Автор:
Нұрсұлтан Қаниятов (Ақтөбе, Қазақстан)
Түркілік мәдениетпен қатар өрбіп, қатар дамыған, «Қосөзен» аталып кеткен Тигр мен Ефрат бойында, Месопатамия жерінде пайда болған шумерлік мәдениет, шумерлік жазба болды. Соңғы жылдары өзінің күнтізбесімен әйгіленіп, дәлірек айтсақ, 2012 жылғы «ақырзаман» деп түрткіл дүниені дүр сілкіндірген Шумер жазбасының түркілік жазбаға қаншалықты байланысы бар, қайсысы бұрынырақ туды деген даулы сұрақтар ғылымда әлі де болса ойландыратын мәселелердің бірі болып отыр.
Ең алғаш табылған түркі мәдениеті мен жазбасының айғағы болып табылатын, көне түркі жазба тарихи-мәдени ескерткіші – Орхон-Енисей жазбалары.
Көп уақытқа дейін сыры беймәлім, қай тілде жазылғандығы белгісіз болып келген. Орхон-Енисей жазбаларын руналық жазбалар деп те атайды (Скандинавия халықтарының тілінде "рунь" сөзі "сыры ашылмаған", "құпия" деген мағынаны білдіреді). Тек 1893 ж. ғана даниялық ғалым В.Томсен құпия жазуды оқудың кілтін ашады. Біраз жылдардан кейін орыс ғалымы В.В.Радлов Орхон өзені бойынан табылған үлкен тастардағы жазуды толық оқып, аударды. Руна жазуындағы ең үлкен ескерткіштер Орхон мен Енисей өзендері алқабынан табылғандықтан, жазудың өзін де осылайша атап кетті.
1893 жылғы қарашаның 25-күні Дания корольдік ғылым академиясының мәжілісінде Вильгельм Томсен ғылыми әлемді дүр сілкіндірген мәлімдеме жасады. Ғалым Орхон мен Енисей өзендері бойынан табылған ескерткіштердегі құпия жазуды оқудың кілтін ашқандығын хабарлады. Ғалымның ең алдымен оқыған сөздері «тәңірі» және «түрік» деген сөздер екен [1].
Евфрат (шумерлер Буранун (Дала деген мағына беретін) деп атаған) жазығына алғаш егіншілер шамамен б.д.д. 7000 жылы келіп қоныстана бастаған, ағашы, тау-тасы жоқ бұл жазықты қамыс-қоғаның көптігіне орай олар «Қамыс-ши иелігіндегі жер» деп атаған. Шамамен б.д.д. 3500 жылы Қосөзеннің оңтүстігінде шумерлер пайда болды. Зерттеуші ғалымдардың айтуы бойынша, олар Евфрат жазығына солтүстік-шығыстан түскен және олардың тілі айналасындағылардың ешбіріне ұқсамайтын.
Ірі шумертанушы А.Фалькенштейннің пікірі бойынша, шумерлер бұл жерге тіпті тас дәуірінде келген. Ал белгілі тарихшы И.М. Дьяконов шумерлердің қайдан келгендігі әлі күнге құпия болып келеді дейді [2]. Сонымен қатар ол антропологтардың еңбектеріне сүйене отырып, оларды европоидтық үлкен нәсілдер қатарына жатқызады [2. 93б].
Келесі бір зерттеуші Г. Фр. Кольб өз еңбегінде (История человеческой культуры, 1897): «Полагают, что клинопись есть изобретение туранского народа, который в продолжение двух столетий господствовал в Месопотамии; это были финско-татарское племя, которое эллины называли азиатскими скифами»-деп жазған болатын [3]. 1837 жылы ағылшын дипломаты, лингвист ғалым, ассирологияның атасы деп аталған Генри Роулинсон (1810-1895) Бехустин жартасындағы үш тілде жазылған жазбаларды көшіріп алып, үшінші тілдік сына нұсқасын 1853 жылы терең зерттей келе оны «скифтік немесе түркілік» деп атап, шумерлердің өзін «вавилондық скифтер»деген болатын.
Шумерлердің ата жұртының Шығыстық тегін ғалымдар одан әрі шығысқа сүйреп Алтайға жақындатқан сайын ғылыми әдебиетте шумерлер мен түркілер тілін салыстыра қарастырудың алғашқы әрекеттері қалыптаса бастады. Солардың бірі, Ф.Хоммель, шумерлер мәтіндеріндегі түркі тілімен сәйкес келетін 200 сөзді атап көрсетті, сол үшін әжуалау мен масқаралауға ұшыраған болатын. ХХ ғ. 60-шы жылдары неміс ғалымы Курт Вальтер Керам: «Шумерлер тілі көне түркі тіліне ұқсас» деп кесіп айтқан еді. [4]
Қазақстан ғалымдары арасында осындай пікірді түркітанушы ғалым А.С. Аманжолов 1969 жылы Германияда өткен конференцияда жасаған баяндамасында айтқан болатын. [5].
Расында, бұл тақырып қазақ ғалымдары арасында қолдау таппады. Олар Алдыңғы Азиядағы өлі тілдер бойынша ірі маман болып табылатын И. Дьяконовтың сөзіне бас иіуге мәжбүр болды. Осы Германиядағы конференцияда И. Дьяконов: «В настоящее время шумерский язык приходится считать изолированным и родство его с каким бы то ни было другим языком – неустановленным» деген еді. Кейінгі зерттеулер А.С. Аманжоловтың келтірген деректерінің дәлдігі мен ақиқатын айқындай түсуде. Осы уақыт аралығында көптеген шетелдік ғалымдардың, шумерлер мен түркілер тілінің туыстығын растайтын зерттеулері жарық көрді.
И.М. Дьяконовтың шумерлер мен түркілер тілінің туыстығын байқамағандығын көрсете отырып, Олжас Сулейменов И.М.Дьяконовтың еңбегінен түркі тіліне ұқсас 60 шумерлік сөзді атап көрсетті. Олар: (ада – отец(ата), ама – мать(ана), ту – родить(ту, туу), ере – муж(ер, еркек), рядовой воин(өрен), угу – стрела(оқ), таг – прицепи(тақ), заг – сторона(жақ), бильга – мудрый(білгір), предок, ме – я(мен), зе – ты(сен), ане – вот(әне), гуд - бык, гаш - птица(құс), кир – грязь (кір), земля(жер), уш – три (үш), у – десять(он), кен – широкий(кең), узук – длинный(ұзын), туш – спуститься(түс), уд – огонь(от), удун – дерево(отын), дрова, дингир – бог(тәңір), небо, тенгир - бог, небо және т.б.). О.Сулейменов әрбір сөзді тыңғылықты талдауға алып, шумер-түркілік түбірінің сәйкестігін анықтады. Сөйте келе оларды төмендегідей топтырға жіктеп көрсетті:
а) ұқсастықтардың жүйелігі бар, өйткені олар өмірмен байланысты;
б) шумер және түркі тілдері ұзақ уақыттар бойы өзара анық ықпалдастықта болған;
в) бұл тілдер генетикалық жағынан емес, керісінше өзара мәдени ықпал етулер нәтижесінде туыстасқан[6].
Шумер атауының шығу тегіне көп көңіл аударғандардың бірі Олжас Сүлейменов. Ол өзіне дейінгілердің талдауындағы кеткен олқылықтарды келтіре отырып, шумерлер жазуындағы таңбаларды терең талдауға алған. «Қосөзендегі батпақты сулы, нулы ел – Суб-йер» дей келе, «Таңба мен атаудың түркілерден шыққандығының ең нанымды дәлелі – түркілер иероглиф пен таңбаның шын мағынасын білді, сондықтан олар Суб-йер тіркесімен байланысты қияли аңыз шығармады. Демек, тіркес құпия сырға толы әлдене болып көрінбейді»[6. 246 б]. Сонымен Олжас Сүлейменов Шумер атауын «Су-жер» сулы жер атауынан таратады.
Әрине алғашқы егіншілердің өзен, көлдер жағасына келіп орналасқанын ескерер болсақ, бұл атаудың өмір сүру құқы бар екендігін айта аламыз. Осы жерде өзіміздің де жорамалымызды айта кетуді жөн көрдік. Шумерлер өздерін «санг-гиг» - «басы қара», яғни қарабастылар деп атаған. Дьяконов – санг – бас – деп аударған. Сонымен қатар ең ежелгі оқулықтарды жазғандарды – «санга» (абыз) – титулымен атаған. Бұған қарап, «сана», «дана» - сөздерінің шығу тегі де осында жатыр ма деген ойға қаламыз. Гректер сақтардың бір бөлігін «шошақ бөрікті» (тиграхауда) деп атаған секілді, орыс жылнамалары да «қарақалпақтарды» «черные клоубоки» деп атаған, сонымен қатар албандар арасында «қоңыр бөрік», «қызыл бөрік» деген рулардың бар екендігі мәлім.
Ежелгі түркілік іздерді Шумерлерден іздегеніміз де тегін емес, европалық ғалымдар Халфен, Мюллер, Франке, Де Груут, Менген, Кастрен, Хаваси, Халоун, Харлейз, Копперз, Котвич және т.б. ежелгі түркілердің әлемнің төрт бұрышында да қалдырған іздері туралы жан-жақты зерттеулер жүргізгенін З.В. Тоган дәлелді келтірген. Шевеста, Кзермак, Шмидт, Копперз зерттеулерінде көне түркілер мәдениетін б.д.д. ІІ мыңжылдықта Ніл өзені аңғарынан жиі кездестіруге болады деп атап өткен. Ал, М.А. Кастрен Орталық Азиядағы, әсіресе Алтай өлкесіндегі тайпалардың ежелгі Шумер жеріне қоныс аударғаны туралы жазады [7]. Бұл пікірді қолдаған В.Шмидт пен О.Менген Таяу Шығыс пен Ніл аңғарында ежелгі және үлкен мемлекетті, өркениетті Орта Азиядан әскери-көшпенді қауымдар әкелген деп атап көрсетеді. О.Менген бұл деректерді жануарлар сүйегіне, әсіресе, жылқы сүйегінің табылған жерлерін зерттей келе, оларды қолға үйрету соңғы тас пен жаңа тас дәуірінде Орал-Алтай және Солтүстік пен Орта Азия тайпаларында орын алғанын, атқа мініп алапат жорықтарға аттанып, өркениет тасымалдаушылары болғандығын айтады. Темір өңдеуді де б.д.д. ІІ мыңжылдықта Мысырға (Египет) осы көшпенділер жеткізген.
Помпей Трогтың (б.д.д. І - б.д. І ғғ.) 44 томдық «Филипптің тарихында» сақ, массагеттер туралы айта келе: «Скифтер барлық заманда көне халық болып есептелген, көнеліктен олар мысырлықтардан кем түспейді» деп атап көрсетеді [8].
Қорыта айтқанда, түркілік сына жазуының шумерлік жазбаларға қандайда бір қатысын болжап, рухани мәдениеттің байланысы барлығы анық. Оны дәлелдеудің шумерлерден жеткен материалдардың аздығынан қиындықтар тудырғанмен тарих сахнасында шындық туған болса, дәйегі де табыларына сенеміз.
Пайдаланған әдебиеттер:
-
Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007.
-
История Древнего Востока. Зарождение древнейших классовых обществ и первые очаги рабовладелческой цивилизации. Ч.1. Месопотамия/ Под ред. И.М. Дьяконова. Гл. ред. Восточной литературы. - М., 1983. С.- 534 (92).
-
Г. Фр. Кольб. История человеческой культуры. - СПб., 1872. Изд. С.В. Звонарева, -В 2 т. – Т.1, С.- 506.
-
К. Керам. Боги, гробницы, ученые. Твердый переплет (1986) Букинистическое издание
-
Аманжолов А.С. "Шумеро"-тюркские соответствия и изобразительные логограммы. - "Sprache, Geschichte und Kultur der Altaischen Völker", Protokollband der XII. Tagung der Permanent International Altaistic Conference 1969 in Berlin. Herausgegeben von G. Hazai und P. Zieme. Berlin, 1974, - рр. 65-71.
-
Cүлейменов Олжас. АЗ и Я. Ізгі ниетті оқырман кітабы/ Ауд. С. Ақатаев. - Алматы, Жазушы, 1992. - 292 бет.
-
Рагозина З.А. История халдеи. – СПб.: Изд-во А.Ф. Маркса, 1902, C- 12. 9.
-
Дуров В.С. Художественная историография Древнего Рима. – СПб.: Изд-во Сю-Петербургского ун-та, 1993, C - 144.
Ғылыми жетекші:
филология ғылымдарының кандитаты, доцент Аитова А.Н