Автор:
Мөлдір Әбдікова (Ақтөбе, ҚР)
«Газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе, олай болатын мәнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтып тұрады», - деген еді А.Байтұрсынов 1913 жылғы ақпанның 2-сі күнгі жазған бас мақаласында. Газеттің мұнан өзге де қоғамдық қызметтерін саралап берген А.Байтұрсынов пікірі бүгінгі алуан түрлі газеттер қызметтері арқылы айқындала түскендей.
Кез-келген ақпарат құралы тыңдарман мен оқырманға бағытталып, қалың қауымға ойы да, тілі де түсінікті болып, коммуниканттардың қажетін өтеуді мақсат етеді. Газет тіліне тән сөйлем түрлері, сөздік қор (лексика) сол мақсат мүддесінен шығуға мүмкіндік беретіндей болып екшеленеді, сұрыпталады. Оқырманның, тыңдарманның ақпаратты, мәліметті қабылдауына қиындық тудыратындай, өз заңдылықтарына сай келмейтін тілдік қолданыстарды барынша шектейді. Сондықтан да болар газет тіліне тән ерекшеліктер әлеуметтік негізді болып келеді, белгілі бір мақсатқа қызмет етеді. Бір сөзбен айтқанда, газет лексикасы әлеуметтік тұрғыдан бағалауыштық , жалпылама коммуникативті, мақсатты экспрессиялы болады.
Газет лексикасы үнемі өзгеріп, дамып, ескіріп, жаңарып отырады. Газет лексикасы бағалауыштық тұрғыдан қарастырғанда да бір қалып, бір деңгейді көрсетпейді, оның кезеңдік сипаты болады. Сонымен бірге оның қызметіне, әсіресе, ақпарат жеткізу, үгіт-насихат тарату қызметіне тікелей бағынады.
Газет тілінің басым бөлігін құрайтын сөздер тобы жиі қолданылуына қарай емес, бағалауыштық сипатына, көптеген атаулардың саясиландырылуына қарай жинақталады. Әрине, қолданыста жиі болып келетін сөздер де назардан тыс қалмайды. Осыған дейінгі қазақ тіліне қатысты жүргізілген зерттеулерде белгілі бір басылым тілінің лексикалық қабаттарын талдау басымдық танытты. Бұлайша зерттеудің жетімсіз тұстары бар. Тиімділігі – әр қабат туралы нақты дерек алуға болатындығы , ал жетімсіздігі газет лексикасының бөлшектенген түрде зерттелуі, яғни газеттің жалпы лексикалық сипаты , өзіндік ерекшелігі, құрылымы, сондай-ақ нормалануының барынша толық ашылу мүмкіндігі аз деп санаймыз.
Сонымен бірге, газет лексикасында әр заманның бет-бейнесі мен бедерін танытатын сөздер қатары болады. Олар өз заманының тарихынан, құрылысынан, өзге де әртүрлі күй-жайынан хабардар етеді. Осы сынды мәліметтерді негізге ала отырып, газет мәтіндерінде жиілікпен қолданылатын сөздерді іштей екі топқа бөлуге болады:
-
Жалпыгазеттік сөздер. Бұл сөздер газеттегі белгілі бір тақырып немесе жанрмен, белгілі бір газетпен байланыстырылып қарастырылмайды. Айталық, ел, халық, мемлекет, демократия, саясат, ынтымақтастық, ұлт, топ, қоғам, халықаралық жағдай, пікір, жетістік, үлес, дағдарыс т.с.с сияқты сөздер барлық газеттерде жиі ұшырасады.
-
Белгілі бір тақырып, белгілі бір жанр түрімен байланыста қарастырылатын сөздер тобы. Бұл сөздер қатарын мәтіндегі айтылар ойды жеткізу мақсатында қолданылатын атаулар түзеді. Мысалы, ғылыми тақырыпқа жазылған мақалалар болса, термин сөздер қатары мол болады. Газет лексикасының осы тобына ауызекі сөйлеу тілі элементтері, диалектизмдер, әлеуметтік диалект элементтері кіреді.
Газеттің функционалдық қызметі және лексикасының құрылымы тіл салаларының өзге деңгейлерімен, әсіресе, семантикамен тығыз байланыста қарастырылады. Газет лексикасына тән жалпы қасиеттер мен ерекшеліктерді ескере отырып, оның лексикасының құрамы мынадай топтардан тұрады деп қарастыруға болады:
-
Қоғамдық-саяси лексика;
-
Бағалауыштық лексика;
-
Бейтарап лексика[1, 83].
Қазақ тіл білімінде қоғамдық-саяси лексикаға қатысты мәселелер жайында профессор А.Ысқақов, А.Қалыбаев және Р.Барлыбаев сынды ғалымдардың зерттеулерінен байқауымызға болады. Р.Барлыбаев өзінің «Қазіргі қазақ тіліндегі қоғамдық саяси-лексика» атты еңбегінде кеңес дәуірі кезінде қоғам қажетін толығымен өтеген аталмыш сөздер тобының көптеген ерекшеліктерін атап көрсетті.
Қоғамдық-саяси терминдердің қызметі әр түрлі. Ақпарат құралдарында қолданылатын қоғамдық-саяси терминдер жалпығылымилық сипатымен ерекшеленгенімен, әдеби тілдегі терминжасам принциптері олардың табиғатына жат емес. Газет лексикасындағы қоғамдық-саяси лексика сөздік құрамдағы сандық әрі сапалық толығулардың айнасы іспетті. «Қоғамдық-саяси өмір саласына байланысты құбылыстар мен ұғымдар атауларын білдіретін мағыналық бірлігімен топтасқан, өз алдына біріккен сөздерді қоғамдық-саяси деп атауға болады[2, 29]», - дейді Р.Барлыбаев.
Газеттегі хабар, шетел жаңалықтары, мақалалар сынды белді жанрлар қоғамдық-саяси лексика элементтері көп қолданылатын мәтіндерден тұрады. Оның үстіне газет атаулының басты қызметі – ақпарат жеткізу мен үгіт-насихат жұмыстары негізінен қоғамдық-саяси лексикаға жататын сөздер тобы арқылы іске асатындықтан, ол газеттің төл лексикасы саналады. Қоғамдық-саяси лексиканы мынадай семантикалық топтарға бөлуге болады:
-
Әлеуметтік-тарихи категориялар мен ұғымдарды білдіретін атаулар: халық, ел, жұрт, нәсіл, алаш, қауым, қоғам сияқты сөздерді жатқызуға болады.
-
Мемлекеттік құрылыс ұғымын білдіретін атаулар қоғамда жүріп жатқан әлеуметтік, саяси өзгерістердің тілдегі тікелей көрінісі дер едік. Бұл сөздер тобына мемлекет, үкімет, одақ, республика сөздерін жатқызуға болады.
-
Әкімшілік жүйеге қатысты атаулар қатарына әкімшілік құрылыс, әкімшілік – территориялық бөлініс, лауазым атауларын жатқызуға болады.
-
Заң жүйесіне байланысты атаулардың тілімізде қалыптасуы да саяси-әкімшілік жағдайларға тікелей тәуелді.
-
Саясатқа, саяси ғылымдарға қатысты атаулар.
-
Оқу-білім, ғылым мен техника саласына байланысты атаулар газеттің ағартушылық саласындағы қызметіне орай жіктеледі.
Газет лексикасын құрайтын сөздерге тән басты ерекшеліктің бірі - бағалауыштық танытуында. Сөз қолданыс кезінде сөзге қосымша үстемеленетін, әлеуметтік топтың, жеке адамның , бір сөзбен айтқанда , субъектінің зат пен құбылысқа , іс-әрекетке беретін бағасы бағалауыштық лексика қатарын құрайды. Қазақ тіл білімінде бағалауыштық туралы сапа интенсивтілігі жөнінде орыс және қазақ материалдарын салыстыру негізінде ғалым Қ.З.Ахметжанова жан-жақты зерттеу жүргізді («Функционально-семантические поля русского и казахского языков»). Ғалым ізденісінің жемісі бағалауыштық категория жете зерттелетін еңбектерде басшылыққа алына отырып, әрі қарай тереңдетіле қарастырылуда.
Газеттің қоғамдық-әлеуметтік қызмет түріне қарай оның әлеуметтік баға берушілігі алдыңғы қатарға қойылып, басты ерекшеліктердің бірі саналады. Бағалауыштық тіл деңгейлері лексикада арасында лексикада айқын байқалады. Бағалауыштық – сөйлеушінің өз тарапынан құбылыс пен затқа, іс-әрекет атауына берген бағасы, көзқарасы , оған деген қарым-қатынасы. Бағалауыш сөздер арасындағы семантикалық байланыс бағалауға негіз болатын әрі бағалануға тиісті объектінің белгілерін аспект етіп алудан басталады. Бағалау құрамына бағалауыштық мотив, бағалау кретерийі енеді. Бағалауыштықтың құрамы күрделі. Айталық, бір зат екінші бір затпен салыстырыла бағаланатын болса, салыстырылып тұрған зат немесе соның бір беогісі элемент ретінде бағалауыштықтың құрамына енеді. Бағалау кезінде объект түгелімен емес, субъектіге маңызды болып көрінген белгілі бір бөлігі , аспектісі ғана алынуы әбден мүмкін. Бұл бір объектінің әртүрлі бағалануына себеп болады.
Бағалауыштық лексика түрлі қабаттар мен қаттаулардың қатысымен жасалады, газет тілінде функционалдық және стильдік қызметінің сипатына орай бір бүтін, біртұтас категория ретінде қабылданады:
-
Сөздің сапасы тілдің көне, төл сөздер қабаттары бірліктерінің бағалауыштықты білдіретін семаларында болады: батырлық, ерлік, даңқ, атақ т.с.с.
-
Бағалы металл аттары: алтын, күміс, жақұт, меруерт т.с.с.
-
Қауымға, көпшілікке қатысты айтылған сөздер: көпшілік, көп, бұқара т.с.с.
-
Оқуға, білімге байланысты тілімізге сіңіп кеткен араб сөздері: ғұлама, ғалым, мектеп т.с.с.
-
Адамдардың шыққан әлеуметтік ортасынан хабардар ететін , текті білдіретін сөздерде бағалауыштық кездеседі: ақсүйек, бай, кедей, қожа т.с.с.
-
Жас мөлшерін білдіретін сөздерде: жас, кәрі, үлкен, кіші, жасөспірім, бойжеткен, ақсақал, бүлдіршін т.с.с.
-
Сондай-ақ , тұлға, перзент, ұлан, дос, жолдас сияқты сөздер де бағалауыштық мәнде қолданылады.
Газет тіліндегі бейтарап сөздер аса жиілікпен қолданылады. Бұлайша аталуы бейтарап сөздерге екі жақты тілдік құбылыс ретінде қарауға мүмкіндік береді:
-
оларда газетке тән басты бағалауыштық ерекшелік болмайды;
-
бейтарап сөздер бүкіл стиль атаулының негізін, сүйегін құрайды да, белгілі бір стильге тән деп айтуға келмейтін, бейтараптық танытатын сөздер болып табылады.
Бейтарап сөздер мен бейтарап мағына туралы «Қазақ тілі» энциклопедиясында : «Зат, құбылыстар мен сапалық белгілерді, әрекет-қимылдарды атап білдіретін жалпылама лексикаға тән мағына. ...Зат, құбылыстарды жағымды, жағымсыз түрде бағалау, сезімнен туған бейнелі түсініктер бейтарап мағынаға жатпайды. ...Бейтарап сөздер – тілдердің барлық функциональдық стильдерінде қолданыла беретін, экспрессиялы реңкі жоқ лексика. Бейтарап сөздер белгілі бір стильге тән сөздерге , экспрессиялық реңкі бар сөздерге қарама-өарсы тұрған құбылыс ретінде танылады. Және де бұл лексиканы сөздердің тура мағынасы да, ауыспалы мағынасы да бере алады», - делінген[3, 66]. Бейтарап сөздер әдеби тіл стильдерінің бәріне ортақ болғандықтан, газетте ерекше қолданыс таппайды, бағалауыштық бояусыз, хабар мәнді болып келеді.
Мерзімді баспасөз басылымдары – қоғамды, қоғам мүшелерін тәрбиелейтін құрал. Газет лексикасының құрылымы мен жүйесін, лингвистикасын сақтау – баспасөздің мәдениеті, яғни, тілдік норманың талабы.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
-
Момынова Б. Газет лексикасы (жүйесі мен құрылымы). –Алматы: «Арыс», 1999. – 228 бет.
-
Барлыбаев Р. Қазақ тіліндегі қоғамдық-саяси лексика. –Алматы: «Арыс», 1978. – 290бет.
-
«Қазақ тілі» энциклопедиясы. –Алматы, 1998ж.