Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

ЖАС ҰРПАҚТЫҢ БОЙЫНА РУХАНИ –АДАМГЕРШІЛІК ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ

Автор: 
Қ-Д.Н. Сарыбекова, С.Б. Шокалакова ( Тараз Қазақстан)

Қазақстан Республикасының білім беруді дамыту тұжырымдамасында «Білім берудің мақсаты-жылдам өзгеріп отыратын дүние жағдайларында алған терең білімінің, кәсіби дағдыларының негізінде еркін бағдарлай білуге, өзін-өзі іске асыруға, өзін-өзі дамытуға және өз бетінше дұрыс, адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті, дені сау жеке тұлғаны қалыптастыру» делінген. Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа адамгершілік рухани тәрбие беру. Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды тәрбиелеу мен қалыптастыру оның туған кезінен басталуы керек. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан жас ұрпақтың бойына жастайынан ізгілік, мейрімділік, қайрымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші рөл атқарады. Рухани-адамгершілік тәрбие екі жақты процесс. Бір жағынан, ол үлкендердің, ата-аналардың педагогтардың балаларға белсенді ықпалын, екінші жағынан, тәрбиеленушілердің белсенділігін қамтитын қылықтарынан, сезімдері мен қарым-қатынастарынан көрінеді. Сондықтан белгілі бір мазмұнды іске асыруда, адамгершілік ықпалдын әр түрлі әдістерін пайдалана отырып, педагог істелген жұмыстардың нәтижелерін, тәрбиеленушілерінің жетістіктерін зер салып талдау керек. Жас ұрпақ бойында жалпы адамзаттық құндылық қасиеттерін қалыптастыру жолдары бүгінгі таңда жас ұрпақты өз халқының тарихын, тегін, салт дәстүрін, тілін білімін, адамзаттық мәдениетті, адами қасиеті мол терең түсінетін шығармашыл тұлға етіп тәрбиелеу өмір талабы, қоғам қажеттілігі.

Қазақстан Республикасы «Білім туралы» заңы жас ұрпаққа жан-жақты білім мен тәрбие берудің мемлекеттік саясатының негізгі ұстанымдарын айқындап берді.Олар: Қазақстан Республикасының барлық азаматының білім алуға тең құқығылы, әрбір азаматтың интеллектуалдық дамуы, психо-физиологиялық және жеке басының ерекшеліктері, халық үшін білімнің барлық деңгейін кең жол ашылуы.Яғни, білім заңында әрбір азаматтың білім алуға құқықтығын негізге ала отырып, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылық қасиеттерін қалыптастырып, құрметтеуге тәрбиелеуде дидакикалық шарттар яғни оқыту, тәрбиелеу, дамыту, қалыптастыру үдерісін жан-жақты қамту қажеттілігі туындайды. Жас ұрпақтың бойына рухани-адамгершілік құндылықтарды және жалпы адамзатық құндылық қасиеттерді қалыптастыру үшін ұлттық мәдениет, салт-дәстүр, халық тағылымдары және т.б. мәселелер. Жас ұрпаққа ұлттық тәрбие берудің бағдарлы идеялары еліміздің Президенті Н.Ә. Назарбаев «Қалың елім Қазағым» атты жинағында мемлекеттік идеология мәселесін ұдайы есте ұстауымызды ескере келе былай деп жазды: «Біз арыстарымызға арналған тарихи зерде кешенінде мен қазақстандық отаншылдық сезімін тәрбиелеуге көңіл бөлген едім»-деген. Олай болса, қазіргі кезеңдегігі білім беруде ел тарихын терең қозғап, тәрбие жұмыстарында қазақ зиялы қауымының еңбектерін қоғам дамуына қосқан үлесін айтып түсіндіру арқылы жас ұрпақтың рухани адамгершілік құндылық қасиетін қалыптастыра аламыз. Жас ұрпақтың жалпы рухани-адамгершілік қасиеттеріне меймандостық, кісілік, сыйласымдылық, имандылық, кішіпейілділік, кеңпейілдік, салауаттылық, тіршілікке бейімділігі, өнерпаздық, шешендік, ақынжандылық сыпайлығы, мәдениеттілігі т.б. қасиеттері арқылы ерекшелінеді.

Атақты педагог Сухомлинский: «Бала кезде үш жастан он екі жасқа дейінгі аралықта әр адам өзінің рухани дамуына қажетті нәрсенің бәрін де ертегіден алады» деген. Ал, руханилық жеке тұлғаның негізгі сапалық көрсеткіші. Руханилықтың негізінде адамның мінез-құлқы қалыптасады, ар-ұят, өзін-өзі бағалау және адамгершілік сапалары дамиды. Мұның өзі мейрімділікке, ізгілікке шақырады. Олар адамды құметтеу, оған сену, әдептілік, кішіпейілдік, қайрымдылық, жанашырлық, ізеттілік, инабаттылық, қарапайымдылық т.б. Адамгершілік-ең жоғары құндылық деп қарайтын жеке адамның қасиеті, адамгершілік және психологиялық қасиеттердің жиынтығы.

Адамгершілік тақырыбы-мәңгілік. Ол ешқашан да ескірмейді. Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру- ата-ана мен ұстаздардың басты міндеті. Адамгершілік әр адамға тән асыл қасиет. Адамгершіліктің қайнар бұлағы-халқында, отбасында, олардың өнерлерінде, әдет-ғұрпында. Әр адам адамгершілікті күнделекті тұрмыс-тіршілігінен, өзін қоршаған табиғаттан бойына сіңіреді.

Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттерінің ең бастысы-өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесі-келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени-ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу біздің қоғам алдындағы борышымыз. Ата-ананың болашақ жас ұрпақ алдындағы тәрбиесі үшін жауапкершілігі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуда. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, ата-ананың күн сайын атқарып жүрген жұмысы-балаға үлкен сабақ. Жас ұрпақ тәлім-тәрбиені, адамгершілік қасиеттерді үлкендерден, ұстаздан насихат жолымен емес, тек шынайы көру, сезім қатынасында ғана алады. Жеке тұлғаның бойындағы жалпы адамзаттық құндылықтардың қалыптасуы осы бағытта жүзеге асады, сөйтіп оның өзін-өзі тануына, өзіндік бағдарын анықтауына мүмкіндік туғызатындай тәлім-тәрбие берілуі керек. Жақсы адамгершілік қасиеттердің негізі отбасында қалыптасатыны белгілі. Адамгершілік қасиеттер ізгілікпен ұштастырылады. Әсіресе еңбекке деген тұрақты ықыласы бар және еңбектене білуде өзін көрсететін балаларды еңбек сүйгіштікке тәрбиелеу басты міндет болып табылады. Өз халқының мәдениетін, тарихын, өнерін сүю арқылы басқа халықтардың да тілі мен мәдениетіне, салт-дәстүріне құрметпен қарайтын нағыз мәдениетті азамат қалыптасады.

Жас ұрпақты рухани-адамгершілікке тәрбиелеу, болашағына жол сілтеу-бүгінгі қажетті, кезек күттірмес мәселе. Рухани-адамгершілікке тәрбиелеу білім берумен ғана шектелмейді. Жас ұрпақтың сезіміне әсер ету арқылы ішкі жан дүниесін ояту нәтижесінде оның рухани-адамгершілік қасиеттері қалыптасады. Рухани-адамгершілік тәрбиені қалай іс жүзіне асырамыз? Олар мына қағидаларды сақтағанда нәтиже береді. Егер:

-тәрбие үдерісі жас ұрпақтың рухани-адамгершілік қасиеттерді игеруіне бағытталса;

-жас ұрпақ рухани-адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру мақсатында әрекеттік, іскерлік дағдыларды игерсе;

-жас ұрпақтың бойында әлеуметтік мәні бар рухани-адамгершілік қасиеттерді өз іс-әрекетінде, мінез-құлқы мен тіршілік әрекетінде көрсете алу мүмкіндігін ерікті таңдаса.

Демек, рухани-адамгершілік тәрбиесіндегі басты мәселе жас ұрпақты тәрбиелеу. Сондықтан, әрбір жас ұрпақ өзін-өзі рухани жетілдіру үшін, өзін тәрбиелеуге, өздігінен білім алуға ұмтылуы қажет екенін түсінуі тиіс деп ойлаймын.

Қазақ халқының әлеуметтік өмірінде үлкенді сыйлау ұлттық дәстүрге айналған. Ата-бабаларымыз баланы жастайынан жақсы әдеттерге баулыған. «Үлкенді сыйла», «Сәлем бер», «Жолын кесіп өтпе» деген секілді ұлағатты сөздердің мәні өте зор. Адамгершілікті, ар-ұяты бар адамның бет-бейнесі иман жүзді, жарқын, биязы, өзі парасатты болады. Ондай адамды халық «Иман жүзді кісі» деп құрметтеп сыйлаған. Жас ұрпақты имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу үшін олардың ар –ұятын, намысын оятып, мейрімділік, қайрымдылық, кішіпейілділік, қамқорлық көрсету, адалдық, ізеттілік қасиеттерін бойына сіңіре білсек, осы қасиеттің берік ірге тасын қалағанымыз. Адамгершілік-адамның рухани арқауы.

Өйткені адам баласы қоғамда өзінің жақсы адамгершілік қасиетімен, адалдығымен, қайрымдылығымен ардақталады. Адам баласының мінез-құлқына тәрбие мен тәлім арқылы тек біліммен ақылды ұштастыра білгенде ғана даритын құдіретті, қасиеті мол адамшылық атаулының көрінісі болып табылады. Қазіргі кезде өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеуде қойылған мақсаттардың бірі қоғамға пайдалы үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор бола білетін, жан-жақты дамыған жас ұрпақты қалыптастыру. Рухани-адамгершілік тәрбиесінде алдымен жас ұрпақты тек жақсылыққа тәрбиелеп, соны мақсат тұтса, ұстаздың, ата-ананың да еңбегінің жемісі зор болатыны сөзсіз.

Әдебиеттер тізімі:

1.Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы. Астана 2010

2.А.Өтешова. Адамгершілік- рухан тәрбиенің маңыздылығы. www.45 minut.rz

3.Б. Баймұратова. Отбасындағы баланы мектепке дайындау Алматы: 2000