Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

М ТӨЛЕБАЕВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДА ХАЛЫҚ-ДӘСТҮРЛЕРІНІҢ АЛАТЫН ОРНЫ

Автор: 
Сарбинас Күнтуғанова (Талдықорған қаласы, Казахстан)

М.Төлебаев – аса көрнекті, ұлтымыздың мақтанышы болған, үздік композитор. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО халық әртісі, Қазақ музыка мәдениетінің классигі. Оның аты қазақ музыка мәдениетінің ірге тасын бірге қаласқан аға буын композиторлар А.Қ.Жұбанов, Б.Г.Брусиловский, Л.Хамидилармен мәңгіге байланысқан.

XX ғасырдың 1930 жылдарында Орта Азия мен Қазакстан республикаларында кәсіптік еуропалық дәстүрде жаңа бағыттағы музыкалық шығармашылыққа бет бұрды. Әлемдік музыка мәдениетін еуропалық қалыпқа бейімдеу және ұлттық дәстүрмен байланыста болу негізделген болатын. Осы бағыттағы байланыстардың тікелей өкілі болғандықтан Мұқан Төлебаев Қазақстандағы композиторлар мектебінің көшбасшысы болды. 100-ден астам түрлі жанрдағы, әр алуан жоспардағы форма мен стиль ерекшеліктерінде шығармалар жазып, салмақты үлес қосты. М.Төлебаев, бірнеше опералар, симфониялық поэмалар, увертюра, кантата, суреттемелер, көптеген камералық аспаптық музыка мен хорға арналған шығармалар, көптеген ән мен романстар, кинофильмге арналған музыкалар, халық әндеріне арналған өңдеулер жазды. Жоғары деңгейдегі музыкалық-сахналық көркем шығармалар, Қазақ музыка мәдениетінің інжу-маржанына айналған, опера жанрының жауһары, өнердегі үздік туынды, атақты «Біржан-Сара» операсын атап өтпеу мүмкін емес. Бұл опера әлемдік музыка мәдениетінің асыл қазынасына айналды[1,10б. ].

ХІХ ғасырда өмір сүрген ұлы орыс композиторы М.Глинка: «Музыканы тудыратын – халық, ал біздер композиторлар тек өңдеушілерміз», - деген. Осыдан барып М.Төлебаевтың бүкіл шығармашылық өнерін халық туындылары деп айтуға құқылымыз. Халық әндерін түсінбей, оның тұңғиық терең түбіне үңілмей ұлттық өнерді қалыптастыру мүмкін емес.

Мұқан Төлебаев 1913 жылы 13 наурызда Алматы облысының бұрынғы Бөрлітөбе (қазіргі Сарқан) ауданы, «Үлгі» колхозы, Қарашыған ауылында дүниеге келген екен. Балалық шағы жер жәннәті Жетісу жерімен, халқының тұрмыс-тіршілігімен, мәдениетімен, халық әндері, күйлерімен тығыз байланыста өткен. Оның қоршаған ортасы, ауылы, өмірі мәңгілікке санасында әсем әуен жатталып қалған[2,10.б. ].

Әкесі Төлебай 1861-1933 жылдары өмір сүрген, кедей жанұясынан шыққан қарапайым шаруа адамы болатын. Өте ақылды, адамгершілігі мол, кіммен болса тез тіл табысатын, жайдары адам болған көрінеді. Ақыл, көмек сұрай келгендерге есігі әрқашан айқара ашық болатын деседі. Осы мінез-құлықтарының барлығы да Мұқан бойынан табылатын.

Мұқан бала кезінен бастап-ақ шешесіне жақын болады, оның салған әндерін сүйіп тыңдайтын да, еш қиындықсыз, қандай тақырыпқа болсын өлең жолдарын шығара беретін суырып салмалық қасиетіне шынайы таң қалатын. Сөйтіп, Мұқан анасынан музыкалық дарын мен ақындықты мұрагерлікке алды. Сонымен қатар, Мұқанның өнерге деген қызығушылығына, дарындылығы мен еңбексүйгіштігіне сол кездегі белгілі домбырашы, ақын Апырбай Әуелбаевтың да қосқан үлесі зор болды. Баланың қағілездігін, ерекше қабілеттілігін, икемділігін, музыкаға деген қызығушылығын ерте байқаған Апырбай ағамыз, алты жасынан бастап оны домбыра үйретуге баулиды, сонымен қатар қайда той-томалақ, мереке-думан, жиын-тойларға қасынан тастамай алып жүретін көрінеді. Бала Мұқан халық әндері мен күйлерін, ақындар тартысын, өлең-жырларды талмай тыңдап, бала кезінен-ақ халық музыка мұраларына сусындап өседі.

Бала кезінен ауылдағы сауық-сайранның сәніне анналған Мұқан есейе келе қазақтың ұлттық өнерінің қайнар бұлағынан қанып ішіп, соны ары қарай дамыту үшін Мәскеудегі консерваториядан бірақ шықты.

Алғашында әншілер дайындайтын (вокальный) факультетке түссе де, кейін композиторлар дайындайтын факультетіне ауысады. Оның алған бетінен қайтпайтын бір беткейлігі мен өжеттігі сабақ беретін ұстаздарын сүйсіндірген еді[3,22.б. ].

Жетісу өлкесі ерте кезден бері әнші-жыршыларға ақын-жазушыларға, түрлі қолөнершілерге, күйшілерге өте бай, сонысымен белгілі. Мұқан Төлебаев өнерінің қазақ ақындары шығармашылығымен, халық әндерімен жақындықты ақтауы, құнарлы, түсінуге жеңіл, қарапайым, көңіл-күйге жағымды болуы да туған өлкенің әсерінен деуге болады. Оның өнерінен өткеніміз бен қазіргіміз арасында байланыс орнаған.Халық әншілігіне деген қызығушылық М.Төлебаевтың музыканы халық әні сарынында жазуына себепші болды.

Жоғарыда айтылғандай, әнді тудыратын халық болып табылады. Бұл әндерде не туралы айтылды? Адамды қоршаған ортаның бәрі туралы айтылады. Әндерінде қазақ қоғамының барлық саласы, қазақ ауылының күнделікті тұрмысы, жүздеген жылдар қалыптасқан музыка өмірі бейнеленген. Халық әндері мен күйлерін кез-келген жаста орындауға бола­ды. Ән мен күй бейнебір өздеріне кең құлашты қанат бітіріп, туған елден алыстап, тіпті бабаларымыз көшпенділерден де асып кеткендей. Халқымыздың даналығының арқасында көптеген ән-күйлер осы күнге де жеткен. Бұл – алдыңғы толқын мен бүгінгінің ажырамас байланысын көрсететін құбылыс.

Қазақ музыкалық өнеріне халық шығармашылығымен нағыз байланыста болуы тән. Бұл басқа сазгерлер сияқты М.Төлебаевтың да елінің өмірі мен тарихынан нәр алатындығын көрсетеді.

Мұқан Төлебаев қазақтың кәсіптік музыкасының аяғынан тұруына және өркендеуіне өз тарапынан көп үлес қосты. Композитор түрлі жанрда жан-жақты шығармалар жазды. Олар: камералы-аспаптық, симфония мен опера, фортепиано мен жеке дауысқа арналған өңдеулер және көптеген ән-әуендер болды.

М. Төлебаев музыкасын қарастырып, талдау жасау арқылы оның вокалдық шығармалары халық әуеніне, дәстүрлі қа­зақ әніне негізделгенін байқаймыз. Ол кәсіптік музыканың классикалық формасымен халық әндерінің қырларын шебер үйлестіре білген. Оған қоса авторлық және халықтық әндер араласып жаңа синтезделген шығарма тудырады. Мұқан Төлебаевтың басқа композитарлардан ерекшеліктері – оның әндер мен романстар жазудағы өзіндік белгілері. Бұған дәлел ретінде композитордың «Ақмарал», «Жылқышы», «Қырманды», «Тос мені, тос», «Кестелі орамал», «Жастар вальсі», «Бақыт вальсі» және т.б. шығармаларын атауға болады.

1945 жылы М.Төлебаев, Е.Брусиловский және Л.Хамидилермен бірлесе отырып, сөзін жазғандар Ғ.Мүсірепов, К.Мұхамеджанов, А.Тәжібаев «Қазақ ССР гимні» жарыққа шықты. Онда Қазақстан халқының осы уақытқа дейінгі жеткен жетістіктері, бұқаралық салтанаты әуенмен қортыланды. Әуенде қазақтың дәстүрлі лирикалы-эпикалық әуеннің жиынтығы, ұстамдылық пен ұлылығы және ер мінезділік пен салтанаттылық қарқынды үстемдік етіп, аса сәтті болып, көпшіліктің көңілінен шықты[4,21.б.].

М. Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсы – тек қазақ халқының ғана емес, сонымен қа­тар, сол кезеңдегі кеңестік музыканың қайталанбас туындысы. Алғашқы қойылымынан бастап бұл шығарма үлкен жетістіктерге ұласты (1946 ж. республика астанасы Алматыда). Бұл – Қазақстан өнері, біздің музыкалық мәдениетіміз бен композитордың үлкен жетістігі. Әйгілі айтыс – Біржан сал мен ақын Сараның сөз таласына негізделген сюжетті музыкалық-сахналық шығармада композитор ең апғаш рет осындай күрделі синтетикалық му­зыка жанры опера жазуға қадам басты. Бұл жерде композитор оқиғаны механикалық түрде көшіріп алуды немесе өткен ғасырдың тарихи жайттарын баяндауды алдына мақсат етіп қоймаған, тек шығарманың қайнар көзі ретінде пайдаланып, қазақтың музыкалық фольклорының асыл қазынасын ғана негізге алған. Ол музыкалық-драманы дамытуды осы қабілет, эмоциясын асырмай дарыта білді. Композитордың мұндай ерекшеліктері оны музыкалық-сахналық, жалпы көркемдік шынайы музыкалық бейнені ашуға қабілет етті. Оған музыкалы-мәнерлі заттар мен түрлі арнайы ұлттық белгілерін көрсету лайықты.

Сонымен бірге ол халықтық-музыкалық дәстүрді жалпыеуропалық және кеңестік кәсіпқой музыкалық мәдениетімен байланысына жетекшілік танытты. Осындай объективті-шынайы және музыканың мәнерлі заттарының әдісі мен таңдауы замани кеңестік композиторлық мектептің қиын шығармашылық және көркемдік міндеттері – ұлттық дәстүр эволюциясы процесінің халықтық-ән музыкалық тұрғыда өрістеуі Кеңес Одағы халықтарының тығыз ұлтаралық ықпал етуі болып табылады. Сондықтан да «Біржан және Сара» операсын жекелеген халықтық-музыкалық дәстүрлердің опе­ра жанрындағы заңнамаларында синтезделген жалпы адамзат мәдениетінен қарастыруға болады деуге негіз бар. Оған қоса, көптеген оркестрлік-симфониялық эпизодтардың қатысуы, балет көріністері, көп дауысты хор, (білуімізше, қазақ ұлттык, музыкасы жаратылысынан монолитті) композитордың назары ұлтаралық байланысқа бағытталғанын куәландырады, бұл – ұлттық белгілермен синтезделу арқылы берілген шығарманың интернационалдық жағын шығарды. Либретто жазған Қ.Жұмалиев пен композитор «Біржан және Сара» операсында музыка мен мағынаны дүниетаныммен, сол кезеңдегі қоғамдық ой-өрісімен, халық өмірімен ажырамас бірлікке айналдыруға тырысқан. Осының қатарында өнердегі халықтың, көпшілік және интеллектуалдық сәттерін, әсіресе, қазіргі заманғы шеберлердің тәжірибесінен көрінген көркемдік шығармашылық диалектикасын қарастыруға болады.

Мұқан Төлебаевтың қазақ ұлттық өнерін дамытудағы жетістіктері жоғары бағаланып, КСРО-ның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атады. Қазақ ССР Жоғарғы Кенесінің депутаты ретінде сайлаған халқы оған үлкен сенім артты[4,33.б. ].

Демек, алуан түрлі жанрлар мен формадағы шығармаларды талдау кезеңінде композитор М.Төлебаевтың өзіндік сара жолы, стилі, музыка жазу ерекшелігі, дәстүрлі қазақ музыкасын өңдеп, толықтырып, жаңаша жарқыратып, оларды күрделі формадағы шығармаларға пайдалыну тәсілдері, ауызекі әндерді жинақтап өңдеу үлгілері тек ұлы композиторға ғана тән ерекшеліктер болмақ.

Мақаламызды қортындылай келе, XX ғасырдың кемеңгер қайраткері М.Төлебаевтың өмір жолы мен шығармашылығы толық қамтылды деген сөз емес. Ұлттық дәстүрді сөз еткенде қазақ музыка мәдениеті мен халықтық музыка шығармашылығы бір-бірімен тығыз байланысты. Көптеген композиторлар сияқты М.Төлебаевта өз халқының өмірі мен тарихына деген қызығушылық басым. Ән-әуендерінде қазақ қоғамынын барлық саласы, қазақ ауылының күнделікті тұрмыс-тіршілігі, жүздеген жылдар қалыптасқан музыка өмірі бейнеленген. Шығармаларын тыңдай отырып, ән мен әуен бейнебір өздеріне кең құлашты қанат бітіріп, туған елден алыстап, тіпті бабаларымыз көшпенділерден де асып кеткендей күй кешесіз. Халқымыздың даналығының арқасында көптеген ән-күйлер осы күнге де жеткен. Бұл – алдыңғы толқын мен бүгінгінің ажырамас байланысын көрсететін құбылыс.

Мұқан Төлебаев – Қазақстанның классик композиторы. Ол профессионалды қазақ музыкасын әлемдік шыңға көтерді. Халық «өнеге күші өлшеусіз, өнерді үйренуге де өнер керек» - дейді. Мұқан Төлебаев музыкасының құдыретті күші оның профессионалдық көркемдік биікке өрлеуімен қатар, өнерімізде өзгеріс тудырған жаңа жанрларды қалыптастырған жаңашылдығында деп айтуымызға болады. Композитордың қайталанбас дара шығармашылығы – асқан шабыты қазақ халқының өнер мәдениетін аса бір оқшау биікке шығаратын жарқын құбылыс.

Ұлы композитор М.Төлебаев есімін бүкіл Қазақстан халқымен қоса жерлестері – Жетісулықтар да аса құрметпен, мақтан тұтып жоғары бағалайды. Оның шығармашылығы дүниежүзілік музыка мәдениетінің алтын қорына енді. Оның есімімен -Шығыс Қазақстан облысына қарасты, Семей қаласындағы музыка колледжі Мұқан Төлебаев атында, Талдықорған қаласында, Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филормониясында Мұқан Төлебаев атындагы халық аспаптар оркестрі жұмыс жасайды. Сонымен қатар, Талдықорған қаласында өтетін республикалық Мұқан Төлебаев атындағы композиторлар байқауы, үш жылда бір peт өтетін «Алтын таяқша» атты дирижерлар сайысы дәстүрге айналып, жүйелі түрде өтеді.Композитор М.Төлебаев есімі, оның шығармашылығы халқымыздың есінде мәңгілік сақталады.

Жоғарыда айтылған сөздердің дәйегі ретінде КСРО халық әртісі, Қазақ ССР-нің халық әртісі М.Төлебаев композиторлық мектебінің ізбасушысы Ғазиза Жұбанова былай деп толғайды; «Мейлі жылдар, жүзжылдықтар мен мыңжылдықтар өтсе де мәңгілік өлмес сиқырлы дыбыстардан тұратын бұл туынды, болашақ тыңдармандарды өзіне баурап алады. «Біржан-Сара» операсы ұлы композитордың алып еңбегі.

Мұқан Төлебаев ұлы тұлға, әсерлі, адамды еріксіз өзіне баурап алатын, қайталанбайтын, алып-ғұлама дарын иесі. Оның есімі қазақ музыка мәдениеті тарихында мәңгілікке жазылған. Оның есімі бүкіл әлем, жер жүзіндегі ұлы композиторлардың қатарында тұр».

ҚОЛДАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. Кетегенова Н. Славный сын песенного народа. Алматы, 1999 г.

  2. Кетегенова Н. Творческие портреты композиторов Казахстана. Алматы, 2009

  3. Ұзақбаева С., Төлебаева Ж. Сырлы саздар тағылымы. Алматы, 1999 ж.

  4. Ахметова М. Национальные традиции в казахской песне. Алматы, 1982 г.

Научный руководитель:

 

кандидат педагогических наук, доцент Таубалдиева Жуматай.