Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

МҰҚАН ТӨЛЕБАЕВТЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

Автор: 
Жуматай Таубалдиева, Карлыгаш Таубалдиева (Талдыкорган, Казахстан)

Қазақ музыкасының негізін қалаушылардың бірі - М.Төлебаевтың шығармалары өзіне тән идеялық мазмұндылығымен, көркемдік құндылығымен, асқан шеберлік тілімен классикалық маңызға ие болып, халқымыздың асыл мұрасына айналып отыр. Оның асқақ әуенді музыкасы азаматтық үнімен, әдемі лирикалық сарынымен, эпикалық серпінмен, өзіне ғана тән айшықты бояуымен ұртшылық жүрегіне жол тауып, өнер өлкесінде өзіне лайықты бағасын алды [1,5б].

Әлем жүзіндегі классикалық музыка мектебі әртүрлі және мол. Батыс Еуропа музыкасында Гайдн, Моцарт, Бетховен, бастаған Вена классиктері, орыс классикасында Глинкадан, Чайковский одан Прокофьев, Шостаковичке дейін жалғасып келсе, Қазақ музыкасында профессионалдық классикалық музыка Мұқан Төлебаевтан басталады.

Өйткені Мұқан ұлттық музыкадағы профессионалдық жанрды баршасын жаңалығымен жасаушы болды. Әрине оның түпкі тамыры халықтың ән-күйі, жыр тармағы, терме, желдірме, айтыс өнерімен тамырлас жатады.

Бұлардың қай-қайсысы болсын қазірге дейін республикалардың жер жеріндегі көркемөнерпаздар репертуарынан берік орын алып келеді. Өйткені бұл әндердің тақырыптық ауқымы зор, өмірлік нәрі мол дүниелер. Композитор әуенге қоспаған жай кемде-кем. Оның бәрі шындықтан бастау алып, жүрекке жол тауып жатады. Бұл сөз жоқ, композитор туындыларының ұлттық қасиетінің күштілігі болу керек [1,10б].

Мұқан Төлебаев өзінің бір сөзінде: «Менің ұстазым композитор профессор Р.Глиэр - жақсы ән жазу тек қана мелодия жасау емес, сондай-ақ маңызды, мәнерлі гармониялық сүйемелдеуді табу» - деп отыратын. Бұл сөз композитордың творчестволық кредосы еді.

Сондықтан да болар М.Төлебаевтың халық әні негізінде жазған «Ақ марал сұлу еркем», «Ақ мақта», «Қырман жыры», «Шахтер әні», «Дала толқыны», «Домбыра сазы» әндерінде бүтін бір үйлесім, сүйкімді жарасым бар. М.Төлебаев әндерінің бәріне тән ерекшелік - қай салада болсын, еңбек адамдарының жан-дүниесін ашып көрсету, солардың ой-арманын, қуаныш сезімін сипаттау айрықша байқалып тұрады.

1950 жылдардан бастап композитор көп білімді хор-поэма, сюиталар, капеллалық шығармалар, Кантата - ораториялық жанрға ерекше көңіл бұрды. Композитор бұл салада көп еңбектенді. Жемісті еңбектенді. Күрделі тақырыптарды тез игерді. Сөйтіп ол ел туралы, жер туралы, Отан-ана, бейбітшілік, достық, жастық жайында көсіле жырлады. Әсіресе композитордың «Отан әні» ерекше көркемдігімен, әуен байлығымен назар аударады, мол қуатымен, шабыттылығымен айрықша естіледі, есте қалады. М.Төлебаев егеменді Қазақстанның мемлекеттік әнұраны-гимн авторларының бірі екені белгілі.

1992 жылы маусымның 4-і күнгі мәжілісіндегі Жоғарғы Кеңес сессиясы республика өңіріндегі мәні ерекше мәселе қарады. Бұл күні парламент Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туымен Елтаңбасын және Әнұранын қабылдады. Мемлекеттік Әнұран, музыкасы осыдан шарты ғасыр бұрын Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский жэне Латиф Хамиди дүниеге әкелген нұсқасы сол қалпына қалып бекітілді.

Қазақ музыкасының симфониялық жанрының жалпы аспаптың профессионалдық музыкасының үдере дамуына М.Төлебаевтың асқақ үнді, лирикалық сезімді, кең танысты, терең ойлы музыкасы үлкен үлес қосты. Симфония жанрымен ерте айналысқан композитор бұл жанрда да өзіне тән табиғи талантымен ерекшеленеді. Оны «Қазақ әндері тақырыбына фантазия», «Лирикалық поэма», «Қазақ увертюрасы» шығармаларының бірден байқаймыз. Композитор халық әндерінің негізгі әуендерінің өзек етіп алғанда «Оның бірін жамау, бірін құрау» үшін пайдаланбайды, қайта әуен айқындылығына жету, оны байыту арқылы халықтың музыкалық мұрасын жаңғыртып, түлетіп, жетілдіруді мақсат тұтады. Композитордың бұл игілікті тәсілі «Қазақстан» атты симфониялық поэмасында айқын аңғарылады. Поэмада нақтылы алынған халық әндерінің, тақырыбы жоқ. Бірақ оның құлақ күйінен соңғы аккордына дейін жан дүниеңізді ерекше баурап алатын құлақ құрышын қандыратын, бойыңызды балбыратып, рухани нәр беретін тылсым да құдіретті үнмен қауышып кетесіз. Тыңдаған сайын елти түсесіз. Музыка құдіреті, композитор шеберлігі дегенінің өзі міне, осы болса керек. Халықтық ұрықпен тамырланған сол қасиеттен нәр алған нағыз ұлттық музыканың жан шымырлатар толғауы деген осы.

Опералық жанр-қазақ музыкасының осы ғасырда өріс алған өркенді, жаңа саласы. Ұлттық музыка өнерімізде бұл саланың өркен жаюына, профессионалдық дамуына үлес қосып, оны бастаушылардың бірі болған да Мұқан Төлебаев.

Композитордың Е.Брусиловсий мен бірлесе жазған «Амангелді» операсы, аяқталмаған «Нияз бен Раушан» (1952 ж.)» бітпей қалған «Қозы Көрпеш-Баянсұлу» (1960 ж.) операларының үзінділері қалды. Ал өзінің әйгілі «Біржан-Сара» операсы арқылы композитор бүкіл қазақ музыкасына опералық өнердің төрінен орын алып берді. Бүкіл елдің Мемлекеттік сыйлығына ие болып, лауреаттық құрметті атақ алған бұл опера Совет Одағының халық артисі Мұқан Төлебаевтың композиторлық талантын жарқырата ашып көрсетіп, қайталанбас өрнегін, өнершеңдігімен, ұлттық өнеріміздің асыл қазынасына айналып отыр.

М.Төлебаевтың: «Біржан-Сара» операсы, - деп дұрыс айтылған «Қазақ музыкасы» тарихи очеркінде, - ұлттық музыка арқылы және халық өмірін шынайы шеберлікпен көрсеткен көркемдік жаңалығымен халық құрметіне бөленді. Ол қазақ опера өнерінің мақтанышпен бетке ұстарлық ұлттық классикалық шығармасы.

1934 жылы - Алматыда Бүкіл қазақстандық халық өнерпаздарының слеті ашылды. Онда ғасырлар бойы ұмытылмас шығармалар жасап, оны сақтап келген халық өкілдері композиторлар, ақын-жыршылар, небір ғажап іскерлер мен суретшілер, жезтаңдай әншілер, алуан түрлі аспапта ойнайтын домбырашы, қобызшы, сыбызғышылар бас қосты.

Осы слетке Талдықорғанның Бөрлітөбесіндегі колхоз-совхоз театрын тұңғыш ұйымдастырушы Мұқан Төлебаев халық арасынан шыққан өнерпаз әнші-күйші ретінде қатысып, ән салып, өнерін танытқанның бірі болды. Слетті жыр алыбы Жамбыл бастады. Өнерлі жандардың астанада бас қосуы өлең-жырды, ән-күйді жастайынан мият тұтқан Мұқанға айрықша әсер етті. Әсіресе Жәкеңнің «Жастар алдындағы сөз» деген ақсақалдық ақылы Мұқанның жігерін жанып, өнерін өсірді. Осы әсерді ол Москвада оқуда жүргенде де ұмытқан жоқ.

«Москва консерваториясында Мұқан белгілі профессор, совет композиторының ағасы Р.М.Глиэрден оқыды, - дейтін академик Ахмет Жұбанов. – тәжірибелі педагог, Мұқанның әуелден зор қабілетін иесі екенін сезіп, оны қатты бағалады, баулыды».

«Қазақфильм» киностудиясы 1952 жылы шығарған «Жамбыл» атты толық метражды көркем фильмге музыка жазуы, «Туған елім» өлеңі бойынша «Отан туралы баллада» шығаруы, сол секілді Жәкеңнің «Бесік жыры», «Көктем», «Жаз» өлеңдеріне жан сүйсіндірер лирикалы әндер туындатуы Мұқанның сезімінде жас кезінен ақын ата қалдырған ғажайып әсер болса керек.

Композитордың әйгілі операсының арқауы болған «Біржан-Сара» дастанында «Сал Біржан домбырасын көкке сермеп, қалдырды түрлендіріп әннен өрнек», - деп келетін өлең жолдары бар. Дәл сондай-ақ әннен өрнек салған Мұқан өмірі үлгілі әрі өнегелі, өнерлі өтті. 1936 жылы М.Төлебаев алғаш Москваға оқуға барып, өнер жолында музыка мұрасына алғаш қол созып, оған бекем бел байлағаннан бастап, өнердің өрелі жолымен жүрді.

1948 жылы Қазақстан Композиторлар одағының I съезі болды. Осы съезде өзіндік қолтаңбасы айқын аңғарылған жас композитор М.Төлебаев Қазақ ССР Композиторлар одағы басқармасына мүшелікке өтті. Композитордың творчестволық еңбегі мен қоғамдық-қайраткерлік жолының ұштасуы осыдан басталды.

Қазақ ССР-інің өнер қайраткері құрметті атағына ие болғаннан кейін композитор енді тек қана өз творчествосымен қанағаттанып қоймай, қазақ музыкасының өрелі өрісінің өркендерінің барлығына да күнбе-күн атсалысып, тікелей творчестволық көмек көрсетті.

Е.Брусиловскиймен қосылып жазған «Аманкелді» операсы көрсетіліп, «Біржан-Сара» ұлттық театр сахнасының мақтанышы ретінде одақтық көлемде қойылатын опералық спектакльдер қатарына шыққан. Ал, Мұқан болса, осында зор табыстарының творчестволық жетістігімен қатар Абай атындағы Қазақ академиялық опера және балет театрында, Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваторияда, Жамбыл атындағы Мемлекеттік консерваторияда, Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармонияда еңбек етіп, өмірінің соңғы кезіне дейін Қазақстан Композиторлар одағының секретары боп, әрқилы еңбек жолын абыроймен атқару Мұқан бойындағы үлгілі өмірдің өнегесі болды. . Қазақ музыкасының жанашырлары туралы әрқашан арнаулы пікірлер айтып, жиі еске алып отырар еді. Оның ішінде өзі дәмдес, қаламдас болып ұстаз тұтқан Р.Глиэр, Н.Мясковский, В.Белый, Б.Шехтер, В.Фере секілді Москва консерваториясының профессор-педагог музыканттарын ылғи еске алатын еді.

- Достар - деп бастайтын әдетте сөзін Мұқан Төлебаев, - сіздер мен біздер, қазақ музыкасын әлемге танытқан А.Затаевичтің мына бір қағидалы сөзін еш уақыт ұмытпасқа тиіспіз. Ол аталы сөз әрқашан ойда жүргені жөн, -дей келіп, Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 ән-күйі» жинағында қазақ еліне арнаған алғы сөзінің мына бір арнауын тебірене келтіретін еді: Сендерге арнаймын, сүйікті достарым, жігіттерім, аш-жалаңаш күндерде өздеріңмен тізе қоса отырып, жарыққа шығарған бұл еңбегімді сендердің өздеріңе ұсынамын... Сақтаңдар, зерттеңдер, көбейте түсіңдер бұл сияқты рухани байлықтарыңды. Дамытыңдар, көркейтіңдер, қол созған жер-жүзілік мәдениет дәрежесіне жеткізгендер! Халық тудырған, жаңарған; гүлденген қазақтың ұлт музыкасы өркендей берсін!».

Мұқан бұл соңғы жылдарды дауысын көтеріңкіреп, жалпыға жетсін дегендей қайталап оқып, қағидадай қадап, қадап айтатын.Академик Ахмет Жұбанов суреттегендей «... ат жақты, шаршы бетті, торы жігіт болатын. Оның бетіндегі ерте түскен әжім сызықтары «себепсіз» деп тұрған сияқтанатын. Аузынан шыққан сөздері үнемі дәйекті келетін, қарағанда сенің ішіңе бойлауға тырысатын ойлы көздері, қайғырғанда адам қолының ығына жығылмайтын қалың қара шашы бүл жігітте ойдың да, күштің де бас қосып тұрғанын дәлелдейтін. Атап айтқанда, Бетховеннің Ромен Роллан сруеттеген бет-әлпеті көз алдыңа елестейтін»[2, 10б ].

М.Төлебаев әсіресе 40-жылдары жемісті еңбек етті. Қазақ халық аспаптары оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшісі бола жүріп (1942 1944), ол осы оркестрдің репертуарын байытты, оның әсерлілік мүмкіндіктерін кеңейтіп, оркестрлік жазбаның әрлілігін жетілдіре түсті. Ол бірқатар өңдеулер мен оркестрге ыңғайланған шығармалар жазды. Олардың ішінен «Венгр тақырыбына фантазия», «Таня туралы ән», «Тос, мені тос», «Кестелі орамал», «Сүйген жарға» шығармаларды, сондай-ақ дауыс пен фортепианоға арнап жазылған жаңа әндерді («Қыздар-ай», «Бесік жыры»), халық әндерін өңдеулерді («Өтебай», «Әудемжер», «Ботагөз»), симфониялық оркестрге түсірілген «Қобыланды» увертюрасын, «Біржан-Сра» лирикалық-эпикалық сарындағы операсын және т.б. атап өтуге болады.

Мұқан Төлебаев сонымен бірге жеке дауыс, хор мен үлкен симфониялық оркестрге арнап кантаталар, драмалық спектакльдер мен көркемфильмдерге музыкалар, хорға арналған шығармалар, романстар жазды. Бұл шығармалар сол кездің өзінде-ақ орта және жоғары музыкалық оқу орындарының оқу-тәрбие процесінде кең көлемде пайдаланылды.

Мұқанның музыкасының халықтығы терең де санқырлы. Оларда ұлттық сипат шығармаларының жанрлары мен формаларынан, образ бен ойлау логикасынан, музыкасының барлық құрылымы мен сезім нақыштарынан айқын аңғарылады.

 

Әдебиттер тізімі

1. Төлебаева Ж. «Мұқан Төлебаевтың музыкалық мұрасының педагогикалық негіздері». Автореферат канд. доц.

2. Жұбанов А.Қ. Ғасырлар пернесі. -Алматы: Жазушы, 1978-198 б.

3. «Музыка әлемінде» Республикалық әдістемелік журнал. Алматы 2004 №1-12