Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРДЫҢ СПОРТТА АЛАТЫН ОРНЫ

Автор: 
Тимур Мүсірбай (Алматы қаласы. Казахстан)

Ұлттық ойындарының да өзіндік тарихы, даму жолдары, қалыптасу кезендері бар. Қазіргі кейбір тарихи деректерге қарағанда, бізге жеткен ұлт ойындарының біразы сонау көне заманнан бері келе жатқаны белгілі болып отыр. Демек, Қазақстан жерінде қалыптасқан алғашқы қауымдық құрылыс кезеңі халқымыздың ұлттық ойындарын да тұғызған. «Бес тас», «Асық», «Садақ ату» сияқты ұлт ойындары шамамен алғанда осыдан бес мың жылдай бұрын ойналғаны жайында айта келіп, ағылшын ғалымы Э.Маккей «... бұл ойындардың барлығы дерлік Азия елдерінде тайпалы одақтардың арасында таралғанға ұқсайды» - дейді[1,20 б]..

Қазақстан жеріндегі алғашқы қауымдық құрылыс кезеңінде қалыптасқан, «аң аулау» - «таяқ жүгірту», «садақ ату» - «жамбы ату», «қақпа тас» - «бес тас», «қарагие» - «найза лақтыру» болып аттары өзгеріп, мазмұндары сақталып қалған. Басқасын қойғанда, күні бүгін бәрімізге әйгілі «ақ сүйек» ойынының бірнеше аттары бар екені анықталады. Мысалы, әйгілі ғалым-этнограф Ә.Диваевтың еңбегінде «орда:, орыс дәрігері Е.Покровскийде – «тоқтышақ» делінсе А.Алектровта – «ақ сүйек». Ұлт ойындарының жалпы қалыптасу кезеңі біздің заманымызға дейінгі VII-IV ғасырлардағы қазақ жеріндегі көшпелі тайпалардың құралу дәуіріне тура келеді. Мәселен, күні бүгінге дейін мәнін жоймаған «асық» ойнына кез келген сүйек емес, малдың асықтарын алған, «бес тас» ойынына тек қолға ұстағанға ыңғайлы домалақ тастар «қарагие» ойнына қолға түскен ағаш емес, қайын немесе ырғай, тіпті табылмаған жағдайда талды пайдаланған.

Демек, бұл табиғи заттар өндірісітік қатынастардың дамуына қандай әсерін тигізсе, ұлт ойындарының қалыптасуына да сондай маңызы ықпал етті.

Бізге белгілі малмен жүрген көшпелі руларда киіз үйден басқа баспаның болмағандығынан, тек ашық алаңдарда ғана ойналатын «ақ сүйек», «алтыбақаен», «айгөлек», «арқан тартыс», «соқыр теке», «түие-түие», «белбеу тастау», «монданақ», «түйілген шыт», «ақ серек, көк серек», «көрші», «шалма», «шертпек», «шымбике», «инемді тап», «қарамырза», «сиқырлы таяқ» т.б. ойындар шыққан [3,12 б].

Келе – келе алғашқы қауымдық құрылыс кезінде қалыптасқан ұлт ойындарына өзгеріс еніп, топқа бөлініп ойнайтын ойындар туа бастады. Олардың алғашқыларының бірі – «ақ сүйек».

Бұл жүгіріп, күш көрсетіп ойнайтын ойын болғандықтан, өкпенің жұмыс қабілетін арттырып, денені шынықтырып, жүйріктікке, шапшаңдыққа, батылдыққа тәрбиелейді, сондай-ақ қараңғыда жол табуға көзді жаттықтырады, қоршаған ортаны дұрыс бағдарлай білуге үйретеді.

Сонымен қатар «асық» ойыны да көне ойындардың бірі. Кейін келе Қазақстан территориясының барлық жерінде дерлік «асық» ойынының белгілі бір жүйеге келтірілген түрлерін таратты. Асықты қынаға қайнатып, бояп, ал қына болмаған жағдайда қарағай қабығына бояп отырған. Содан кейін сақаның табанын қайрап, алшы түсу үшін қарсыласына білдірмей алшысын тесіп, қорғасын құйып, тесіктің бетіне сүйек қағып, қайрап қоятын болды. Бұл әдістер біздің ойымызша ойыншының қарсыласынан қулығын асыру немесе әділетсіз іс деп ойламаймыз, керісінше, жеңіске жету жолындағы адал күрес, ізденіс деп білеміз[4,12 б.].

Көптеген этнографиялық деректер алғашқы қауымдық қоғамның өзінде – ақ дене тәрбиесінің дами бастағанын дәлелдейді. Мәселен, «аламан бәйгенің» пайда болуын алғашқы қауымдық қоғамның ыдырап, жеке меншіктің пайда бола бастаған кезеңіне жатқызуға болады.

Тарихи әдебиеттерде «Аламан» деп атты әскердің шабуылын атаған және «Аламан» ұғымына шабуылдың жақсы қаруланған, ат құлағында ойнайтын жеке адамды да атаған. Осының нәтижесінде тезімі әрі епті жауынгер – аламанды тәрбиелеу мақсатында, «Аламан бәйге» жарысы дүниеге келді дейміз.

Қазақ жерінде біздің дәуірімізге дейінгі VIII-VII ғасырларда скифтік тайпалар – сақтар мекендеген. Олар бірнеше күрделі одаққа бірігіп көшпелі өмір сүріп, негізінен мал шаруашылығымен айналысқан.

Сақтар күшті әрі жауынгер халық болған, олардың бұл қасиеттерін көрші халықтар жоғары бағалаған еді. Сақтарда үйлену тойы құрметіне спорттық жарыстар өткізу дәстүрі болып отырған. Бүл дәстүр бойынша күйеу жігіт қалындықты тек жарыста жеңу арқылы ғана үйленуге халқысы бар еді.

Жарыстың бүл түрі қазақ, қырғыздың «Қыз бөрі» ойынына ұқсайды деп антикалық хроникалық әдебиеттерде көрсетіледі. Мазмұны осыған ұқсас ойындарды кейінірек Марко Поло өзінің Жетісуға саяхаты кезенде кездестіргенін жазады. Бұл ойындардың мазмұнына талдау жасай келе, қазіргі күнге дейін өзгеріссіз жеткен ұлттық «Қыз қуу» ойыны жоғардағы ойындардың негізінде пайда болды деп айтуға толық болатынын айқындайды [5, 15 б.].

«Тоғыз құмалақ» ұғымы көптеген мамандарға бұл ойын қазақ ойыны немесе Орта Азия халықтарының ойыны деген түсінікке жетелдейді. Бұл тұжырымды дұрыс деп айтуға болмайды, себебі, «Тоғыз құмалақ» ұғымы бертін келе пайда болған, ал ойынның өзі кейбір халықтар мен тайпаларға осыдан 4,5 мың жыл бұрын белгілі болған.

Біз әзірге «Тоғыз құмалақ» ойыны Орталық Африка елдерінде емес Шығыс елдерінде алғаш болды деп тұжырымдауға толық дәлеліміз жоқ, бірақ, көптеген стол үстінде ойналатын ойындар, оның ішінде «Тоғыз құмалақ» ойынының да таралуы Орта Азия мен Қазақстаннан бастап Үнді ман Орталық Африка елдеріне дейін жеткен, оның үстіне, бұл халықтардың жер аралық қарым-қатынастары біздің дәуірімізге дейінгі IV – III мыңжылдықтарда жүзеге асқан көрінеді.

Түрік қағанаты дәуірінде тайпалар біртіндеп көшпелі өмірден белгілі жерлерге тұрақтай бастаған. Қағанат жерлерінде көптеген қалалар бой көтере бастайды. Қазіргі Жамбыл қаласының орнында болған Тараз қаласы күрделі сауда орталығы болыпты. Жыл сайынғы сауда жәрменкесіне көптеген көпестер, әнші – музыканттар, ат қулағында ойнайтын шабандоздар, құралайды көзден ататын мергендер, палуандар, құсбегілер осы қалаға шоғырланатын болыпты.

Үнемі көшіп кету өмірі рухани тәрбиесінің дамуына да өз әсерін тигізді. Негізінен ат үстінде жүріп ойнайтын ойындардың ұлттық түрлері жақсы қарқынмен дамыды. Қазақтар атқа міне білу өнерін жас кезінен бастап меңгерген, тіпті туғаннан десе де болады, себебі аналары жас нәрестелерін ат үстінде әлдилеп жүрген. Бала үш жасқа толғаннан бастап өзі жеке атқа мінуге байланысты ата – аналары ат шаптырып той жасап, онда түрлі жарыстар, ақындар айтысы, әншілер, күйшілер, бишілер қатысқан. Ойын – сауық аяқталған соң ерлер жағы тарайды да киіз үйде тек әйелдер қалады. Олар баланы көтеріп алып, әкесіне береді, ал әкесі баланы ауылдын ақсақалына тапсырады. Ал ақсақал «жігітті» атқа мінгізіп бүкіл ауылды аралап силық жинаған.

Қазақ халқы ұлт ойындарына бай халықтардың бірі. Бірақ ол ертеде ауызекі туып, жалпақ жұртқа ауызекі таралып отырған да, сондықтан көпшілігі бүгінгі күнге жетпей, ұмыт болып кеткен. Қазақтың ұлттық ойындары туралы қағаз бетіне түскен алғашқы деректер ХІІІ ғасырдан басталады. Оны алғаш жинап Европа жұртшылығына таныстырған Италия саяхатшысы Плано Карпини болды. ХІІІ ғасырда Европа халқына Моңғол тарихын таныстыру мақсатымен саяхатқа шыққан П.Карпини Жетісу мен Тарбағатайды басып өткен кезінде осы өңірді мекендеген ру – тайпалардың тұрмысы, әдет-ғұрыптары, ойын-сауықтары жайлы көптеген материалдар жинаған[5,45 б.]

Қазақ топырағына ағартушылар қозғалысының туын алғаш көтерген Шоқан Уәлиханов ұлт ойындары жөнінде: «Ұлт ойындарының қалыптасуы тек балаларға ғана көректігімен дамып қойған жоқ, ересектердің күнділікті тіршілігіндегі қозғалысы мен көніл көтеріп, демалыс уақытын өткізудегі еңбектің бір түрі ретінде де дамыды. Мәселен, әртүрлі қимыл әрекетті ойындар мен асық ойындар тайпалық одақтарда ересектер арасында дамыды да, кейін келе жасөспірімдерге қалды» - деп жазады [12,32 б.].

ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген көрнекті ағартушы, демократ Ыбырай Алтынсарин қазақ балалрына мінездеме бере келе, оларды табиғатынан дарынды, талапты деп атап көрсетеді. «Еңбек әулетіндегі қазақ балаларының қиын өмір жағдайы олардың интелектіне із қалдырған, тапқырлығын, сезімталдығын арттырған. Қазақ баласы қимыл қозғалыстарының арнайы логикасы бар, құрамына әзіл – ысқақ элементтері кіретін ойындарды, әңгіме ертегілерді сүйген» [12,23 б.].

Бала ойын үстінде қоршаған орта жайлы алғаш түсініктерін алады, өз бақылауларын жасап, тәжірибе жинақтайды. Бұл жөнінде ұлы ойшыл Абай: «Адам туғаннан дарынды болмайды, ол көп нәрсені көріп, оған баға бергеннен кейін жаманды жақсыдан ажырата біледі» - деп көрсеткен. [12]

Ал Абайдың тікелей ұлт ойындарына көзқарасына келсек, ол көптеген ұлттық спорттық ойындарды жақсы көрген. Абай шығармаларында бәйге ойыны жайлы да көп айтылады. Ол өзінің бір әңгімесінде: Егер бәйгеге 100 ат қосылып, біреуі сыйлық алса, бірақ бірініші емес, онда одан сенің алдында неше ат келді деп сұрайды. Сенің соңында неше ат келгенін сұрағаннан не пайда? Артта қалған қатысушының менің соңымнан бес ат келді деп қуанғанынан не пайда? Тек біз ғана жаман емес екенбіз деп өзін өзі жұбатқанның қажеті не?

Абай халықты өзіне жақсы пайдалы өнегелі бағытта тәлім тәрбие алуға шақырады.Абайдың «Тоғыз құмалақ» ойынын үйренуге арналған үйірмелер ұйымдастырғаны да белгілі. Бұл ойынды ойнауға Абай ауылына жан-жақтан ойыншылар жиналып тұрғаны да мәлім. Ол әрқашан өзімен бірге осы ойынға қатысты заттарды үнемі алып жүріп, қолайлы жағдай туса жарыстар ұйымдастыра жүрген.Абай сияқты қазақтың ұлттық ойындарына өзінің көзқарастарын қалдырған атақты адамдар көп емес. Бұл тақырыпқа арналған оның шығармалар ұлттық ойындар тарихын зерттеуге үлкен көмек тигізетіні анық.«Адам ата – анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе дүниедегі жақсы – жаманды таниды дағы, сондайдан білгені көргені көп болған адам білімді болады» - дейді Абай. Оның бұл пікірі ойынға да толық қатысты деп есептейміз.Абайдың сүйіп ойнайтын «Тоғыз құмалақ» ойынына жақынырақ тоқталар болсақ, бұл ойынның фотосуреті мен ойнау тәртібін қағаз бетіне алғаш түсірген этнограф Н.Пантусов 1906 жылы: «Бұл ойын өте көне және кім ойлап тапқаны белгісіз. Ол қазақтың үш ордасының барлығына тегіс тараған», - деп жазды. Қазір бұл ойының тарихы жайында Н.Пантусовтың көрсеткенінен гөрі анығырақ айтуға болатын деректер ашылды. Қазақстан Республикасы ғылым академиясының корреспондент мүшесі Ғ.Мұсабаев жүргізген этнографиялық зерттеулері нәтижесінде «Тоғыз құмалақ» тас бетіне қашалып салынған таңбалар. Ғалым мұны біздің заманымыздан бұрын салынған суреттермен қатарлас қарап, көне дәуірге жатқызады.

Біз бұл ізденіс жұмысыңда халық ойындарының даму тарихын зерттей келіп, бірнеше ғасырлардан өтіп, бізге дейін жеткен өзінің пайда болған кезінен бастап адамзаттың көптеген ұрпақтарына тәрбие және оқыту құралы болып қызмет еткеніне көзімізді жеткізе отырып қысқаша шолу жасадық.Тарихының көнелігіне қарамастан ойын үнемі жаңа, ол тот баспайтын, ескірмейтін нәрсе. Өйткені күн сайын дүниеге келіп жататын сәбилердің қиялын қозғап, сезімдерін аялайтын, денеге қуат, жанға саулық беріп, рухани азық болатын да – осы ойын.Қорыта келе,қазақтың көне ұлт ойындары кәзіргі кезде көкейкесті мәселе,себебі мектепте денешынықтыру сабағында және жоғары оқу орныдарының спорт мамандығында ұлт ойындарын жандандырып,оны практика жүзінде іске асырса болашақ жастарымыздың өз ұлтының өнерін сүйіп қадірлейтіні сөзсіз деп білеміз.

 

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

 

  1. Абсолямов Г.Ш. «РСФСР-дағы спорттың ұлттық түрлері» Дисс.пед.ғыл.канд. Москва. 1957.

  2. Агаев Г.Г. «Использование опыта применения азербайжанских народных игр в школах Азербайжана» Дисс.канд.пед.наук Баку. 1965. 20 б.

  3. Алекторов Е.А. «Киргизский праздник - байге» «Оренбургский листок» 1987 ж. №31

  4. Алекторов Е.А. «Праздничные игры и забавы Киргизов» «Оренбургский листок» 1888. №