Автор:
Амангүл Әділбек (Астана, Қазақстан)
Сөйлемнің семантикалық және интонациялық аяқталуын сипаттайтын бірінші және негізгі қызметі оның коммуникативтік қызметі. Жай сөйлемнің басқы түрлеріне қарағанда, бірыңғай мүшелі сөйлемнің коммуникативтік қызметі нақтырақ және анықталған.
Сөйлемнің бірыңғай мүшелері арасында салаластық байланыс қызмет етеді. Салаластық байланыс болмаған жағдайда бірыңғайлық байланыс болуы мүмкін емес. Сөйлем ішіндегі салаластық байланысты іске асырушы тәсілдер - салаластырушы жалғаулықтар мен ерекше интонация. Жалпы тілдік категориялардың әр алуан түрлері - бәрі бір мезгілде бірдей пайда бола қалмағаны, олар тілдің даму сатысына лайық біртіндеп қалыптасқаны белгілі. Алдымен тілдің қарапайым құрылымдары, одан әрі адам ой санасының дамуымен тіл бірліктері күрделене бастаған. Кейбір ғалымдардың пікіріне қарағанда, тілдің қалыптасуының ертерек кезеңінде сөздерді, жай сөйлемді бір - бірімен байланыстыратын тәсілдер болмаған. Яғни, сөздер бір-бірімен көбінесе тұрған орындарына, мағыналарының жақындығына қарай қабыса байланысқан [1,177-б.].
Түркі тілдерінде, оның ішінде қазақ тілінде тілдік жүйелердің дамып, жетілуімен бірге сөйлемнің бірыңғай мүшелері және олардың арасындағы байланыс та дамыған. Салаластырушы қатынасты көрсететін тәсілдердің бірі - интонация. Сөйлемнің бірыңғай мүшелері және олардың арасындағы байланыстың дамуы, жетілуі байланыс құралы ретіндегі интонацияның мағынасын кеміткен жоқ.
Ғалымдар А.М. Пешковский, В.В.Виноградов, А.А.Гвоздев және басқалары интонацияны сөйлемнің бірыңғай мүшелерінің негізгі көрсеткіші деп есептейді. З.Базарбаева: «Бірыңғай мүшелердің бәріне тән ерекшелікті айтсақ, ол олардың біркелкі интонациясы мен біркелкі айырым паузасы»,- деп пайымайды [2,157-б.]. Сонымен бірыңғай мүшелер арасындағы бірыңғайлық қатынас мынадай:
а. Жалғаулықсыз, бірақ жазуда бірыңғайлық тыныс белгілері арқылы, ал айтылғанда жалғастырушы интонациямен қатар тұрып байланысады.
Мысалы:
Алыстан таулар, адырлар қараңғы кеште көрінбейді (Тар жол тайғақ кешу. 194-б.).
Олар бес болыс ел - Тама, Алшын, Жағалбайлы (Тар жол тайғақ кешу, 24-б.).
Осы сөйлемдердегі бірыңғай бастауыштар, бірыңғай баяндауыштар, интонацияға тән айырым паузамен айтылып тұр. Мұндайда ойды одан әрі жалғастыруға болады, ол шектелмейді. Демек, мағыналық қатынасқа түскен бірыңғай мүшелер орын тәртібі арқылы қатар келіп байланысқа түседі.
ә. Салаластырушы жалғаулықтармен бірыңғайлық қатар құрайды. Жалғаулықтар салалас қатардағы сөздердің қызметін көрсетеді және байланыстың семантикалық көрсеткіші болып табылады.
Бірыңғай мүшелердің арасындағы мағыналық қатынас былайша жүзеге асады:
1. Ыңғайластық жалғаулықтар (мен, (бен, пен), және, әрі, да/де, та/те).
2. Талғаулықты жалғаулықтар (бірде, біресе, не, немесе, я,яки, кейде)
3. Қарсылықты жалғаулықтар (бірақ, алайда, әйтсе де, сөйтсе де, әйтпесе, дегенмен).
Сөйлемнің бірыңғай мүшелерін байланыстыруда ыңғайластық мен, (бен, пен), және, әрі, да/де, та/те жалғаулықтарының өрісі кең.
а. Мен (бен, пен) жалғаулықтары бірыңғай бастауыш, бірыңғай толықтауыш, бірыңғай есім баяндауыштарды байланыстырады. Мысалы:
Жігіт пен қатын майлы буын бұрқыратып, іркілдетіп қоңыр қойды сойып жатыр (Айша, 248-б.).
Сырт киімге аяз бен қырау, мұз қатады (Тар жол тайғақ кешу, 301-б.).
Бұл жалғаулықтар арқылы байланысқан бірыңғайлардың септік жалғауы тек соңғысына жалғанады.
Атбасар уезі мен Ақмоланың шекарасына келдік (Тар жол тайғақ кешу, 78-б.).
ә. Да/де, та/те жалғаулықтардың ішіндегі мағына жағынан да, тұлға жағынан да ең тиянақсызы. Р.Әміров: «Мағынасы осындай дәйексіз болып, тек дәнекерлік қызмет атқарғандықтан бұл жалғаулықтардың жұмсалуы тіпті шексіз дерлік. Ол тек бірыңғай мүшелерді немесе сөйлемдерді ғана байланыстырып қоймайды. Ол күрделі сөздердің, қос сөздердің компоненттерінің арасына кірігіп те дәнекерлік қызмет атқарады»,- деп жазады [3, 40-б.]. Олар бірыңғай мүшелердің барлық түрін байланыстырады және солардың жетегінде қайталанып келіп, оларды саралап, екпін түсіре айтып, оларға күшейту, анықтау мәнін беріп отырады. Мысалы:
Қарагер құнанға да, шабдар тайға да таласып, тармасып, үймелесе шуылдасып жатыр (Сол жылдарда, 293-б.).
Былайша айтқанда, үшеуінің басшысы да, білгіші де сол еді (Жер қазғандар, 71-б.).
б. Қазақ тілінде «және» жалғаулығының көбінесе бірыңғай мүшелер мен құрмалас сөйлемдер арасында қолданылатыны туралы С.Аманжолов, Н.Сауранбаев, М.Балақаев, Р.Әміров т.б. ғалымдар еңбектерінде қарастырылады. «Және» жалғаулығы сөйлемнің бірыңғай мүшелерінің барлығының жетегінде қолданыла береді. Осы жалғаулықтар арқылы байланысқан бірыңғай мүшелер септік жалғауын жеке-жеке қабылдайды. Мысалы:
Қажырлы, қайыспайтын және саяси білімі жақсы адам еді (Тар жол тайғақ кешу, 319-б.).
Бізбен қатынасып, бізге ас жіберетін Омбыдағы Мұқандікі, сонда жататын - Жанайдар және Құрманғали (Тар жол тайғақ кешу, 325-б.).
Демек, «және» жалғаулығы сөйлемнің аясын кеңейту қызметін атқарады екен.
2. Талғаулықты жалғаулықтар (бірде, біресе, не, немесе, я, яки, кейде) сөйлемдегі бірыңғай бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш мүшелерінің барлығын салаластыра байланыстырып, оларды бірінен кейін бірін кезектестіріп, талғап, кейде қарама-қарсы қойып айту мақсатында да қолданылады.
а. Біресе, бірде жалғаулықтары істің, заттың кезектесіп, қайталанып отыратынын көрсетеді. «Бір» жалғаулығы тек бірыңғай пысықтауыш пен бірыңғай етістік баяндауыштарды ғана байланыстырады. «Бұл жалғаулықтың санаулы сөздермен жұмсалуының себебі оның сан есімдік мағынасынан түгел арылып болмағандығынан, абстрактылық дәрежесінің төмендігінен болу керек» [4, 60-б.]. Мысалы:
Айқаймен араласып, шабысқан аттардың тулақ сабалағандай дүсірлері біресе оң жағына, біресе сол жағына ойысқандай болып отырды (Айша, 225 -б.).
Екі қараның арасы біресе қосылады, біресе ашылады (Сол жылдарда, 282-б.).
«Кейде» жалғаулығы да осы жалғаулықтармен мәндес, ол істің мезгілін, уақытын көрсетеді. Мысалы:
Босағанда домбыра шертеміз, кейде карта ойнаймыз (Тар жол тайғақ кешу, 425-б.).
ә. Не, немесе жалғаулықтарынан құралған сөйлемдер бірыңғай мүшелермен айтылған зат, құбылыстардың ұзақ уақытта кезектесіп келетінін көрсетеді. Мысалы:
Бұл дертті белдесу не алып шығады, не беріп шығады (Тар жол тайғақ кешу, 135-б.).
Сиезге келген адамдардың көбі не болыстардың «ат ұлтандары», не інілері, не құдалары болып шықты (Тар жол тайғақ кешу, 94-б.).
3. Қарсылықты (бірақ, алайда, әйтсе де, сүйтсе де, әйтпесе, дегенмен, әйтпегенде) жалғаулықтары сөйлемдегі айтылған ойдың мағыналық жағынан бір-біріне қарама қарсылығын білдіреді. Бұл аталған жалғаулық түрінің барлығы бірыңғай мүшелерді байланыстыруда қолданылмайды, тек «бірақ» жалғаулығы қолданылады.
Сөйлемнің баяндауыш, анықтауыш, пысықтауыш мүшелерін байланыстырып, ол бірыңғай мүшелер өзара қарсы мағынада байланысады. Мысалы:
Сыпан болыс Ақмолада мықты, атақты, бірақ қу, сыпайылау адам (Тар жол тайғақ кешу, 86-б.).
Авдеев сен біздің жауымызсың, бірақ жақсы адамсың (Тар жол тайғақ кешу, 270-б.).
Тіл біліміндегі ықшамдалу заңдылығы тілдің барлық салаларын қамтитын, кең ауқымды құбылыс. Ықшамдалуды тілдің ішкі даму заңдылықтары деп қазақ тіл білімінде алғаш рет профессор Н.Оралбаева ғылыми түрде дәлелдеген. Ғалым «Қазақ тілінің грамматикалық құрылысының совет дәуірінде дамуы» деген мақаласында қазақ тілінің грамматикалық құрылысының толығуы мен жетілуін тілдің ішкі заңдылықтары арқылы көрсетуді мақсат еткенін айта келіп, тілдің дамуындағы заңдылықтардың бірі ретінде ұсынған [5, 27-32 б.].
Синтаксис саласындағы ықшамдалуға байланысты сыйысу, эллипсис, толымсыз сөйлемдер терминдері, сонымен байланысты синтаксистік ұғымдар қалыптасқан. Басқа түркі тілдеріндегі сияқты қазақ тілінде де сөйлемнің бірыңғай мүшелері тұлғалас, мағыналас болғандықтан, оларды жинақтап, лайықтап айту үшін қосымшалар, көмекші есімдер барлығына ортақ етіліп соңғы сөзге жалғанады. Бірақ бұл ерекшелік якут тілінде басқашалау, ол туралы якут тілін зерттеуші Убрятова былай атап өтеді: «В якутском языке однородные члены предложения связаны между собой связью согласования, поэтому каждый из однородных членов имеет при себе падежный аффикс. Даже в том случае, когда к другим членам предложения отношение однородных членов выражается с помощью служебного слова и оно ставится при последнем из однородных членов, полного «выноса за скобку» нет, так как каждый из однородных членов принимает оформление, требуемое способом связи их со служебным словом» [6, 230-б.].
Сонымен, бірыңғай мүшелерге жалғанатын көптік, септік жалғауларының қосымшалы, қосымшасыз қолданысы ықшамдау заңдылығымен тығыз байланысты. Мысалы:
Бесін еңкейген кезде Бұзаубақ, Хасендер қайтты (Жер қазғандар, 84- б.).
Тәшібайдың үлкен құба үйіне Бақмағамбет қажы, Иса мола, Әріп, Әміраш, Қамбар, Жапарларды түсірген (Сол жылдарда, 299-б.).
Болыс, старшын, тілмаш, поштабайлармен Шұбарға келдік (Тар жол тайғақ кешу, 40-б.).
Ауырып жатқан Баймағамбет, Бәкеннің қасына келдім (Тар жол тайғақ кешу, 333-б.).
Осы келтірілген сөйлемдердегі көптік, септік жалғаулары соңғы бірыңғай мүшеге жалғанып, сөйлемді жинақылауға, ықшамдауға лайықтағанын байқауға болады.
Көмекші есімдер, тіпті күрделі бірыңғай мүшелер жасауға қатысатын көмекші етістіктер соңғы бірыңғай мүшенің жетегінде айтылады. Мысалы:
Семіз жылқының қазы, қартасы, майлы бүйрегі, семіз қойдың сүбесі, майлы жамбасы сияқты ылғи майлы ет (Сол жылдарда, 464-б.).
Ашай күйшілік, аңшылық туралы әңгімелер айтысып отыр (Тар жол тайғақ кешу, 457-б.).
Бізді «дінсіз», «елді бұзушылар» деп сөз жүргізіп бақты (Тар жол тайғақ кешу, 69-б.).
Ал кейде бірыңғай мүшелерді топтап, жіктеп, анықтап айтқанда морфологиялық тұлғалар әрқайсысына жалғанады. Мысалы:
Әсіресе, топтың ішінен Күдерінің, Сәрсенбайдың, Нұртазаның, Құдайбергеннің, Садуақастың дауыстары басым шықты (Сол жылдарда, 358-б.).
Елдің қолға түскен жақсы аттарын, мықты көліктерін, киім -кешектерін, азық-түліктерін қолма-қол алып қалады (Тар жол тайғақ кешу, 395-б.).
Ойымызды қорыта келе, сөйлемнің бірыңғай мүшелері өзара салаласа, тең қатынаста тұруымен қоса олардың арасында мағыналық қатынас та болады. Бірыңғай мүшелер мынадай тәсілдер арқылы байланысады: интонация, жалғаулықтар, орын тәртібі. Олардың арасындағы мағыналық байланыс ыңғайластық жалғаулық, талғаулықты жалғаулық, қарсылықты жалғаулықтар арқылы іске асады. Мағыналық қатынастың қайсысында тұрмасын сөйлемнің бірыңғай мүшелері орын тәртібі арқылы байланысады.
Барлық бірыңғай мүшелерге жалғанатын қосымшалар, морфологиялық тұлғалар, көмекші есім, көмекші етістіктер, оларды шұбалаңқы етпей, жинақтап, ықшамдау үшін соңғы бірыңғай мүшеге жалғанады, кейде оларды саралап, анықтау үшін әр бірыңғай мүшеге жалғанады.
Әдебиеттер:
1. Балақаев М. Қазіргі қазақ тілі. Синтаксис. – Алматы, 1992. – 248 б.
2. Базарбаева З.М. Қазіргі қазақ тілі интонациясының негіздері. – Алматы, 2002. – 203 б.
3. Әміров Р., Әмірова Ж. Жай сөйлем синтаксисі. – Алматы, 1998. – 192 б.
4. Единицы морфологий и синтаксиса в семантическом аспекте. // Сборник научных трудов. – Ростов-на-Дону, 1979. – С. 55-63.
5. Оралбаева Н.О. Қазақ тілінің грамматикалық құрылысының Совет дәуірінде дамуы // ҚазССР ҒА хабарлары. Тіл, әдебиет сериясы. – Алматы, 1981. – №1. – Б. 27-32.
6. Убрятова Е.И. Исследования по синтаксису якутского языка. – М-Л.: Издательство АН СССР, 1950. – 305 с.