Автор:
Роза Садықова, Айгерим Мухаммеджанова (Алматы, Казахстан)
Авеста – Иранның өте ертедегі маңызды ескерткіші. Ол біздің кезімізге дейін қасиетті зороастризм діні мәтіндері арқылы жетті. Араб шапқыншылығына дейін (VII ғ.) зороастризм Иран өкіметінің діні болған. Арабтар жаулағаннан кейін Иранда зороастризм дінін ұстайтындарды қуғынға ұшыратып, соңына түскеннен кейін, зоратуштрашылар тұрғылықты мекендерін тастап кетуге мәжбүр болды. Ираннан шыққан зороастристердің көпшілігі бүгінге дейін бұрынғы діни сенімдерін сақтаған. Кейбір бөлігін Үнді елінде кездестіруге болады. Олардың бір бөлігі қазіргі кезде Иранның қалалары Иязд, Керман, Тегеран, Ширазда тұрады. Зороастристерді Иранда «Гебрлер» деп атайды.
Парсылар ертедегі дін-сенімімен бірге қасиетті жазба Авестаны ұмытпай сақтап келеді. Ертедегі араб, грек, сирия, армян елдерінің авторлардың жинақтарының ішінен Иранда қасиетті Авеста кітабының болғаны жайында мәліметтер бар. Иран тілдес халықтар арасында ұлы ақын Фирдоусидің әдеби өңдеуімен (X-XII ғғ.) жазылған эпопеясында да Авеста туралы жазылған.
Зороастризм діні адамдарды пәктікке, шыншылдыққа, тырысуға және жамандықтан арылуға шақырды. Ұзақ өткен ғасырларда Заратуштараның өмірі белгісіз болды. Кейбір тарихшылардың пікірінше, оны Рей немесе Азербайжанның адамы деп білген [1, 394-395 бб.].
Бірақ ғылымда әртүрлі қолжазбалар Авестадан қысқа үзінділері XVII-XVIII ғ. ғана белгілі болған. Белгісіз тілде жазылған Авестаны тек жас ғылым француз Анкетиль Дюпперон (1731-1805) XVIII ғ. Индияға барған сапарында ашқан. Ол 1754 ж. Оксфордта сақталған Авеста жазбасының бірнеше беттерін қарастырып Индияға баруға шешім қабылдады. Индияда 6 жылдың ішінде А. Дюпперон зороастризм дінін қабылдағандармен достасып, олардың сеніміне кірді. Сол арқылы парсы діни әдет-ғұрыптарымен танысты, қасиетті мәтіндерін оқуын үйренеді. 1761 ж. А. Дюпперон Парижге оралғаннан кейін сол жиналған материалдарын қарастырып, нәтижесінде Авестаның аудармасын жасады, осындай жолмен ғылымға ежелгі парсы тілінің маңызды ескерткіші ашыла бастайды. Осы кезден бастап Авеста көптеген басқа тілдерге аударыла бастаған.
Авестада сол заманда мекендеген халықтардың тарихы, мәдени өмірі олардың діндері, аңыздары, батырлар эпостары туралы сақталған мәліметтері бар. Сонымен бірге Авеста Иран тілдерінің мәңгі өшпес мәдени жәдігері болып табылады. Авестаның ертедегі бөлімі б.э.д. II ғ. I жартысында Орта Азияда шыққан оның ішінде сол кездегі дәуірдің өмірін әртүрлі тайпалардың тіршілігін, көшпенді Орта Азия малшыларын, олардың діни-аңыздарын әдет-ғұрпын суреттейді. Авестаның кейінгі бір бөлімдері Пайғамбар – заратуштраның атымен және оның берген ақылдарымен байланысты. б.э. I ғасырында зороастристік шіркеу өте үлкен ықпалды болған. Әсіресе Сасанидтер кезінде (б.ғ. III – VII ғғ.) зороастризм патша билігімен сақталды. Ахеменид кезеңінің өзінде Авестаның мәтіні жазылған. Ол 12 мың сиыр терісінде алтын сиялармен Персопольдық сарайларда сақталған болатын. Бірақ бұл жазу А. Макендонский шапқыншылығында жойылды деп айтылады. Содан кейін Шапур I тұсында бұл киелі кітап қайта өңделді. Авестаның қай жерде, қай кезде жазылғаны туралы мәселенің дауы әлі бар.
Иран әдебиеті мен тарихын зерттеуші И.С. Брагинский парсы елінің көне әдебиеті мен олардың алғашқы діни кітаптарын талдайды. Ғалым біздің жыл санауымызға дейін жүйеленген «Авеста» діни және әдеби кітабының 17 аяты-йасындары (бөлімдері) түгел дерлік өлең өлшеміндегі Иранның ең ескі жазба әдебиетінің туындылары екенін анықтаған. Оның айтуынша: Авеста аяттарын Заратуштра (Зороастра) пайғамбары жазған. Оның мазмұны өз кезінің адамдарының зұлымдыққа, қарсы ізгілік жолында тәрбиелейтін шешен новелла, асқақ эпос, жан-жүйеңді толқытар нәзік лирикаға толы [2, 42 б.].
Авеста 21 кітаптан тұрады, әрбір кітап насқ деп аталады. Авестаның әрбір насқ араб шапқыншылығына дейін авесталық – тексттен және зендтен құрылған болатын. Әрбір насқтың өзіне тән жеке атауы болған.
Авеста тек қана дұғалар жинағы емес, сонымен қатар заңдар, кодекстер, астрономия, астрология, медицина т.б. ғылымдардың жинағы. Бұл кітапта табиғат жан-жануар тіршілігі, жер мен аспан иелігі, адам мен жаратушының ара қатынасы туралы аңыздар, арнайы болжамдар берілген. Адам жаратушының ең сүйікті құлы екені, оның бойындағы ақыл-ойы, өсуі, өзгеруі, еңбектенуі, табысқа жетуі және т.б. жайлары жайында нақты көрсетіледі. Мұнда әділ патша билігін аңсау, тату-тәтті жақсы өмір сүру, ақылмен адал істеп, өз еңбегімен күн көру, барлық кедей адамдарға қайырымдылық көрсетсе деген ізгі пікірлер жинақталған. Біздің күнімізге дейін, бізге тек қана Авестаның кейбір бөліктері жеткен. Сондай-ақ Авестаның барлық мәтіндері сақталмаған. Ғылымға белгілі Авестаның жазбаша мәтінінің әрбір бөліктері ең көп жиналған жинағы болып табылады. Бұл текст бірнеше бөлімдерден тұрады:
1.Ясна. Авестаны құдайларға табыну сиыну бөлшегі. Ол 72 тараудан
тұрады.
2.Висперад – 24 тараудан құралған. Оның бәрі көптеген құдайларға
бағышталған.
3.Видепдат. Диюлерге қарсы сөз деген сөз. 22 тараудан тұрады. Ол сондай-ақ Авестаның 19-шы насығы.
4.Яшта – құрметтеу. Мазмұны жағынан Авестаның ең көп бөлшегі. Ол
күнге, жерге, айға бағышталған. Сондай-ақ 22 әнұран мен өлеңдерден құралады. Онда Орта Азия көшпенділерінің өмірі, діни танымы. Діни ұғымдары көрсетілген. Онда мифологиялық образдар және сюжеттер көп сақталған.
5.Кіші «Авеста». Онда бірнеше үзінділер, фрагменттер өз күйінде бізге жеткен.
«Авестада» табиғат көріністері зор шеберлікпен бейнелгенін кезінде И.С. Брагинский ерекше атап көрсеткен. Табиғатқа табыну культі, соның ішінде Айға, Күнге тағзым ету, Отқа табыну көріністері көркемдік тұрғыдан мейлінше ұтымды шыққан [3, 80 б.].
Авеста кітабы – ежелгі Иран жазба ескерткіші және зороастр дінінің қасиетті кітабы. Ұзақ жылдар бойы Авеста тек ауызша таралып отырған. Авеста кітабы толығымен айқын зерттелмеген. Өйткені кейбір зерттеулер Авестаның алғашқы кітабы Аршакид дәуірі кезінде жазылған десе, кейбіреуі Авестаның ең алғашқы басылымы сасанидтер дәуірінде жазылған дейді. Аршакид дәуірі негізінде жазылған Авеста кітабы бізге жеткен жоқ. Яғни бұл кезде жазылған Авеста кітабы туралы мәлімет жоқ. Ал сасанидтер дәуірі кезінде жазылған Авеста бізге жеткен. Авестаның тексті негізінен 21 кітаптан тұрады және бұл текстер 350 мың сөзден құралған. Бірақ бізге сөздер толығымен жетпеген. Бізге тек осы сөздерден 83 мың сөз ғана жеткен. Авестаның ең ежелгі бөлімі – Гат. Бұл бөлімде негізінен дұғалар жазылған. Бірақ автор осы бөлімге зароастризм дінінің әдет-ғұрыптарын қосып жазған. Олар Ясна мен Яштаның негізгі бөлімдерін қамтиды. Зерттеушілердің көпшілігінің пікірінше, Яшта мен Гаттар б.э.б. YIII-YII ғасырладағы Шығыс Иранның бақташы-егінші тайпаларының және Орта Азия халықтарының өмір салты мен қызметтерін бейнелейді Сонымен қатар көптеген мифологиялық элементтерді қамтиды. [4, 45-50 бб.].
Әрбір мемлекеттің өз айнасы болып табылатын тарих саласы, сол мемлекеттің қалай пайда болып, қайдан шыққанын, кімдер негізін салғанын анық, айқын және дәлелдеп көрсетіп бере алады. Деседе кейбір белгісіз болып қалған дүниелерді шамалап та көрсетеді. Өйткені әртүрлі қиындық пен қыстауды басынан кешіреді, биік-биік шыңдардан асады. Әртүрлі қантөгіс, соғыстар болған кезде сол елдің мәдениеті, әдебиеті жоққа айналады. Тіпті қалдықтары қалғанның өзінде болжаммен әртүрлі дүниелер айқындалады.
Авеста – Орта Азия мен Ирандағы тарих сахнасында зароастризм діні жайындағы өте бай маңызды материал жинағы болып табылады. Сол замандағы қоғамдық-экономикалық құрылыс, дінге сенушілікпен бірге өзгерген халық өмірінің айнасы болып табылатын «Авеста» жайындағы жинақтар қазақтың ғалымы Н. Келімбетовтің пайдалы мәліметтері де басқа ғалымдардың зерттеулерімен сәйкес келеді.
Тарихтың сырын әдебиет ашса, әдебиеттің сырын тарих ашады. Сол сияқты тарихқа, әдебиетке, мәдениетке бай елдің бірі – 3000-3500 жылдық тарихы бар Иран мемлекеті. Иран мемлекетінің сонау жылдан бергі салт-дәстүрін, мәдениеті мен тарихын осы күнге жеткізген киелі кітабы болып саналатын – Авеста. Бұл Авеста тек қана Иранның емес, Орта Азияның көне тарихын жаңғыртады. Ғалымдар: «Мәдениеттің бәрі Азиядан басталған» – деп айтады. Өйткені, бұл елдер ұлы тарихқа енген және сан ғасырлық тарихы бар. Сол үшін де ұлы ойшылдар шығыс елдерінің тарихына, әдебиетіне, мәдениетіне көбірек көңіл бөледі.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
1. Рүстемов Л., Сәмарэ И. Парсы тілінің жолашары. – Тегеран. 1995. – 394-395 бб.
2. Брагинский И. С. Иранское литературное наследие. – Москва. 1984. – 42 с.
3. Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті. - Алматы, 2005. -334 б.
4. Оранский И.А. Изучение памятников древнеиранской письменности в СССР. История Иранского государства и культуры. – Москва. 1971. – 45-50 с.