Автор:
Айтжамал Нұғысова, Дархан Тойбазаров (Талдықорған, Қазақстан)
Қазіргі кезеңде Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінде мұғалімдерді кәсіби даярлау аса өзекті мәселелердің бірі болып саналады. Болашақ маманның кәсіби іс-әрекеті оларды даярлау сапасына байланысты. Тек білікті маман ғана кәсіптік мәселелерді шешуге жауаптылықпен кірісе алады. Сондықтан жоғары оқу орнында болашақ мұғалімдерді кәсіби даярлауға барлық мүмкіндіктер мен жағдайлар туғызу аса маңызды іс. Оның үстіне бүгінгі күнде мектептің жаңа реформалық жүйесі 12 жылдық білім беруге көшуді көздеп отыр[1], осы тұрғыда әрбір өзін кәсіби деңгейі жетілген деп есептейтін мұғалім, білім беру қызметкері бұл жүйенің қыр – сырын меңгермей, бала дамуының мәселелерін түгелімен меңгере алмайды. Сондықтан да білімнің жаңа үлгісі өзіне сәйкес заманауи мұғалімдерді талап етеді. Олай болса, заманауи мұғалім шығармашылықпен жұмыс істей алатын жеке тұлға, педагогикалық қызметінің барлық жақтарын зерттеп меңгеруге ынталы, өзінің пәнін жетік меңгерген, кез келген педагогикалық ситуацияны өзінің білімділігі, біліктілігі, шеберлігі арқасында шеше алатын, педагогикалық үдерістің нәтижелерін жақсартуға ұмтылатын мұғалім болуы керек. Білім беру мен тәрбиелеудің негізі – ұстаз. Қазіргі таңда шығармашылық ізденістегі педагогикалық жаңа әдістерді жете меңгерген, кәсібилікке қалыптасқан педагог қажет.
Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын жете меңгермейінше сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес. Мұғалімдерге оқыту үдерісінде төмендегі технологияларды қолдану ұсынылады.
1. Дидактикалық қағидаларды – ұстанымдарды, әдістерді , құралдарды, формаларды және т.с.с.-ды таңдау технологиясы.
2. Дидактикалық бірліктерді ірілендіру технологиясы.
3. ЭЕМ-ді пайдаланып оқыту технологиясы.
4. Даралап оқыту технологиясы.
12 жылдық білім беру жүйесіне көшу қарсаңында мұғалімнің кәсіптік жетілуі мен дамуы көптеген мәселелерді қарастырып шешуді қажет етеді. Егер мұғалім өз саласы бойынша пәндік білімі жетік болса, педогогика мен психологияны толық меңгерсе, әр уақытта өз іс-әрекетін дұрыс ұйымдастырып отырса, онда біртіндеп өзінің педогогикалық шеберлігін кәсіби тұрғыдан шыңдай түсері сөзсіз.
Бүгінгі күн талабының мектеп реформасындағы 12 жылдық білім беруге көшу мәселесінің ерекшелігі сол – 12 жылдық білім беру орталығы ғалымдарының зерттеуі бойынша жаңа қоғамдық формациядағы мектеп пен мұғалімдер алдында тұрған негізгі мәселелер «Баланы оқытуға қалай үйрету керек?», «Ойлауға қалай үйрету керек?», «Қалай өз өмірінің менеджері болуға үйрету керек?» деген сұрақтарға жауап табатындай білім беруге бағытталып отыр. Сондықтан болашақ мұғалімді 12 жылдық білім беруге көшу жағдайында қызмет етуге кәсіби даярлау мұғалім даярлайтын жоғары оқу орындарының оқытушыларының алдында тұрған басты міндет. Бұл тұрғыда ең тиімді шешімдердің бірі – арнайы курстар мен арнайы семинарлардың әдістемелік кешендерін жасап, оларды болашақ мұғалімдерді даярлау жүйесіне енгізу.
Кез-келген іс-әрекет белгілі бір мақсатқа жетуді көздейді. Бұл мақсатқа жету - ол процесс және нәтиже. Мақсатты жүзеге асыру, оған қол жеткізу бір немесе бірнеше адамның іс-қимыл ретінен тұрады. Іс-әрекет құрылымы мынадай болады: іс-әрекет қажеттілігі, мақсаты, нысаны, құралы, мотиві, іс-қимылдар (әрекеттер, операциялар), нәтижелері.
Болашақ мұғалімдерді 12 жылдық білім беру жағдайында кәсіби іс-әрекетке даярлаудың мәні жоғары білімнің құндылық-мақсаттық бағытымен анықталады. Заманауи жоғары мектептің негізгі құндылық-мақсатты бағыты мынадай белгілермен сипатталады:
-
жаңа ғылыми білімді, рухани құндылықтарды және адамгершілік нормаларын тудыратын міндеттерді жүзеге асыру;
-
өзінің кәсіби іс-әрекеті аясында инновациялық өзгерістерге дайын мамандар даярлаудың озық сипатты түрлеріне бағдар алу.
Жоғары мектеп бұл міндеттерді іске асыру үшін мектеп мұғалімдерін даярлау жұмысына елеулі өзгерістер енгізуі тиіс.
12 жылдық білім жүйесіне көшуде мектеп алдында негізінен мынадай бағыттарды басшылыққа алады. Олар: бірінші бағыты – оқушының жеке қабілетін есепке ала отырып жеке даралық бағытта оқыту, екінші бағыты – оқушының әлеуеттік мүмкіндіктерін есепке ала отырып жеке даралық бағытта оқыту. 12 жылдық білім беру жүйесі бойынша бұл бағыттарды жүзеге асыру үшін мұғалім негізгі мынадай компоненттермен таныс болуы тиіс. Олар: инварианттық компонент- мемлекеттің базалық оқу стандарты талаптарының мазмұнында көрсетілгендей, оқу курстарының тереңділігін, оқытылатын пәндердің өзара байланыстылығын меңгерту, тұлғалық компонент- оқушылардың өзіндік зерттеушілік дағдыларын қалыптастыруға байланысты мектеп ұсынған арнайы таңдау курстарын, оқу жоспарларын меңгеру.
Мұғалімнің әрбір сөзі мен ісі, қимылы, аяқ алысы, жүрісі, көзқарасы психологиялық және ізгілік тұрғысынан шәкірт жүрегінен үлкен орын алады. Сондықтан әрбір ұстаз үшін оқу мен тәрбие процесін ұйымдастыруда мол білімділікті, ақылдылықты, біліктілік пен дағдыларды қолдануды қажет етеді.
12 жылдық мектеп мұғалімі қандай болу керек? Мұғалім - маман: жеке көзқарасы бар, өз пәнін жетік білетін, жеке көзқарастарын қорғай алатын жігерлі тұлға, зерттеуші, ойшыл, әр күні мен ісіне есеп бере алатын болуы тиіс.
Мұғалім – нәтиже: ізденгіш, көп оқитын, көп білетін және сол білімін күнделікті өмірде шебер пайдалана алатын болуы керек.
Мұғалім-тұлға: педогогикалық ойлау қабілеті ғылыми түрде дамыған болуы қажет.
Мұғалімнің жетекші рөлі - оқушыны білім негіздерін өз бетінше оқып-үйренуге бейімдеу.
Моральдық, адамгершілік бет-бейнесі таза, саяси- идеялық ұстанымы жоғары, ұлттық құндылықтарды терең игеріп, инновациялық әдіс- тәсілдермен ұштастырып отыратын ұстаз болуы тиіс.
12 жылдық мектептің басты ерекшелігі - баланың жан-жақты дамуына, өз пікірі мен ойын ашық жеткізуіне, әр адамға табиғатынан берілген шығармашылық әлеуетін толық іске асыруына ықпал ететін, өзін-өзі танып, келешегін айқындауға саналы түрде дайын болуға, қоғамның экономикалық, мәдени, саяси өміріне белсенді араласуына мүмкіндік беретін психологиялық-педагогикалық институт ретінде қалыптасуында болып отыр.
Қазақстан Республикасы жоғары білімнің мемлекеттік стандартының мұғалім мамандығы бойынша даярлау деңгейіне қойылатын талаптар көрсетілген. Онда жоғары оқу орнын бітірушінің өзінің кәсіби іс-әрекетінің түрі мен сипатының өзгеруіне әдістемелік және психологиялық тұрғыдан дайын болу қажет екендігі жөнінде жалпы талап қойылады. Сонымен бірге оқылатын пәндер циклы бойынша олардың білімі мен білігіне талаптар нақтыланып қойылған. Олар:
- білім беру мен педагогикалық ғылымның негізгі бағыттары мен келешегін білу;
- озат педагогикалық тәжірибені талдау, қорыту және тарата білу;
- пәнді оқыту әдістемесі, педагогика және психология саласындағы зерттеу әдістерінің негізін меңгеру; - қазіргі заманғы психологиялық- педагогикалық диагностиканың ғылыми-теориялық негіздерін білу және т.б.;
- оқытудың жаңа технологияларын білу.
Жоғары оқу орнында заманауи білім процесін құрумен байланысты кәсіби міндеттерді шеше білу, студенттердің-болашақ мұғалімнің өзіндік оқу іс-әрекетін дамытуға ықпал ететін жағдайлар жасай білу оқытушының кәсіби біліктілігін қалыптастыру екендігі заңды құбылыс. Жоғары оқу орны оқытушыларының нақты іс-әрекеті өзара байланысты екі аспектіде қарастырылады: ғылыми (зерттеушілік) және педагогикалық (оқытушылық). Бұл екі аспект тұтас бірлікте болуы керек.
Ғылыми аспект студенттердің креативті интеллектуалдық қабілеттерін, дағдыларын және біліктерін қалыптастыруға, сөйтіп оларда жеткілікті түрдегі жоғары кәсіби әлеуетті қалыптастыруға бағытталған.
Педагогикалық аспект ғылыми білімді терең меңгеруді, психологиялық-педагогикалық құралдарды, әдістерді қолдану арқылы қабілеті мен дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
Бордовская Н.В., Титова В.Е [2,3] «Болашақ мұғалімнің кәсіби қалыптасуы – студенттерді педагогикалық даярлау жүйесіндегі арнайы курстар мен арнайы семинарлар туралы» деген мақаласында жаңа идеялар бар. Мысалы, Г.И.Щукина[4] педагогикалық жоғары оқу орындарының оқытушыларының үнемі алдында тұратын сұрағына жауап беруге тырысты және ол көптеген ғылыми-педагогикалық кеңестерде, симпозиумдарда, әдістемелік бірлестіктерде талқыланды. Ол сұрақ мынадай болды. «Ғылыми-педагогикалық білім қорын жүйелі түрде байыту мен қазіргі оқу жоспарлары аясында оны толық ашу мүмкіндігінің шектеулілігінің арасындағы айырмашылықты қалай жою керек?». Оны шешу жолдарының бірі - арнайы курстар мен арнайы семинарлардың әдістемелік кешендерін жасап, оларды болашақ мұғалімдерді даярлау жүйесіне енгізу деп жауап береді.
Арнайы курстар және арнайы семинарлардың мақсаты - мектеп мұғалімінің даярлауға бағытталуы тиіс.
Осы мақсатта біз университеттің мұғалім даярлайтын мамандықтарының күндізгі, сырттай және қашықтықтан оқыту технологиясы бойынша оқитын студенттер үшін үш арнайы курстың толық оқу-әдістемелік кешенінің негізінде оқу-әдістемелік құралын [5] дайындап оқыту процесіне енгіздік.
Құралдың бірінші бөлімінде болашақ мұғалімдерді 12 жылдық білім беру жағдайында кәсіби іс-әрекетке даярлаудағы арнайы курстардың ролі баяндалған және оларға қойылатын талаптар анықталған.
Басылымның екінші, үшінші және төртінші бөлімдері, сәйкесінше, «12 жылдық білім берудің нормативтік-құқықтық негіздері», «Болашақ математика мұғалімін 12 жылдық мектепте білім сапасын мониторингілеу жұмысына даярлау» және «12 жылдық мектепте оқушылардың өздік жұмыстарын ұйымдастырудың түрлері мен әдістері» пәндерін оқытудың теориясы мен әдістемесіне арналған.
Пәндердің оқу-әдістемелік кешендерінің құрылымы мен мазмұны І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің стандарты талаптарына сай жасалды. Пәндердің оқу-әдістемелік кешендері оқу-әдістемелік тұрғыда толық қамтамасыз етілген.
Пәндердің әрқайсысын оқып-үйренуге қажетті негізгі және қосымша әдебиеттердің тізімі, интернет ресурстары әрбір пәннің мазмұнында ұсынылған.
Оқу-әдістемелік құралдың «Қосымша» деп аталатын бөлімінде ұсынылған үш пән бойынша емтихандар қабылдау үшін тестік тапсырмалардың нұсқалары, баға қою саясаты, студенттің курс жөніндегі білімін баллға бөлу, үш кредиттік пән үшін баға қоюдың критерийлерінің үлгі нұсқасы берілген.
Оқу процесіне енгізілген арнайы курстар мен болашақ мұғалімдердің 12 жылдық білім беруге көшу жағдайында олардың кәсіби педагогикалық іс-әрекеті мен біліктілігін қалыптастыруға көмек болады және өзінің оң нәтижелерін береді деген ойдамыз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
-
ҚР Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. –Астана: ҚР Білім және ғылым министрлігі, 2011. -82б.
-
Бордовская Н.В., Титова В.Е. Преподаватель высшей школы. СПб.: Изд-во СПбГУ, 2006. -512с.
-
Бордовская Н.В., Титова В.Е. Методика оценки качества деятельности преподавателей вуза. СПб.; Архангельск, 2003.
-
Щукина Г.И. Роль деятельности в учебном процессе.
РГПУ. - СПб., 1991. - 99 с
-
.Жолтаева Г.Н., Нұғысова А. Болашақ мұғалімді 12 жылдық білім беруге көшу жағдайындағы кәсіби іс-әрекетке даярлау. –Талдықорған. І.Жансүгіров атындағы ЖМУ. 2012. -190б.