Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

тОРҒАЙ ӨЗЕНІ АЛАБЫНЫҢ ГИДРОГРАФИЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІН ГИДРОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУ

Автор: 
Асем Капышева (Астана, Казахстан)

Қарастырылып отырған аудан Шалқар-Теңіз шұңғымасының алабында орналасқан. Бұл аумақта Қазақстан Республикасының төрт облысының (Ақтөбе, Қостанай, Ақмола және Қарағанды) әкімшілік аудандары орналасқан. Бұл аудан анық сипатталған ылғал тапшылығымен ерекшеленеді. Табиғи жағдайы, қосымша суармалау жүргізсе ауыл шаруашылығында үлкен жетістіктерге жеткізеді. Бұл жерде айта кететін жағдай, бұл аудан осы кезге дейін гидрологиялық тұрғыдан аз зерттелген аумаққа жатады. Бұл көптеген бекеттердегі бақылау қатарының қысқа болуына және олардың кеңістік бойынша орналасуына байланысты. Осы ауданға қатысты шыққан беттік сулар ағындының ресурстары туралы анықтаманың шыққанына 35 жыл өткенін есепке алсақ, оның үстіне климаттың жылынуына, антропогендік жүктеменің күшейгеніне байланысты бұл аумақтың гидрологиялық сипаттамаларын, жылдық ағынды үлестірімін қайтадан бағалаудың қажеттілігі жөнінде мәселе туындайды.

Торғай өзені алабы сумен аз қамтылған аудандар қатарына жатады. Беткі ағынды негізінен еріген қар суынан қалыптасады. Жаңбыр суы көктем кезінде еріген қар суына тек аз ғана үлесін қосады. Жазда ауаның ылғал тапшылығы мен топырақтың құрғақшылығы өте үлкен болады, сондықтан жаңбыр суы тек топырақ бетін ылғалдандыру мен булануға жұмсалады және де беттік ағынды қалыптастыруға мүлдем қатыспайды. Аумақтың өзендері үшін жер асты суларының қоректендіруі үлкен емес, және суағарлар үшін тіптен жоқ деуге болады. [1, 278б]

Беттік ағынды қалыптастыруда қар суының рөлі бұл ауданда өте үлкен болғандықтан көктемгі су тасу едәуір білінеді.

Құрғақ континентальді ауа-райы мен тегіс жазықтық рельеф өзендері ерекше, қазақстандық өзендер типіне жатады, және ол келесідей көріністе болады:

1) орташа ағынды қабатының кіші мәнділігі (5-15 мм);

2) жылдық су өтімдері мәндерінің құбылмалылығы; ең үлкен орташа жылдық су өтімдері көпжылдық орташа су өтімдерінен 10-12 есе артық болады;

3) көктемгі су тасу күрт басталады және толқыны өте үлкен болады. Су тасудың ең жоғарғы су өтімі тіпті ірі өзендердің өзінде көпжылдық орташа су өтімінен 300-400 есе артық болады;

4) жылдық ағынды үлестірімінің суы орташа жылдыры, әсіресе суы мол жылдары барынша әркелкілігімен сипатталады. Суы мол жылдары су тасудың үлесіне ағынсудың су жинау алабының өлшеміне қарай жылдық ағынды көлемінің жуықтап 90-100 %, ал негізгі декадаға 80-85 % сәйкес келеді. Өте аз ең аз су өтімдерімен және алаптың далалық бөлігінде барлық өзендердің құрғап кетуімен сипатталады.

Тұйық өзен алаптары үшін көпжылдық орташа ағынды көлемі алапқа түскен жауын-шашын мөлшеріне және жамылғы бетінен булануға тәуелді.

Қарастырылып отырған аумаққа түсетін қалыпты жауын-шашын мөлшері аз және оңтүстікте 175 мм-ден солтүстіктте 300-350 мм-ге дейін. Жауын-шашаын мөлшерінің жуықтап 70-80 % жылдың жылы кезеңінде түседі және булануға шығындалады. Жауын-шашын мөлшерінің шамасына және оның аумақ бойынша үлестіріміне жергілікті жердің жер бедері және оның тілімделгенділігі үлкен әсерін тигізеді. Мысалы, Ұлытау ауданының тұсында жиынтық жылдық жауын-шашын мөлшерінің әрбір 100 м-ге орташа градиенті шамамен 30-40 мм. Жер бедерінің тілміделгенділігінің әсіресе қысқы жауын-шашынның таралуына тигізетін әсері үлкен. Сайлар мен жыралардағы қардағы су қорының үлесі ашық далаға қарағанда үш есе үлкен. [2, 35-39б]

Су жинау алабының бетінен болатын булану жуықтап 95-98 % құрайды.

Жер бедерінің жазық ойпатты болып келуі беткі ағындылардың көптеген көлдер мен ойыстарда жинақталып қалуына жағдай туғызады. Олардың бетінен болатын булану құрлықтан болатын буланудан 2,5-3,0 есе арты болады. Ағындының айтарлықтай шығыны тек су жинау алабының бетінен жүрмейді, сондай-ақ өзен арнасының жайылмасы үлкен болғандықтан, олардың су айдыны да үлкен болады, осының салдарынан булануға кететін шығын мол болады.

Қарастырылып отырған аумақты ағындының абсолюттік шамасы алапқа түскен жауын-шашын мен алаптан болатын буланумен салыстырғанда аса мардымсыз, осы элементтердің әрқайсысын анықтау қателігінің шегінде жатыр. Жауын-шашын мен буланудың зоналдық өзгерісі жергілікті жер бедерінің биіктігіне, жер бедерінің сипатына, топырақ-грунтқа тәуелді болғандықтан ағындыда осы жергілікті факторларға жанама түрде тәуелді болады.

Су теңдестігінің сипаты бойынша қарастырылып отырған аумақ өзендерінің алаптары үш зонамен сипатталады: ағынды қалыптасу зонасы, ағындының транзиттік зонасы және ағындының шығындалу зонасы. Бұл өзендерге салыстырмалы кішкентай кеңістіктің шегінде тұйықталу тән. Мұндай ағынсулар өздерінің суларын тұйық көлдерге апарып құяды. Мысалы Торғай, Улы-Жыланшық, Қауылжар өзендері өздерінің жолында кездесетін көлдерге құяды, немесе қатты шығындалатыны соншалықты су қоймаларына жетпей құрғап кетеді. [3, 25-32б]

Су жинау алаптары айтарлықтай үлкен өзендер дала аудандарының шегінде жекелеген оқшау кіші және орташа өзендерден құралады. Бұл өзендердің алаптары тұйық болып келеді, ағындылары жазда булануға шығындалады да өте сирек болатын суы мол жылдары ғана ағын негізгі өзендерге барып жетеді.

Су жинау алабы тұйық өзендерде ағынды олардың ұзына бойымен төмендейді. Ағындының абсолюттік шамасы фильтрация және булану салдарынан қатты азаяды. Қарастырылып отырған аумақтың тағы да бір ерекшелігі көктемгі су тасу кезінде өзендердің ортаңғы және төменгі бөліктерінде фильтрация қатты жүреді. Әсіресе өзен арнасы әктастарды кесіп өтетін жерлерде фильтрацияға кететін шығын үлкен болады. Торғай, Ырғыз, Байқоңыр, Жыланшық өзендерінің төменгі ағысында өзен арнасынан фильтрация айтарлықтай мол болады. Тәжірибе мынаны көрсетеді: жекелеген жылдары арнадан болатын шығын жоғарғы тұстамадағы көктемгі ағынды көлемінің 50 % тіпті одан да көп құрайды. Жерге сіңген су жер асты суларын толтыруда үлкен рөл атқарады. Сонымен, ағынды модулінің өзеннің ұзына бойымен төмендеуі жер бедерінің өзгеруімен және су жинау алабының геологиялық құрылымымен тығыз байланысты.

Жылдық ағындыны айқындайтын негізгі факторларға мыналар жатады:

1) қар ерудің алдындағы қардағы су қоры және олардың су жинау алабы бойынша таралуы;

2) су тасу кезінде алап бетіне түсетін сұйық жауын-шашын;

3) қар ерудің алдындағы топырақтың ылғалдану дәрежесі және оның қату тереңдігі;

4) қардың еру қарқындылығы.

Қардағы су қоры өзендерді қоректендіретін негізгі су көзі болып табылады. Бірақ, осыған қарамастан қардағы су қоры мен көктемгі су тасу кезіндегі ағынды көлемінің арасында бірмәнді байланыс жоқ, мұны көктемгі ағындыға басқа да факторлардың айтарлықтай әсерін тигізетіндігімен және қар жамылғысы жөніндегі деректердің дәлдігінің төмендігімен түсіндіруге болады.

Су тасу кезінде алапқа жауған жаңбыр қарастырылып отырған аумақта көктемгі ағындының қалыптасуында қосалқы маңызға ие. Олар орта есеппен алғанда қардағы су қоры шамасының 5-10 %, тек жекелеген жылдары ғана 20-30 % құрайды. [4, 26б]

Торғай алабының өзендері жалпы табиғи сипаттарымен қатар, жекелеген жергілікті ерекшеліктерімен сипатталады. Ол ерекшеліктері өзендерің су режимінен айқын байқалады. Сонымен, барлық өзендер қардағы су қорымен қоректенеді. Қардағы су қоры су режимінің негізгі фазасы – көктемгі су тасуды қалыптастырады. Су тасудың биіктігі, көлемі және ұзақтығы солтүстіктен оңтүстікке қарай қардағы су қорының азаюына қарай азаяды.

Торғай үстіртінің ағынсуларында жазғы су тасқыны мүлдем байқалмайды деуге болады.

Қысқы кезеңде орташа және кіші өзендер түбіне дейін қатып қалады. Немесе өзен арналары құрғап кетеді, өйткені жылдың басым бөлігінде, қысқы уақытта жүріп өтетін су тасудан кейін терең иірімдерден басқа арнаның басқа бөліктерінде су қалмайды.

Көктемгі су тасу өзенді мұз құрсап жатқан кезден бастап басталады. Орта есеппен ол сәуірдің бірінші декадасында басталады, ал кейбір ірі өзендерде осы айдың екінші декадасында басталады. Басқа жылдары су тасудың басталу датасы наурыздың ортасынан сәуірдің аяғына дейін байқала береді.

Су тасудың ұзақтығы су жинау алабының ауданына тәуелді. Кіші өзендерде (су жинау алабының ауданы 500-3000 км2) су тасу орта есеппен 20-30 күн жалғасады, ал орташа өзендерде (су жинау алабының ауданы 3000-30000 км2) – 30 күннен 50 күнге дейін созылады, ал үлкен өзендерде 50-75 күн созылады. Су тасудың көтерілу және қайту ұзақтығының қатынасы қарастырылып отырған аумақта 1:2-1:4 құрайды. [5, 18-24б]

Су тасу формасы орташа және ірі өзендердің басым бөлігінде біршыңды, тік болып келеді, ал кіші өзендерде ағынды жүргісінің тәулік іші өзгерісі байқалады, су тасу кезінде олар толқын-толқын түрінде өтеді. Кейбір жылдары қар аз түскенде немесе күзде алапқа жауын-шашын аз түскенде Торғай өзені алабының өзендерінде көктемгі су тасу болмай қалады.

Торғай өзені алабында көктемгі су тасу кезінде ең жоғарғы су деңгейі айтарлықтай шамаға жетеді. Су тасу толқының биіктігі жылдың сулылығына, су жинау алабының ауданына, арнаның және жайлманың сипатына, жағалаудың құрылымына байланысты айтарлықтай шамада өзгереді. Суы мол, суы орташа және суы аз жылдардағы өзендердегі су тасу кезіндегі су деңгейі шыңының су тасыр алдындағы су деңгейінен асып түсу шамасы төменде келтірілген кестеде келтірілді. Ең жоғаы су тасу деңгейі 9-12 м-ге дейін Торғай өзені – Тосын құмы бекетінде байқалды.

Шұғыл континентал климатпен қоса жазықтық рельеф жағдайы Шалқар-Теңіз шұңғымасына өзіндік ерекшелік береді. Гидрографиялық жүйе негізінен көтеріңкі жерлерде дамыған.

Қарастырылып отырған аумақ анық көрінетін ылғалдылығы тапшы ауданға жатады. Бүкіл ағындының 95 % дерлік көктемгі су тасу кезіне келеді. Беткі ағынды еріген қар суынан құралады. Бұл аудан аз зерттелген аудандар қатарына жатады.

Бұндағы ағындыны нормасын есептеу барысында аудандары әртүрлі өзендердің ағынды модулі біртекті емес екенін көреміз. Қарастырылып отырған аумақның өзендері мен уақытша суағарларының жылдық ағындысы өте өзгеше болатынына көз жеткіземіз. Вариация коэффициенті 0,70 тен 1,40 дейін алмасады. Ағынды қалыптасатын зонада вариация коэффициентінің азаюы байқалады, ал ағындының таралу зонасында ағынды коэффициенті көбейеді. Төмендегідей қорытындылар жасауға болады:

1. Өзендер мен уақытша ағынсулардың ағындысы ауданның микрорельефімен және топырақ-грунттың сипатымен тығыз байланысты;

2. Микро жер бедерінің сипаты жалпы алғанда су жинау алабының орташа биіктігімен, ал толықтай алғанда – су жинау алабының орташа еңістігімен айқындалады.

3. Бір биіктік зонасының шегінде су жинау алабының орташа еңістігі әртүрлі ағынсулар кездеседі. Осыған байланысты қарастырылып отырған аумақта бір биіктік зонасында су жинау алабының кішіреюіне қарай ағынды модулі ұлғаяды.

4. Булануға кететін шығын су жинау алабының өлшеміне тәуелді. Су жинау алабының ауданы ұлғайған сайын тұйық су қоймаларына ұмтыла жапсарлас орналасқан ауданның үлесі де артады, ағындының жүру жолы ұзарады, жыра-сай желісінің жиілігі төмендейді, осының барлығы ағынды модулінің кішірюіне алып келеді. [6, 79-81б]

ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

 

  1. Беркалиев З.Т. – Гидрологический режим рек Центрального, Северного Западного Казахстана. - Алма-Ата. - 1960 г. – 278 с.

  2. Лаврентьев П.Ф. Рыбкина М.П. Предварительная оценка ресурсов поверхностных вод Карагандинской области. // Труды КазНИГМИ. – Вып. 18. – Алма-Ата. – 1963. – С. 35-39.

  3. Голубцов В.В. Лаврентьев П.Ф. Методика расчета нормы годового стока рек и временных водотоков Центрального Казахстана. // Труды КазНИГМИ. – Вып. 26. – Алма-Ата. – 1967. – С. 25-32.

  4. Ресурсы поверхностных районов освоения целинных и залежных земель. – Т.2 – Кустанайская область. – Л.: Гидрометеоиздат. – 1959. С.26

  5. Лебедев П.Н. Ресурсы поверхностных вод. (Торгайская столовая страна). // Казахстан. Вопросы экономического развития во 2-ой пятилетке. – Л.: Гидрометиздат. - 1932 .- С. 18-24.

  6. Молдахметов М.М. Влияние хозяйственной деятельности на сток реки Торгай. // Вестник КазГУ, сер. геогр., Алматы. – 1997. - № 4. – С. 79-81.

 

Научный руководитель:

 

доктор географических наук, профессор Мусабаева Меруерт Насурлаевна