Автор:
Роза Садықова (Алматы, Казахстан)
Тіл білімінде фразеология, паремиология салаларының жеке пән ретінде қалыптасуында, соның ішінде мақал-мәтелдерді фразеология мен паремологияның жеке объектісі ретінде қарастырып, олардың іші мен табиғаты, зерттеу әдістерін анықтауда көптеген шетелдік және отандық ғалым-лингвистердің маңызды теориялық тұжырымдар мен еңбектері үлкен орын алады. Солардың ішінде В.В. Виноградов, М.М. Копыленко,
С.Г. Гаврин, Д. Добровольский, Г.Л. Пермяков, А.Т. Қайдар, Н.Н. Амосова, В.П. Жуков, С.Е. Исабеков, М.Т. Сабитова сынды ғалымдардың еңбектері жоғары бағаланады [1, б. 125].
Парсы тілінің фразеологиясы өте бай және өзіндік сипатқа ие уникалды болып табылады. Оларды халықтың ұлттық мәдениеті айқын көрініс табады. Кейбір афоризмдер мен тұрақты тіркестерді және қанатты сөздерді орыс тілінде беру мүмкін болмайды. Сонықтан орыс тіл біліміндегі лексикографиялық еңбектерде көбіне парсы тіліндегі контекст тұтас алынады. Парсы фразеологизмдері сонымен қатар көпқырлы функционалды рөл атқарады, халықтың этнопсихологиялық және әлеуметтік-этикалық нормаларын көрсететіндіктен контрастивті-мәдениеттанулық талдау жасау үшін барынша маңызды болып саналады [2].
Ертеректегі ауыз әдебиетінің ең көне түрі мақалдар мен мәтелдер. Ол ғасырлар бойы халықтың ұқыптап сақтап келген еңбек тәжірибесінің жиыны, ой-пікірінің түйіні, аңсаған асыл арманының арнасы, өмір тіршілігінің айнасы, көнеден жаңаға, атадан балаға қалдырып келе жатқан тозбайтын, тот баспайтын өмірлік өшпес мұрасы [ 3, б. 3].
Мақал мен мәтелдерді сара сөз бен нақылдарды халық ежелден жақсы көреді, мақал-мәтел әрбір халықтың көне де байырғы рухани қазынасы, мақал-мәтелдердің табиғаты барлық тілдерде бір-біріне ұқсас.
«Өмір – ұлы ұстаз» деген нақыл сөз бар. Өмір адам баласын алдымен еңбекке үйретті, еңбек өнерді туғызды. Еңбек пен өмір адамды бірлікке бастады, ынтымаққа шақырды. Осыдан халық қорытып: «Көппен көрген ұлы той» десе, ал парсы халықтары
«مرگ به انبوه جشن است», «Әрекетте берекет» «همت از تو قوت از خدا» - дейді.
Көріп отырғанымыздай, бұл тәрізді ұқсас мақал-мәтелдерді тек парсы тілінен ғана емес, кез келген түркі тілінен де кездестіруге болады.
Ә.Т. Қайдар қазақ мақал-мәтелдері мен зерттеуін «Халық даналығы» деп атады. Осылайша аталуын түсіндіре кетіп, кітап атындағы «даналық» түркі тілдеріне парсы тілінен енген – дана (dana) دانا (ақылды, ғалым, білгір адам) сөзімен төркіндес. Даналықтың кені – шығыста, адамзат қауымындағы даналардың көбіде шығыс елдерінен шыққан. Шығу тегі бір, бір ұяда өсіп, жан-жаққа тарап кеткен ірілі-ұсақты түркі халықтарының тілі ғана емес, рухани-мәдени болмысы да, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары да, танымдық-тағылымдық қасиеттері де ортақ десек, мақал-мәтелдердің көбісі де түркі әлеміне ортақ мұра [4, б.59].
Түркі халықтарына ортақ мақал-мәтелдердің де екі түрлі арна бойынша қалыптасады. Бірінші арнасы түркі халықтарының генеологиялық шығу тегі мен тарихына, екіншісі ғасырлар бойы жіті араласу, өзара етене сіңісу нәтижесінде жүзеге асқан рухани ауыс-түйістер жатады. Негізінде, түркі әлемінде ортақ мақал-мәтелдерді өз тілінің ерекшелігіне сәйкес қалыптастырып, аударып, өз тілінде сөйлетіп келеді. Сондықтан да, иран халқы айтқан мақал-мәтелдерді – түрік халқы түсініп, түріктер айтқаннан – қазақтар түсініп, жалғасып, ортақ мұра болып келеді. Егер мақал-мәтелдерді біз басқа тілдерден оларға қойылатын «қысқа да нұсқа, бейнелі, ауыспалы мағынасы мен астарлы мәнін сақтап», осы шарттарды орындап, аударып алатын болсақ, «аударма» деген ұғымнан гөрі, «өз тіліңе сәйкестендіру» - деген бұл процеске дәлірек келеді. Көбінесе мағыналас (синонимдес), не тақырыптас мақал-мәтелдермен, сөздермен алмастырумен, сәйкестендірумен шектеледі. Төмендегі мысалдарға назар аударайық:
Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам.
چراغ دروغ فروغ ندارد.
Қызым, саған айтамын, келінім, сен тыңда.
دخنتر به تو می گویم عروس تو بشنو.
Көп түкірсе – көл.
قطره قطره دریا شود.
Аңғармай сөйлеген ауырмай өледі.
زبان سرخ سر سبز می دهد بر باد.
Басаман болса, бөрік табылар.
سر باشد کلاه بسیار است.
Тас түскен жеріне ауыр.
سنگ بجای خودش سنگین
Тесік моншақ жерде қалмас. گوش باشد
گوشواره بسیار است.
Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды.
دو شمشیر در نیامی نگنجند. Жау жоқ деме жар астында,
Бөрі жоқ деме, бөрік астында.
دیوار موش دارد و موش گوش دارد.
Көре-көре көсем боларсың,
Сөйлей-сөйлей шешен боларсың.
شاگرد رفته رفته به آستاد می رسد.
Арзанның сорпасы татымас.
ارزان خری انبان خری.
Көппен көрген ұлы той.
مرگ به انبوه جشن است.
Тоқтық не дегізбейді, жоқтық не жегізбейді.
آدم گرسنه سنگ را هم می خورد.
Осы мақал-мәтелдерде көріп отырғанымыздай, екі тілдің мақал-мәтелдерін мағынасы жағынан сәйкестендіргенде, парсы тіліндегі мақалды тікелей аударса:
قطره قطره دریا شود Тамшы, тамшы көл болар, біз осы мақалды қазақтың «Көп түкірсе - көл» мақалымен сәйкстендіріп алдық. Келесі бір қазақтың мақалын алып қарайық, «Көре-көре көсем боларсың, сөйлей-сөйлей шешен боларсың», енді осы мақалға мағынасы жағынан сәйкестендіріп алған парсы тілі мақал-мәтелін аударып көрейік: « شاگرد رفته رفته به آستاد می رسد Шәкірт бара-бара ұстаз болар.
Міне, осы жерде екі тілде алынған мақал-мәтелдерді біз аударып сәйкестендіргенде мағына-мәні өзгеріп, бейнелілігі кеміп тұрған жоқ [5, б.165]. «Біреуге көр қазба – өзің түсерсің» - деген мақалды иран халықтарының рухани дүниесінен кездестіруге болады екен. Дәлірек айтса, бұл мақал парсы тіліндегі Авеста мен Зендіде: «Провалился в яму тот, кто другим капал яму» (32 б., орысша аудармасы) мағынасында қолданылған екен. Иран ғалымдары да бұл мақалдың шығу тегін иран тілдері және ол өз кезінде өте кең тараған мақал деп санайтын көрінеді.Мәселен, әдебиетші
Х. Көроғлы: «Источником этой широко известной в пароде пословицы названа священная книга иранцев «Авеста»» деп көрсетеді.
Бұл мақал «Авестада» тым еретеде (б.д.д. YII ғ.) қолданылса да, қазақ тілінде өзін бөтен тіл элементтеріндей емес, сол тілдің етене өзінен туындаған мақалдай сезінуінде. Даналық сөздер кейде басқа шет тілдерінен тікелей емес, көне түркі жазба ескерткіштері мен көркем шығармалары арқылы аударылып жетуі де мүмкін ]4,б. 26]. Мысалы, Иран ақыны Саадийдің «Гүлістан» атты шығармадан да біз көптеген мағыналас, рухы ұқсас мақал-мәтелдерді кездестіреміз.
Парсы мақал-мәтелдерін зерттеуші ғалым Халық Көроғлы: «Мақал-мәтелдер қоры әрбір халықтың әлеуметтік хал-күйінің айнасы екендігін көрсетеді» [6, б. 38]. Алғаш шығыс ақындарына еліктеп өлең жазған ақын Абай. Ұлы ақын нәр алған үш арнаның бірі – Шығыс поэзиясы екені хақ. Парсы ақындары қашаннан-ақ әңгімені тартымды, қызықты етіп жазуға шебер келетін. Тіпті аса көне проза ескерткіштерінің бірі – Бабак руынан шыққан Ардашер туралы біздің эрамыздың бас кезінде жазылған әңгіме. Парсы әдебиетінде поэзия едәуір дамыды, соның ішінде, әсіресе лирика жетекші орынға ие болды [7, б. 3].
Мақал-мәтелдердің табиғаты барлық тілдерде бір-біріне ұқсас. Сондықтан да олардың алғаш пайда болуына байланысты айтылып жүрген пікірлермен санасу да қажет. Мәселен, көптеген зерттеушілер мақал-мәтелдер алдымен міндетті түрде жеке-дара адамдардың, көбіне көп ділмәр-шешен, айтқыш-ақылмандардың дуалы аузынан шығып, халық арасына сіңіп, ел жадында сақталу арқылы қалыптасады деп топшыласа, кейбір зерттеушілер мұны керісінше қарастырады. Мысалы, белгілі әдебиетші ғалым Халық Көроғлы: «Издавна пословицы и поговорки проникли в персидскую литературу – в прозу и поезию. Не было ни одного более или менее известного персидского поэта, который не приводил бы в своих произведениях пословиц и поговорок. В персидской и персоязычной литературе классического периода они встречаются в огромном количестве и большой частью в стихотворной форме. С ХVI в. Пословицы и поговорки стали собирать в отдельные антологии» - деп көрсетеді [6, б.5].
Бұл пікірден парсы мақал-мәтелдері алдымен халық тілінде пайда болып, қалыптасып алғаннан кейін ғана әдебиетшілердің шығармаларында қолданыла бастады деген ұғым туатын сияқты. Шын мәнісінде, олай емес, парсы мақал-мәтелдері де, барша халықтарға тән дәстүр бойынша, алдымен жеке-дара дарынды да шешен адамдардың шығармасында пайда болып, одан кейін ғана ой елегінен екшеліп өтіп, әбден сұрыпталып, ширығып барып шырадай жанатын, ел аузынан тастамай айтып жүретін аталы сөзге айналады.
Сонымен, қорыта келгенде парсы тілінің мақал-мәтелдер жинағын шығарған Иран ғалымы Амини: «Читатель видит, что высказываниях простого человека с базара содержатся жемчужины ума и клады истины. Выражая их в своих содержательных рассказах, он определяет и указывает нам светлый путь жизни – той жизни, которая, с одной стороны, обязана уму, нравам и старанию его, а с другой – определяется волей бога, судьбой, смирением и терпением перед тем, что нам посылается» - деп баяндайды [6, б. 2].
Бұл пікірдің қазақ мақал-мәтелдеріне де қатысы бар. Расында, қазақ мақал-мәтелдерінің барлығы бірдей бірден бас-аяғы анықталып, біртұтас болып қалыптасқан, қолдануға дайын күйінде пайда бола қойған жоқ. Олардың көпшілігі ұзақ әңгіменің, ой-толғаныстың қорытындысы, тобықтай түйіні, тоқ етері ретінде қысқа айтылатын пікір үлгісі болып келеді.
Қолданылған әдебиеттер:
1.Жумадилова Ғ. Парсы мақалдарының топтастырылуы
//Шығыстану білімі мен ғылымының іргелі және инновациялық мәселелері. Халық. ғылыми-теориялық конференция жинағы. – Алматы, 2009.
2. Садықова Р.К. Түр-түс атауларының аудармада берілуі «Абай жолы» роман-эпопеясының парсы тіліне аудармасы негізінде: филол. ғылымд. канд. диссерт. –Алматы, 2010. –150 б.
3.Тұрманжанов М. Ө. «Қазақтың мақалдары мен мәтелдері» - Алматы, 2004. – 272 б.
4.Қайдар Ә. Т. Қазақ мақал-мәтелдерінің түсіндірме сөздігі және зерттеу «Халық даналығы» - Алматы, 2004. – 560 б.
5.Рүстемов Л. З., И. Сәмәре. Парсы тілінің жолашары. - Теһран,
1995.
6.Х. Короглы «Персидские пословицы и поговорки» - М., 1973.
7. Парсы жазушыларының әңгімелері. - Алматы, 1958. – 260 б .