Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

ЖОҒАРЫ МЕКТЕП СТУДЕНТТЕРІНІҢ АҚЫЛ-ОЙ БІЛІКТІЛІГІ МЕН ДАҒДЫЛАРЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ

Автор: 
Қуралай Сыдықова (Тараз қаласы, Казахстан)

Қазақстанның 2050 жылға дейiнгi даму стратегиясында бiлiм берудiң ұлттық моделiн жасауды қамтамасыз ету және оны халықаралық бiлiм беру кеңiстiгiнде интеграциялау мiндетi қойылған. 1999 жылы қабылданған «Бiлiм туралы» заң осы саладағы қоғамдық қатынастарды реттеумен, осы аядағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi принциптерiн белгiлеумен, республика азаматтарының бiлiм алуға конституциялық құқын қамтамасыз етуде ұстанған бағытымен ерекшеленедi. Заң талаптарынан туындайтын мiндеттердi жүзеге асыру мақсатында Үкiмет орта бiлiм беру жүйесiн ақпараттандыру, компьютерлендiру, жаңа оқулықтар әзiрлеу және оны енгiзу бағдарламалары бойынша жұмыс iстеуде.

Философияда «қабiлеттердi» тұлғаның белгiлi бiр әрекеттi орындауға жағдай жасайтын және ерекшелiктерi дей келе, олар қоғамдық тарихи iс-әрекеттердiң нәтижесiнде қалыптасып, әрi қарай дамып отыратынын атап көрсетедi. қабiлеттер - бiлiм алуға қажеттi адамның психологиялық ерекшелiктерi» – дейдi А.В.Петровский [1].

«Қабiлет - iс-әрекеттiң белгiлi бiр түрiн ойдағыдай, нәтижелi орындауда көрiнетiн адамның жеке қасиетi», - деп жазады Т.Тәжiбаев [2].

«Қабiлеттер - адамның iс-әрекетiнiң белгiлi бiр түрiн орындай алу мүмкiндiктерi – деген де анықтама бар. Мүмкiндiк бiлiм де, дағды да емес. Ол адамның белгiлi бiр iстi орындауға даярлығы», - деп қарастырады Қ.Алдамұратов [3].

Сыртқы дүниенi толық тануға түйсiк, қабылдау, елестер жеткiлiксiз болады. Бiз тiкелей бiле алмайтын заттар мен құбылыстарды тек ойлау арқылы ғана бiлемiз. Түйсiк, қабылдау процестерiнде сыртқы дүниенiң заттары мен құбылыстары жайлы қарапайым қорытындылар жасалады. Бiрақ қарапайым қорытындылар сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының iшкi құрылысын, оның қажеттi қатынастары мен байланыстарын жөндi ашып бере алмайды. Адамның ой-әрекетi, әсiресе түрлi мәселелердi бiр-бiрiне жанастыра отырып шешуде өте жақсы көрiнедi.

Ойлау дегенiмiз – сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының миымызда жалпылай және жанама түрде сөз арқылы бейнеленуi.

Ойлау қабылдау, елестермен тығыз байланысты. Түйсiк пен қабылдау танымның бiрiншi баспалдағы болғандықтан, олардан тыс ешбiр ойлау болмайды. Ойлау сезiм мүшелерi арқылы алынған мәлiметтердi өңдейдi. Ойлау сезiмдiк мағлұматтардың негiзiнде ғана мүмкiн болатын нәрсе. Елестерде жалпылағыш элементтер мол болғанымен, оның таным мүмкiндiгi ойлаудан әлдеқайда төмен. Ойлаудың қамтитын шеңберi – өте кең.

Адамның ойы әрқашанда сөз арқылы бiлдiредi. Бiреу екiншi бiреуге пiкiрiн бiлдiргенде өзiн естiсiн деп дұрыстап сөйлейдi. Ой толық сөз күйiнде бiлдiрiлгенде ғана айқындалып, дәйектелiнiп, дәлелдене түседi. Ойлау мен сөйлеу бiрдей нәрсе деп, бұлардың арасына теңдiк белгiсiн қою дұрыс емес.

Ой – сыртқы дүниенi бейнелеудiң ең жоғары формасы, сөз – ойды басқа адамға жеткiзетiн құрал. Ойдың сөз арқылы бейнеленуi арқасында адам өзiнен бұрынғы ұрпақтар жинаған тәжiрибе мен бiлiмдi сақтап қала алды, ойды өмiрдi онан әрi жақсарту мақсаттарына пайдаланады.

Бала тiлi шықпай тұрған кезде де ойлай алады. Нәресте айналасындағы дүниенi бiрiншi сигнал жүйесiнiң қызметi арқылы үлкендермен қарым-қатынасқа түскенде ғана оның ойлау шеңберi кеңейетiн болады.

Сөз бен ойдың бiрлестiгi алғашқы адамдардың психикасында да үлкен орын алған. Сөз бен ойлаудың арқасында ғана олар бiрiнiң бiлмегенiн екiншiсi бiлiп, ақыл-ойын молайта түскен. Тiл мен ойдың бiр-бiрiмен тығыз байланыста болатындығын халық ерте кездiң өзiнде-ақ байқаған. Мәселен, халқымыздың «Iшiмдегiнiң бәрi тiлiмде, тiлiмдегiнiң бәрi түсiмде» деген мақалы адамның басындағы ойы тiлiнен көрiнетiндiгiн, ал тiлдiң өзi адам психологиясын байқататын тамаша құрал екендiгiн жақсы көрсетедi.Сөйлеумен тығыз байланысты жүрiп отыратын ойлау процесi тек адам баласының психикасына ғана тән процесс болып табылады. Кейбiр психологтардың (Л.Леви-Брюль т.б.) айтатынындай мәдени дамудан артта қалған халықтардың ойлауы төмен, логикасы шорқақ дейтiн теориялар ғылыми жағынан дәйексiз болып есептелiнедi. Адам ойлауының эволюциялық даму жолы өте ұзақ. Ойлаудың iшкi мазмұны қоғам дамуымен бiрге өзгерiп отырады. қоғам iлгерi дамып, оның ғылымы мен техникасы өскен сайын жаңа ұғымдар пайда болып қалыптасады. Бұрынғылары ескiрiп, қатардан шығады. Мәселен, бұрын атом бөлiнбейдi деген ұғым болса, қазiргi ғылым атом ядроларын сансыз бөлiктерге бөлiп отыр [4].

Адам сыртқы дүние құбылыстарының сырын көбiрек бiлген сайын оның ойлауы да жетiле түседi, қазiр ойлаудың практикалық әрекетпен байланысқан сан-салалы түрлерi пайда болды. Адам өз ойлауының ақиқаттығын, яғни шындығы мен құдiреттiлiгiн, өмiрге жарасымдылығын практика жүзiнде дәлелдеуге тиiс. Ой амалдары мен логикалық операциялар; оларды орындаудың белгiлi ережелерi мен жүйесiнiң пайда болуы – адам ойлауының зор табысқа жетуiнiң, тарихи дамуының нәтижесi. Ойлау заңдылықтары мен ережелерi сансыз қайталаудың және тәжiрибеде тексерiлудiң нәтижесiнде адам санасында бекiп, зор шындыққа айналды.

Ойлау адамның сыртқы дүниемен қарым-қатынас жасау процесiнде туындап отырады. Адам ойлауының мазмұнын билейтiн – объективтiк шындық. Адамға алдына мақсат қойып, оны шешуге ұмтылдыратын – оның қасиеттерi.

Ойлау – өзiндiк iшкi қарама-қарсы қайшылықтарға толы процесс. Бұл оның дамуының және iске асуының қозғаушы күштерi болып табылады. Ойлаудың пайда болуында жаңа, белгiсiз нәрселерге зер салып, қызығудың да маңызы зор. Әлде де белгiсiз, түсiнiксiз нәрсенi бiлуге деген ынтазарлық, түрлi сұрақтарға жауап iздеп, ой-әрекеттерiмен шұғылдануға адамды итермелейдi. Ойлау – сұраққа жауап қайтарудан, мәселенi шешуден, оның мән-мағынасына түсiне бiлуден жақсы байқалады.

Адамның дүниетану процесi нақты қарапайым пайымдаудан бiрте-бiрте дерексiз ойлауға көшiп отырады. Адам тек түйсiкпен, қабылдау арқылы дүниенi толық тани алмайды. өйткенi мұндайда заттар мен болмыстардың нақты мазмұнынан аспай олардың бiр-бiрiмен қатынастарын, байланысын бiле алмайтын болады. Ол үшiн адам нақты қабылдаудан дерексiз ойға көшу керек. Адамның (нақ) ойы ақиқаттықты тануға болмыстың өзара байланыстарын, қарым-қатынастарын ашуға бағытталған. Ой нақты нәрселерден дерексiз нәрселерге көшкенмен, егер ол ой дұрыс болса, ақиқаттан қашықтамайды, қайта оған жақындайды. Ойлау процесiнде адам айналасындағы дүниенi дұрысырақ, толығырақ, тереңiрек танып, жан-жақты сәулелендiредi.

Дүниедегi заттар мен құбылыстар еш уақытта жеке-дара ұшырамайды, олар бiр-бiрiмен тығыз қарым-қатынаста, байланыста болып отырады, бiрақ осы байланыс, қарым-қатынастың барлығы бiрдей әр уақытта адам санасында сәулелене бермейдi. Егер адамның қабылдауы дүниедегi жеке-жеке нақты заттарды ғана қабылдайтын болса, ойлауда кiсi олардың арасындағы қатынас, байланыстарды танып-бiлуi керек. Сөйтiп, ойлау деп ақиқат дүниенi өзара барлық байланыс, қатынастарымен сәулелендiретiн психикалық процестi айтады. Ойлау бiткеннiң барлығы дұрыс бола бермейдi, кейде адамның ойы айналасындағы дүниенi сәулелендiруде қателесiп отырады. Ақиқаттық дүниенi объективтiк түрде дұрыс сәулелендiретiн ой ғана дұрыс болып шығады. Ондай ойды диалектикалық ой деп атайды. Диалектикалық ой – ойлаудың ең жоғарғы формасы. Адам ойының қандай категориясын, қандай операциясын алсақ та, түбiрiнде олар объективтiк дүниемен байланысып отырады, не болмаса сол дүниенi қайта құруға, өңдеуге жұмсалады.

Диалектикалық ой дүниедегi заттарды, құбылыстарды жеке-жеке алмай, оларды барлық байланыстармен жан-жақтан, жалпылап танып отырады. Диалектикалық ой дүниедегi заттарды, болмыстарды бiр орында тұратын деп санамайды, дүниедегi құбылыстарды дамуы мен өздiгiнен болатын қимылдармен бiрге алып қарайды. Дүниедегi даму бiр қалыпта, бiркелкi жайбарақат эволюциялық жолмен ғана дамып отырмайды, даму жолында бiртұтас заттың да iшкi күресi болады. Дамуда сандық белгiлерi жиналып, бара-бара жаңа сапаларға көшедi, ескi жойылады, оның орнына жаңа сапалар пайда болады. Диалектикалық ой дамудың осындай ерекшелiктерiн сәулелендiрiп отырады. Диалектикалық ой жай дүниенi өзгертуге, қайта жасауға әрекет етiп отырады. Мiне, осылар болғанда ғана, ой диалектикалық ой болып табылады.

Ойдың бұл екi түрi де бiр-бiрiмен тығыз байланысты, әр уақытта бiрлiкте жүрiп отырады. Адамның ой-әрекетiн қимылдан ажыратып алуға болмайды. Теория мен тәжiрибенi бiр-бiрiнен ажыратпайтынымыз секiлдi ой мен қимыл-қозғалысты да бiрлiкте қарастырамыз. Ойлау дүниенi өзгертуге, соның қыры мен сырын ашуға бағытталады. Адамның ойы әр уақытта қимылмен байланысты болады. Оймен байланыспаған жан қуаттары да дәрменсiз. Мәселен, қиялға, қимылға еш уақытта олар пәрмендi әрекет болып саналмайды. Егер қимыл ойсыз әрекет етсе, онда ол соқыр сезiм деңгейiнде жай дағдылану көлемiнде қалып қояды.

Әрекеттiң сана тезiнен өтуi, оймен байланысты болуы, теориялық ойға көшудiң табалдырығы болып саналады. Себебi, нақты-көрнектi ой мен дерексiз-теориялық ой ылғи да бiрлiкте болады. Әрине, көрнектi әрекеттi ой мен абстрактiлi теориялық ой арасында айырмашылық бар. Егер көрнектi әрекеттi ой тәжiрибемен тiкелей байланысатын болса, дерексiз-теориялық ой iс-тәжiрибемен тiкелей байланысып отырмайды.

Дерексiз теориялық ойдың тәжiрибеленген байланысы жанамалы болады. Көрнектi әрекеттi ой әр кез әрекетпен қосарлана жүредi. Дәл қазiргi кезде қабылданатын затпен байланысып, әрекет арқылы солардың бiрiмен-бiрiнiң қатынасын, байланысын ашып отырады. Дәл қазiр қабылданбайтын, әрекетке енбейтiн тәжiрибе бұл ойға қатысып, онымен байланысып отырмайды. Нақты-көрнектi заттардың жанама қатынастарын аша алмайды, өйткенi, нақты тәжiрибенiң төңiрегiнен алысқа ұзамайды. Ал дерексiз теориялық ой, керiсiнше, заттардың бiрiмен-бiрiнiң қатынас-байланыстарын ала алады, жанама, жалпы қорытындылар жасайды. Абстрактiлi ой жалпылап, ұғымдар арқылы белгiлеп отырады. Көрнектi әрекеттi ой қозғалысқа негiзделсе, қимыл арқылы ойласа, теориялық адам сөз арқылы оның мағына-мазмұнының көмегiмен шындықты ашуға тырысады.

Нақты-бейнелi ой. Адам заттың бейнесiн ғана емес, оның қимыл-қозғалыстары туралы ойлайды. Мысалы, адам мылтықтың құрылысы қандай, оны қандай бөлшектерге бөлуге болады десе, мұндайда оның ойы көрнектi, бейнелi ой болып табылады. Ал мылтықты қолына ұстап, оны түрлi бөлшектерге бөлiп, әрекет етсе, ол көрнектi әрекет – ойы болып табылады.

Абстрактiлi-теориялық ойдың мұндай түрiнiң төмендегiдей өзгешелiктерi болады: Абстрактiлi-теориялық ой, әр уақытта дерексiз жалпылама ой түйiндерiмен қатарласып отырады. Абстрактiлi ойлауда сезiм мүшелерiнен мағлұмат алудан гөрi сөз арқылы ойлауға ерекше көңiл бөлiнедi.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

 

1. Жарықбаев Қ. «Психология». Алматы, Бiлiм. 1993.

2. Ибраева Г.Б. «Сөзжұмбақтар сыры». Астана, 1999.

3. Қоянбаев Ж.Б. «Педагогика». Алматы, Рауан 1992.

4.«Өзіндік таным». № 2, 2007 № 5-6 2006 ж.