Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

ДІНИ АҒЫМДАРДЫҢ ЖАСТАРДЫҢ САНАСЫНА КЕРІ ӘСЕРІ

Автор: 
Бибигуль Альмухамбетова, Ляззат Қабанбаева (Қазақстан, Талдықорған)

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев: «Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында» атты Қазақстан халқына жасаған Жолдауында егеменді еліміздің әлемдегі бәсекеге қабілетті озық елдердің қатарына кіру стратегиясының басым бағыттарының бірінде «.... Біз Исламның, басқа да әлемдік және дәстүрлі дәстүрдің озық үрдістерін құрметтеп әрі дамыта отырып, заманғы зайырлы мемлекет орнатамыз» деп айрықша атап өткен болатын [1].

Бүгінгі таңда жас ұрпақты өз халқының тарихын, тегін, салт – дәстүрін, тілін, білімін меңгерген, мәдениетті, адами қасиеті мол шығармашылық тұлға етіп тәрбиелеу - өмір талабы, қоғам қажеттілігі.

Қазақстанда дін бөлек, мемлекет бөлек. Дегенмен, қазіргі кезеңде көбейіп кеткен. Діни ағымдар азаматтарымызды адастырып, қоғамдық тұтастыққа қауіп төндіруде. Көпұлтты мемлекетіміз көпдінді мемлекетке айналып, түрлі діни ағымдар мен секталар сайын далада жүгенсіз жүр. Әсіресе аймақтарда қаптап кеткен діни бірлестіктер жергілікті жастарды «жақын» тартып, ұлттық мәдениет пен мәдениеттің арасында іріткі салуда. Мұның зардабын тартқан ата–аналар Парламентке хат жолдап, мемлекеттен көмек сұрап отыр. Қазақстан бойынша 2010 жылы осындай ахуалдың салдарынан еліміздегі жастардың 15 пайызы осы ағымға ере бастаған. 2011 – 2012 жылдары бұл көрсеткіш 60 пайызға жеткен. Егер өңірлерге бөліп қарасақ, 10 000 адамның 7,5 мыңы «уаххабилер», оның ішінде 75 пайызы – 13 – 25 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастар[2, б. 108-109].

Осындай жоғарғы талаптар тұрғысынан алғанда жастарға діни тәлім – тәрбие беру мәселесі бүгінгі қоғам мен мемлекеттік деңгейде кеңінен қолдау тауып, әлеуметтік, мәдени маңызға ие болып, педагогика ғылымының өзекті бір мәселесіне айналып келеді. Қазіргі қазақ менталитетіне имандылық ұрығын сеуіп, көп қазақтың беті бұрылып жатқан кезінде жастарға ерте жастан, ең алдымен, мұсылманшылдықтың басты тұтқасы иман екендігін ұғындырудың маңызы өте зор.

Алайда, халық тағылымы осы кезге дейін ғылыми жүйеленіп дамымағандықтан, жұртымыздың жігері қажып, рухани азғындауының көріністерін жиі ұшыратамыз. Мысалы, қазіргі адамдардың арасында құқық бұзушылық, ата – ана мен бала арасындағы қайшылықтар, туған – туыстардың сыйластықтары кескіленіп бара жатқандай көрінеді. Осыншама қасіретке толы керағар жағдайлардың ерекше көбеюін тек қазіргі әл – ауқаттың төмендеуінен, өндірістің құлдырап жұмыссыздықтың жаппай етек алуынан немесе қоғамдағы саяси формацияның ауысуынан ғана себеп іздемей, етек алып бара жатқан адам тәрбиесіндегі індеттің көзін түсінбей опық жеп қалмауды ойластыратын мезгіл жетті. Ол үшін ең алдымен шынайы «Халық педагогикасын» ғылым ретінде дамытып, оның этнографиялық жағына ғана тоқтала бермей адамның жан дүниесін жетілдіретін рухани көзіне көңіл аудармай болмайды[3, б. 200].

Иман – бұл адам жүрегінің тазалығы, адамгершілігі, тәубәшілдігі.

Дәл қазіргі уақытта зымиян ағымдар жастарды жолынан тайдырып жүргені де өкінішті – ақ. Соның ішінде ислам дінін теріс уағыздап жүрген алаяқтар да аз емес. Алланың атын жамылып, өздерінің қара ойларын жастар арқылы жүзеге асыруда. Мұхаммед пайғамбардың 251 – інші хадисінде былай деп жазылған екен: «Адамдарды нақақ жолдан тайдырушы имамдар тажалдан да қауіпті»[4, б. 36]. Шынында да, дінді уағыздап, жалған уәделер беріп, адамдарды азғыру – адами қасиетке жатпайды. Бізде қазір намаз оқымайтын, діни істерге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, өзін - өзі «дінтанушы» деп діни мәселелер туралы ақпарат құралдарына өзінің шалапұтты ой – пікірлерін тықпалайтын кешегі атейстер де бар. Ал соңғы уақытта бұған өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай майын тамызатын бірқатар сайттар қосылды. Олардың жұртқа Ислам діні, діни басқарма туралы теріс пікір қалыптастыруға тырысып жүргені өкінішті - ақ. Мұнысы түрлі секталар мен іріткі салушы ағымдардың дирменіне су құю деп есептейміз.

Кез – келген партиясының, саясы ұйымның, діни ұйымдар мен бірлестіктердің, конфессиялардың белгілі бір мүддесі болады. Шартты түрде діни секталардың іс - әрекетін екі түрге бөлуге болады:

  1. Санаға шабуыл жасауды мақсат ететін діни секталар;

  2. Белгілі бір мүдде үшін әрекет ететін діни секталар;

Діни ұйымдардың үгіт насихаттар жасап, жастарды өз арбауына, шырмауына түсіріп, санасын улауы, отбасының бұзылуына әкеп соқтырады. Бұл халықты араздастыру мен арандату болмағанда не ? Екіншіден, кейбір діни секталар мемлекеттің тұтастығы мен тұрақтылығына нұқсан келтіреді. Мысалы ХХ ғасырдың соңында пайда болған Ахмеди жамағаты мұсылмандарды тұтастай мұсылмандар емес, олар кәпірлер деп қарайды. Ал олардың іс - әрекеттерін кейбір газет – журналдар немесе бұқаралық ақпарат құралдары исламмен тікелей байланыстырады. Ал шын мәнінде, Ахмеди жамағатының іс - әрекеттері исламмен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Міне, олардың іс - әрекеттері нағыз ұлт араздығын тудыру, халықтардың берекесін кетіру болып табылады. Немесе, ХХ ғасырдың ортасында Палестинада пайда болған Хизб - ут – Тахрир (бостандық партиясы) партияның өзін діни, саяси партия атап, ислам халифатын құру идеясын үгіттеп, қарсыластырды дұшпан, кәпір деп атап, өзін жанкешті құрбан етуді жихад санауы да исламның қағидаларына қайшы әрекет. Себебі, ислам догматикасында дінде зорлық жоқ деп қарастырады. Ал, өзін - өзі өлтіру – үлкен күнә (айып іс) деп есептеледі. Осы үндеулер халықтардың берекесін көтеріп, қоғамға діни араздықты тудырып, ұлттардың ар – намысын қорлайтын белгілерді көруге болады. Біз, тілімізді, дінімізді, салт – дәстүрімізді мәңгі ұмытпауға, оны әрдайым есте сақтауға міндеттіміз. Басқа діні секталардың арбауына түсу - өз дінін, өз отанын сату деген сөз. Себебі дін – біздің рухани болмысымыз, бүгінгіміз бен ертеңіміз және болашағымыз. Біз түрімізбен қазақ емес, керсінше тілімізбен және салт – дәстүрімізбен қазақ болуымыз керек[5,б. 3-6].

Ислам – қазақ халқының рухани қазынасы, салт – санасы, әдет – ғұрпы, дәстүрі, білімі, мәдениеті және тілі мен біте қайнасқан дәстүрлі дін. Ал, саентология, благодать, Иегова куәгерлері, евангелистер, кришна секілді түрлі ағымдар – секта ретінде қалыптасқан. Олардың көздеген арманы, мақсат – мүддесі – қазақ халқының санасын улау, елдің бірлігін ыдыратып, жеріне ие болу,сөйтіп тәуелсіздігін жою.

«Барлық діндер мен діни бірлестіктер заң алдында бірдей. Ешбір дін немесе діни бірлестік басқаларға қарағанда ешқандай артықшылықтарды пайдаланбайды», дейді Заңның 4 – бабында. Заңның осы нормасы қазақ ұлтының намысына қатты тиеді[6].

Зайырлы мемлекет екенбіз деп осылай қазақ халқын, оның дәстүрі мен салт – санасын беріп, құрбан етуге де болмайды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылы ел тыныштығын ойлап қабылданған заңдық норманың 17 жылдан кейін Қазақстан аяғынан тік тұрған кезінде, бүкіл әлем мойындап құрметтеген Елбасы тұрған кезде және жат діннің ұлтымыздың рухани тұтастығына аса қауіпті екенін белгілі бола тұра өзгермеуі жақсылық емес. Соларға берген тендіктің салдарынан қазақ ұлтының бірлігіне бітпестей сызат.

«Мұсылман бауырлар», «Талибан» қозғалысы, «Боз Күрд», «Орталық Азия жаматты», «Лашкар – и - Тайба», «Әлеуметтік реформалар қоғамы», «Шығыс Түркістандағы азат ету ұйымы», «Аум Сенрике» және «Хизб – ут – Тахрир - әл - Ислами» бар. Сондай – ақ ақша табу үшін тұрғындардың діни сауатсыздығын пайдаланып, исламның дәстүрлі ағымын бұрмалап жүрген «Ата жолы», «Ана жолы» сияқты оккульттық – мистикалық ағымдағы кішігірім секталар бар. Олар сонау мұхиттың арғы бетінен келіп, қазақтың қамын ойлап жатқан ештеңесі жоқ. Керсінше, қалай да қазақ халқын қанау, қазақ халқын адастырып, өзі 70 жыл атеизмнен кейін жаңа – жаңа өзінің ата – мұра дініне бет бұрған кезде, соған қол жеткізбей, қалай да өз дінінен қол үздіріп, әр түрлі ағымдарға кіргізіп, кейін болашақта туған – туыс, ағайын, бауырлар, әрқайсысы әр ағымда болып, бір – бірімен тіл табысы алмаса, мінекей,ағымдардың арасында осындай мақсаттарды көздегендері аз емес. Алайда, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің тінту кезінде таңдайын қаққызған нәрсе – қоғамға жат діни әдебиеттен бөлек, саентологтардың сейфтерінде осы ұйымға мүше болған 8 мыңнан астам адамға қатысты жасырын сипаттағы ақпараттар сақталған мұрағат табылған екен. Яғни, зымиян секталардың арбауында жүрген азаматтарымыз да бірталай екендігі өкінішті. Хаббарт деген фантастың өзінің тастаған ұраны бар: «Егер байығың келсе, жаңа дін ойлап тап» деген. Міне соның ойлап тапқан саентология діни ағымы, қазіргі уақытта біздің Қазақстан жерінде де өзінің нәтижесін беріп жатыр. Яғни, қазақ халқының ішінде соған алданып, соған өзінің ақшасын салып жүрген адамдар аз емес. Мамандардың айтуынша, елімізде бұдан басқа да, қоғамға қауіп төндіріп жатқан жалған ұйымдар баршылық. Таяуда, Павлодар облысында, прокуратура қызметкерлері, экстремистік мазмұндағы уағыз тарататын «Таблиғи жамағат» пен «Хизб – ут -Тахрир» ұйымдарының заңсыз әрекеттерін әшкерелеген болатын. Десек те, мұндай ұйымдардың саны азаюдың орнына керсінше көбейіп барады. Салыстырып айтар болсақ, 2010 жылы Алматы қаласында 140 діни бірлестіктер тіркелсе, 2012 жылы олардың 260 – қа жеткен.

Әрине мұндағы ең басты мақсат – пайда табу. Айналып келгенде бәрібір барлығы ақшаға тіреледі. Ал осы пайдалардың құрбаны болып көбінесе жасөспірімдер, немесе осы өмірде лайықты орнын таппаған жандар болады.

Ең қауіптісі, соңғы уақытта, түрлі секталар мен жалған діни бірлестіктер, арам ниетін жасыру мақсатында, өздерін қоғамдық ұйым не болмаса жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде таныстыруда [7 б.13].

Секта десе ат тонын ала қашатын жастарды, торына алдап түсіру үшін, миссионерлер не бір айла тәсілдерге жүгінетін көрінеді. Мысалы, газетте басылған хабарлама арқылы, жұмыс іздеп барсаңыз, сектаның кеңесіне тап болуыңыз ғажап емес. Заң орындары, мұнда тәсілдің, әсіресе қаржы дағдарысы кезінде жиі қолданыла бастағанын ескертеді.

Қазіргі таңда әлемде болып жатқан келеңсіз көріністердің көбіне ислам діні басты себепкер ретінде сөз болып жүретіндігі бәрімізге мәлім. Алайда, осының қаншалықты дұрыс, қаншалықты бұрыс екендігін әркім өзінше пайымдап жатады. Бұл жерде батыстың бағыты белгілі сияқты. Мұндай көбіне өтірік жала жабушылық ислам елдерінің ұлттық сана – сезімін, ұлттық идеологиясына өз ықпалын тигізбей қоймас деген ой туындайды.

 

Әдебиеттер:

1. Назарбаев Н.Ә. Қазақстан -2030. Қазақстан халқына Жолдауы.

2. Баркер А. Новые религиозные движения . –СПБ., 1997, 108-119 б.

3. Қазақстан Республикасының білім беру туралы заңнама. Заң актілерінің жиынтығы. Алматы,Юрист,2006,200 б.

4. Мұхамед пайғамбардың хадистері. //№ 256, 63 б.

5. Жақыпова Г. Жасөспірімдерді кері ықпалдардан қорғау.// Тәрбие құралы

2008. №3, 3-6 б.

6. Махач В.Секта түрлері.// Интернет желісі.

7. Дуанбай Ж. Зымиян ағымдардың ықпалы.// Айқын 2009, №6, 13б.