Автор:
Кенжегуль Жүнісбекова (Талдықорған қаласы, Қазақстан Республикасы)
ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақ поэзиясында өзіндік терең із, мол мұра қалдырған ақиық ақынның бірі - Әділбек Абайділданов.
Ақын 1932 жылы 18 наурызда Талдықорған облысы, Ақсу ауданындағы Бақалы ауылына қарасты Бастаушы бөлімшесінде дүниеге келген. Әке-шешесінен ерте айырылған Әділбек атасы Смағұлдың қолында тәрбиеленген.
1950 жылы Лепсі педучилищесін бітіргеннен кейін Ақсу ауданының «Октябрь» жеті жылдық мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек еткен. 1951 жылы С.М.Киров атындағы Қазақтың мемлекеттік университетіне түсіп, оның филология факультетін 1956 жылы бітірген. Алғашқы өлеңдері университет қабырғасында жүргенде-ақ республикалық баспасөз беттерінде жарық көрген. Жас ақын университет қабырғасында жүріп-ақ газет жұмысына белсене араласқан. 1956-59 жылдар аралығында Әділбек Талдықорған облыстық «Советік Жетісу», кейіннен Алматы облыстық «Жетісу» республикалық «Қазақ әдебиеті» газеттерінің редакцияларында әртүрлі қызметтер атқарған.
Өмір де – өнер.Өнер де – өмір. Ендеше өмір мен өнерді қатар ұштастыра отырып, артына мол рухани мұра қалдырып, қыран жетер биікке көтерілген Әділбек Абайділданов - ақиық ақын.
Оның өнер өлкесіндегі соқпақтары да сан тарау – өлеңдер мен дастандар жазды, шебер аударма жасады, сын, публицистика саласында да қаламын еркін сілтеді. «Ақ қайың» атты тұңғыш өлеңдер жинағымен-ақ ол өз оқырманын тапты, ал «Салтанат», «Маржан», «Құс жолы», «Жүрегімнің шұғыласы» атты жыр жинақтары Әділбектің өлең өлкесіндегі орнын бекітіп, дүлдүл ақын қатарына қосқаны мәлім. Бір сүйсінерлігі ақындық өлкеге қадам басқаннан соңғы сәтіне шейін оның жазған шығармаларынан үнемі іздену, өсу байқалады.
Ал, Әділбек шығармаларындағы лирикалық кейіпкер қандай? Ол – өзінің қарапайымдылығымен, сыршылдығымен ерекшеленетін күнделікті тіршілікте жиі кездесетін жандар. Сөз өнерін қадірлеп, оған табынған ақынның кейіпкері жыр бұлағынан сусындап, азаматтық, адамгершілік секілді қасиеттерімен көңілге жақын келеді.
Тұтанып күнде,
от болып мен де
шағылып жатқан шақпақпын.
Отымды, жұртым,
жоғары сені қарату үшін жақпақпын.
Жүрегімді алға шырақ қып ұстап,
шырқау шыңға шығарып,
Күндерде бір күн кетсем де сөніп.
сол биікте жатпақпын.
Кейіпкердің бойын жылытқан от – ақындық өнері. Ол биіктерге қол созып, алға ұмтылады. Осы отымен адамзат қауымына жарық түсіріп, оған қызмет қылу – ақынның өмірлік кредосы.
Кейде өшіп қалатын,
Кейде лапылдап жанатын
Отым бар, сол менің ұшатын қанатым,
Онсыз жоқ адамдық санатым.
Сол отпен қайнатам ойымды,
Сол отпен өлшеймін бойымды.
Ақынның аяулысы да, жақыны да, ұшар қанаты да – өлең. Осы өлшеуші оның адамдық санаты.
Жырымды жіберейін төгілдіріп,
Елеңдеп тұра алмасын не бір күлік.
Осынау жалпақ жатқан кең даланы,
Күлдіріп қарап тұрсын көңілділік.
Ақындық өнер автордың жеке басының құмарынан жоғары тұр. Өнерін халқына арнаған, ел өмірін қуанышқа бөлеп, өзгенің көңілін көкке көтеретін құралға айналдырғанда ғана көңілі жай табады. Халқына қызмет етуді қалаған ақын үшін жадыраған күлкіге кенелген ел келбетінен артық ештеңе жоқ.
Ақын поэзия жайлы өлеңдерінде бір ғана қағиданы ұстанады. Бұл - үлкен өнер, осы өнерді халық игілігіне пайдалану қажет. Өнер өлең арқылы өмірді сүю, тіршілікті бағалауды насихаттайды.
Адамды жылытатын, күлдіретін,
О, өлең керемет қой құдіретің.
Көгінде көлбеңдесе көк ала үйрек,
Менің де қаршығам бар ілдіретін.
Атақты айтыскер ақын Кемпірбай өлер шағында Әсет ақынмен дидарласа отырып, «Кеудесінен көк ала үйректің қош деп ұшқанын» айтады. Бұл жерде ол өлеңді аузына ала отырып, оны қаршығасына, яғни шабытына ілдіретінін айтады.
Қазақ халқы қашанда мал байлығынан гөрі жан байлығын қастерлеген. Дүниеге келгенде әлди өлеңмен ауыздандырса, жер бесігі – қара жерге әнмен шығарып салған. Демек, өлеңді, жалпы сөз өнерін және осы өнердің иесі ақындарды рухани байлығы санаған.
Осы ортадан шыққан Әділбек жастайынан өлең сөзінің қадірін жете түсініп өсті. Нәр алған алғашқы бұлағы халық әндері мен қисса жырлары ақындық қадамын шыңдай түскеніне өлең жолдары айғақ. «Жыр – қала» өлеңінде:
Жыр сүйген біреуі еді атам көптің,
Өстім мен сөзін жаттап Махамбеттің.
Өстім мен Абайды оқып, Ілиястың
Ойлапты тасқынынан татам деп кім,- дей келе, әлемнің әйгілі классиктері Пушкиннің, Гомер, Данте жырларынан қуат алғанын айтады [1,124]. Әйтсе де, соңғы екі жолда үлкен мән жатыр. 1937-38 жылдары қазақ елі үшін өте ауыр жылдар болды. Қазақ көгінде жаңа үн мен тәуелсіздік ұранын батыл көтеруінен қанат қаққан А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытовтар репрессияға ұшырады. Азапқа түскен тағдырлар тарихы Әділбекті де толғандырғаны анық. Құпияға толы өмірбаяндар әр түрлі жалған жаламен төңкерілді. Сәкеннің сазды жырлары, Ілиястың арынды дастандары, Бейімбеттің шығармалары қаншама уақыт «абақтыда» жатты. Ел аузынан бірлі-жарым естігені, қолға түскенді жасырып, тығып оқығандары болмаса, ашықтан – ашық оқуға тыйым салынған. Бұл туындыларды Әділбекте кейінірек оқып, танып, «Тасқынынан татса» керек. Міне, ақынның ашына отырып, ақыры дәмін татқанына шаттанған жолдары осыны айтпақ.
Жыр – қала!
Іздегенім – бәрі осында,
Сан түнеп жүрдім Пушкин қаласында.
Мен жоқта іздей қалсаң Гомерград,
Байронбург,
Дантекенттен табасыңда.
(«Жыр – қала»)
Әр ақынды және оның шығармашылығын жеке қалаға балаған автор, осы жыр кенттерінде жай жүрмей, өзіндік қолтаңбасы бар ұлттық мінезі «Мен мұндалаған» жаңа жырларға толы жаңа қала орнатып жатқанын білдіреді.
Қалаймын кірпіш етіп жырымды оған,
Оу, адам, әдейілеп бұрыл маған.
Қомсынба, кіші екен деп қалашығы,
Москва бір-ақ күнде құрылмаған.
Өлең өрісі екінің бірінде даңғыл жолдай сайрап жатпайды. Ақындардың сыршылы да, сыншылы да, жыршылы да бар. Жыр қаланы тұрғызу үшін үлкен күш, ақындық талғам, шалқар шабыт қажеттілік етеді. «Әдейілеп бұрыл» дегені ішкі, сыртқы жарасымдылығы қатар табылатын өлеңдерім, дастандарыма жете көз тастап ұғынуға тырыс. Астарына үңіліп, қажетіңе жарат. Яғни, бәрі де саған арналады. Бәрі сен үшін дегені.
Шабыт бір бөлек сыншыл да, сыршыл жыр тудыру оның көпшілік көңілінен шығуы бір бөлек екені белгілі.
Өлеңі арқылы ақынның, ақын арқылы елдің, адамзаттың өрісін тануға болады. Әділбекте, өлең Абай бабамыз айтқандай, «жұп – жұмыр» туа қалмайтынын жақсы білген. Осы орайда Тұманбай Молдағалиев Әділбектің ақындық кіділігін дәл тани отырып, ол: «табиғатынан талғампаз ақын өз өлеңдеріне де соншалықты қатаңдықпен қарайтын. Ол төкпе ақын емес еді. Қиналып, көп толғанып, көп тер төгетін өлең жолында. Бірақ Әділбек қол қойған өлеңдер көбінесе шебер қолынан шыққан жиһаздай көзді де, көңілді де тартып тұратын», - деп жазады [2,89].
Ақынның:
Жанымды жеп отырмын өлең жазып,
Далаға да шықпаспын дене жазып.
Келтіре алмай көрікті келісімді,
Будақ - будақ көк түтін үйге сіңді.
Ойға оралмай қойды бір іздегенім,
«Кемпір болып шығады қыз дегенім»,
Аяусыз кеп сызамын шумақтарды,
Қанша қағаз жыртылып шимайланды - деген өлең жолдары оқырманға әр өлеңнің қаншалықты азаппен дүниеген келетінін сездіреді. Ақынның өмірлік пірі тұтқан орыс ақыны Есенин де егер күні бойы төрт жол жақсы өлеңді жазбаса таңды көзімен өткерген екен. Жоғарғыдағы шумақтарды оқығанда, алдын шимайланған қағаздар көмкеріп, жазғандарын қайта түзетіп, темекісін будақтата ой құшағына кіріп кеткен ақын бейнесі елестейді. Әділбек: «Әдетте шығарма болашағымен емес, бергенімен бағаланады» [3,25] деген. Ақын болсын, жазушы болсын еш уақытта да даңқын шығару үшін, осы өлеңдеріммен кейінгі ұрпаққа атым жетсін деп қаламын ұштамаған. Әділбек те өмірден көргенін, түйгенін пайымдап, сезінгенін, көңілін тербеп, қиялын әлдилеген тәтті шақтарыдың елесін жеткізген.
Қазақ халық ауыз әдебиетінде «Сырлы өлең» деп те кездесетін лирикалық өлеңдер ерте кезден келе жатыр. Оның элементтерін әр жанрдан байқауға болады. Мысалы, батырлар жырындағы кейіпкерлердің көңіл – күйлері мен тебіреністері- осы лириканың элементтері. Сондай - ақ, сыңсу, жоқтау секілді салт өлеңдерден де танылады.
Егер қазақ әдебиетіндегі лириканың кемелдену процесіне көз жүгіртсек, жыраулар поэзиясында толғаулар түрінде болса, Абайдан бастау алып, Шәкәрім, Ілияс, Сәкен, Мағжандар жалғастырған белгілі бір лирикалық кейіпкер сезімін жырлау жанрына Әділбек Абайділданов та өз қолтаңбасын қалдырды. Қаһарманы арқылы өзінің ой - қиялын, мақсатын, арманын танытты. Ақынның лирикалық жырларынан өзіне ғана тән сезім иірімдеріннің өрнегі байқалады.
Әдебиеттер:
-
Ахметов З. Өлең - сөздің теориясы. Алматы, 1973. 212б.
-
Молдағалиев Т. Ақын көктемі // Қазақ әдебиеті, 14 сәуір. 1992. Б 6.
-
Абайділданов Ә. Қыран. Алматы, 1964. 42 б.