Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

Мектептің білім беру жүйесіндегі информатика пәні арқылы ақпаратты тұлға қалыптастыру

Автор: 
Айжан Койшыбекова (Толдыкорган, Казахстан)

ХХІ ғасыр – бұл ақпараттық қоғам дәуірі, технологиялық мәдениет дәуірі, айналадағы дүниеге, адамның денсаулығына, кәсіби мәдениеттілігіне мұқият қарайтын дәуір. Ғылыми-техникалық әлеумет және оның өзін-өзі дамытуға қабілеттілігі жалпыға бірдей бәсекелестік жағдайында басты фактор ретінде қарастырылуда. Бұл орайда Қазақстанда қарышты қадаммен жүзеге асырылып отырған ғарыштық бағдарлама экономикадағы әр тараптандыру үдерісінің қуатты әрі тиімді қозғаушы күші болары сөзсіз. Ақпараттық технология – экономиканың және бүкіл қоғам мен мемлекеттің «ілгерілеуінің» белгісі. Біздің өркениетті дамуымыздың барлық маңызды өмірлік салалары бүгінде ақпараттық технологиялармен және жасалымдармен тікелей байланысты десек, асыра айтқанымыз емес.

Қазіргі кезде біздің қоғамымыз дамудың жаңа кезеңіне көшіп келеді, бұл кезең ақпараттық кезең, яғни компьютерлік техника мен оған байланысты барлық ақпараттық - коммуникативтік технологиялар педагогтар қызметінің барлық салаларына кірігіп, оның табиғи ортасына айналып отыр. «Білім берудегі ақпараттық-коммуникативтік технологиялар» ұғымы «оқытудың жаңа инновациялық технологиялары», «қазіргі ақпараттық оқыту технологиялары», «компьютерлік оқыту технологиялары» және т. б. тіркестермен тығыз байланысты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан, ұстазға жүктелетін міндет ауыр» [1] дегені мәлім. Ендеше қазіргі заман мұғалімінен тек өз пәнінің терең білгірі болуы емес, тарихи-танымдық, педагогикалық-психологиялық, саяси-экономикалық білімділік және ақпараттық сауаттылық талап етіледі. Ол заман талабына сай білім беруде жаңалыққа жаны құмар, шығармашылықпен жұмыс істейтін, оқу мен тәрбие ісін жетік игерген, оқытудың жаңа технологиясын шебер меңгерген жан болғанда ғана білігі мен білімі жоғары жетекші тұлғаға айналады.

Орта білім беру жүйесін ақпараттандырудың негізгі мақсаты – оқушылардың ақпараттық мәдениетін қалыптастыру. Осы мақсатты орындау барысында оқушылардың ақпараттық мәдениетін қалыптастыруда жаңа әдістерді қолдану қажеттілігі туындайды.

Өкінішке орай,әлі күнге дейін мектептің оқу жүйесіндегі информатика пәнінің бағдарламасында бұл аталған міндеттерге жету көзделмеген. Онда тек қана компьютерді қалай қолдану керек деген сияқты қарапайым мәселе төңірігенде оқытылады.

Әрине, ел президентінің Қазақстан халқына Жолдауында өткен ғасырдың отызыншы жылдарында сауатсыздықпен күрес жүргізілгендей, компьютерлік сауаттану жөніндегі ауқымды іске азаматтарды тарту қажеттігі айтылған және мемлекеттік қызметке жаңа қызметкерлерді қабылдау кезінде компьютерді, интернетті және электрондық поштаны қолдана білу дағдысы міндетті талап болуға тиіс екендігі атап көрсетілген. Осыған байланысты XXI ғасырда ақпараттанған қоғам қажеттілігін қанағаттандыру үшін білім беру саласында төмендегідей міндеттерді шешу көзделіп отыр: компьютерлік техниканы, интернетті, электрондық оқулықтарды оқу үрдісіне пайдалану арқылы білім сапасын көтеру.

Бірақ, бұл міндеттерден шығуды көздеп қана қойсақ, қазіргі уақыттағы «қоғамды ақпараттандыру», «білім беруді ақпараттандыру» мәселесін дұрыс жолға қоя алмағанымыз болып саналады. Қоғамды ақпараттандыру арқылы ақпараттық мәдениетімізді қалыптастырып, көтеру. Ал, бұл жердегі  ақпараттық мәдениет дегеніміз – тек компьютермен дұрыс жұмыс істей білу емес, кез келген ақпарат көзін – анықтамалықтарды, сөздіктерді, энциклопедияларды, көліктердің жүру кестелерін, теледидар бағдарламаларын, электронды және түрлі Web сайттар, ақпарат алмасу,  т.с.с. дұрыс пайдалана білу және өз веб сайттарынды құру деген сөз. Ақпараттық мәдениет – бұл әңгімелесе білу, теледидар, хабар талғамды түрде қарау немесе қарамау, алынған мәліметті ой елегінен өткізіп, талдай білу және де өзгелердің еркіндігіне әсер ететін жағдайларды өз еркіндігіңді шектей білу.

Жалпы, ғылыми-техникалық прогрестің қарқындап дамуы қоғам өмірінің барлық салаларын ақпараттандырудың ғаламдық үрдісінің негізіне айналдыруға мүмкіндік береді. Ақпараттық-коммуникациялық технологияның жеделдеп даму барысына қоғамның экономикалық жағдайы, адамдардың тұрмыс деңгейі, ұлттық қауіпсіздік, бүкіл дүниежүзілік қауымдастықтағы мемлекеттің рөлі тәуелді болады. Ақпараттық-коммуникациялық технологияның қарқындап дамуы кез келген компьютерді қолданушының әлемдік ақпараттық кеңістікке енуіне мүмкіндік туғызады.

Қазіргі кезде қоғамның ақпараттық сипатқа ие болуы негізінде ғаламдық ақпараттық үдерістерге ілесуінің мәні өте зор болып отыр. Соған орай, ақпараттандырудың ықпалымен қазіргі қоғамдағы адам әрекеттерінің, сонымен қатар, педагогикалық іс-әрекеттердің барлық аймақтарындағы ақпараттық білімдерді пайдалану арқылы болашақ қоғам құрылымы да нарықтық экономика жағдайына байланысты дамуда. Қоғамды ақпараттандырудың басты мақсаты – білім беру саласы арқылы ақпараттық үдерістерді, құбылыстарды, олардың арасындағы өзара байланыстарды модельдеу негізінде қабылданған шешімдердің нәтижелерін талдау және болжау, оқу мен практикалық міндеттерді шешудің стратегиясын жасау, мамандардың кәсіптік біліктілігін қалыптастыру, олардың жеке және альтернативті ойлау қабілеттерін дамыту, қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдаланудың теориясы мен практикасын тереңірек меңгеру. Оны күнделікті өмірде пайдалана алу және сауатты түрде жүзеге асыру.

Қазіргі кезде кәсіптік мектептерге, кәсіптік білім беруге көп көңіл бөлініп жатыр. Осыған сәйкес, кәсіптік оқу үдерісінде ақпараттық технологияларды пайдалану жүйесін қалыптастырудың жолдары жетілдіруде. Оқу үдерісін мүмкіндігінше сапалы жетілдіру білім беруді ақпараттандыру мен оқу үдерісінде арнайы әдіс-тәсілдерді тиімді ұйымдастыруға байланысты. Ақпараттық технологияларды пайдалану мәселелері қазіргі кезде барлық дерлік саладағы информатика оқулықтарында қарастырылады. Бірақ, жоғарыда айтып өткеніміздей өз дәрежесінде қарастырылмайды. Себебі, бiлiм беру iсiнде ақпараттарды даярлап, оны бiлiм алушыға беру процесін icкe асырудан негiзгi құралы компьютер болып табылады. Компьютер - бiлiм беру iсiндегi бұрын шешiмiн таппай келген жаңа, тың дидактикалық мүмкіндіктерді шешуге мүмкiндiк беретін зор құрал. Бірақ әлі күнге дейін біз осы зор құралдың шексіз мүмкiндiктерiнің оннан бiрiн де пайдалана алмай отырмыз. Ал, ақпараттанған қоғамда ақпараттық мәдениетті, сауатты адам - ақпараттың қажет кезін сезіну, оны тауып алуға, бағалауға және тиімді қолдануға қабілетті, ақпарат сақталатын дәстүрлі және автоматтандырылған құралдарын пайдалана білуі керек. Өйткені, жаңа мыңжылдық – бұл күнтізбедегі жаңа уақыт өткелі емес. Ол – өткенді таразылап, өмірдің мәнін жаңаша түсінуге, болашақты барынша жете дұрыс анықтайтын уақыт. Қоғамның қарқынды дамуы, көбіне оның білімімен және мәдениетімен анықталады. Сондықтан, біздің ойымызша, білім жүйесін құру, қоғамды мына күнде дамып отырған әлемге дайындау – бүгінгі күннің ең негізгі және өзекті мәселесі. Қазіргі білім жүйесінің ерекшелігі – тек біліммен қаруландырып қана қоймай, өздігінен білім алуды дамыта отырып, үздіксіз өз бетінше өрлеуіне қажеттілік тудырып, мүмкіндіктерін дамыту. Соңында ақпараттық технологияларды пайдаланудың барлық талап тарына жауап бере алатындай ақпараттық мәдениет тұлға қалыптастыру. Ақпараттық мәдениетті адам дегеніміз - ақпараттық кеңістіктің қалыптасуына қатыcатын және ол кeңicтіктe epкін бағдарлай алатын, ақпараттық өзара ic-әрекетке түсуге мүмкiндiгі бар тұлға.

Осы тұрғыда информатика пәнін оқу барысында қойылатын талаптар мынадай болуы керек: оқушылар мен болашақ мұғалімдерді желімен жұмыс жасауға үйрету, дайын телекоммуникациялық жобалармен жұмыс жасауды ұйымдастыру, әртүрлі ақпараттық Web –сайттар, Web-бетін құрып, Web –сайттар ашу.

Себебі, қоғамның дамуы жедел қарқын алып тұрған заманда соған сай талаптардан шығу үшін,  мектептегі білім беру үрдісінде оқушыны бірінші орынға қою, яғни, мұғалім сабаққа бағыт беруші болып, оқушы алдын ала берілген тапсырмалар арқылы сабақ түсіндіріп, өздік, өзіндік талдау жасап, бірін-бірі бағалап, өз ойларын толық жеткізіп, білім беруші рөлін алуы қажет. Сонда ғана осы заманғы білім беру ісінің өзекті мәселесіне оқушыларға түсетін ауыртпалықты жойып, олардың бойында оқуға деген қызығушылықты, белсенділік пен өз бетінше жұмыс істеу қабілеттерін арттыра аламыз.

Әдебиеттер:

1.   Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2012 жылғы 14 желтоқсан.

 

2.   «Интеллектуалды ұлт - 2020» Қазақстан Республикасы Президентінің бағдарламасы, 30. 01. 2008 ж.