Автор:
Жанат Султангалиева, Жубаназар Асанов (Актобе, Казахстан)
«Едіге» эпосы – Алтын Орда дәуіріндегі біздің ата-бабаларымыздың кейінгіге қалдырған үлгі-өсиеті, асыл аманаты. Күні кеше ғана күркіреп тұрған мемлекетін, тұтастығын, рухани бірлігін, басынан ұшқан бағын жоқтауы, жан дауысы, имандай сыры. «Едіге» эпосын тек қазақ қана емес, татар, ноғай, қарақалпақ, башқұрт, өзбек, түрікмен халықтары ХІҮ-ХҮ ғасырлардан бастап 1944 жылға дейін айтып келді. Жырды зерттеуге Ш.Уәлиханов, В.М.Жирмунский, П.М.Мелиоранский, А.Н.Самойлович, М.Тынышбаев, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев сияқты белгілі ғалымдар азды-көпті өз үлестерін қосты. Бәрі де эпосқа жоғары баға берді.
1944 жылы 9 тамызда ВКП (б) Орталық Коммитеті қабылдаған Татарстан партия органдарының жұмысы туралы қаулы шықты [1]. Ол қаулыда кейбір тарихшылар Татарстан тарихын ұлтшылдық тұрғыдан жазып жүр. Олардың еңбектерінде Алтын Орда тарихын мақтау, Едіге туралы хандық-феодалдық эпосты насихаттау орын алған деген сияқты кінәлар тағылған. 1953 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясының Президиумының ұйымдастыруымен өткізілген қазақ эпосы туралы пікірталасы негізінде бұл жырға одан әрі қара күйе жағылды. Аталған қаулылардың екпінінің қаттылығы соншалық, тәуелсіздік алғалы 22 жыл өтсе де Қазақстанда «Едіге» әлі күнге дейін еңсесін тіктеп кете алмай тұр.
1980 жылдардан бастап бірсыпыра еңбектерде Едігетану мәселесі қайта көтеріле бастады. Атап айтқанда, Р.Бердібаевтың «Советтік тюркология» журналында жарияланған «Эпостың тарихилығы» деген зерттеуі, ғылыми конференцияларда (мыс., Ашхабад т.б. жерлерде) жасаған баяндамалары қазақ әдебиетіндегі Едігетану мәселесіне бірсыпыра қозғау салды [2]. Кейін оны қолдаушылар көбейе түсті. 1996 жылы ҰҒА-ның М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында «Едіге батыр» деген кітаптың тексі (мәтіні) О.Нұрмағанбетованың дайындауымен «Ғылым» баспасынан жарық көрді. Жинаққа Едіге жайлы жырдың жеті нұсқасы енді. Кейін қайта басылды. Сөйтіп, Едіге туралы ұзақ жылдар тоқталып қалған әңгіме қайта қозғалып, қазір жоғары оқу орындарында эпос пәні, қазақ фольклоры бойынша әр жерде аты аталады. Едіге батыр [3], оның ұрпақтары жөніндегі эпостар, «Орақ-Мамай» [4], «Қарасай-Қази» [5] хақында кандидаттық диссертациялар қорғалды. Бұның бәрі – игілікті жұмыс. Осыны тегіс қолдай отырып, құптай отырып жоғары оқу орындары мен орта мектептерде оқыту керектігіне анық көзіміз жетеді. Тақырыпқа байланысты ол кезде қолға түспеген қаншама құнды деректер тәуелсіздік нәтижесінде, мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарияға шықты. Көптеген кітаптар басылды. Олардың арасында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шығарып жатқан жүз томдық «Бабалар сөзі» топтамасының түгелдей «Едіге» жырына арналған 39-томы, «Орыс деректеріндегі Қазақстан тарихы» көп томдығының бірінші томы сияқты аса құнды һәм көлемді дүниелер бар.
Қазақстанда «Едіге» эпосын мектепте оқытудың бұрыннан қалыптасқан, сыннан өткен үлгісі бар. Қ.Жұмалиев пен Ә.Марғұлан шығарған 8 класқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығында «Едіге» жыры туралы татымды пікірлер айтылған [6]. Оқулықтың «Тарихи жырлар» деп аталатын бөлімін жазған Қ.Жұмалиев «Едіге» эпосының тарихи негіздеріне тоқталып, тарихи шындық пен көркем шындықтың ара жігін ашады. Ғалым: «Әрі кемеңгер, ақылды, әрі батыр, соғыс әдісін жақсы білетін қолбасы – Едігенің істері ел көкейіне қона кетеді. Ішкі, тысқы жауларға қарсы ұйымдастырған Едігенің ерлік күресі ел мүддесімен ұштасады, халық оның істерін тамаша бағалап, өздерінің мақтаны етті. Халықтың ішкі-сыртқы жауларға шығарған үкімі «Едіге» жыры болды. Жыр осы айтылған тарихи жағдайлармен байланысты туды», – дейді. Қ.Жұмалиев мұнымен шектеліп қалмай, көркемдік кестесі туралы ғылыми пікірлер білдіреді. Сөйтіп жыр табиғатын тануға елеулі үлес қосады.
«Едіге» эпосын жоғары оқу орындарында оқытудың да жеткілікті дәрежеде үлгісі бар. Қарақалпақ оқымыстысы профессор Исмаил Сағитов өзінің 1963 жылы Нөкіс қаласынан баспа жүзін көрген «Қарақалпақ халқының қаһармандық эпосы» деген университеттер мен педагогикалық институттардың филология факультеттеріне арналған оқулығында ноғайлы дәуіріндегі дастандар қатарына «Едігені» де қосады. Шығармадағы оқиғалардың тарихта өткен жағдайларды дәлме-дәл бейнелемейтінін, өзіндік өлшеулі көркем сөз ережесіне бағынатынын тілге тиек ете отырып, «Едігеге» біраз талдаулар жасайды. Оның қарақалпақша варианттарының жазып алыну тарихнамасына шолу береді [7,с.54-57].
Профессор К.Мақсетов, доцент А.Тәжімұратов 1979 жылы Нөкіс мемлекеттік университетінің филология факультетіне арналған «Қарақалпақ фольклоры» деп аталатын оқулық жазады. Осы оқулықтың 296-бетіндегі «Тарихи дастандар» деп аталатын тараушада «Тарихи дастандар тобына «Едіге», «Шора», «Дәулетиярбек», тағы басқа эпостарды кіргізуге болады» дейді. Жырдың қарақалпақ нұсқаларының жиналу, жариялану тарихын айта келіп: «Соңғы жылдары «Едіге» дастанының Өтенияз жырау, Қияс жырау, Жанназар жырау, Есемұрат жырау, Жұмабай жырау варианттары жазып алынды», – деп көрсетеді [8,с.297]. Бұған қарағанда, қарақалпақ ғалымдары «Едіге» жырының нұсқаларын кеңестік билік тұсында тегіс жеке кітап қылып шығара алмағанымен, жинау жұмысын тоқтатпаған, академияның қолжазба қорына біртіндеп қоса бергені байқалады. Қ.Мақсетов пен А.Тәжімұратов оқулықтарынан жырға қатысты тағы да басқа құнды деректерді аңдай аламыз. Ұстаз-ғалымдар қолдарында бар жырдың бір-бірінен өзгеше мәтіндерін өзара салыстыра отырып, эпостың қарақалпақ версиясының түпкі тамырын, негізгі түрін анықтап шыққан.
Қарақалпақ ғалымдары 1980 жылдардың басында «Едіге» эпосын жоғары оқу орындарының бағдарламасына енгізіп, тарихи дастан ретінде оқыта бастады. Мысалы, профессор Қ. Мақсетов 1982 жылы «Қарақалпақ фольклоры» атты бағдарлама жасап, оған «Едігені» енгізді. Сол жылы профессор К.Мәмбетов «Қарақалпақ әдебиеті тарихы» атты бағдарлама түзіп, бұған да жырды қосты. Бірақ араларында мынандай айырмашылық бар: Қ. Мақсетов жырды халық фольклорына жатқызса, К.Мәмбетов Сыпыра жыраудың жеке шығармасы деп есептейді.
Әйтсе де, «Едіге» туралы әр түрлі уақытта жазылған пікірлер біркелкі емес, әр қилы. Жырдың тарихилығы ғана емес, типологиясы, поэтикасы жеріне жете сарапталған деп айту қиын. Тіпті жанрлық сипаты туралы да анық тұжырым жоқ, бірде тарихи жыр ретінде, келесіде дастан, үшіншісінде тарихи дастан есебінде қарастырылады. «Едіге» – 1944-1947 жылға дейін түркі халықтары ішінде татар, ноғай, қазақ, қарақалпақ, башқұрт, өзбек, түрікмендерге аса кеңінен танылған туынды. Қазіргі күні қырықтан астам нұсқасы бар, олардың кейбіреулерінің көлемі он бес-он алты мың жолға жетеді. Эпостың архаикалық нұсқалары мен кейінгі классикалық нұсқаларының болуы, ұлттық нұсқаларының молдығы түркілердің эпикалық дәстүрінің даму динамикасын білуге, ерекшеліктерін ашуға зор үлес қосады. Себебі ғылымда әр түрлі халықтардағы ортақ құбылысты салыстыра зерттеу жалпы заңдылықты анықтайтыны бұрыннан мәлім. Сондықтан осы уақытқа дейін жүзеге аспай келе жатқан эпостың ұлттық версияларын тәуелсіз көзқарас тұрғысынан салыстыра оқыту да, біздіңше, мейлінше көкейкесті болып көрінеді.
Әйгілі эпосты жоғары оқу орындары мен орта мектептерде оқытудың алдында тұрған мәселелер де жоқ емес. Мысалы, қазақ ғалымдары тарапынан әр заманда бұл жыр хақында әр түрлі жекелеген пікірлер айтылғанымен, жырдың барлық ұлттық версиялары, нұсқалары арасындағы сюжеттік ара жігін, поэтикасын салыстыра зерттеп, жеке қарастырған көлемді еңбек болған жоқ. Ең алдымен, осы жырдың жанрлық сипаты жайында анық тұжырым, жырдың ішкі ерекшеліктеріне негізделген дәйекті дәлел жоқ. Эпостың тууына себеп болған тарихи оқиғалар, тарихи қайраткерлер туралы да басы ашылмаған мәселелер де баршылық. Мәселен, жырдың басты кейіпкерлерінің бірі Тоқтамыс хан бірыңғай қараланып, ал Ақсақ Темір дәріптеліп келеді. Алтын Ордада 18 жыл билік құрған, Көк Орда мен Ақ Орданың басын қайта қосып, мемлекетімізді нығайтқан Тоқтамыс хан жамандалып, Ордамызды үш қайтара шауып, әбден титықтатып, бір арнаға салынып қойылған алдағы мың жылдық бағыт-бағдарымызды теріске бұрып кеткен Ақсақ Темір мақталып, ондаған тарихи кітаптың ең жағымды кейіпкеріне айналды.
Қазіргі күні «Едіге» жырының оңтүстіктегі Түрікмен, Өзбек Республикаларынан бастап, Сібір татарларына дейінгі түркілер арасында барлығы, алыс шет ел Түркия мен Румыния жерлеріндегі түркілерде сақталғаны айқын болып отыр. Сондықтан бұл эпикалық шығарманың табиғатын терең танып, зерделеп шығу үшін оны тек қазақ халқы мұрасы аясында, тар ауқымда оқыту жеткіліксіз. Жартыкештік етпек. Орта және жоғары оқу орындарында оқытудың негізгі мақсаты – тек қазақ жұрты ғана емес, ТМД шегінде өмір сүріп жатқан түркі халықтары әдебиетінде үлкен орны бар, дүниежүзі әдебиетінің алтын қорына қосылатын «Едіге» жырының ұлттық версияларын жан-жақты талдап, салыстыра қарап, тәуелсіз жағдайдағы жаңаша көзқарас тұрғысынан баға беру, осының нәтижесінде оның тарихи-қаһармандық эпос екендігін көрсетіп, тарихи негіздерін тиянақтап, сюжеттік-композициялық болмысын, көркемдік құралдар мен образдар жүйесін ұғындыру, түркілердің эпикалық дәстүрінің ерекшеліктерін көрсету болып табылады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1 «Ислам в татарском мире: История и современность» материалы международного симпозиума. // «Панорама-форум»,– Казань. № 12, – 1997. – С.1-36.
2 Бердібаев Р. К проблеме историзма эпоса. // Журн. Советская тюркология, № 5, – 1983.
3 Мағауин Е. «Едіге» жырының тарихилығы және көркемдік ерекшеліктері. Филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін дайындаған диссертацияның авторефераты. Алматы, 1994.
4 Тұрғанбаев А.Ә. Қазақтың қаһармандық жыры – «Орақ-Мамай». Филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін дайындаған диссертацияның авторефераты. Алматы, 1997.
5 Есенжанова Д.А. Қазақтың батырлық жыры - «Қарасай-Қази». Филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін дайындаған диссертцияның авторефераты. Алматы, 1994.
6 Жұмалиев Қ., Марғұлан Ә. Қазақ әдебиеті. 8–класс. – Алматы: ҚМБ, 1943. – 159 б.
7 Сағитов И. Қарақалпақ халқының қахарманлық эпосы. – Нөкис: Қарақалпақстан, 1963. – 348 б.
8 Мақсетов Қ., Тәжимұратов А. Қарақалпақ фольклоры. – Нөкис: Қарақалпақстан, 1979. – 362 б.