Автор:
Гулден Найманбаева (Талдыкорган, Казахстан)
Жазушы О.Бөкеевтің өзіндік көркемдік талғамының бір қыры «Атау кере» романында қаламгер өзі туып өскен өр Алтайдың тамылжыған табиғатын ерекше шабытпен, ыждахатпен суреттеу арқылы, күллі адамзат үшін кіндік қаны тамған жердің қадір-қасиетін ұшқыр сезімімен ұқтыра түскендей. «Күн шығыстың бар асылын, бар байлығын, бар сұлулығын өн бойына дарыта жинақтаған асқар-асқар тауларын, асу-асу белдерін, телегейінен тентектігі басым ерке өзендерін,ат омыраулатып жарып жүре алмайтын жасыл шалғын кең жайлауын, кермарал кербез елігін, мамырлай жүзген аққу-қаздарын татсаң,таңайда қалар балы мен ақ балтыр ару қайың, қайсар қарағайын - ия,ия осылардың қадір қасиетін түсініп, сезіміңізді селт еткізе алмасаңыз... онда тыңдаңыз...» [1,184] . Туып өскен жерінің барлық тіршілік тынысын сезінген, өзіне азаматтық зор жауапкершілік парызын жүктеген жазушы ғана осындай шеберлік үлгісін көрсете алса керек. Сұлулықты сезіне білу, кез-келген қарапайым құбылыстың жай көзге елеусіз құпия қасиеттерін көре білу, оны жарқырата жазу-суреткердің басты ерекшелігі. Қызығып сүйсінген нысанасы ретінде көрінген пейзаж әдетте, адам жанын асқақ сезімдерге бөлейтін ел, жер жарық дүние символына ұласатын керемет рухани құдірет-күшке, қуанышқа айналып кетеді.
«Оралханның көптеген туындыларында табиғат, Алтай табиғаты негізгі фон, кейде, тіпті кейіпкерлерімен жарыса жүретін образ иесі екенін аңғару қиын емес. Жазушы Бөкеев - туған өлкесі әсем Алтайдың, асқақ Алтайдың жыршысы» [2,161], - деп бағалайды зерттеуші ғалым Р.Сыздықова. Қаламгердің көптеген шығармаларына арқау болған Алтайдың сұлулығы, тамаша табиғаты кейіпкерлерінің ішкі жан дүниесін, сезім буырқанысын сол табиғат құбылыстарымен астастыра суреттеуге негіз болса, бір ерекшелігі «Атау кере» романында табиғат құбылысы екі бағытта, біріншіден, кейіпкерлердің жан дүниесінен тыс, таза табиғи қалпында өз болмыс бітімінде суреттеледі.
Шығармадағы шыққан күннің әрбір сәулесі, қараңғылықтың қою бояуы, асқақ таулардың такаппарлығы, тентек өзендердің шуылы т.б. жазушы назарынан тыс қалмай, ерекше көркемдік айшықпен суреттелген. Шығармадағы табиғат құбылысының әрқайсысын ретіне қарай аспан әлемінің суреті, таң суреті, күн мен ай сипаты, қараңғылық бояуы мен түн сипаты, бұлт сипаты, жаңбыр мен бұршақ сипаты, өзен үні, тау суреті деп саралап беруге болады. Бұлай жіктеудегі мақсат әрбір құбылыстың табиғи қалпының ыңғайына қарай жазушы соған бейімделген сипаттаулар, көркемдік айшықты таңдап алған. Мысалы:
аспан әлемінің суреті:
«Енді міне, бедірейген аспанның омырауы семіп, тамыз басталғалы да бір тамбай , жер көктің апшысын қуырып тұр» [3,318]- кейіптеу, аспанның адам сияқты бедіреюінен омырауының семіп, қатып қалуымен жансыз табиғатты тірі жан сияқты кейіпте суреттеу арқылы оның бір қаталдығын көрсетіп тұр.
«Бұл кезде жер жарықтықтың алып түндігі іспетті көк аспанның түбі тесіліп, самсап жұлдыздар шыққан» [3,324] - метафора, мұнда аспан – түндік ұғымындағы «түндік» сөзі ауыспалы мағынада қолданылған.
таң суреті:
«Онда да таңның алғашқы хабаршы сәулелері тарап, елең – алаң шақ туа атқа мінбесең, қонаға жете алмай қаласың» [3,317] – эпитет;
күн мен ай сипаты:
«Мұзтау жақтан күннің шеті қылтиды. Жарықтық – ай, сағыныштың от-жалынына оранып ыңырана көтерілді-ау. Жарықтық-ай, мұқым әлемді қуаныштың құндағынан оятып қуатымен нұрландырып, тіршіліктің мәңгілік толастамас, тоқтап, тоқырамас күйін шерткендей, шексіз аспан әлеміне көтеріле берді. Тоқтататын күш жоқ» [3,385] – кейіптеу, күннің «ыңырана көтерілуі» мұнда Еріктің таңды сарыла күткен сезіміне орайластырылған;
«Ай әлі туа қойған жоқ, таудың қалқасында қамалып жатыр, оңтүстік шығыста жұқалаң жарық бар. Сап түзеген самырсындар тұңғиық ойда: мылқау мүлгиді» [3,342] – көсемше көмегімен жасалған эпитет, мұндағы эпитет сөз әдеттегідей анықтауыш сөзден емес, көсемше арқылы күрделеніп жасалған.
«Жартысы жоқ айдың сәулесі титтей заттың нобайын дабырайтып, үңірейтіп, абажадай үлкейтіп, албастыдай әжуалап, құбыжықтай құбылтып көрсетеді» [3,343] – күрделі теңеу, мұнда да көсемше арқылы жасалған «дабырайтып, үңірейтіп, әжуалап, құбылтып» эпитеттері жұптаса келе өзінің алдында тұрған теңеудің сипатын ашуға қызмет еткендіктен, күрделі теңеу болады.
«Айдың шығуы қандай тез болса, омырауын жұлдыздар көп нүктелеп тастаған аспанға өрледі де, соншалық шапшаң шабыспен зытып барады» [3,355] - көсемше көмегімен жасалған эпитет;
қараңғылық бояуы мен түн сипаты:
«Төңіректің жұқалтаң жарығы жоғалып, түңлігін жапқан киіз үйдей қоп – қою қомағай қараңғылық меңдеген» [3,325] – эпитет, мұнда «түңлігін жапқан киіз үйдей» деген теңеу өзінен кейінгі қараңғылықтың «қомағай» сипатын ашуға көқмектескен;
«Ауылдың кешкі қарбаласы сабасына түсіп, саябыр тауып, енді не істесеңдер де еріктеріңе дегендей тұншыққан түн басталған –ды» [3,324] – көсемше арқылы жасалған эпитет;
бұлт сипаты:
«Тамыздың алғашқы аптасы өтіп, жаңа туған ай екінші жұманың аяғында ортасынан қақ тілген қауындай жартыкештене семіріп келе жатқан: қазір сонау қарабарқын таудың үстінде дәл алдында арыстанша аузын ашқан, қарабауыр бұлттың өңешіне жым – жырт жылжыған еді» [3,324] – күрделі эпитет;
«Ендігі сәтте жартыкеш ай әлгі арыстан – бұлттың арандай аузына кірген» [3,325] - метафора;
«Қара бурадай құтырына жөңкілген бұлт бір-бірінен жерігендей үрке орналасқан бытыраңқы үйлердің жиналмай қалған кірін желпілдетіп, албастыдай апай-топайын шығарды» [3,417] - күрделі эпитет;
«Соңғы бір аптада шайдай ашық тұрған аспанның әр жеріне шарбыланып, көп кешікпей келетін күздің шабарман бұлттары жүзе бастады. Көп тостырмай келер күздің хабаршысы тек қаймақшыған бұлт қана емес, күн батып, қас қарая түсер салқын, түннің дене қалтыратар суықтығы да; көп ұзамай келер күздің нышаны орман-тоғай, тау шалғынынан да біліне бастаған» [3,430] - көсемше арқылы жасалған эпитет;
«Түске дейін ашық тұрған аспанның әр жерінен шабарман бұлт шығып, біріге қоғамдасып кетуге бір-бірін менсінбегендей, көк жүзінде бытырай жүз-жүзге бөлініп жеке-дара жүзеді. Кейбірі жамбасқа ойысқан күннің бетін тұмшалай бастаса, күн сытыла шығып, нұр саулаған дидарына көлеңке түсіргісі келмейтіндей» [3,447] - күрделі эпитет;
жаңбыр мен бұршақ сипаты:
«Желіккен желмен бірге жарыса түскен жаңбырдың хабаршы тамшылары жетіп, әлгінде ғана будақтай көтерілген қара жолдың шаңын жерге шегелей бастаған» [3,416] - эпитет;
«Барабандап бастаған бұршақ қара қошқыл бұлттың құсығындай, далада жүрген тіршілік иесін бұрыш-бұрышқа, ықтасын-қуысқа қуалап тықты» [3,416] – метафора;
«Бұлақтың іші толған - ақ моншақ – әрі суық, әрі сұлу көрініске есік –терезеден сығалай мәз балалардың кейбір шыдамсыздары жалаң аяқ, жалаң бас далаға шапқылап шығып, шекесін ісіріп қайта оралады. Ең ғажабы, дәл сол күні – бір жағы ақ, бір жағы қызыл бұршақ жауды [3,417] – метафора;
өзен үні:
«сонау Алтайдың күміс шашбауындай ирелеңдей аққан Бұқтырма өзені» [3,317] -теңеу
«Сол, әсіресе, бас жағы ақ айран болып басталып, Таулы Алтай өлкесіне жақындағанда, тау-таудың омырауынан сандаған бұлақ саулап қосылып мөлдірленіп барып Обьқа құятын ағынды өзеннің солтүстігін алтайлықтар, оңтүстігін қазақтар жайлайтын» [3,332] - метафора;
«Қатын суының гүрілі осы өңірдің ешқашан толастамас музыкасы секілді еді. Зейін қоймай тыңдаған адамға тек жалғыз –ақ әуенмен құлақты тұндыра шуылдағанымен, сан түрлі ғажап үн шығаратын: айталық, көктем туып, ақ жал толқындарын аспанға лақтыра тасығандағы арқыраған даусын қазіргі тамылжыған тамыздағы орташа екпінмен аққан сырылына ұқсатуға бола ма; ол күз туа, жуасып қоңыр әуенге басса, қыс айында қысыла қыңсылаған күбір-сыбырға көшетін» [3,333] - есімше арқылы жасалғанкейіптеу;
«Қатын суы қаншалықты қазымырлана бұлқынғанмен, соншалықты сұлу еді сайқал...» – метафора [3, 338];
«Сайдың іші салқын, өзекті қуалай сылдырап бұлақ ағады. Жас баланың тіліндей былдырлаған үні қазіргі қаймақшыған тыныштықты бұзбай, қайта әдемі бір жарасыммен жуастау қыздың шашбауындай сылдырлайды» [3,351] – теңеу;
«Көптен бері жаңбыр жаумаған, әмбесінде Мұзтаудың қаспақ қары, салқын түссе, жылбысқылана ерімей қайта қатып, Қатын өзені қорынан айралған соң ба, қорылын азайтып, қорлана ағады» [3,447] – кейіптеу;
тау суреті:
«Бұл шақта батыста барыстай болып сұлап жатқан таудың жон арқасына ілінген күннің шапағы әр үйдің шатыр – шатырларын жалынымен жалап, тура Ерік үңіліп отырған терезеге түскен» [3,332] - күрделі элитет
«Әлгіндегі батысты өртеген «жез табақ» таудың тасасына түсіп кеткенде, үлкен бір пәледен құтылғандай Ерік «уһ» деген» [3,322] – метафора.
«Атақты «Мұзтау» деп аталатын шың Алтайдың мәңгі жығылмас, шаңырағы шайқалмас ақ отауы сынды еді» [3,332] - метафора
«Күннің көзіне арқасын тосқан үйдің төбесіндегі, жолдың ернеуіндегі қардың шеті ғана еріншектене ерігені болмаса, тау-тас, жон – қыраттар ақ күпісін оңайшылықпен шеше қоймайтын» [3,402] - күрделі метафора;
«Ұшар басында жаулықтай байланып, төбесін перделеп тұрар бұлт жоқ, қыркүйектің таза аспанына сұғынып кірген аппақ алып найза жарықтық Мұзтаудың дәл өзі еді» [3,449] - метафора.
Тірі жан сияқты табиғаттың да өзінің мінезі бар. Шығарма бедерінде көріктеу құралдарын осылайша құбылта бейнелеу нәти-жесінде табиғат құбылыстарының әрқайсысын әр түрлі сипатта, әр қырынан, әр түрлі бейнеде өрнектеген жазушы бірде өзеннің үніне құлақ салса, бірде таудың тәкаппарлығына бас иеді, енді бірде бұлттың әр түрлі түске енуін тамашалайды т.с.с. О. Бөкеевтің табиғат суреттеудегі өзгешеліктері, ерекшеліктері оның осы қырымен сабақтас. Жазушы негізінен табиғат құбылыстарын адам өміріне сәйкестендіріп алады, сол арқылы адам характерін ашады, өмір шындығын алға тартады, қоғам бітімін танытады.
«Атау кере» шығармасындағы табиғат құбылысының жоғарыда атап өткеніміздей екі бағытта суреттелетінін, оның біріне қаймағы бұзылмаған табиғаттың таза өз бояуы мысал болса, екіншіден ауылда ішімдікке салынып, өзін жоғалтып алған Таған да жан дауасын Алтайдың жадыраған табиғаты, үнсіздігімен бетпе-бет келгенде табады. «Ойды ой қуалап, біраз жерге келіп қалған екен... өрге қарай жүргендіктен ентігіп, шаршау тартқанын сезді. Ал дегенде көзі шағылысып жасқанып қалған Таған көз үйрете келе сілейе қарады. Ол Мұзтаудың нақ қазіргідей тыр-жалаңаш, асқақ та асау, сұлу, бар бітімін жоғалтпай, тұтас тұлғасын жарқырата ашқан күйінде тұңғыш көруі. «Айналайын, табиғат ием-ай, тамашаң қандай көп еді» деп, көзі жасаурап отыра кетті. Ол шын шаттана қуанған, шалқып тебіренеген, мынау дүниеге жаңа келгендей, немесе әлемдегі ең асылын тапқандай, бала көңіл, сәби жүрек, сабырлы ақылмен туған жерінің көркемдігін сонырқаған; саумал ауа, таза көріністің бәр-бәрін жұтына жұтып, ішіп тауысардай таусаған... «Табиғат жаратқан алқам-салқам болмайды, ол - әмісе әдемі, әмісе сүймейді, әрі шыншыл, әрі ақылды, сондықтан да адамдар секілді қателеспейді. Табиғат - мәңгілік тірі, өтірік айтпауды, алдап-арбамауды табиғаттан үйрену керек, өйткені ОНЬІН, [табиғаттың] жүрегі таза. Табиғат бізді алдаған емес, тек өзімізді өзіміз ғана қан қақсатамыз, қан жоса қыламыз. Табиғат қате жібермейді, егер «ақымақты» дүниеге келтірсе, онда сол ақымақтың да бір нәрсеге қажет болғаны; Табиғатта АДАМНАН басқа артық нәсте жоқ, тек БІЗДЕР ғана жаратушының гармониялық берік байланыстағы тізбегіне кіре алмаймыз...» [3,449]. Міне Тағанның ойы, жан жүрегі табиғат жанына сәйкес түлеп, бірте-бірте қайта түлеуді бастан кешіреді. Дәл осылай кейіпкер болмысын табиғат құбылыстарымен астастыра суреттеу қаламгер шығармашылығының өзіндік ерекшелігі болып табылады.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
-
Бөкеев О. Қайдасың, қасқа құлыным. Алматы: Жазушы,1973. 200 бет
-
Сыздықова Р. Сәйкестік. //Уақыт және қаламгер. 10 кітап. Алматы: Жазушы, І984. - 160-177 бб.
-
Бөкей О. Екі томдық таңдамалы шығармалар. Екінші том. Алматы: Жазушы, 1996. – 494 бет
Научный руководитель:
Кандидат филологических наук Джакыпбекова Мамиля Тургамбаевна.