Автор:
Роза Садыкова (Казахстан, Алматы)
Бүгінгі таңда әлемдік лингвистикада түр-түс атауларының зерттелуіне айрықша мән беріліп келеді. Бұның себептері көп: ең алдымен, атап айтар болсақ, көптеген ғалымдар түр-түс атауларын бірыңғай психологиямен байланыстырады. Өйткені психологтар табиғатта түр-түс толқындары болады, түр-түс дегеніміздің өзі адамның миы мен көзінің жемісі, бұл нервке қатысты деп есептейді.
Физика саласындағы ғалымдарды түр-түстің энергетикалық табиғаты қызықтырады, физиологтар болса, адам көзінің түр-түсті қабылдау үдерісін зерттейді, психологтар түр-түс адамның психологиясына қалай әсер етеді, қандай эмоция туғызады деген мәселелерді қарастырады, гуманитарлық салаларда (көркем әдебиет пен көркем өнерде) түр-түстің эстетикалық қызметіне көңіл бөлінеді.
Ал лингвистикада, оның ішінде, әсіресе, когнитивтік лингвистика саласында түр-түс атауларын сол тілді иеленушілердің әлем бейнесі тұрғысында жинақтаған өмірлік тәжірибесін, рухани болмысындағы ерекшеліктерді танытатын тілдік дереккөздер ретінде қарастыру қарқынды жүре бастады. Лингвистикада түр-түс атаулары американдық ғалымдар Л. Уорф, Э. Сепир еңбектерінде, көптеген жекелеген тіл білімдерінде түр-түс атауларының концептуалдық, символикалық т.б. сипаттары туралы зерттеулердің туындауына түрткі болды. Мысалы, қазақ тіл білімінде түр-түс атауларын Н.Н. Аитованың [1], Ш.Қ. Жарқынбекованың зерттеулерін [2] атауға болады.
Жалпы тілді ұлттың таным-түсінігі, сана құрылымы, ойлау механизмі туралы мәліметтердің көзі ретінде қарастыру тілді белгілі бір ұлттың рухани-мәдени коды ретінде танытуға бағытталатын В.фон Гумбольдт концепцияларымен іліктес жатыр деп ойлаймыз [3, 138 б.].
Түр-түс атаулары, түр-түс символикасы – әрбір халықтың өзіндік феноменін танытатын күрделі құбылыс. Осыған байланысты қазіргі кезде жедел даму үстіндегі тілдердің қолданылуының когнитивті және прагматикалық аспектілерінің зерттелуінің аясында түр-түс атаулары да жиі қарастырылып келеді. Өйткені түр-түс атауларының лингвистикасы «тіл және ойлау», «тіл және қоғам», «әлемнің тілдік бейнесі» сияқты іргелі мәселелердің жаңа қырларын таныта алады. Сонымен қатар түр-түс атаулары мәдениетаралық коммуникацияда да ерекше маңызға ие. Түр-түс атаулары этномәдени жағынан барынша байлаулы (маркерлі). Түр-түс атаулары – мәдениеттің жемісі, әрі мәдениетті жасайтын фактор; ұлттық мәдениетті танып-білудің негізгі құралы. Зерттеушілердің бұл салаға қызығушылықпен қарауының басты себебі осында.
Сондықтан тілші-ғалымдар түр-түс атауларының барлық аспектілеріне назар аударып келеді. Ғалымдарды төмендегі мәселелер ойландырады:
– әрбір ұлтқа тән маңызды (когнитивті және прагматикалық тұрғыдан)
түр-түс атауларын ажырату;
– түр-түс атауларына лингвистикалық парадигма ретінде қарап,
зерттеу;
– түр-түсті қабылдау мен оны атаудың универсалиялары;
– лексикалық-семантикалық ақпарат беретін компоненттерді
зерделеу;
– түр-түс атауларының семантикалық өрісінің корреляциясын
анықтау;
– түр-түс атауларын метатіл ретінде зерттеу;
– әрбір халықтың түр-түс атауларының лингвомәдени ерекшеліктерін
салыстырып, кешенді түрде сипаттау және т.б.
Осы аталғандардың ішінде бірнеше аспект айрықша маңызды болып, қазірге дейін, зерттеулердің көп болғандығына қарамастан, қызу пікірталас тудырып отыр. Атап айтқанда, мұндай мәселелердің бірі – әрбір ұлтқа тән маңызды, ұлттық этносимволиканы білдіретін түр-түс атауларын ажырату. Көптеген ғалымдар И. Гётенің жүйесін атап өтеді; ол барлық түр-түс спектрін үш топқа бөлген:
-
Негізгі түстер: сары, көк, қызыл; басқа түстер осы арқылы жасалады.
-
Бірінші дәрежедегі құрамдас түстер – жасыл, қызыл сары (оранжевый),
сия көк, бұлар негізгі екі түстің араласуы арқылы жасалады.
3. Екінші дәрежедегі құрамдас түстер – бірінші дәрежедегі түстердің араласуынан пайда болған түстер [4].
Ал америкалық лингвистер Б. Берлин мен П. Кей пікірі бұл мәселенің анық-қанығын ашып берді деп есептеуге болады. Олар 98 тілдегі түр-түс атауларын зерттеп, жинақтаған материалдың негізінде 11 негізгі түсті көрсетеді: basic colour terms – black (қара), white (ақ), red (қызыл), yellow (сары), green (жасыл), blue (көк), brown (қоңыр), purple (алқызыл), pink (қызғылт сары), orange (қызылсары), gray (сұры) [5].
Яғни, қайсыбір тілде бар болғаны үш қана түс атауы болатын болса, онда олар – ақ, қара, қызыл. Орыс тілші ғалымдарының көпшілігі осы жіктемені мойындайды және орыс тілінде 11 негізгі түс бар деп санайды, олар – ағылшын тіліндегі blue дегеннің орыс тілінде екі баламасы бар деп есептейді: blue – көк (синий) және көгілдір (голубой).
Б. Берлин мен П. Кейдің жіктемесі негізінде ғалымдар барлық тілдердегі дерлік түр-түс атаулары төмендегідей иерархияда орналасады деп есептейді: black, white}- >{red}- >{green, yellow}- > {blue} - > { brown } → > {gray, orange, pink, purple}. Бірақ орыс ғалымы Р. Фрумкина жоғары аталған жіктемеде түр-түс атауларының 11 болып көрсетілуі шартты түрде деп есептейді, солай бола тұрса да, өзінің негізгі түр-түс жіктемесін ұсынбайды. Р. Фрумкинаның пікірінше, негізгі түр-түс атауларының олардың реңктеріне (мысалы, көк-көкшіл) қарсы қойылуы мәдени-тарихи және психологиялық факт болып табылады, олар психофизиологиялық тұрғыдан қарағанда өзара теңбе-тең. Яғни, психофизиологиялық жақтан түс пен оның реңктеріне бөлу мүмкін емес, бұлайша бөлу әлемнің қарапайым бейнесіне тән. Түр-түс атауларының негізгілерін, маңыздыларын, яғни ұлттық-мәдени ерекшеліктерді белгілей алатындарды ажыратып көрсетуде түр-түс атауының негізгі түбір болатындығы да айтылады. Бұл пікір бойынша, сұр – негізгі түс; сұрғылт – негізгі түс емес, түстің реңкі. Осыған байланысты орыс тілінде 800-дей атау бар деп айтылады [6].
Ал қазақ тіліне келер болсақ, «Сырға толы түр мен түс» [7] кітабында қазақ тіліндегі түр-түс атауларының саны көрсетілмейді, авторлар түр-түс атауларын біршама санап шығады, бірақ олар толық емес. Бұдан басқа қазақ тіліндегі құла, шабдар, тарғыл, күрең деген түстер қазақ ұлты үшін маңызды, бұлардың қазақ халқы үшін этнобасымдығы мен этнорелеванттығы бар. Бұған қазақ көркем әдебиетінің фактілері мен паремиология, бастысы, түр-түске қатысты ғылыми зерттеулер айқын дәлел бола алады.
Қазақ тіліндегі этнобасымдық пен этнорелеванттыққа ие түр-түс атауларының талдауына келгенде, А. Тоқтаубайдың ғылыми-зерттеу мақаласының маңызын ерекше көрсетуге болады [8, 15 б.]. Ол: «Қазақта жылқы түстеріне байланысты сөздер өте көп. Қазір біздің картотекамызда жылқы реңіне қатысты 300-ге жуық сөздер бар» деп көрсете келіп, оларды орыс, француз, неміс тілдеріне аударудың мүмкін еместігі туралы айтқан шетел ғалымдарының пікірін келтіреді. Және қазақтың жылқыға байланысты шыққан наным-сенімдерінің ішінде осы түлік түсіне байланысты жора-жосықтарды зерттеудің тұрарлық іс екенін дәйектей отырып, қадірленетін жылқы түсіне келгенде, алғашқы орында қаракөк, одан кейін шұбар (оның ішінде, бозшұбар, көкшұбар, байшұбар), бұлардан кейін тобылғы торы, күрең, жирен т.с.с ретімен баяндайды. Тіпті «Абайдың әкесі Құнанбай өзінің түп-тұқиянын «Қаракөктің тұқымымыз деп ажыратқан» деген деректі де келтіріп, қаракөк түсінің қазақ дүниетанымында ерекше қастерленетініне көптеген дәлелдер келтіреді [8 , 15 б.].
Парсы тілінде де түрлі тұқымдас жылқы аттарын беру түр-түс негізінде жүзеге асқан. Әр ақынның шығармасында жылқының дәрежесін оның түр-түсіне көңіл бөлгендігі зерттелінеді. Сонымен әр ақын жылқыға ат беру және түр-түспен суреттеуі шеберлікпен бейнеленген.
Бұрынғы кезде түр-түсті тек қана өнер және әдеміліктітануда қолданған болса, бірақ қазіргі таңда түр-түс атауы экономика және өндіріс саласында кең қолданыста. Көптеген поэзиядағы теңеулер мен ойлар түр-түс негізінде туындаған.
Парсы поэзиясындағы түр-түс атаулары негізінен шығарманың мазмұны мен тақырыбына қатысты берілген. Көне парсы қасидаларында, ақындар мереке күндері патша сарайларында болып, көктем және күз мезгілдерін көрсеткен. Бірақ ақындар өз шығармаларында көктем көрінісін өте көп бейнелеген. Ақындардың ойынша «Ертедегі ирандық ақындар шөл және қуаң даланы, көктемді, Каспийдің жап-жасыл айналасын және Мазендаранның түрлі түсті ормандарын өте керемет суреттеген» [9, 23 б.]. Парсы поэзиясында түр-түстер қолданылған, тақырыбы да белгілі болған. Мысалы: ағарған шаш → кәріліктің , қарға→ақ және қара түс , алма→ сары және қызыл, жасмин, лилия және нарцисс гүлі → ақ түс, фиалка→ қара түс, жасыл жер →көк шөп және аспан әлемін бейнелуде түрлі түсті формадағы мата немесе түрлі түсті гауһарлармен салыстырылған. Қызыл, ақ түстер арқылы сүйіктісін бейнелеген және сары, қызыл түстермен ғашығын суреттеген.
Табиғаттың бір тақырыбы түр-түспен ажарланады, түс әрдайым ақындардың көз елегінде елестейді. Түс жайында барлық ақындар ойының оянуы, бір-біріне ұқсамайды. Парсы ақындардың еңбегінде түр-түстер әртүрлі беріледі. Басқа ақындарға қарағанда Фарухи поэзиясында түр-түс атаулары көбірек көрсетілген. Хақани шығармасында жасыл (زیتونی зайтуни-оливковый ) және шұбар ала (غبیرا ғобайра-шетен жидегі) түс, Низами шығармасында темір түстес түстер кең берілген. Кейбір ақындар шығармасында бір түр-түс атауы әртүрлі мағына берген. Мысалы: ақындар سبز [сәбз] жасыл түсті→خضرا [хәзәра]→زمردگون [зоморродгун] ашық жасыл → زبرجدین [зәбәрджәдин] зеленый с оливковым оттенком→میناگون [минагун] ашық көк деп көрсеткен, бірақ оның бәрі тек жасыл түсті берген. Хафэз өлеңдерінде қызыл және қара түстерді көбірек қолданған. Бұл жағдай ақынның психологиялық ерекшелігіне қатысты берілген. Өйткені әр адам өз өмірінде және әр түрлі дәуірде арнайы түстерден ләззат алған немесе өзін тамаша сезінген.
Соңғы жылдары әлем тілдерінде түр-түс атауларын беретін лексикалық тілдік бірліктер құрамы мен саны жағынан күрт өзгеріске ұшырады. Бұған ағылшын тіліндегі лексикалық модельдердің әсері болып отыр. Ағылшын тілінде, әсіресе, жарнама терминдерін беру кезінде сипаттама түр-түс атаулары жиі қолданылады: олар мәдениетаралық қарым-қатынас бойынша орыс тіліне де өтіп, колоростика терминдерінің қатарын толықтыруда. Орыс тілінде негізгі түр-түс атауларымен қатар объектінің түсін нақтылайтын атаулар (изумрудный, малиновый, сиреневый), түстің реңктерін айқын көрсету үшін приставка қосылып жасалған атаулар (ярко-синий, светло-коричневый, бледно-розовый) қолданылады.
Эмоциялық реңк үстемеленген атаулар (вызывающе розовый, темно лиловый, крутой красный), заттың атауымен тіркескен сөздер (цвет морской волны, цвет слоновой кости, цвет асфальта, цвет кофе с молоком, пепел розы, пьяная вишня, бежевый иней, мокрый асфальт), ассоциацияға негізделген атаулар қазір жиі қолданыста. Мәдениеттердің өзара тығыз байланысы нәтижесінде аталған түр-түстер қазақ мәдениетінен де орын алды. Алайда тұрмыстық-әлеуметтік қарым-қатынаста түр-түстердің орысша атаулары қолданылады (Көйлек сатып алдым. Түсі өте әдемі – цвета морской волны – ауызекі сөйлеу тілі). Қазақ көркем әдебиетінде жоғарыда аталған түр-түс атауларының қазақша баламалары мүлдем кездеспейді деуге болады, қазақ суреткерлері негізгі түр-түс атауларын пайдаланады. Жазушы Ғ. Мүсірепов ««Кофе с молоком»-дегенді «кофе түстес» деп тілге біртіндеп енгізе беру керек шығар» деп айтқан болатын [10].
Алайда, жоғарыда атап өткеніміздей, қазіргі заманда қазақ тілінде түр-түс атауларын білдіретін лексикалық топтың құрылымы мен құрамы едәуір өзгеріске ұшырады. Бұған әсер етіп отырған жағдайлар: а) экономикалық, әлеуметтік-мәдени байланыстар аясының кеңеюі; ә) жанрдың жеке типі ретінде жарнаманың дамуы; б) әлеуметтік-мәдени байланыстардың негізінде туындаған мәтіндер мен жанрлар типтерінің қазақ тіліне кеңінен аударыла бастауы және осының нәтижесінде өзге тілдердегі түр-түс атауларының қазақша баламаларының ұсынылуы.
Қорытындылай келгенде,соңғы кезеңдерде түр-түс атаулары тақырыбы көптеген зерттеушілердің назарын аударып отыр. Өйткені түр-түс атаулары - әрбір халықтың өз игілігі. В.А. Московичтің көрсетуінше, түр-түс атаулары лейтмотивті сипаттағы, әрбір ұлттың әлемнің бейнесін пайымдауындағы эмоционалды образға ие, сонымен қатар дербес авторлық дүние-танымды көрсететін үлкен категория [11, 84 б.]. Шын мәнінде түр-түс атауларын білдіретін сөздер әр тілде де болсын, күрделі және көп деңгейлі түс символикасын білдіретін ауқымды ақпараттық әлеуетке ие болып табылады.
Осыған байланысты бұрын түр-түс атаулары тек лексикология, семасиология саласында тақырыптық топ көлемінде қарастырылып келсе, кейінгі жылдары бұл мәселе тіларалық коммуникация, концептология, когнитивті және антропоцентрлік лингвистика, психолингвистика салаларының шеңберінде де кеңінен талдауға түсе бастады.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 Аитова Н.Н. Қазақ тіліндегі түр-түс атауларының когнитивтік семантикасы: Оқу құралы. – Ақтөбе: Қ. Жұбанов атындағы АқМУ, 2006. – 161 бет.
2 Жарқынбекова Ш. Концепты цвета в казахской и русской культурах. –Алматы: Қазақ университеті, 2004. – 226 с.
3 Гумбольдт В. О различении строения человеческих языков и его влияние на духовное развитие человека // В.фон Гумбольдт. Избранные труды по языкознанию. – М.; Прогресс , 2000, – 400 с.
4 نیکوبخت ن. ، " روانشناسی رنگ در اشعار سهراب سپهری "، فصل نامه. قاسم زاده س.ع. 1382. ص- 148.
5 Гачичеладзе Г.Р. Художественный перевод и литературные взаимосвязи. - 2-ое издание, – М.:Советский писатель, 1972. – 262 с.
6 Фрумкина Р.М. Цвет, смысл, сходство. – М.: Наука, 1984. – 174 с.
7 Қайдаров Ә., Өмірбеков Б., Ахтамбердиева З. Сырға толы түр мен түс. – Алматы: Қазақстан, 1986. – 95 б.
8. Тоқтаубай А. Тұлпарлар театры // Егемен Қазақстан газеті, 2003.
Тамыз (№ 219-222) .
9. de Fouchecour C.H. La description de la nature dans la poesie lyrique Persane du XI siecle, librairie e.Klincksieck, Paris, 1969. – 152 p.
10. Мүсірепов Ғ. Түстердің аясы //Қазақ әдебиеті газеті, 1966. - сәуір.
11 Москович В.А. Система цветообозначений в современном английском языке // Вопросы языкознания. – М., 1994. – №6. – С. 84-95.