Автор:
Мамиля Джакыпбекова (Талдыкорган, Казахстан)
Соғыс құрсауындағы адам тағдыры сол кездегі көп ұлтты совет әдебиетінің өзекті тақырыптарының біріне айналды. Соғыс еркінсуді білмейтін темірдей қатал тәртіп пен жібімейтін қатаң мінезді талап етті. Соғыс әрекетіне сансыз адамдар жұмылдырылды. Олар тек бір-ақ мақсатпен, Отанын туған жерден азат ету жолында жауға аттанды. Ұлы Отан соғысы әр ұлт халықтарының бірлік ынтымағының ажырамас айғағы болды. Себебі фашистік Германия тек Россияға ғана шабуыл жасап қойған жоқ, ол Советтер одағына шабуыл жасады.
Төрт жылға созылған соғыстың қай кезеңіндегі болмасын әкелген қасіреті оңай бола қойған жоқ. Дей тұрғанмен, әсіресе, соғыстың алғашқы басталған тұсындағы кезеңінің совет халқы үшін ауыр болғаны тарихтан аян. Себебі, бейбіт жатқан елді жаулап алу үшін айқын мақсатпен соғыс ашқан фашистік Германия бұл соғысқа үлкен дайындықпен келді. Соғыстың алғашқы кезеңінде-ақ Балтық аймағындағы біраз республикалардың, Литва, Латвия, Эстония, Белоруссия, Украина және Молдавияның жау қолында қалуы олардың күшінің басым болғандығын айғақтайды. Сондықтан да соғыстың алғашқы айларында тұтқиылдан еңсе көтертпеген жау тегеурініне қарсы төтеп беру, Москваға ентелеген жаудың екпінін қайтару совет жауынгерлеріне оңайға соқпады. Балтық аймағындағы біраз жерлерді басып алған жаудың басым күші Москваға таяп қалған тұста, ел астанасына төнген қауіп пен қатер оны қорғауға тұрған жауынгерлердің табандылығы мен қайсарлығына, батырлығы мен батылдығына үлкен сын болды. Қазақстанда жасақталған дивизия құрамындағы Жиырма сегіз панфиловшы жауынгердің ерлігі осындай сын сағатта жасалынды.
Дубосеково торабындағы Жиырма сегіз жауынгер ерлігінің әр ұлт ақындарының да назарынан тыс қалмай, олардың бұл ерлік іске өз уақытында тез үн қосуы заңды құбылыс. Жиырма сегіз жауынгер ерлігін негіз еткен қырғыз ақындары А. Тоқомбаевтың "28 батыр" және Т. Шамшиевтың "Панфиловшылар туралы жыр" поэмалары, орыс ақындары Н. Тихоновтың "28 гвардияшылар туралы жыр", М. Светловтың "Жиырма сегіз" және қазақстандық орыс ақыны П. Кузнецовтың "Панфиловшылар" поэмасы, тәжік ақыны Ә. Лахутидің "Мардистан туралы аңыз" поэмасы, түрік ақыны Н. Хикметтің "Панфиловшылар" поэмасы, сонымен қатар қазақ ақындары Қ. Бекхожиннің "Жиырма сегіз", халық ақындары Н. Байғаниннің "Ер туралы жыр" және Қ. Жапсарбаевтың "Мұсабек батыр" дастандары ерлік жасалған уақыттан көп ұзамай-ақ бір кезеңде, 1942 жылы дүниеге келді. Бір ұлт емес, бірнеше ұлттың бір уақытта осы тақырыпқа жаппай қалам тартуы бұл ерліктің тарихта қаһармандықтың ерекше үлгісі болып қалатындығына мегзейді. Сонымен қатар, бұл тақырыпқа бару кейбір поэма авторларларының тағдырының, атап айтқанда М. Светлов, П. Кузнецов және Т. Шамшиевтың майдан тынысымен тікелей байланысты болуынан болса керек. Соғыс басталғанға дейін шығармашылықпен айналысып, қағаз бетіне біраз төселіп қалған олар сын сағаттарда алғы шептегі жауынгердің рухани азығы болған майдан газеттерінде қызмет атқарды.
Соғыстағы әрбір адам қоқыныш пен үрейдің құшағында болары хақ. Ол әркімнің бойында әр түрлі көрініс табады. Кейбірінде жауынгердің бойын билеген қорқыныш табы сезілмеуі мүмкін, яғни ол сыртқа шықпайды. Жігері мықты жауынгер ғана бойын билеген қорқыныштан ақырындап арылып, өзінің үрейін билей отырып, одан сытылып шығады. Ал өзін - өзі билей алмаған жауынгердің үрейі ақырында оның түбіне жетіп, тікелей өліміне себепші болады. Адамның өмірі екі рет қайырылмайтын, бір - ақ рет берілетін құндылық. Сондықтан да оны сақтап қалу үшін әрбір тіршілік иесі күреседі.
Орыс ақыны Н. Тихонов документтік материалдарды негізге алғандықтан, поэма құрылымындағы оқиғалар желісі хронологиялық жүйемен орналасқан. "Ұлан ғайыр орыстың байтағын" сөз етуден бастаған ақын "тоңазыған окоптағы" Жиырма сегіз батырды таныстырып өтеді. Панфиловтың табандылығымен "баулынған қырандардың" Москваны қолдан бермесіне сенім артады. Жауға қарсы "окоптағы Жиырма сегіздің тастай түйілген" қалпын шайқас алдындағы Қожабергенов пен Натаровтың бір-біріне шерткен сырынан аңғартады. Алғашқы жиырма танкі көрінген бойда-ақ "бөліссек-келмек емес біреуден де" деп, кейіннен тағы да отыз танкіні көрген бойда-ақ "Кең байтақ Россия, бірақ шегінерге жер жоқ, достар, артымызда – Москва, тұрасыңдар!" деп, жолдастарына демеу болған саяси жетекші Клочков образы ұрыстың қам-қарекеті үстінде толығырақ қамтылады. Соғыстан қажыған кең жазық орыс даласының астан-кестен кейпімен қан майданның өтіндегі шайқас аласапыранының ауыртпалығын сездіреді. "Тірі қалсаң бізден хабар берерсің деген Клочковтың соңғы сөзі құлағына еміс-еміс жеткен Натаров қансырап кетеді де, құлағына өздері жайлы жырлап отырған қарт Жамбылдың жыры келеді.Жаралы Натаров "Ерлікті еске алып" күбірлеп, саяси жетекшінің аманатын жеткізеді де, ол да көз жұмады. "Қаралы Дубосеково торабының " ұрпақ есінде қалуына ұйтқы болған ақын поэмасы осылай аяқталады.
Ал, орыс ақыны М. Светловтың “Жиырма сегіз” поэмасының жанрлық табиғаты лирикаға бейімділігімен ерекшеленеді. "Өнер өмірдің нақты көшірмесі емес,оған деген сенімнің өлшемі. Міне, менің реализмнен гөрі романтизмге бой алдыратыным да сондықтан" [1,32] дейді М. Светлов өзінің ақындық толғамы мен талантының шеберін таразылап. Ақынның "Жиырма сегіз" поэмасының осы тақырыпты игерген өзге поэмалардан ерекшелігі осы ақындық табиғатпен ұштасып жатыр.
Дубосеково разьезіндегі Жиырма сегіз жауынгердің тарихи ерлігін негіз еткен бұл поэмада қалыпты баяндау мәнерінің желісімен оқиға ізіне түсушілік байқалмайды. "Ақын еш уақытта ұрыс детальдарына үңілмейді. Себебі романтик ақын М. Светлов үшін шайқас суреті негізгі нысана емес" [2,422]. Бұдан лирикалық поэмада өрілген оқиға жоқ деген ұғым қалыптаспаса керек. Әрбір жауынгердің "менімен" ақын өзінің "менін" ұштастырып, тығыз бірлікте жырланған поэманың барлық тарауында Жиырма сегіз ердің ерлік іс-әрекеті сағымданып, сезім иіріміне түседі.
Ерлікті жырлауды мойнына алған ақын кіріспе тарауда өлеңге қаратып "Жауынгер өмірінің жырмен қайта тірілуін" өтініп сұрайды. Келесі "Комсомол" тарауындағы оқиға байланысымен (связка) Жиырма сегіздің шегінуі мүмкін еместігін олардың үлкен әріппен жазылған "Коммунист! Комсомол! Жауынгер! " болғандығымен алдағы ерлікке жетелейтін жолды нұсқайды. Бұдан кейінгі "Жауынгерлер қаза боларда", "Өсиет", "Гвардия әні", "Хат" тарауларында оқиға дамып, ұрыс даласының бұлыңғыр бояуын көзбен көргендей емес, жан жүрегіңмен сезінетіндей әсер қалдырады. "Салют" тарауында оқиға шарықтау шегіне жетеді, жанын жеген өкініштің артына тастап кеткен қуанышын одан ары тежеуге шарасы жоқ ақын өзіндегінің бәрін "өлеңмен салют боп сыртқа атылуын" қалайды. Ал қорытысында жас ұрпақтың "батырлар ерлігіне еліктеуден" жалықпасына сенім білдіреді.
Поэманың лирикалық сипатының басымдығы соншалық, ақын болған шайқасты өз басынан өткергендей халде суреттеген әрбір эпизодында әр уақытта ақынның “мені” күңірене күй кешеді:
Вставай, фантазия моя,
На пост разъезда Дубосеково [3, 260].
“Дубосеково разъезінің маңында қиялының қайта жаңғыруын” бұйыра сұраған ақынның қиялы шайқас алаңын күйзеле кезеді. Поэмада очерктің жалпы желісі сақтала отырып, мысалы жауынгерлердің ерлікпен жаппай қаза тапқандары (очеркте аталатын кейбір жауынгерлердің есімін ақын да дәлме- дәл атап өтеді) , сонымен қатар Клочков - Диевтің сөзі ақын тарапынан сезім иіріміне түскен. Бірақ, бір ерекшелігі майдан газетінде журналистік қызмет атқарған ақынның өзі көзімен көрген қан майданның өті сезім саңлағында көп сарапталған.
Қазақстандық орыс ақыны П. Кузнецовтың "Панфиловшылар" поэмасын жазуына көп себеп болған жағдай ақынның соғыс жылдарындағы әскери қызметінің осы дивизиямен тікелей байланысты болуында еді. "Кез келген шығарманың "себебі" – ең алдымен сірә оны тудырушы автордың өзі, сондықтан да әдеби зерттеудегі бұрыннан қалыптасқан тәуір әдістердің бірі – ең алдымен автордың өзіне, яғни жазушының өміріне үңілу болып табылады" [4,89]. Көп ұзамай-ақ 1941 жылдың 19 тамызында дивизия құрамымен майданға аттанған П. Кузнецов бірден ұрысқа енген дивизияның басынан кешірген әскери күндеріне тікелей өзі де куә болды. Сондықтан да қан майданның бел ортасында жүрген ақын өзінің дивизиясы турасында жазылған "Панфиловшылар" поэмасы үшін газет бетіндегі документтік материалдарға жүгінуді қажет етпеді. Бұдан документтік материалдарға арқа сүйеген ақындар М. Светлов пен Н. Тихонов поэмаларынан ақын поэмасының аралық айырмашылығы, өзіндік бедері байқалады.
П. Кузнецов "Панфиловшылар" поэмасында болған оқиға желісінің ізіне түсіп, бастан аяқ баяндап жатуды мақсат етпейді және поэмада тек Жиырма сегіз жауынгер турасында ғана сөз болып қоймайды. Жалпы дивизияның Москваға таяу жерде жүргізген шайқастарын шағын эпизодтармен шолу жасап өтеді. Мысалы, капитан Иван Манаенконың ерлігін, генерал Панфиловтың күтпеген жерден болған ауыр қазасына күйзелген дивизияны сөз етумен қатар, Панфилов ізін басушылардың қатарынан қазақ батырлары Б. Момышұлы мен М. Ғабдуллиндердің де есімдерін ауызға алады.
Сонымен, орыс ақындарының поэмаларындағы оқиға желісінің түзілуіндегі әрбір ақынның қолтаңбалық даралығына зейін қойсақ, поэмалардың өзіндік ерекшеліктерімен қатар, эпизодтық ұқсастықтарды да аңғаруға болады. Бірақ сол поэмаларды салыстыруға қолайлы жағдай туғызатын мынадай дүниелерді ескеруіміз керек. "Жұмыла көрсетілген ерлікті суреттеу көбінесе баяндау мәнеріне негізделген сюжетті поэма жанрына ыңғайлы, өйткені оның шайқас эпизодтарын толық ашып көрсетуге мүмкіндігі мол. Ал соғысты шынайы батальдық эпизодтарсыз суреттеу мүмкін емес" [5,64]. Осы тұрғысында батальдық эпизодтардың негізінде сюжетке құрылған баяндау мәнеріндегі Н. Тихоновтың "28 гвардияшылар туралы сөзі" мен П. Кузнецовтың "Панфиловшылар" поэмасы эпикалық поэмаға жатады. Ал эпикалық элементтер авторлық ұғым аясында танылатын М. Светловтың "Жиырма сегіз" поэмасы лирикалық поэмаға жатады. Бірақ Н. Тихонов пен М. Светловтың поэмалары документтік материалдар негізінде жазылғандықтан, екі поэмаға да ортақ ойлар кездеседі, әрине жанрлық айырмашылық ақындық ойдың берілуінде ізін қалдырған.
П. Кузнецовтың "Панфиловшылар" поэмасы, жоғарыда айтып кеткеніміздей, өзінің дивизиясы турасында болғандықтан, оған документтік материалдарды пайдалану қажеттілігі туындамады. Ақын поэмасындағы өзіндік сарын алдымен осы жағдайға байланысты.
Сонымен поэмалардағы тарихи оқиғаның көркемдік бедерін сөз еткендегі ойымызды жүйелей келгенде, қамтылған тарихи оқиға ауқымының талғам таразысына түскендегі әр түрлі шешім тапқандығын байқадық. Яғни әр ақын тарихи оқиғаға әр қырынан беттеген: бірі эпостық жыр үлгісіне жүгінсе, бірі аңыз сарынына түседі немесе сезімге ырық беріп, лирикаға бой алдырады, енді бірі өзгеріссіз сол қалпында қалдыруды қалаған. Аталған поэмалардың ішінде Н. Хикметтің “Панфиловшылары” орыс ақыны Н. Тихоновтың “28 гвардияшы туралы сөз” поэмасымен мазмұндық жағынан сарындас болып келеді. Себебі екі автор да А. Кривицкийдің очеркін айнытпай сол қалпында пайдаланған. Алайда Н. Тихонов поэмасында ақынның туған жеріне деген махаббат сезімі айқынырақ көрініп, “ерікті, еркін орыс жерінің” табиғаты ақын аузына жиі алынса, Н. Хикметтің соғыс техникасының цифрлық көрсеткіштеріне көп жүгінгендігі байқалады.
Ал өзге поэмаларда документтік материалдың кейбір эпизодтары болмаса, очеркті айнытпай өлең жолына айналдыру кездеспейді. Әсіресе сатқындық жасаған жиырма тоғызыншы жауынгер туралы деректі барлық ақындардың (Н. Тихоновтан басқа, оның себебін жоғарыда айтып кеткенбіз) ықылас ниетпен пайдаланғандарын оның образындағы “қалтыраған, сасқан” әрекеттерінің ұтымды шығуымен түсіндіруге болады.
Қ. Бекхожиннің, Н. Тихоновтың, М. Светловтың, Н. Хикметтің поэмаларында жауынгерлер есімі тек ғана аталғандары болмаса, барлық ерлік күш бір ғана жиынтық образға, Жиырма сегіздің бойына жинақталып, шайқас алаңындағы іс әрекет тұтасқан күйде көрініс табады. Тек халық ақындары Н. Байғанин мен Қ. Жапсарбаевтың дастандарында ой бір ғана кейіпкер төңірегінде өрбіледі. Бұл, сірә, жоғарыдағы дастанның жанрлық табиғатын сөз еткен зерттеуші Н.С. Смирнованың “биографиялық және автобиографиялық сипат дастандарға тән” деген пікірімен ұштасып жатса керек.
Сонымен қатар, Панфилов дивизиясы құрамында болған майдангер ақындар Қазақстандық орыс ақыны П. Кузнецов, орыс ақыны М. Светлов пен қырғыз ақыны Т. Шамшиевтің поэмаларындағы тарихи оқиғаның көркемдік шешім табуы өзгеше. Біріншіден, авторлардың қан майданның өтін көзімен көруі поэмаларының реалистік бояуының айқын болуына септігін тигізген. Екіншіден, генерал Панфиловтың қол жеткен табысын Жиырма сегіз жауынгердің осындай үлкен ерлігімен таразылаған ақындар Панфилов тұлғасына баса назар аударады. Олай болса, ақындар Жиырма сегіздің ерлігін поэма, дастандарына арқау ете отырып, үлкен бір тарихи кезеңнің сәттік көрінісін көркемдік бедермен бейнелеп, тарих сахнасында қалдырып кету қажеттілігін өтеген.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
-
Паперный З. Человек похожий на самого себя. – М.: Советский писатель, 1967. - 256 с.
-
Агатов М. Об авторах ваших книг. Литературные композиций. – М.: Молодая гвардия, 1972. – 656 с.
-
Светлов М. Избранное. – М.: Худ. Лит., 1972. – 372 с.
-
Уэллек Р.,Уоррен О. Теоряи литературы / Перев. с англ. А. Зверева, В. Харитонова, И. Ильина. – М.: Прогресс, 1978. - 325 с.
-
Жаков А.Г. Современная советская поэма. – Минск: Издательство БГУ, 1981. - 176 с.