Автор:
Т.С. Қазанғапова, Ж.С. Таджибаева (Тараз қаласы, Казахстан)
Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы» Заңында және «Қазақстан Республикасы жаңа формация педагогының үздіксіз педагогикалық білім беру тұжырымдамасында»: «Жаңа формация мұғалімі – ол рухани адамгершілігі жоғары, азаматтық жауапкершілігі мол, белсенді, жасампаз, рефлексияға қабілеті басым, экологиялық білімді, шығармашыл тұлға, өзін-өзі дамыту және өзін-өзі көрсетуге ұмтылысы, әдіснамалық қалыптасуының жоғары деңгейін сипаттайтын әлеуметтік, тұлғалық, коммуникативтік, ақпараттық және біліктіліктің басқа түрлерін меңгерген құзырлығы жоғары маман» болуы тиіс делінген. Демек бүгінгі таңда ұстаздар қауымына артылатын міндет оңай емес. Ұрпақ тәрбиесіне жауапты отбасы – қоғам категорияларымен тең дәрежеде ұстаздар тұр десек, қате айтпаған болар едік. Ал жас буынның санасына ең алғаш қарапайым табиғат ұғымын енгізіп, оны қорғау керек екендігін сіңіретін де осы маман иелері. Мұғалім қызметін тек қана педагогикалық тұрғыда түсінуге болмайды, оның іс-әрекет аясына әлеуметтік-саяси, мәдени-ағарту, табиғатты қорғау қызметі де жатады» [1].
Қазіргі экологиялық және әлеуметтік мәдени жағдай адам мен қоршаған орта арасындағы қарым-қатынастың шиеленісуімен, экологиялық дағдарыстың тереңдеуімен сипатталады. Бұл проблеманы шешудің бір жолы – жалпы адамзаттың экологиялық мәдениетін қалыптастыру. Сондықтан жас буын өкілдерінің экологиялық мәдениетін қалыптастыру мақсатында қоғам, табиғат және адам ойының даму жөніндегі диалектикалық заңдылық оқыту процесінде көрініс табу қажет. Қазіргі кезеңде экологиялық зардаптардың кең көлемде таралуы оның апатқа айналып кету қауіптілігі қоғам мен адамзат үшін экологиялық мәдениет проблемасының көкейкестілігін айқындайды. Осыдан барып жеткіншектердің экологиялық мәдениетін дамыту мәселесі алдыңғы қатардан орын алуда. Экологиялық мәдениет дегеніміз бір сөзбен айтқанда – жалпы адамзаттық мәдениеттің бір бөлігі, табиғатты қорғауға қатысты мәдениет. Бұл мәдениет түрі әрбір саналы адамның бойында болуы тиіс. Сонда ғана адамзаттың дені сау, табиғаты таза, өмірі ұзақ болады. Нағыз мәдениет – табиғат, қоғам және тұлғаның үйлесімді бірлігі. Сондықтан әлемді, дүниені интеллектуалдық, адамгершілік және эстетикалық түсінудің бірлігі ерекше маңызға ие, бұл, өз кезегінде, экологиялық мәдениеттің негізін құрайды.
Қазақ ұлтының болмысы өмір салтымен және онымен кіндіктес төлтума мәдениетімен де дараланады. Осы орайда Шоқан Уалиханов «Көшпелі елдерді аң тәрізді жауыз тобыр санап, бет алды жүрген тағылардың есебінде түсінетін жалған ұғым қазірдің өзінде де Европада үстем болып келеді, - деп жазды. Олар көшпелі моңғол немесе қазақтар дегенді тұрпайы, мал тәрізді тағылар деп ұғады. Ал шындығында келгенде, сол тағылардың көбінің жазба түрінде немесе ауыз әдебиеті, аңыз әңгімелері бар. Өлеңге әсіресе суырып салма өлеңге бейімділік барлық көшпелі елдердің өздеріне тән ерекшелік деуге болады» – деп сипаттай келіп, Шоқан көшпелі елдердің мәдениеті жоқ деп санайтын және оны менсінбейтін кейбір Европа ғалымдарының пікіріне дау айтады.
«Көшпелі елдердің қай-қайсының болсын бір өзгешелігі – олар өлең-жырға бай, шебер келеді….мұндай қасиеттердің болуына көшпелілердің алаңсыз көшпелі өмірі әсер етті ме, әлде ұшы-қиыры жоқ жасыл дала мен қоншақтай тізілген жұлдыздары көп ашық аспанды сұлу табиғат әсер етті ме кім білсін» – деп жазды [2].
Қазақ халқы ежелден-ақ табиғатты аялай білген. Көшпелі өмір салтын ұстанған ата-бабаларымыз табиғатпен біте қайнасып, табиғат сырын терең ұғынған. Табиғатты бүлдірмеген, қайта оны қолынан келгенше сақтауға тырысқан.
Экологиялық мәдениетті қалыптасытруда, табиғатты қорғауға баулуда, халықтық педагогиканың ролі ерекше және оның саласы мол. Олар-табиғатты қорғау дәстүрі, оған сену, сыйыну ырымдары, жан-жануарлар мен өсімдік түрлеріне байланысты әдеп-ғұрыптар т.б. Қазақ халқының табиғатты тануы, оған көзқарасы ұзақ жылдар бойы қоршаған ортаға жүргізген бақылау нәтижесінде тәжірибе елегінен өтіп шыңдалып, сұрыпталған.
Қазақы экологиялық қағидалар – табиғатты аялау жөніндегі ұлттық салт-дәстүрлер қағидасы. Қазақ халқы табиғат аясында тіршілік етіп, мезгіл ауанымен көшіп-қонғандықтан табиғатты қастерлеп, қадір тұтқан. Адамзат баласы да өзге жан-жануар, өсімдік секілді тіршілік етеді деп ұққан. Табиғатқа зиян келтірмеген, оны қорғау шараларына үлкен маңыз берген. Бұған: «Көкті жұлма, көктей соларсың», «Бұлақ көрсең, көзін аш» делінетін ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан ереже іспетті қанатты сөздер куә. Қазақ ешқашан жасыл желекті, көкті таптамаған, құмырсқа илеуін бүлдірмеген, құс ұясын бұзбаған, жас балапандар мен хайуан төлдеріне тиіспеген, өсіп тұрған талды, ағашты жұлмаған. Қоршаған ортаға өсімдік пен жан-жануарлардың тигізетін пайдасын жете түсініп, ұрпақтарын жастайынан табиғат байлықтарын тиімді пайдалануға баулып, өнегелі тәлім-тәрбие берген [3].
Халық табиғат жүдеуіне жол бермейтін тыйым ережелерін қоғамдық сана деңгейіне дейін көтерген. Өйткені ереже бұзылса, халықтық ереже де бұзылады. «Суға түкірме», «Күл шашпа», «Шөпті жұлма», «Көкті таптама», «Тал кеспе» т.б толып жатқан тыйым сөздер мен ескерпелер табиғатпен қарым-қатынас сақтаудың халықтық ережесі, табиғаттың әдемілігіне кір келтірмес салауаттылық өлшемі болды. пен сұлулықтың адам өміріндегі маңызы мен орнын «Ер елдің, орман-тоғай жердің Әсемдік көркі» деп баламалық негізбен көрсетіп келді. Табиғатқа зәбір жасаған адам қоғамға қиянат қылған адам деңгейімен теңестірілді. Мәселен, «Тал кескенше қолыңды кес», «Қарағай кессең қаңғырып қал» деген санаға,тәртіпке қайшы келетін істер ұрпақты сақтандыратын ереже болған. «Судың да сұрауы бар», «Балық аулай алмаған суды лайлайды» т.б т.б ырым-тыйымдар ұрпақты үнемділікке, ұқыптылыққа, бақылау-байқампаздыққа сергектікке, барды бағалап, қадір тұтуға, аялауға үйретті. «Аққан судың жолы сара» деп, табиғат болмысына өзгеріс әкелуге абай болуды ескертті. Жалпы өміршең өсиеттер табиғатқа табынудан, оны ардақтау мұратынан осылайша туындап отырған. Жас өрендердің қашанда өмір тәжірбиесі аз, көңілдері пәк. Сондықтан оларды қамқор сезімін оятып, қатыгездікке жібермеу үшін ойда бірден қалатын әсерлі өнеге-өсиет сөздер мен үлгілі істер арқылы тәрбиелеу халықтық үрдіс болған. Мәселен,«Қарлығаш үйге құт әкеледі, оның ұясын бұзу обал» деп, осы бір кішкентай құсты қастерлеуге тәрбиеледі. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», деген ертегі-аңыз арқылы кішкентай құстарға қамқор болуға үгіттеді. Осы мазмұндас аңыз-әңгіме, ертегі , ән-жыр айту арқылы аң-құс, жан-жануарларды, табиғатты ардақтауға, олардың әдемілігіне, әсемділігіне тәнті болу сезіміне баулыды. «Құстың ұясын бұзба, жұмыртқаларын жарма, бетіңе шұбар түседі»,-деген сескендіру ескертпе сөзі арқылы тіршілік атаулыға қамқор болуға үйретті. Қазақ халқының құстарды аялап-мәпелеп қорғау жолында қалыптастырған дәстүрлері тіпті сан-салалы. Айталық, ата-бабамыз өзінің жақсы көрген, сүйген адамдарын құстарға, олардың сымбатына, сәніне теңеген. Жаңа түскен келінді құсқа теңеп, қоныс иесіне «құс құтты болсын» деген тілек айтқан. Құстардың атымен ұл-қыздарына, немере – шөберелеріне ат қойған. Құстарға деген сүйіспеншіліктен туған қаншама сырға толы сазды әндер мен күйлердің болуы осы себептен деп түсіну керек. Қазақ халқының табиғат қорғау дәстүрінің қалыптасуына халықтың наным-сенімдерінің де маңызы зор болды. Халық санасында жаратылыс дүниесі адамдардың тұрмыс тіршілігіне ұқсас деп топшыланды. Ежелгі түсінікте қоршаған ортаның бәрінің де жаны бар және жаратушысы бар, сондықтан олармен болатын қатынас жанды деңгейде болу керек деп есептеген. Қазақтың көне дәстүрі бойынша жер-адамзат, жалпы тіршілік иелері мен өсімдіктер, жан-жануарлар анасы, ал аспан-жарық, жылу беріп, жаңбыр жаудырып, бүкіл тіршілік атаулыға жақсылық жасап, қорған болатын атасы ретінде есептелінген. Аспанның түсі көгілдір болғандықтан қазақтар оны «Көк», «Көк тәңір» деп кеткен. Ал «тәңір» деген сөз ескі тибет тілінде «аспан» деген мағына берген. Сондықтан қазақтар күллі табиғатты, тіршілік атаулының жаратушысы аспанды «көк тәңірі» деп түсінді. Тәңірге тәу етудің жоралары көп болды. Солардың бірі-күнге, айға тағзым ету. Қазақ халқында үйдің есігін күншығысқа әдеті де күнді қастерлеуден туған ырым. Тәңірге жаратушы, жерге дем бітіруші деп табыну, барлық жаратылыста жан бар деп топшылау бірте-бірте табиғатты ардақтау көзқарасын қалыптастырды. Сол себептен жаңа шыққан көк шөп, ағаш-бұталардың бүрлері өмірдің үздіксіз жалғасы өркені есептелініп, көк шөпті беталды жұлуға, көркем шыбықты сындыруға, жалпы жер бетіндегі өсімдіктерді бүлдіруге қатаң тыйым салды. Табиғатты қастерлеуге байланысты туған ырым, дәстүр, салттардың бәрі дін жасап берген игілік деп есептеу де дұрыс емес. Мысалы, күн күркірегенде «сүт көп, отын аз» деп үйді айнала ожаумен ұрғылап, оны есік алдына іліп қою ырымы діни нанымнан, қорқыныштан туындаған емес, керісінше мал басының көбеюін, шөптің шүйгін, ақтың мол болуын аңсап, табиғат септігіне тілеу жасау көрінісін білдіретін наным. Наным сенімдер діндік дәрежеден ығысып, тұрмыс-салтындағы ырымдарға осылай айнала берген. Табиғатты өмірдің тірлігі ретінде қарау дүниетанымы қалыптасқан соң ырымдар табиғат қорғаудың нақты заң ережелеріне айналды. Табиғатты қастерлеуге байланысты сенім, дәстүрлер белгілі бір адам табиғат қарым-қатынас байланыс жүйесінде тәжірибеден өтіп, шыңдалып, оның пайдалы не зиянды, т.б. қасиеттерімен, септігінен танылған ой байламы деп түсінген дұрыс. Табиғат құбылыстарына ырымдау, оларға ерекше қасиет беру олардың сырын танып, білуден келген игілік адам мен табиғат арасындағы өзара ықпалдастықтың, ажырамас байланыстың барын түсіну жатыр. Наным-сенім, ырымдар арқылы халық адамзат пен табиғаттың етене біртұтастық туынды екендігін баяндап, тұтастықтың бұзылу қасіретінен ұрпақтарды сақтандырды. Оларға мейірбандылық, жауапкершілік, әсемдік, әдептілік, бақылағыштық сезімін орнатты. Табиғат жаратылыс түрлері: жан-жануарлар дүниесі, өсімдіктер әлемі, орман-тоғай, өзен-су, тау-дала өнерге қанат беретін қайнар-күш екендігін ұрпақтарға сәби жастан танытты. Халықтың туған тамырластығын дәріптейтін, дүние-түлеп, жаңғыратын маусымдарға бағышталған: «Наурыз», «Қымыз мұрындық», «Сабантой», «Күзем», «Мизам», «Соғым» сияқты той думандарды тұрмысқа кіргізіп, тәрбие құралдарына айналдырды. Сөйтіп қазақ халқы табиғатты қорғау ісінде бай дәстүр, әдет-ғұрып қалдырды. Оларды бүгінгі ұрпақ тәлім-тәрбиесіне пайдалану-мектептен тыс барлық әлеуметтік-мәдени мекемелерінің төл ісі, тәрбиешілердің кәсіби парызы, ол уақыт талабы. Жалпы халықтың әдет-ғұрып, дәстүр, наным-ырымдарының мәні олардың әлеуметтік өмір салтын реттеуші заңдары, ережелері, ұрпақ тәрбиесінің бірден-бір қайнары, қарым-қатынас, мәдениет құралы, қоғам мүшелерінің тіршілік ету ережелері мен қағидалары, адамгершілік ұстаным нормаларының параметрлері болуында деп түсінуіміз керек. Ендеше рухани мұра әдет-ғұрып, дәстүрлердің тәрбиелік рөлінің шексіздігіне күмән келтіруге болмайды. Ұзақ жылдар бойы бақылау мен өмірлік тәжірбиеден түйінделген дүниетанымның бүгінгі ұрпақ игілігіне айналуы-өркенді өмір кепілі.
Табиғатты қорғауға байланысты ырымдар мен тыйымдардың тәрбиелік мәні - сан ғасырлар бойы халқымыздың санасына сіңіп, екшеленіп сараланып жеткен бай дәстүрлерінің бірі. Әрбір ырым-тыйым сөздің негізінде қоршаған ортаға, табиғатқа, тіршілікке, адамгершілікке т.с.с жат қылықтан безіндіретін фәлсафалық түйіндер жатыр. Абзал тәлімгеріміз Ахмет Байтұрсынов «ырым етсең-адал ет, жамандықтан аман ет» деп тегін айтпаған. Күні бүгінге дейін өзінің маңызын жоймаған кейбір ырымдарға тоқтала кетейік. «Көк шөпті жұлма, көктей соласың» - деп бірінші жағынан адам өміріне қатысты айтылса, екінші жағынан табиғатты қорғауға негізделген. «Құстың ұясын, құмырсқаның илеуін бұзба» - мұнда мұсылманның имандылық заңында тіршілік иесіне залал келтіру кәпірлік, қазақ қағидасында қатыгездік, зұлымдық саналса, құсты, жәндікті қорғаудың жолын меңзеп тұр. «Суға дәрет сындыруға болмайды», «Суға түкірмейді» -деп қайта ішуге тура келеді, суды қорғаудың жолдары көрсетіліп отыр.
«Қазақстан-2050» стратегиясында: «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып қалғалы қашан. Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс. Сондай-ақ балаларымыздың, жалпы барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет. Балаларымыз қазіргі заманға бейімделген болуы үшін бұл аса маңызды» - делінген [4].
Сауатты болу үшін ең алдымен дұрыс тәрбие берілуі тиіс. Дұрыс тәрбие дегеніміз экологиялық мәдениетті, адамгершілігі мол, жан-жақты жетілген, заман талабына сай болу т.б.
Дастандарда «ең ұзын адамның өзі көкке қолын жеткізе алмайды, ең кеуделі деген адамның құшағына қара жер сыймайды» деген жолдар бар. Алайда, біз адам бойынан бір-біріне қарама-қайшы екі жайды аңғарамыз: жеке пенде ретінде өресі қысқа болғанымен, жалпы адамзат ұрпағының өкілі ретінде мүмкіндігі соншалық бай, соншалық шексіз. Сол мүмкіндікті уақытында пайдалану әркімнің өз қолында. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей барша адамзат қауымы бірігіп, барлық ұлтқа ортақ ғаламдық проблема – экологияға қарсы күресіп, табиғатты алдағы апаттан аман алып қалу міндетін орындауы тиіс. Ол үшін кез-келген мамандық саласының қызметін табиғат қорғау бағытында ұйымдастырып, әрбір мамандық иесінің экологиялық мәдениетін қалыптастырып, қоршаған ортаны қорғаудағы артықшылықтарын ұтымды пайдалана білуге тиіспіз. Табиғаттағы тұрақтылықты сақтаудың басты факторы ретінде қолданылатын тұрақты дамуға негізделген экологиялық мәдениет – сау табиғи орта мен салауатты өмір салтының, жарқын келешек пен белсенді қоғамның кепілі.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
-
С.Н.Глазачев, И.А.Редковец, Г.С.Макарова «О целостной мотивации и ведущих мотивах экологического самообразования учителя и студента» // Экологическое воспитание и образование при подготовке. Сб. Науч. Брошюр. Волгоград, 1983.
-
Миллер Т. «Жизнь в окружающей среде» Пер. С.анг. / Под ред. Ягодина Г.М. М.: Прогресс – Пангея , 1993)
-
Қазақ энциклопедиясы, 5 том
-
Қазақстан-2050 стратегиясы