Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

ҰЛТТЫҚ ПЕРСОНОСФЕРАДАҒЫ ТАРИХИ ҚАҺАРМАНДАР ТҰЛҒАСЫ

Автор: 
Рысгуль Абилхамиткызы (Астана, Казахстан)

Қазіргі гуманитарлық ғылымдар саласында «персоносфера» ұғымына бір ғана анықтама берілген. «Персоносфера – әрбір халықтың әдебиетіндегі, тарихындағы, фольклор және діни шығармалырындағы кейіпкерлер сферасы» деген анықтаманы орыс зерттеушісі Г. Хазагеров берген болатын [1, 134].

Әдебиет – образды ойлау болса, осы образдардың көпшілігі ұлттың, қала берді күллі адамзаттың қоғамдық жадынан орын алады. Әдебиеттің нысаны – адам. Адамның қоғамдағы, тарихтағы ролі туралы айтылып та, жазылып та келеді. Әдебиеттану ғылымында көркем туындыдағы адам образы түрлі аспектіде қарастырылып, зерттеудің негізгі өзегіне айналғаны белгілі.

Қазақта ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен батырлары қазақ тарихының әр белесінде персоносфера деңгейіне көтеріліп отырған. Яғни, олар ұлттық тұлға болған. Ең алдымен, ұлттық персоносфера деген ұғым – тарихи өлшем. Тарихи тұрғыдан ұлт үшін, халық үшін орасан маңызы зор, тарихи мәні терең іс-әрекетке жасаған немесе аса жауапты тарихи сәттерде халық тағдырында айрықша орны болған адамға халықтың өзі осындай ұлттық, тұлғалық деңгейге көтеретін бағаны беріп отырған. Қазақ тарихының әрбір белесінде осындай орасан зор халықтық болмысы бар тарихи оқиғалардың ортасында жүрген немесе осы тарихи оқиғаларды басқарған, басшысы, ұйтқысы болған, немесе асқан ерлік көрсеткен азаматтар халық қаһармандары атанған. Аттары аңызға айналған батырлардың ішінде, Абылай ханның бас қолбасшылары саналған Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай болса, тағы да осылардың қатарынан орын алатын қазақ батырлары: Қарасай мен Ағынтай, Саңырық пен Тайлақ, Өтеген мен Сұраншы, Сеңкібай мен Шойбек, Малайсары мен Райымбек, Бөлек пен Сатай, Жәнібек пен Тілеуке, Қылышбек пен Естенбек, Есенқұл мен Сыпатай сынды ақберендердің есімдері де айрықша.

Әр кезеңде өмір сүріп, сан алуан тағдыр кешкен басқа да ұлттық деңгейдегі тұлғалардың қай-қайсысын алсаңыз да олардың бейнесін халық ішінен шыққан өнер иелері көркем сомдаған, жырға қосқан. Оның ішінде, әсіресе халық ауыз әдебиетінің, яғни фольклордың үлесі дара да мол.

Қазақ батырларының тұлғасы жазба әдебиетінде де, әсіресе прозалық туындыларда көбірек сомдалды. ХХ ғасыр әдебиетінің бастапқы кезеңінің өзінде-ақ қазақ қаламгерлері халық жүрегінен берік орын алған осынау айтулы қазақ батырларының тұлғасын қоғамдық-әлеуметтік, тарихи оқиғалармен астастыра отырып жырлады. 1920-30-40 ж.ж. қазақ ақын-жазушылары І.Жансүгіров, С.Мұқанов, М.Жұмабаев, М.Әуезов, Жамбыл, Иса, Нұрпейіс, Кенен, Қалижан Бекхожин, т.б. өз туындыларының негізгі кейіпкерлері етіп батырлар тұлғасын жасап шығаруы – осының айғағы. Қара қыпшақ Қобыланды, Қара қасқа атты Қамбар батыр, Ер Тарғын, Абылай, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Батыр Баян, Қарасай, Өтеген, Сұраншы, Саурық, Сыпатай, Райымбек, Махамбет, Исатай, Сырым, Кенесары, Наурызбай, Амангелді, Бекболат, т.б. есімі елге мәшһүр болды.

Ел тағдырын алға қойған батырлардың тарихи орнын бейнелеген, сомдаған өнер туындыларын сөз еткенде біз ауыз әдебиетін, яғни халық мұрасын алдымен атаймыз. Бұл мұралардың аса құндылығын, ел тағдырындағы тарихи мәнін аға буын, әдебиеттанушы ғалым- зерттеушілеріміз астын сызып айтып кеткен. Мәселен, қазақ эпостану ғылымында батырлық жырлардың мазмұнына, көркемдік сипатына қатысты алғашқы, құнды ғылыми ой-толғамдарға арна салған маңызды зерттеулер, жинақтар жарық көре бастады. Қ.Жұмалиевтің “Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері”, М.Ғабдуллиннің “Қазақ халқының ауыз әдебиеті”, Ә.Марғұланның “Ежелгі жыр, аңыздар”, Ә.Қоңыратбаевтың “Эпос және оның айтушылары”, “Қазақ эпосы және түркология”, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғалымдары дайындаған “Қазақ әдебиетінің тарихы”, “Фольклор шындығы”, “Қазақ фольклорының тарихилығы” т.б. іргелі ғылыми-зерттеу еңбектер әдебиеттану ғылымының эпостану мәселелерін кең ауқымда қарастыруға жол ашты. Кейінгі жылдары жарық көрген Р.Бердібайдың “Эпос – ел қазынасы”, “Қазақ эпосы”, “Кәусар бұлақ”, С.Садырбаевтың “Фольклор және эстетика”, “Халық әдебиетінің тарихи негіздері”, О.Нұрмағанбетованың “Казахский героический эпос “Кобланды батыр”, Қ.Сыдиқовтың “Ақын жыраулар”, Е.Тұрсыновтың “Қазақ ауыз әдебиетін жасаушылардың байырғы өкілдері”, С.Қасқабасовтың “Ертек пен эпостың сюжеттік типологиясы” (“Қазақ фольклорының типологиясы” жинағында), Ш.Ыбыраевтың “Эпос әлемі. Қазақтың батырлық жырларының поэтикасы” т.б. еңбектер эпостық жырлардың тарихи, көркемдік құндылығын арттыра түсті.

Әдебиет теоретиктері тарапынан көркем туындыдағы атқаратын роліне қарай кейіпкерлерді жоғары сатыдағы және екінші сатыдағы кейіпкер деп жіктейтін тұжырым қалыптасқан. Бұл тұжырым бойынша бiрiншi сатыдағы кейiпкер «қаhарман» деп аталады. Қаhарман – көркем шығарманың орталық (негізгі) кейiпкерi болып, оқиға барысында белсенділік танытып, оның дамуына себепкер болады. "Қаhарман" термині – батырлық пен адам күші жетпейтін қасиеттердің бастамасы болып табылатын коннотациялардың байланыс ұғымын өзімен бірге алып жүреді. Алайда бұл термин әдебиет теориясында кеңiнен қолданатындықтан, оны кез келген кейiпкерге қолдана отырып, баяндау барысында орталық рөлдi орындайтындарға телиді. Екінші сатыдағы кейiпкер шығармада маңызды рөл ойнайды, алайда, оның қаhармандардан айырмашылығы – сюжеттiң даму барысында белсенді түрде көрінбейді және көп жағдайда қаламгер оны оқиғаны дамыту мақсатында өзге кейiпкерлермен салыстыру үшін қосымша енгізіп, көмекші құрал ретiнде қолданады.

Жоғарыда кейіпкерлердің ішінде қаһарман атауын иеленген көркем бейнелер туралы айттық. Осы тұрғыдан пайымдап көрсек, аңыз қаhарманы бойындағы қасиеттерге байланысты өзе адамдардан ерекше болады. Басқаша айтқанда, ол асқақ тұлға. Ертегi қаhарманы да дәрежесі бойынша басқа кейіпкерлерден асып түседi. Яғни, ондай қаhарман ерекше бір қасиеттерге, мiнез-құлқы ғажап және табиғаттан тыс күштерге ие құдыретті адам болып табылады. Ал, эпос қаһармандарына келетін болсақ, олар өз бойларына аңыздық, ертегілік сипатты қатар дарытқан, ерекше жаратылысты тұлғалар.

Ұлттық танымымызда осындай өнер туындылары арқылы тұлғаға айналған, сондай-ақ белгілі бір тарихи кезеңде әрекет еткен адамдар персоносфера жүйесін құрайды. Кез келген халықтың мәдени жадында персоносфера, яғни кейіпкерлік өріс әрекет етеді, олар қоғамдық сананың белсенді түрдегі ұғымы болып табылатыны ақиқат. Ұлтымыздың тарихи, мәдени мұрасынан біз Мөде, Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк, Жәнібек хан, Қасым хан, Абылай хан, Сыпыра жырау, Асан қайғы, Қорқыт, Кетбұға, Қабанбай, Бөгембай, т.б. кейіпкерлерді мысал ете аламыз.

Персоносфера ұғымына тоқталар болсақ, «Персоносфера дегеніміз – әдеби, тарихи, фольклорлық, діни персонаждардың өрісі. Бұл жерде тек ұлттық персоносфера туралы ғана емес, жекелеген адамның, белгілі бір әлеуметтік топтың, трансұлттық, күллі адамзаттық кейіпкерлік өріс туралы айтуға болады», - дейді Г.Хазагеров [1,136].

Зерттеушілердің тұжырымдарына сүйене отырып, персоносфераны бейнелі түрде концепт әлемінің жанды, сана-сезімге ие, тағдыры, өмір сүру ұстанымы бар тұрғындары деуге болады. Орыс академигі Д.Лихачевтің [2] орыс тілінің концептілік өрісі туралы ойларының жалғасы ретінде туындаған персоносфера туралы идея орыс әдебиеттануында қазірде кең көлемде қарастырылуда. Зерттеушілер персоносфераны концептосферадан ерекшелеп тұратын өзіндік екі басты белгісін атап көрсетеді. Бірінші белгісі ретінде атайтындары – персоносфера нысандарының кескін-келбеті анықталған, даралық сипатқа ие тұлғалар екендігі. Осы тұста өзіңді сол тұлғалармен салыстыру, олардың бойындағы ерекше қасиеттерді үлгі тұту, оларға тән мәнерді өз бойыңа орнықтыру мүмкіндігі туындайды. Ал, екінші ерекшелік ретінде поэтика мен риторикада антономасия деп аталатын, құбылысқа, белгілі бір жағдаятқа назар аудару айтылады.

Кейiпкер – көркем шығармада әрекет ететін тұлға, ол оқиғаға тiкелей қатысушы немесе эпизодтарда жай ғана аталып өтуі мүмкін тұлға. Әдеби туынды құрылымындағы аса маңызды элементтің бірі әрі бірегейі кейiпкер болады, өйткенi ол оқиғаның немесе басқа да маңызды көркемдік функциялардың дамып, орындалуына ықпалын тигізеді.

Әдебиеттануда мінез сипатымен танылатын кейiпкерлер ортақ қасиеттерге ие бола тұра даралықтың биiк дәрежесiнде танылады. Олардың айырмашылықтары осы даралық сипатына байқалады. «Кейiпкер» термині адам болмысымен тікелей тығыз қатынаста. Ол тек психикалық қасиеттерімен ғана шектеліп қалмай, қоршаған ортамен де, өмірбаянмен де, іс-әрекеттермен де тікелей байланыста болады. Әдеби-көркем туындыда кейіпкерге қатысты танылатын мінез – аяқталған, қайталанбас тұлға көрінісі. Сан алуан мінез сипаты әр түрлі болмысты, қат-қабат жан әлемі бар кейіпкерді сомдап шығаруға қызмет етеді.

Кейіпкерлер туралы сөз қозғағанда ұлттық мәдени құнды мұраларымызға айналған фольклордағы кейіпкерлерге ерекше назар аударамыз. Себебі, жазба әдеби туындылардағы кейіпкерлер тұлғасының сомдалуында сондағы әдеби дәстүр негіз болғаны белгілі.

«Антономасия, антономазия (қайта атау, жаңа ат қою) — троп, белгілі бір атау мен есімнің орнына сол заттың немесе жанды тұлғаның маңызды ерекшелігін немесе соған қатысты бірдемені айтатын троп. Нысанның маңызды ерекшелігін ауыстыруға мысал ретінде «Пушкиннің» орнына «ұлы ақын», қарым-қатынасты көрсетудегі ауыстыруға «Толстойдың» орнына «Соғыс және бейбітшіліктің» авторы», «Ахиллдің» орнына «Пелейдің ұлы» ұғымдарын қолдануды айтуға болады. Сондай-ақ, жекелеген атаудың орнына жалпылама атауды қолдану да антономасия делінеді. Мысалы, «Эскулаптың» орнына «дәрігер» сөзін қолдану». Бұл екі жағдайда да антономасия метонимияның ерекше түрі болып табылады» [3].

Біз Отелло туралы ойлағанда қызғанышты еске алсақ, риясыз қиялшылдықты Дон Кихот есімімен, күштілікті Илья Муромец, өлімнен қашуды Қорқыт ата, жайлы қоныс – Жерұйықты іздеуді Асан қайғы, «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын, атса оқ өтпейтін, шапса қылыш кеспейтін» ғажайып жаратылысты Алпамыс батыр, сән-салтанаты келіскен айрықша сұлулықты Қыз Жібек атымен қатар еске түсіреміз.

Ұлттық персоносфераның негізгі бір бөлігін тарихи тұлғалар, өнер адамдары, дана ойшылдар, керісінше, жаулап алушылар мен тирандар құрайды. Алайда, персоносфераның елеулі бөлігін біздің жадымызға әдеби туындылар арқылы орныққан кейіпкерлер толықтыратыны белгілі. «Көптеген тарихи тұлғалар біздің санамызға көркем әдебиет пен өнердің байланыс призмасы арқылы бас кейіпкер болып қабылданды. Оған мысал ретінде Иван Грозный мен Борис Годунов образдарын келтіруге болады» - дейді Г.Хазагеров [3, 45].

Персоносфера ұлттық-мәдени негізіміздің нығаюына ерекше қызмет етеді. Бұл бағытта ұлттық мәдени жадымызда ғасырлар бойы сақталып келе жатқан көркем бейнелер жүйесін айтуға болады. «Халықтық концептілік өрістің органикалық бөлігі ұлттық «персеносфера» болып табылатынын» ескерсек [1], біздің тілдік-мәдени қоғамдастығымызда кейіпкерлердің маңызды орны бар екенін нақтылай түсеміз.

Тағы да теориялық тұжырымдарға сүйенер болсақ, мәдени танымдағы кейіпкерлер жүйесіне семиотикалық және миметикалық қызмет атқаратын әдеби, мифологиялық, діни, т.б. кейіпкерлер енеді.

Миметикалық, семиотикалық қызметтің мәнін түсіндіру үшін «мимесис», «мимезис» сөздеріне тоқтала кеткен жөн. «Мимезис, мимесис (еліктеу, жаңғырту) - 1) адамдардың ақиқатқа еліктейтін шығармашылық қызметінің мәнін сипаттайтын философиялық-эстетикалық категория; 2) қоғамның дамуы «шығармашылықтан тыс көпшіліктің» «шығармашылық азшылыққа» тәуелді болуына байланысты деген пікірді қуаттайтын ұстаным; 3) ақиқат болмыстың өнерде бейнеленуі, бөгде мәдениетке еліктеу, шығармашылық элитаға еліктеу» [4];

Семиотика (белгі, нышан) - белгілер мен нышандар, белгілер жүйесі, символдар мен мифологемдер туралы ғылым. Ғылым саласының бұл атауын американ оқымыстысы Чарльз Сандерс Пирс ойлап тапқан. Алайда, оның кітаптары өзі қайтыс болғаннан кейін жарық көруі себепті, семиотика ғылым ретінде 1930 жылдарда пайда болды. Пирстан өзге белгілі семиолог ғалым ретінде Ролан Барттың есімін атауға болады» [4].

Н.Фрай басқа адамдармен қарым-қатынасының тәуелділік дәрежесіне қарай кейіпкерлердің мынадай типологиясын ұсынады: миф қаһарманы, аңыз-ертегілер қаһарманы, жоғарғы миметикалық модус және төменгі миметикалық модус, ирониялық модус кейіпкерлері [5,232].

Миф қаһармандары өзге адамдардан өзінің сапасымен ерекшеленеді. Басқаша айтқанда, олар «құдай тектес». Олар адамзат баласы бағынған заңдылықтарға бағына бермейді. Миф қаһармандары туралы зерттеушілер олардың персоносфералық әлемін осылайша пайымдайды. Ал, аңыз, әспана қаһармандарының болмысы олардан сәл ерекшелеу. Өзінің сапалық белгісі жағынан миф қаһармандарынмен үндес келетін тұстары болғанымен, адамзат баласына тән заңдылықтарға мойынсұнатын, оларды аттап өте алмайтын жандар.

Жоғарғы миметикалық модустың қаhарманы дәрежесі бойынша басқа адамдардан ерекше тұрады, бiрақ ол адам баласы болғандықтан қоршаған ортаның заңдылықтарына тәуелдi болады. Негiзi мұндай қаhарман қарапайым адам бола тұра, өзге адамдардан ерекшелендіріп тұратын аса құнды, жақсы қасиеттерге ие.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. Хазагеров Г.Г. Два свойства персоносферы. http://www.litmir.net/br/

  2. Лихачев Д. С. Концептосфера русского языка // Русская словесность: Антология / Под ред. В. П. Нерознака. – М., 1997.

  3. Хазагеров Г.Г. Основы теории литературы. Ростов на/Д.: «Феникс», 2009. – с. 316

  4. Седых А.П. О персоносфере французской культуры / Филологические науки. Вопросы теории и практики. Тамбов: Грамота, 2011. № 2 (9). с. 154-156.

  5. Фрай Н. Анатомия критики: очерк первый //Зарубежная эстетика и теория литературы ХІХ-ХХ вв: Трактаты, статьи, эссе. Москва, 1987. – с.521