақсаты - кәсіпорындардың тиімділігін жоғары деңгейге жеткізу және үнемі жаңа өнім түрлерін енгізе отырып сапалы өнімдер шығару немесе қызмет көрсету.

Медициналық қызметтер нарығы - бұл өте қажетті нарық, себебі адамдарға қажетті салауатылықты қанағаттандыратын және сапалы деңгейде, қажетті көлемде медициналық көмек алуға кепілдік береді. Мұндай нарықтық жүйенің қызмет етуін қамтамсыз ететін өзіндік инфрақұрылымы бар: емдеу-профилактикалық мекемелер, жоғарғы оқу орындары, медициналық ассоциациялар, медициналық сақтандыру компаниялары, т.б. медициналық орталықтар. Денсаулық сақтау жүйесі медициналық техникалардың нарық жүйесі, фармакологиялық өнімдердің нарық жүйесі, санитарлық-гигиеналық қызмет көрсетуге арналған аппараттық жабдықтардың нарық жүйесі т.б. болуы мүмкін. Қазіргі таңда Қазақстанның медициналық қызмет нарығын жоғары сапалы әлемдік деңгейге жеткізу үшін осы саладағы менеджментке көңіл бөлінуде. Осыған байланысты менеджер мамандарды оқытып дайындауда. Бұл саладағы менеджменттің басқа сала менеджментінен ерекшелігі тауар шығарумен емес, адамның денсаулығымен байланысты. Қазақстан Республикасында денсаулық саласына бөлінетін қаржы жыл өткен сайын артуда. Денсаулық сақтау саласының ерекшелігіне байланысты осы қаржылар тиімді басқарылуы керек. [1. б. 35]

Емдеу-профилактикалық мекемелерінің қызметін басқару жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде олардың қаржы ресурстарын басқару жүйесін. Емдеу мекемелерінің қаржысын басқару – бұл алға қойылған мақсаттарға жету үшін емдеу-профилактикалық мекемелерінің ресурстарын қалыптастыруға және оларды орынды пайдалануға бағытталған өзара байланысты іс-қимылдардың кешені болып табылады.

Денсаулық сақтау саласында қаржылық менеджмент күрделі, емдеу мекемелерінде әлі толығымен қолданылып үлгермеген басқару жүйесі болып саналады. Алайда бұл жүйені денсаулық сақтау мекемелеріне толығымен енгізу медициналық мекемелердің нарықтық жағдайдағы өмір сүру қабілеттілігінің артуына тікелей әсер ететін фактор болып табылады. [2.б. 83]

Егер емдеу-профилактикалық мекемелерін нарық жағдайында еркін қызмет ететін кәсіпорын ретінде қарайтын болсақ, қаржы менеджерлері сол кәсіпорынның қаржылық қызметін жүргізетін басқару органының субъектілері ретінде қаралады. Осы орайда қаржы менеджерлерінің функционалдық міндеттеріне төмендегілерді жатқызуға болады:

- емдеу мекемесінің қаржылық қызметін ұйымдастыру;

- емдеу мекемесінің қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді жоспарларын жасау;

- емдеу мекемесінің негізгі және айналым капиталын басқару, олардың құрылуын және орынды пайдаланылуын ұйымдастыру;

- денсаулық сақтау мекемесінің қаржылық қызметінің жағдайына және көрсеткіштеріне талдау жасау;

- емдеу мекемелерінің медициналық қызметтерді тұтынушылармен және медициналық қызметтер нарығындағы басқа да субъектілермен болатын қаржылық есеп айырысуларын ұйымдастыру;

- медициналық мекемеге капитал тарту мақсатында жүргізілетін инвестициялық саясатын жүзеге асыру;

- емдеу мекемесінің бухгалтерлік есебін жүргізу және қаржылық құжаттармен жұмыс істеуді ұйымдастыру;

- денсаулық сақтау мекемесінің қаржылық қызметіне үнемі бақылау жасап отыру.

Қаржылық механизмді қолдану арқылы қаржылық менеджменттің объектілеріне әсер ету үшін қаржы менеджерлері әртүрлі қаржылық әдістерді қолданады. Бұл әдістердің негізгілеріне қаржылық жоспарлауды, қаржыландыруды (мемлекеттік бюджет немесе ерікті медициналық сақтандыру компаниялары арқылы, сондай-ақ ақылы медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру арқылы), несиелеу мен инвестициялауды, сондай-ақ салық салуды жатқызуға болады. [3.б.18]

Кез келген кәсіпорындағы сияқты емдеу мекемелерінде де қаржы-шаруашылық қызметті жүргізу сол мекеменің активтерін басқарумен байланысты. Емдеу мекемесінің активтерін ұзақ мерзімді активтер және ағымдағы активтер деп екі топқа жіктеуге болады. Ұзақ мерзімді активтерді мекеменің негізгі капиталы, ағымдағы активтерді денсаулық сақтау мекемесінің айналым капиталын құрайды. Медициналық мекеменің негізгі капиталына мекеменің ғимаратын, емдеу процесінде бірнеше жылдар бойы қолданылатын медициналық техника мен құрал-жабдықтарды, аппараттарды, құрылғыларды, қөлік құралдарын және басқа да жабдықтарды жатқызуға болады. Емдеу мекемелерінің негізгі құралдары медициналық қызмет көрсету барысында бірнеше жылдар бойы қолданылып, өздерінің құнын біртіндеп, тоза отырып, медициналық қызметтердің құнына амортизациялық төлемдер түрінде қосады.

Емдеу-профилактикалық мекемесінің айналым капиталы – бұл мекеменің медициналық қызметтерді көрсету үшін қажетті қорларды құруымен, сондай-ақ қызмет көрсету процесінде шығындарды аванстаумен байланысты болатын ресурстары. Негізгі капиталдан айырмашылығы айналым капиталы медициналық қызметтерді көрсету процесіне 1 рет қана қатысып, өзінің құнын көрсетілетін медициналық қызметтің бағасына толығымен қосады. Емдеу мекемелерінде дайын өнімнің қорлары болмағандықтан, айналым капиталын нормалау өндірістік кәсіпорындарға қарағанда әлдеқайда қиын болып келеді. Сондықтан, нормаланатын айналым капиталы ретінде тек медициналық қызметтерді көрсету үшін қажетті материалдар мен емдеу мекемесінің болашақтағы шығындарын ғана атауға болады. Жалпы, емдеу-профилактикалық мекемелерінің айналым капиталының құрылымын төмендегі сызбадағыдай етіп көрсетуге болады.

Айналым капиталының пайдаланылуының экономикалық тиімділігін анықтауда көптеген көрсеткіштер қолданылады. Солардың бірі – емдеу процесіне тікелей қатысатын және тікелей қатыспайтын айналым капиталының ара қатынасы. Айналым капиталының неғұрлым көбірек бөлігі медициналық қызмет көрсету процесіне тікелей қатысатын болса, онда емдеу мекемесінің айналым капиталы соғұрлым тиімді пайдаланылады деген сөз.

Емдеу-профилактикалық мекемелерінің қызметін жетілдіру үшін қосымша қаржы көздерін тарту мақсатында олардың инвестициялық қызметін дамытудың маңыздылығы өте зор.

Жалпы денсаулық саласына тартылатын инвестицияларды келесі топтарға жіктеуге болады:

  1. инвесторлардың түрлеріне қарай:

а) мемлекеттік бюджеттің қаражаттарының есебінен жүзеге асырылатын мемлекеттік инвестициялар;

б) шет мемлекеттердің, шетелдік банктердің, компаниялардың, кәсіпкерлердің қаражаттарының есебінен жүзеге асырылатын шетелдік инвестициялар;

в) отандық жеке меншік фирмалардың, кәсіпкерлердің капиталының есебінен жүзеге асырылатын жеке инвестициялар.

  1. салыну объектілеріне қарай:

а) өндірістік инвестициялар (жаңа объектілер салуға бағытталған және бұрынғы объектілерді қайта жөндеуге, кеңейтуге, техникалық қайта жабдықтауға бағытталған);

б) интеллектуалдық инвестициялар (интеллектуалдық өнімдерге, ноу-хау, ғылыми жобаларға салынатын инвестициялар). [4.б.28]

Бұл жерде ескере кететін мәселе, мемлекеттік инвестор үшін денсаулық сақтау саласына инвестициялар салған кезде пайда табу факторы негізгі анықтаушы фактор болып есептелмейді. Ал жеке инвестор үшін, керісінше, инвестициялық жобаға салған ақшаны қайтарып қана қоймай, сол жобадан пайда табу негізгі мақсат болып табылады. Осы орайда мемлекет пен жеке (соның ішінде шетелдік) инвесторлардың мүдделерін біріктіру үшін денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жеке меншік серіктестік жобасын дамытудың маңыздылығы зор болып табылады. Соған байланысты жеке және шетелдік инвесторларды денсаулық сақтау саласындағы қоғамдық маңызы зор инвестициялық жобаларды қаржыландыруға мемлекет тарапынан ынталандыру шараларын ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен жүзеге асырылатын инвестициялардың белгіленген мөлшерін жеке меншік денсаулық сақтау секторына бағыттау сияқты мемлекеттік шараларды жүзеге асыру қажет. Мемлекет денсаулық сақтау саласында қолайлы инвестициялық климат жасаған жағдайда ғана денсаулық сақтау саласы инвесторлар үшін ашық нарыққа айналып, медициналық қызметтерді өндірушілердің өндірістік және интеллектуалдық әлеуетін жаңартуға ынталары пайда болады.

Денсаулық сақтау мекемелерінің қаржы менеджерлерінің келесі функционалдық қызметі мекеменің әртүрлі қаржылық операцияларын жүргізумен байланысты. Сол операциялардың бірі – лизингтік операциялар. Бүгінгі күні емдеу мекемелері үшін лизингтік операциялардың маңыздылығы зор, өйткені еліміздің медицина мекемелерінің көпшілігі қымбат бағалы медициналық техника мен құрал-жабдықтарды лизингке алады.

Қаржыландырудың бұл нысанын коммерциялық банктер, лизингтік компаниялар, құрал-жабдықтарды өндірушілер және лизингтік операцияларды жүргізуге мемлекеттік лицензиясы бар басқа да қаржы-несие институттары жүзеге асырады. Лизингтің «жалға алуды несиелеу» деген де атауы бар, себебі лизингтік операцияларды жүзеге асырған кезде лизингтік компания жалға алушы мен құрал-жабдықтарды сатушы арасында делдалдың қызметін атқара отырып, жалға алушыны несиелендіреді.

Жалпы әлемдік тәжірибеде лизингтің көптеген түрлері қолданылады. Солардың ішінде неғұрлым кең тараған түрлеріне оперативтік лизинг, қаржылық лизинг, қайтарылатын және левередж-лизингті жатқызуға болады.

Бүгінгі күні еліміздің емдеу мекемелері медициналық техниканы ұзақ мерзімді жалға алу кезінде көп жағдайда қаржылық лизингті қолданады, өйткені лизингтің бұл түрі емдеу мекемелері үшін неғұрлым тиімді әрі ыңғайлы болып табылады. Қаржылық лизингтің ерекшеліктеріне толығырақ тоқталып көрейік.

Қаржылық лизинг кезінде жалға алушы қажетті техниканы өзі таңдайды да, сол техниканы сатып алуға лизингтік компанияға тапсырыс береді. Лизингтің басқа түрлеріне қарағанда қаржылық лизингтің мерзімі ұзақ болады және лизингтік келісім шарт біткенге дейін жалға алынған медициналық техника толығымен амортизациялануы мүмкін. Қаржылық лизингтің тағы бір ерекшелігі жалға алынған құрал-жабдықтың бағасы лизингтік төлемдермен жабылып отырады. Мұндай жағдайда, яғни лизингтік келісім шарт уақыты біткеннен кейін емдеу мекемесі жалға алынған медтехниканы өте төменгі қалдық бағасымен сатып алуына болады. Ал емдеу мекемесі жалға алған медтехниканы табиғи немесе моральдық жағынан тозған деп есептейтін болса, онда лизингтік келісім шарт уақыты біткеннен кейін (лизингтік келісім шарт уақыты бітпестен лизинг алушының келісім шартты бұзуға құқығы жоқ) жалға алған объектіні лизингтік компанияға қайтарып беріп, жаңа медициналық техника таңдауға мүмкіндігі бар. Бұл тұрғыдан қарағанда да, емдеу мекемесі үшін лизингтік операциялардың қажеттілігі жоғары болып табылады.

Бүгінгі күні денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын әлемдік стандарттарға сай жабдықтауда лизингтік операциялардың маңыздылығы өте зор болып табылады, өйткені еліміздегі медицина мекемелерінің көпшілігінің қазіргі заманғы озық медициналық техниканы сатып алуға қаржылық мүмкіндіктері жете бермейді. Бұл қаржылық операциялар әсіресе жеке меншік емдеу мекемелері үшін тиімді. Бұл мекемелер үшін мемлекеттік бюджеттен қымбат бағалы медтехника алуға қаржы бөлінбейтіндіктен және ол жабдықтарды сатып алуға жеке қаражаттары жетпейтін болғандықтан лизингтік операцияларды қолдану мекемені материалдық-техникалық жабдықтауға байланысты проблемаларды шешудің бірден-бір жолы болып саналады.

Қорыта келе, көптармақты, нарықтық денсаулық сақтау саласын қалыптастыру жағдайында саланы дамытудың негізгі алғышарттарының бірі оның қаржыландыру жүйесінің жетілдірілуімен байланысты екенін басып айту қажет. Ол үшін мемлекеттік деңгейде де, емдеу мекемелерінің деңгейінде де қаржыны басқару жүйесін, яғни қаржылық менеджментті дамыту керек. Нарықтық экономика жағдайында саланы білікті қаржы мамандарының-қаржы менеджерлерінің кәсіби басқаруы төмендегілерді қамтамасыз етеді:

  1.  
    • денсаулық сақтау мекемелеріне қосымша қаржы көздерін тарту;

    • емдеу мекемелерінің қаржы ресурстарын тиімді пайдалану;

    • денсаулық сақтау мекемелерінің негізгі (емдеу) қызметінен басқа қызметінің түрлерін (инвестициялық, қаржылық) дамыту;

    • денсаулық сақтау саласында әртүрлі қаржылық операцияларды (лизингтік, сақтандыру т.б.) дамыту;

    • денсаулық сақтау мекемелерінің құнды қағаздар нарығының еркін қатысушыларына айналуын қамтамасыз ету т.б.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Калыкулов.К.М Нарық жағдайында денсаулық сақтау саласын жақсартудың экономикалық тетіктері. – Алматы.- 2000

2. Доскеева Г.Ж. Финансовый менеджмент (учебное пособие). – Алматы. -2002

3. Ковалев В.В. Введение в финансовый менеджмент. –М, 2001

 

4. Тайбек.Ж.Қ Денсаулық сақтау саласын басқарудың ұйымдастырушылық - экономикалық механизмдерін жетілдірі. – Алматы .-2001