Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

БАҒДАРЛЫ ОҚЫТУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ МАҢЫЗЫ

Автор: 
С.К. Кариев, А.Т. Жумагулова (Тараз қаласы, Казахстан)

Бүгінгі таңда жас ұрпаққа тәлім-тәрбие мен білім беру маңызды рөл атқарады. Өскелең ұрпақты әлеуметтік мәдениетке сәйкес, жан-жақты дамыған, ұлттық бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптастыру қоғам алдындағы ең басты мәселелердің бірі. Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаты 12 жылдық орта білім беру жүйесіне көшу. Бұл қоғамдағы түрлі бағыттардағы өзгерістерге сәйкес білім берудің қызметіне жаңаша қарау, әлемдік жинақталған тәжірибеге және табыстарға сыни тұрғыда талдау мен бағалау, сонымен қатар ең маңыздысы ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып оқыту мен тәрбиелеудің тиімді жолдарын қолдану.

Елбасымыз Н. Назарбаев 2012 жылғы 5 қазан күні «Назарбаев Университетінде» оқыған «Қазақстан білім қоғамы» дәрісінде: «Орта білім беру жолында біз 12 жылдық оқытуға көшуге дайындықты жалғастырамыз. Жаңа білім беру үлгі қалыптары әзірленуде...»-деп ерекше атап өтті. 12 жылдық білім беру ерекшелігі білім беру парадигмасының өзгеруі: білім, білік, дағдыға негізделген білім беру мазмұнынан – құзыреттілікке негізделген білім беру мазмұнына ауысуы, оқушы тұлғасын әлеуметтендіру, білім сапасын арттыру, отандық құжаттарымызды шетел мемлекетерінің талаптарына сәйкестендіру. Сонымен қатар 12 жылдық білім беру мектептің жоғары сатысындағы оқушыларды әлеуметтендіруді көздейтін профильдік оқытуды жүзеге асыруға, мектептің кәсіби білім беру ұйымдарымен ынтымақтастықты шыңдауға арналған.

Әлемдік тәжірибеде XXI ғасырда білім беру жүйесін қарқынды дамытудың қажеттілігін, білім беру қоғам дамуының тұжырымдамасын анықтайды. Сонымен қатар білім беру жүйесінің мақсаттары мен міндеттерін, құрылымы мен мазмұнын айқындау−қоғам талабы. Отандық жалпы орта білім беретін мектептерді жаңартудың жетекші бағыттарының бірі – мектепті жоғары сатысында бағдарлы оқытуды енгізу болып табылады. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі 2006 жылдың қыркүйек айынан бастап бағдарлы оқуға көшуді жоспарланып, осыған байланысты бағдарлы мектепте оқу процесін енгізудің және ұйымдастырудың кешенді мәселелері қарастырылды.

Бағдарлы оқыту – жалпы білім беретін мектептердің жоғарға сатысында даралап оқытуға, оқушының әлеуметіне және мектептің жоғарғы сатысының орта және жоғарғы кәсіптік білім беру мекемелерімен сабақтастығына бағытталған арнайы дайындық жүйесі.

Бағдарлы оқытудың негізгі мақсаты оқушылардың өзіндік білім алу бағдарламаларын құруды және оның жүзеге асырылуын , оқушының отбасында, жергілікті және аймақтық ортада әлеуметтенуін, оқушылардың орта және жоғары кәсіптік оқу орындарына дайындау үшін орта жалпы білім беру бағдарламаларындағы жеке пәндерді тереңдетіп оқытуды қамтамасыз ету болып табылады.

Аталған мақсаттарға жету үшін:

  • мектептің жоғарғы сатысында бағдарлы оқытуды жаппай енгізу жағдайындағы оқыту процесінің құрамын, мазмұны мен ұйымдастырылуын өзгертуді қамтамасыз ететін бағдарлы оқыту қызметінің нормативтік – құқықтық базасын жетілдіру;

  • оқу жоспарларының мектептік компонентін қамтамасыз ету үшін білім беру жүйесінде байқаудан өткізілген қолданбалы курстар мен таңдау курстарының мәліметтер қоры ретіндегі тізбесін жинақтау;

  • бағдарлы оқыту бағдарламаларын ресурстық тұрғыда қамтамасыз ету;

  • 9 сынып оқушыларына бағдарлы оқыту бағдарламаларын дұрыс таңдауға мүмкіндік беретін бағдаралды дайындықты жүргізу;

  • тұлғалық бағыт бағдарын психодиагностикалау және ағарту жұмыстарын жүргізу, дамыту қажет.

Оқушылардың сапалы білімге қол жеткізуін, олардың қабілеті мен қызығушылығын, танымдық және  өмірлік қажеттіліктеріне, бейімділіктеріне сәйкес қамтамассыз ету болып табылады. Бейіндік білім беру – оқушының тұлғалық және өмірлік өзін-өзі анықтауын қамтамассыз ететін, оқытудың даралануы мен саралануын жүзеге асыратын жалпы орта білім беруді аяқтау кезеңі. Бұл оқыту әрекетінің ұйымдастыру жүйесінде жоғарғы сынып оқушыларының қызығушылығы мен талабы, қабілеттері ескерілген жағдайда оқушының танымдық, болашақ кәсіби бағдарына сәйкес дербес дамуына жағдай жасалады. Бейінді оқыту – білім алушылардың мүдделерін, бейімділігі мен қабілеттерін ескере отырып, оқытуды саралау және даралау процесі, білім беру процесін ұйымдастыру. Бейінді оқыту жалпы оқыту процесінің құрылымын, мазмұны мен ұйымдастырылуын өзгерту арқылы оқушылардың қызығушылығын неғұрлым толық ескеруге, олардың қабілетін дамытуға, жоғары сынып оқушыларына өздерінің кәсіби қызығушылығы мен оқуын жалғастыруға қатысты ұстанған бағыт-бағдарына сәйкес білім беру үшін жағдай туғызуға мүмкіндік беретін саралау мен даралау құралы болып табылады.

Қазіргі қоғамның маңызды проблемаларының бірі-бұл құбылмалы әлеуметтік және экономикалық жағдайда өмір сүріп қана қоймай, болып жатқан құбылысқа белсенді әсер ете отырып, оны жақсартуға бейім тұлғаны қалыптастыру болып отыр. Мұндай тұлғаға -шығармашыл, белсенді, әлеуметтік жауапты, жақсы дамыған интеллект иесі, жоғары білімді, кәсіби сауатты болу талаптары бірінші кезекте тұрады. Осыған орай, баланың дамуындағы маңызды рөлді мектеп атқарады. Мектеп оқушыларының жеке тұлғасын қалыптастыру мәселелері білім мен тәрбие беру тұжырымдамасында негізгі орын алады. Сонда: «Жеке тұлғаның қалыптасуы-үздіксіз күрделі процесс. Әрбір балаға жеке тұлға ретінде қарап, оның өзіне тән санасы, еркі, өзіндік әрекет жасай алатын қабілеті бар екенін ескеріп, балалар мен жастардың білімге, ғылымға ықыласын арттыру, олардың ақыл-ой қабілетін, жеке бас қасиеттерін дамытып, оны қоғам талабына сай іске асыруға көмектесу»,- деп атап көрсетіліп, мектеп алдындағы міндеттердің бірі етіп қояды. Білімді де білікті, салиқалы да парасатты, жан-жақты жетілген жеке тұлғаны тәрбиелеу мемлекеттік маңызды іс. Бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру – барлық педагогикалық ұжымдардың бірігуін талап етеді. Жеке тұлғаға бағытталған сабақ оқушылардың тұлғалық ерекшеліктері ашылатын, қасиеттері қалыптасатын, мүмкіндіктері жүзеге асырылатын оқыту жағдаяты. Әр

оқушының болмысы арқылы дамытушылық, шығармашылық ойлау, өз

бетінше шешім қабылдау қабілетінің қалыптасуы тиіс. Жеке тұлғаны дамыту мәселелері-Л.С.Выготскийдің, М.Б.Блонскийдің, С.Л.Рубинштейннің, Л.В.Занковтың, Д.В.Элькониннің еңбектерін атауға болады. Бейіндік білім беру оқушылардың қабілеттері мен бейімділіктерін ескере отырып, оқытуды саралау-даралау тұрғысынан қарауды ескереді. Саралап оқытудың теориялық негіздерін педагогикалық-психологиялық зерттеулерде А.Н.Леонтьевтің, Г.И.Щукинаның, Б.Г.Ананьевтің, А.А.Кирсановтың, Е.С.Разумовский, Э.Унттың, С.А.Бударныйдың, А.М.Гельмонттың, Е.Л.Голанттың еңбектерін жатқызуға болады. Мектепте бағдарлы сараланған бағытта В.В.Гузеевтің, В.А.Монаховтың, М.Ж.Жадринаның, В.В.Фирсовтың, Т.Б.Захаровтың еңбектерінде көрініс тапты. Осылайша педагогика және психология әдебиеттерінде бейінді оқытуды саралау-даралау процесі, жеке тұлғаға бағытталуы қарастырылған.

Осы себепті де мектепте психологиялық қызметті құру өте тиімді болып табылады, өйткені бейіндік оқыту барысында төмендегідей мәселелер қамтылып, оқыту мен тәрбиенің сапасын арттыруға өз үлесін қосары анық, олар:

  • Жас ерекшелігіне сәйкес оқушылардың тұлғалық, интеллектуалдық дамуына ықпал ету.

  • Оқушылардың кәсіби бейімділіктерін диагностикалау, оның жан- жақты дамуына жағдай жасау.

  • Мектепте әлеуметтік- психологиялық жағдайдың жақсаруына жағдай туғызу.

  • Оқушыларының тұлғалық, интеллектуалдық мүмкіншілігіне сәйкес білім бағдарламаларын меңгеруде психологиялық тұрғыдан қамтамасыз ету.

  • Әлеуметтік жағдайдың дамуына психологиялық зерттеу жүргізу.

  • Оқушыларының тұлғалық дамуының ауытқуын анықтау, профилактикалық жұмыстар жүргізу.

  • Оқу-тәрбие процесінде мұғалімдерді, оқушыларды, ата-аналарды психологиялық ғылыми- әдістемелік іс- әрекетпен қамтамасыз ету.

  •  Таным қабілет деңгейлері жеткіліксіз оқушылармен қосымша коррекциялық жұмыстар жүргізу қажет.

Бейіндік бағытта оқытуда мектептегі психологиялық қызметтің мақсаты болып:

  1. Тұтас педагогикалық процесті психологиялық тұрғыдан қамтамасыз ету;

  2. Мектептегі оқушылардың жеке- бастық, психологиялық, әлеуметтік дамуына жағдай жасауын негіздеу;

  3. Оқушылардың таным белсенділіктері мен психологиялық процестерінің даму динамикасының өсуіне жағдай жасауға ықпал ету;

  4. Оқушылардың бейіндік ерекшеліктерін анықтау мен оның дамуына жағдай жасау болып табылады.

Бейіндік оқыту барысындағы психологиялық қызметтің іс- әрекетінің негізгі бағыттары:

  • Психодиагностика- тұлға туралы жан-жақты психологиялық ақпарат жинау.

  • Психопрофилактика- дезадаптация, белгілі бір жағдайға бейімделмеудің алдын-алу немесе жағымды психологиялық жағдайды  жасау, баланың психологиялық жұмысбастылық деңгейін төмендету және алдын-алу жұмыстарын жүзеге асыру.

  • Психокоррекция-баланың психикасына  мақсатты түрде әсер ету, оның негізгі деңгейге, әрі жастық ерекшелігіне сәйкес теңестірушілік жұмыстарды жүзеге асыру.

  • Психологиялық кеңестер-ұстаздарға, ата-аналарға, оқушыларға қажетті психологиялық ақпарат бере отырып, өмірінде кездесетін қиыншылықтарды, өтпелі кезеңдерді (жастық дағдарысты) жеңуге, әрі сапалы нәтижеге жетуіне ықпал ету.

  • Психотерапия-тұлғаны сапалы тұрғыға өзгеруіне байланысты  мәселелерді жүзеге асыруға бағытталады. (Тек адамның психикалық ауытқушылығы болмаған жағдайда).

Бейнідік қабілетті дамыту мен шыңдау барысында психологиялық қызметтің жұмыс бағыттарының жүзеге асуына қатысушылар: барлық сынып оқушылары, мектептегі мұғалімдер ұжымы мен әкімшілік, оқушылардың ата-аналары.

Оқушының бейіндік қабілетін анықтауда қолданылатын психодиагностикалық әдіс-тәсілдер қатарына: сұрақнама, сауалнама, тест, іс-әрекет нәтижесіне талдау, сұхбат, байқау және тағы басқа да зерттеу әдістерін жатқызуға болады.

Психологиялық тұрғыдан алғанда 12 жылдық мектеке өту барысында білім беру ұйымдарында оқушыларды  бейіндік сыныптарда оқыту келесідей көрсеткіштерге қол жеткізуде мүмкіндік береді:біріншіден, сыныптағы оқушының барлығы бірдей тереңдетілген пәнді оқуға бұрын міндетті болса, енді белгілі блоктық жүйенің бірін таңдап, бала қалауымен оқуға мүмкіндік алады. Екіншіден, бейіндік пәндерлі таңдау бойынша қабілеті есепке алына оқытылғандықтан, мұндағы оқыту үрдісі де тиімді, үйлесімді, сапалы болып шығады. Тереңдетіле құрылған бағдарламаны жақсы игеруге мүмкіндік алды. Оқыту сапасы артады. Үшіншіден, тек жақсы оқитын оқушылар ғана емес оқу қабілеті орта оқушылар да өз мүмкіндігіне қарай белгілі бір мамандықтың біріне бейімделе оқытылады.Төртіншіден, мұндай қалауымен  біріккен топты оқыту мұғалім еңбегіне жеңілдік береді, әрі оқушының қызығушылығы ескеріліп, оның бейімділігі арта түседі. Сөйтіп болашақта жоғары оқу орнында оқуға мүмкіндігі бола бермейтін шәкірттерге сұранысқа ие алғашқы кәсіптік білім беру қолға алынады. Оқушының өмірден өз орнын таба аларлық мүмкіндікке ие болуының әлеуметтік мәні бар екені көрінеді.

 Білім беру ұйымдарында бейіндік оқытуды ұйымдастыру барысында психологиялық қызметін құруда мектеп әкімшілігі мен психолог маман келесідей мәселелердің шешімін табуға ықпал етуі қажет, ол:

  • бейіндік оқыту мәселесін тереңнен зерттеуді ұйымдастыру (педагогикалық кеңес, әдістемелік кеңес арқылы), оқушылар мен ата- аналар арасында жүргізу;

  • білім беру мен білім алуға деген сұрасынтарға диагностика жүргізу;

  • белгілі бейімділікке байланысты оқытуда арнайы кабинеттер мен оқу орындайын даярлау, құрал- жабдықтармен қамтамасыз ету.

  • оқушылардың кәсіби бейімділіктерін анықтау, психодиагностикалық жұмыстар жүргізу, соның негізінде қажетті әдебиеттерді алу;

  • элективтік курстарды ұйымдастыру;

  • әр оқушының бейімін ескеру мен оның жан- жақты дамуына психологиялық, әлеуметтік тұрғыдан жағдай жасау.

Қорыта келгенде бағдарлы оқытуда оқушыға шығармашылық, әлеуметтік, креативтілік, коммуникативтік қызмет саласындағы  құзіреттілігін айқындай отырып, жеке жетістіктерінің негізінде өз бейінін айқындау мен шыңдай түсуде оқытудың жаңа формалары мен психологиялық қызметті құру, әрі оның жан -жақты жұмыс жасауы жалпы жаңа заман үдерісіне сәйкес экономикалық әлеуметімізді молайту үшін қажыр-қайрат көрсете білетін, ғылымның мол жетістіктерімен қаруланған, бейіндік қабілеті шыңдалған тұрақты өзгерістерді ескере отырып, қоғам өміріне еркін енуіне дайындығын қамтамасыз ететін жалпы орта білімді дамытудың қарқынын арттыру қажет етеді. Ең басты міндет адамгершілігі мол, адам жанын түсіне алатын, тәрбиелі, білімді, мәдениетті, жауапкершілігі мен өз ой-пікірін ашық айта алатын жеке тұлғаны қалыптастыру.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы «Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында». Астана. 2006. 43б.

2. Қазақстан Республикасындағы 12 жылдық жалпы орта білім беру ұйымдарында бейінді білім беру тұжырымдамасы- Астана 2010 ж.

3. Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 ж. арналған мемлекеттік бағдарламасы.

4. Жалпы білім беретін оқу мекемелерінің жұмыс оқу жоспарын жасауға ұсыныстар. М.Ж.Жадрина, С.Д.Мұқанова- Алматы 2004 ж.

5. Жазықбаева Ұ. «Жеке тұлғаны қалыптастырудағы 12 жылдық білім берудің тиімділігі» Білім әлемі №1,2007 ж.

6. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты. – Астана, 2006.

7. Рахимжанов А.М. Профильное обучение: проблемы перехода и создание  эффективной образовательной среды. //Білімдегі жаңалықтар. 2008. №1 С.10-11.

8. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы. //Орталық Қазақстан. 2003. 27 желтоқсан. 3б.

9. Мұқатаев  А.А. Бейіндік оқытуды ұйымдастыру. Қарағанды, 2009. 103б.

10.Айсмонтас Б.Б. Педагогическая психология. Москва, 2002.  С. 102-104.