Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

АЛЫМДЫ ҒАЛЫМ

Автор: 
Сабира Тажигалиева (Актобе, Казахстан)

Ә.Ж.Дербісалин 1929 жылы 18 ақпанда Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, «Саралжын» совхозында мұғалімнің отбасында дүниеге келген [1, с.157]. Әкесі Жақсығали ұзақ жыл мектепте ұстаздық қызмет атқарып, ауыл елдің құрметіне бөленген. Әнуар да жеті жылдық мектепті үздік бітіргеннен соң әке жолын қуып, 1943 жылы Ақтөбе қаласындағы Нұрпейіс Байғанин атындығы мұғалімдер институтына оқуға түседі. Институтты тәмәмдаған соң өз ауылындағы мектепке қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Көп ұзамай Алматыға барып Абай атындағы қазақ педагогикалық институтына түсіп, оны 1950 жылы қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітiріп шығады. Институтта М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин, Т.Нұртазин сияқты көрнекті ғалымдардан дәріс тыңдап, өнеге алады. Студент кезінде – ақ әдебиет тарихының мәселелеріне бойлап енген жас жігіт 1951 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының аспирантурасына түседі. Аспирантураны 1954 жылы тәмәмдап,1955 – 1958 жылдары Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогика ғылыми – зерттеу институтындағы аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді. Осында жүріп 1955 жылы «Ыбырай Алтынсариннің жазушылық қызметі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. 1958 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына аға ғылыми қызметкерлікке ауысып, өмірінің ақырына дейін сонда жемісті қызмет атқарады. Алғыр ғалым 1969 жылы қырық жасында «Қазақтың Октябрь алдындағы демократияшыл әдебиетінің даму жолдары» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғап шығады.

Бала кезінен әдебиет тарихына ден қойған жас жігіт студент кезінде-ақ өзінің ғылыми зерттеулерімен ғалымдардың назарына іліккен еді. Соның бірі 1949 жылы «Социолистік Қазақстан» газетінде жарияланған Жамбыл Жабаевтың ақындық өнері туралы мақаласы болды. Ғалымның демократ – ағартушы С.Көбеевің «Орындалған арман» повесіне жазған сын мақаласы да сол тұстағы әдебиетші қауымның назарына ілікті. Жас ғалым повестің көркемдік ерекшеліктерін талдай отырып, кемшіліктерін де батыл сынады. С.Көбеев 1952 жылы «Лениншіл жас» газетінің 27 маусымындағы санында жауап мақала жазып, Ә.Ж.Дербісалиннің айтқан сын ескертпелерін мойындап туындының кейінгі басылымдарында аталған кемшіліктерді ескеретінін білдірді.

Білімді де қарымды ғалым ондаған зерттеу мақалаларымен бірге «Ыбырай Алтынсариннің жазушылық қызметі» , «Ыбырай Алтынсарин», «Қазақтың Октябрь алдындағы демократияшыл әдебиеті», « Мезгіл және қаламгер», «Дәстүр және жалғастық» деп аталатын монографияларды бірінен соң бірін жарыққа шығарады. «Ыбырай Алтынсариннің жазушылық қызметі» [2.] « Ыбырай Алтынсарин» [3] деп аталатын монографиялары арқылы ұлы ағартушы педагог, жазушы, ақын Ыбырай Алтынсариннің әдеби ағартушылық қызметін зерттеу ісіне зор үлес қосты. Бұған дейінгі ғылыми мақалалар мен зерттеу жинақтарында ұлы ағартушының тек қана педагогикалы идеялары мен мұғалімдік қызметі, философиялық, этикалық көзқарасы қарастырылып келсе, Ә.Дербісалин еңбектерінде Ы.Алтынсариннің ақындық, жазушылық, аудармашылық қызметі арнайы түрде зерттеліп, оның қазақ әдебиеті мен мәдениетін дамытудағы рөлі айқын ашылып, прозалық және поэзиялық шығармалары жан – жақты талданды. Ғалым өзінің одан кейінгі жазған еңбектерінде, ғылыми – көпшілік мақалалары мен әдебиет оқулықтарына арналған тарауларда Ыбырайға жиі оралып, ұлы ағартушының қазақ мәдениетіне сіңіреген еңбегеін үздіксіз насихаттап отырады.

Ә.Дербісалин өзінің «Қазақтың Октябрь алдындағы демократияшыл әдебиеті» [4] деген терең мағыналы монографиясында қазақ әдебиетінің революцияға шейінгі демократтық бағыттағы өзіне тән ерекшеліктерін, жаңашылдық сипатын негізгі даму принциптері мен қайшылықтарны терең ашып көрсетіп, авторлық ойлары мен тұжырымдарын XX ғасыр басындағы қалыптасқан басты мәселелер төңірегенде өрбітті. XX ғасыр басындағы әдебиеттің күрделілік себептерін көптеген тарихи – әлеуметтік, саяси – әлеуметтік көркемдік жағдайлармен түсіндіруге болады. XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті өзіне дейінгі әдебиеттің озық, халықтық, адамгершілік, көркемдік дәстүрін жаңа дәуірін одан әрі жалғастырып, оларды алдағы мүлдем жаңа заман әдебиетіне ұластыруға тиіс болды. Міне, осындай қиын да күрделі кезеңнің әдебиет туралы жазылған «Қазақтың Октябрь алдындағы демократияшыл әдебиеті» монографиясы демократтық бағыттағы қазақ әдебиетінің жаңашыл сипатын жан – жақты баян еткен бірден – бір көлемді еңбек болды.

Ә.Дербісалин « Мезгіл және қаламгер» атты монографиясында қазақтың көрнекті ақын – жазушыларының шығармалары негізінде әдеби жанрлардың қалыптасу, даму ерекшеліктеріне жазушы лабораториясының сырларына үңіледі. Ғалымның «Дәстүр және жалғастық» [5] монографиялық зерттеуінде қазақ әдебиетінің теориясы мен тарихындағы басты мәселелерінің бірі саналатын дәстүр мен оның жалғастығы сөз болып, ғылыми қауымға ой саларлық ой тұжырымдар жасалған. Қазақ фольклорындағы ақындық дәстүр мен XX ғасыр басындағы демократтық – ағартушылық бағыттағы поэзияның ара қатынасын саралай келіп, озық дәстүрдің өміршеңдік сипатын зерделейді. Ғалым дәуір мен оның идеялық – эстетикалық тың талаптары мен мүдделеріне сай жаңғырып дәстүрлік проблемасының қоғамдық, әлеуметтік және көркемдік ерекшеліктеріне, салиқалы себеп – салдарына тоқталады.

Тынымсыз еңбек еткен қарымды ғалым жеке монографиялық еңбектерімен шектеліп қалмай, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының өзі басқарып отырған «Қазақ әдебиеті тарихы» бөлімін өрге сүйреп, айналасындағы ғалымдар мен ұтымды қарым – қатынас жасап, көптеген ауқымды ұжымдық еңбектердің жарыққа шығуына мұрындық болды. Бұған қарап біз Ә.Дербісалиннің тек қана талантты ғалым емес, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары адам екендігін де көреміз. Ол «XV – XVIII ғасырдағы қазақ поэзиясы» (1981), « Ерте дәуірдегі қазақ әдебиеті» (1982), «XIX ғасырдағы қазақ поэзиясы» (1985) деп аталатын академиялық ауқымды басылымдарға ғылыми жетекшілік жасады, алғы сөздерін жазды. Ғалымның соңғы еңбегі «XIX ғасырдағы қазақ ақындары» деп аталады. Бұл кітапқа мазмұнды алғы сөз бен жеке ақындық шығармашылығы туралы портреттік зерттеу мақалалар жазған. Кітап 1988 жылы Ғылым баспасынан жарық көрді.

Ә.Дербісалин ғылым үшін талмай еңбек қажымас қайрат иесі еді. Оның мағыналы ғұмыры үздіксіз ізденіс үстінде өтті. Сол игі ізденістерінің бірі – 1986 жылы оның басшылығымен дайындыоып жарық көрген «Оғызнаме – Мұхаббат – наме» кітабы болды. Қазақ тілінде алғаш рет ғылми аударма арқылы жарияланған түркі халықтарына ортақ көне жазба ескерткіштердің бұл басылымы ол таныстыру, пайымдау іспетті мақала жазған еді.

Ғалымның Республикалық, одақтық, халықаралық конференцияларда жазған баяндамалары әлі күнге шейін өзінің зәрулігін жойған жоқ. Ал дер кезінде жазылған проблемалық мақалалары қаншама.Соның бір айғаға «Байсалды зерттеуді қажет ететін мәселе» деп аталатын «Қазақ әдебиеті» газетінде Шортанбай шығармашылығы туралы жарияланған мақаласы болып табылады. Жазықсыз қуғынға түскен, тиым салынған Шортанбай туындылары туралы алғашқы болып қалам тартуы Ә.Дербісалиннің азаматтық позициясының беріктігін, ғылым жолындағы батылдығы мен табандылығын айқын айғақтап тұрғанын аңғару да қиын емес.

Ғалыымның біз жоғарыда қысқаша шолу жасап өткен ауқымды, жан – жақты мағыналы еңбегі әділ бағаланып, ол 1983 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі болып сайланады. Ә.Дербісалин сан қатпарлы ғылымның биік шыңын меңгеріп, нағыз дер шағына келген уақытта 1986 жылы өмірден озды. Алайда соңында өшпес із қалдырған ғұламаны қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуші әріптестерінің, туған халқының ұмытпайтындығына еш күмән жоқ.



Пайдаланған әдебиетттер тізімі:

1.Қазақ әдебиеті. Энцеклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруана», 2005.

2. Ыбырай Алтынсариннің жазушылық қызметі. – Алматы:ҚМБ, 1957.

3. Ыбырай Алтынсарин. – Алматы: Ғалым, 1965.

4.Қазақтың Октябрь алдындағы демократшыл әдебиеті. – Алматы: Ғылым, 1966.

5. Мезгіл және қаламгер. – Алматы: Ғылым, 1968.