Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

ЕЛДЕГІ қылмыстық әрекеттің белең алуы жалпы қоғамды ойландыруы қажет

Автор: 
Айгуль Ахатова, Айгерим Ахатова (Қарағанды, Қазақстан)

Қазіргі уақытта бұрын теледидардан шет елдерде ғана көретін лаңкестік әрекеттер, діни ағымның негізінде құрылған террористік әрекеттер, жас балалардың абыройына нұқсан келтіріп жүрген педофилдер, адам саудасы туралы қылмыстық әрекеттер, бүгінгі күні күнделікті теледидардың көзайымына айналып бара жатқандығы алаңдатады. 1998 жылы жаңа Қылмыстық кодекс қабылданды. Одан бергі 14 жылдың ішінде жаңа қылмыстар дүниеге келіп жатыр. Бұрынғы қозғаусыз жататын баптар қоғамдық қауіпсіздікке және қоғамдық тәртіпке қарсы қылмыстар, 233-бап экстремизм, терроризмге қатысты баптар бұдан он жыл бұрын қозғалмайтын. Ұлтымыздың қалыптасуына зиян келтіретін, менталитетімізге жат қылмыстық әрекеттің өршіп келе жатқандығы жалғыз сотты емес, жалпы қоғамды ойландыруы қажет. Бұл- улкен мәселе! [1;10]

Ел Үкіметінің қаулысымен адам саудасына қарсы күреске байланысты ведомствоаралық комиссия құрылды. Қазақстан Республикасының «Адам саудасы мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңымен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 128-бап, «Адам саудасы» енгізілді. Адам саудасы дегеніміз – сатып алу, сату немесе тұлғаға қатысты басқа да келісімдер жасау, оны пайдалану, жалдау, тасымалдау, табыстау, пайдалану мақсатымен басқа да әрекеттер жасау. Алайда трафик құрбандары бостандыққа шыққаннан кейін, құқық қорғау органдарына хабарласса, аталған қылмысқа қарсы күрес жүргізу едәуір істі жеңілдетуге себеп болар еді. Бірақ, мұндай қылмыстың құрбандары болған адамдар құқық қорғау органына жүгінуден қорқады. Трафик құрбандарының әрекетсіздігі, құлдыққа сату сияқты феноменді жоюдың жолдарын осылай қиындата түседі.

Қоғам дамыған сайын қылмыстың да түрі күрделеніп, көбейіп барады. Бұл қылмыстың белең алғаны соншалық, тек қазақстандық құқық қорғау органдары ғана емес, сонымен қатар, халықаралық қоғамдық ұйымдар да адам саудасына қарсы сан-алуан бағыттарда жұмыс жасап, азаматтарды қылмыскерлерден қорғаудың түрлі тәсілдерін ойлап табуда. Заң жобасының негізгі мақсаты адам саудасы, оның ішінде кәмелетке толмағандарды саудаға салу қылмыстарынан жәбірленгендердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманы жетілдіру, халықаралық құқықтық нормаларға сәйкес келтіру болып табылады. Заңға «Қайыршылыққа адамды мәжбүрлеп пайдалануды» қылмыстың бір түрі ретінде енгізу және «коммерциялық емес нәпсіқұмарлыққа пайдалану» түсінігін енгізу жоспарланған. Жезөкшелікпен айналысу үшін үй-жайлар ұсынатын адамдарға жауапкершілік күшейтіледі, жезөкшелікпен айналысуға тарту, сондай-ақ, жеңгетайлық және притон ұстау фактілерін жасаған адамдардың жауапкершілігі заңда қатаңдатылады. Статистикалық деректерге сүйенсек, биылғы жылы адам саудасына байланысты 181 қылмыстық іс қозғалған. Соның 120-сы жеңгетайлық және притон ұстау, 20-сы жезөкшелікпен айналысуға тарту қылмыстары. ТМД елдері арасындағы шекараның аса қатал тексерілмейтіндігі, соңғы кездері мемлекетаралық көші-қонның күшеюі, еліміздің географиялық-экономикалық жағынан оңтайлы орналасуы, трансұлттық қылмыстың жаһандануы және «тірі тауар» сатумен айналысатын қылмыстық топтардың мүмкіндіктерінің молаюы адам саудасына қарсы іс-қимыл шараларын күшейтуді талап етеді.

Адам саудасын болдырмау, алдын алу және онымен күресуде адамдардың құқықтық сауатын көтеру үшін мемлекет тарапынан айтарлықтай шаралардың ұйымдастырылуы әлі де болса күшіне енбеген сияқты. Көптеген мемлекеттік органдарда «сенім телефондары» жұмыс істейтінін де тілге тиек ете кеткен жөн шығар. Адам саудасына тосқауыл қою мақсатында министрліктің басшылығымен тоқсан сайын «STOP трафик» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өткізілеп тұратынын айтады. Адам саудасына қарсы күрес бойынша «116-16» республикалық тікелей желі жиырма төрт сағат бойы қызмет көрсететіндігін екінің бірі біле бермейді. Мұндай фактілердің куәгері болып жатқан адамдарға қайда хабарласу керектігін ақпараттандыру қажет. Мысалы, мектептерде, оқу орындарында жылына 1 рет болса да осы мәселеге байланысты конференциялар, немесе тәрбие сағаттарында адам ұрлау фактісіне куә болған жағдайда тиісті жерлерге хабарласуға болатындығын айтып, жарнамалап жіберсе, бұл да жетістік. [2]

Саудаға қатысты қылмыстың ахуалы кішкентай балаларды, жасөспірім қыздар мен ұлдарды да айналып өтпеді. Кәмелетке толмаған балаларды сатып, одан тән саудасын кәсіп еткендер қаншама... Әлі есін білмеген сәбилердің өмірін өксітіп, айуандық әрекетке барғандарды түрмеге қамағанымызбен, өлім жазасын қолданбай бұл тығырықтан шыға да алмаспыз. Бұның ақыры бүкіл қоғамның дамуына үлкен зиянын тигізбей қоймасы анық. Шынайы өмірдің шындығы қылмыстық әлемнен әлі де алыстай алмай жатқанымызды сәт сайын дәлелдеуде. Жоғарыда айтылып отырған қылмыстық әрекеттерді негізге ала отырып, неге өлім жазасын қолданбасқа деген ой туады. Әрине қылмыстың қасақана немесе абайсызда жасалатыны белгілі, бірақ қылмыскер өз іс- әрекетінің себебі-мен салдарын біле тұра саналы түрде жасаған әрекеттеріне не дейміз? Ой таразысына салсақ, қылмыскер өмір бойына темір тордың ішінде сабыры сарқылып, ажалы жеткенше отырады. Бірақ, көп жағдайда осындай өмірге үйреніп алатын адамдар саны аз емес, кеше ғана түрмеден шыққан адам, келесі күні-ақ темір тордың ар жағына асығып, қасақана қылмыс жасап жатқандар да жоқ емес.

Ал, өлім жазасын тағайындау қажет деп санайтындар оларды ұстауға кететін шығындарды есептейді. Былтырғы статистикаға сүйенсек, елімізде 86 адам өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатқан болса, соның 28 өлім жазасына кесілгендер екен. Жарияланған мараторий арқасында олар әлі жер басып жүр. Олардың тамағы, жатар орны, киімі, оларды күзететін күзетшілер, оған су, жылу, жарық керек, осының бәрі салық төлеушінің қалтасынан шығатыны рас. «Сіз бен біз мемлекетке салық төлейміз. Сол ақшаның есебінен бізге зәбір берген қылмыскер тамағын ішіп, шалжиып жатады» деген күйінішпен айтылады.

Ата Заңымыз Конституцияға сәйкес, адамды өмірінен айыруға болмайды делінген. Сол үшін де өлім жазасына мораторий жарияланып отыр. Бірақ, Кейбір елдер өлім жазасын қолдану арқылы елдерінде тәртіп орнатуға қол жеткізіп отыр. Мәселен, Қытайда экономикалық қылмыс жасап, жемқорлық фактілеріне орын берген шенеуніктерге өлім жазасын қолданады. Нәтижесінде Қытайда жемқорлықтың жолы кесіліп отыр. Осы секілді қоғамға кесірін тигізіп отырған қылмыс түрлеріне орай қатаң жаза түрлерін енгізсек, еш­теңеден ұтылмаймыз. Сабақ болу үшін Түркияда, Араб елдерінде ондай қылмыскерлерді бірден халықтың көзінше атып тастайды немесе дарға асады. Мұндай әрекеттер ондай қылмыстардың қайталанбауына ықпал етеді. Қазір жасөспірімдерді зорлауға қатысты қылмыстар өте көп. Және бұндай қылмысты бірнеше рет қайталағандар да бар. Осы тұрғыдан алғанда біздің заңымыз әлсіз сияқты, сондықтан да болар қылмыскерлер саны күн сайын көбеймесе азайғаны шамалы. [3]

Бүгінде еліміздің Қылмыстық кодексі тағы да талқыланып, жаңа баптармен толықтырулар енгізіледі деп жоспарланып отыр. Алысқа бармай-ақ, көршіміз Ресей мемлекеті өздерінің Қылмыстық кодексіне «педофил» терминін енгізіп, олардың қылмысы үшін белгіленетін жазаны қатаңдататын заң нормасын қабылдады. Бұл құжатта мұндай қылмысқа барғандарды өмір бойы бас бостандығынан айыру және химиялық жолмен мәжбүрлі түрде әтекке айналдыру шаралары көзделген. Олар 14 жастан кіші балаларға азғындық жасағандарды шартты түрде соттау жазасын заңнан мүлде алып тастады. Онда тіпті балалар порнографиясын таратқандарды 10 жылға дейін темір торға қамау жазасы қамтылған. Чехия, Швеция, Германия, Дания, АҚШ елдерінде жеткіншектерге қатысты жыныстық қатынасқа барған қылмыскерлерге химиялық кастрация тәсілі заңнамаға енгізіліп, қолданылып келеді. Ал, Сауд Арабиясы сияқты ислам елдерінде бірден өлім жазасына кесу жазасы қолданылады екен.

Қазіргідей өркениетті, техника дегеніңіз қарыштап дамыған заманда тергеушілердің кәсіби дайындығы мықты болуы керек. Мысалы, түрлі заманауи техникалармен жасалатын қылмыстарды тергеу үшін тергеуші сол техниканы меңгеруі керек емес пе?! Ал, арнайы оқу орны болса жан-жақты білім алуға болады. Сонымен қатар, тергеушілердің білімін жетілдіру ісін де жеткілікті дәрежеде қолға алу керек. Шетелдерден тәжірибеден өткізуді де ойластырсақ артық болмас еді.

Президент жолдауында тағы бір үлкен мәселе – жеке детектив туралы заң қабылдауды тапсырды. Егер заң қабылданып жатса, ол полиция қызметкерлері үшін де үлкен көмек болар еді. Қазір сыбайлас жемқорлыққа қарсы қатаң күрес жүргізілуде. Бұл істен біз де сырт қалып жатқан жоқпыз. Жеке детективтің де керек жері осындай қылмыстарды ашу. Қалай дегенмен де заң қатаймай тәртіп орнамайды. Заңның қаталдығына келгенде шекаралас Қытай елі алдына жан салмай келеді. 2 миллиардқа жуық халқы бар бұл елде соңғы он жылда он мың адам сыбайлас жемқорлық үшін атылып кеткен. Әрине, әр елдің өз ерекшелігі бар, мен тура осындай жаза түрін қолданайық демеймін, бірақ жоғарыда айтқанымдай үлкен көлемде айыппұл салу жолымен сыбайлас жемқорлықты азайтуға болады. Ал, жеке детективтер тергеуші мен жедел уәкілдердің оң қолы ғана болып қоймай, жалпы қылмыстың алдын алуға, қылмыстың ашылу пайызын көтеруге көрсетер көмегі көп болар еді.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнің 3 бөлімнің 49 бабында «Өлiм жазасы-ату жазасы адамның өмiрiне қол сұғатын ерекше ауыр қылмыстар үшiн, сондай-ақ соғыс кезiнде немесе ұрыс жағдайында мемлекеттiк сатқындық, бейбiтшiлiкке және адамзаттың қауiпсiздiгiне қарсы қылмыс және ерекше ауыр әскери қылмыстар жасағаны үшiн ғана ең ауыр жаза ретiнде қолданылуы мүмкiн». Яғни заң бар, соған сәйкес қылмыс та бар, бірақ жазаның дұрыс қолданылмауы бүкіл қауымды ойландырып отыр...

 

Әдебиеттер тізімі:

  1. Сақшы. – 2012. – 16 тамыз.

  2. Заң газеті. – 2009 ж.

  3. Алаш Айнасы. – 2011 ж. – № 223 (675)