Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

ТӘРБИЕНІҢ АЛТЫН ДІҢГЕГІ- ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ

Автор: 
Сауле Тағаева (Тараз қаласы, Казахстан)

Әрбір ұлттың қай кезеңде болмасын алдында тұратын ұлы мұрат- міндеттерінің ең бастысы өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Болашақ қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл - парасаты мол, мәдени- ғылыми өресі озық азамат етіп тәрбиелеу аға буынның қоғам алдындағы зор борышы. Ал жастарды жан-жақты қабілетті азамат етіп өсіруде халықтық салт-дәстүрлердің тәлім-тәрбиелік білім танымдық ролі орасан зор.

Қазақ халқы – рухани зор байлықтың мұрагері. Ежелгі ата-бабаларымыздың күмбірлеген күміс күйі, сыбызғы – сырнайының үні, асқақтата салған әсем әні, ғашықтық жырлары, мақал-мәтел, шешендік сөз айтыс өлеңдері, сан ғасыр бойы өз ұрпағын «Сегіз қырлы, бір сырлы» өнегелі де өнерлі, адамгершілік ар-ожданы жоғары, намысқой азамат етіп тәрбиелеп келгені тарихи шындық. Олай болса, Тәуелсіздік туы желбіреген егеменді еліміздің болашақ ұрпағын тәрбиелеуде, олардың бойына ізеттілік, қайырымдылық, кішіпейілділік, әдептілік, елін, жерін, Отанын сүюшілік секілді ең асыл қасиеттерді қаны мен жанына сіңіре осы ата-бабамыздың салт-дәстүр негізін ұстансақ өте ұтымды болар еді.«Өткенді жақсы білмейінше келешекке сапар шегу – айсыз қараңғыда сүрлеу соқпақ іздеумен пара-пар» деп Л.Н.Толстой айтқандай ұрпақ тәрбиесіндегі ежелден қалыптасқан халқымыздың жақсы дәстүрлері мен тағылымдарын оқып үйреніп, өнеге тұтпай тұрып жастарды ізгілік пен парасаттылыққа баулу мүмкін емес. Өкінішке орай, ұзақ жылдар ұлттық салт-дәстүр атаулыны аяқ асты етіп, ана тілі мен ұлт мәдениетіне дұрыс көңіл бөлінбегендіктен, біршама жастарымызды тілін, дінін, салт-дәстүрін ұмыта бастағаны шындық. Бірақ біз ол үшін жастарды кінәлай алмаймыз. Бұның барлығы ұлттық тәлім – тәрбиенің мектептерде отбасында пәрменді жүргізілмеуінен туындаған көріністер. Ұлт мақтанышы Абай: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды, естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің сөзін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естелік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп білген жақсы нәрселерін ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, соны адам десе болады» деген. Ал, ақын Мағжан жалпы тәрбие мәселесіне қатысты «Жетекші сөзде», «Жер жүзіндегі басқа жан иелерімен салыстырғанда , адам баласы өте әлсіз, зағып, осал болып туады. Малдың төлі туа сала аяқтанады. Тауықтың балапаны жұмыртқадан шығысымен жүгіріп кетеді. Ал адам баласы қиындықпен туып, аса сараң өсетіндіктен, оның денесіне, жанына азық беріп, өсуіне көмек көрсетпей, яғни оны тәрбие қылмай болмайды» - деп жазады.

Бала өмірінің алғашқы күнінен бастап ата-ана өздерінің негізгі борыштарын атқаруға кіріседі, яғни олар тәрбиеші бола бастайды. Болашақ ұрпақты күшті де рухты етіп тәрбиелеу жолында алуан түрлі қуаныш пен қиыншылықтарды бастарынан өткізеді, жан-жақты дамуға баулиды. Өмір жолында туындап жатқан жайттардың шешімдерін іздестіруге тура келеді.

Тәрбие туралы аз айтылып жүрген жоқ, бірақ балалар мен жасөспірімдердің қолымен жасалған қылмыс өршіп барады. Болашағымызды бағамдай алмай тұрмыз. Санамызға селкеу, ақылға ақау түсті. Сәулесінен әуресі көп. Қоғамдық сананы қалыптастыру үшін ұлттық идеология керек, жеке сананы жетілдірмей, ұлттық сана қалыптаспайды. Кеселдің ең қауіптісі – сана сырқаты, ауыру оңай, оңалу қиын.

Отбасы, мектеп ұжымы, қоғамдық ұйымдар бірлесе қимылдаса бала тәрбиесінде оң нәтижеге қол артарымыз анық.

Бала тәрбиесі тек мектеп мұғалімдерінің ісі емес. Абай атамыздың «Балаға көбінесе үш алуан адамнан мінез жұғады. Біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан. Солардың ішінде, бала қайсысын жақсы көрсе, сонысынан көбірек жұғады» деген дана сөзі бар. Сондықтан да, ата-ананың балаға берер тәрбиесінің рөлі жоғары. Бала жаман әдетті де, жақсы әдетті де ең алдымен отбасынан алады.

Біздің болашағымыз – бүгінгі жастар. Сондықтан да олар еліне, ұлтына адал, сауаттты болып өсуі ләзім. Қазақтың салт-дәстүрін, ата жолын, ана жолын ұғынбаған ұрпақ келешекке балта шапқанмен бірдей. Ұлы ойшыл әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген екен. Бүгінгінің ата-аналары бала тәрбиесіне көп көңіл бөле бермейді. Айтуларынша, уақыт тапшы. Тіпті, жұмысбасты отбасы балаларын үйге жалғыз тастап кете береді. Өзімен-өзі еркіндікте қалған бала телеарнадан қандай хабар көріп, қандай фильмді тамашалайтыны тағы белгісіз. Телеарна – тәрбие құралы. Алайда қазір телеарна көрерменді көбінесе жат тәрбиеге баулитыны жасырын емес. Ал ұлттық тәрбиеге жұтаң баланың келешегінен не күтуге болады? Осы бір ойлар үнемі мазалай береді мені. Шынында да, бала тәрбиесі бей-жай қарайтын дүние емес.Баланы жастан деуші еді ғой, бірақ баланы жастан емес, бесіктен, бесіктен емес-ау, ана құрсағынан бастап тәрбиелеуді атам қазақ ерте ескерген. Әдетте, адам барлық нәрсені өмірге келген соң үйренетін, барлығын қоғамдық өмірден жинақтайтын тәрізді сезіледі. Алайда адамның бес жасқа дейінгі алған тәрбиесі бүкіл өмірден алған тәрбиесінің 90 пайызын құрайды екен. Соның ішінде сәбидің ана құрсағындағы тәрбиесі маңызды орын алады.Бір қызығы, бала ана құрсағында жүргенде, анасы нені көп үйренсе, нені білетін болса, кейін бала сол нәрсені тез игеріп алады екен. Өмір есігін жаңа ашып, жарық дүниені жаңа көріп отырған сәбидің өз тілін білгені қалай? Әрине мұның барлығы оның қанынан, ана құрсағында жүргенде күнделікті алған тәрбиесінен. Өйткені оның әке-шешесі өз тілінде сөйлейді. Ортасы, қарым-қатынасы өз тілінде.

«Сүтпен біткен сүйекпен кетеді», дейді қазақ. Ал бүгінгі біздің ортамыздағы қазақ балалары қалай болмақ? Көбінің күнделікті еститін сөзі орысша болса, ұлттық қаны бар, ұлттық намысы бар қазақ ұрпағын қалай өсіреміз? Ертеңгі ұрпағың туа салып орысша бейімделіп кетпесіне кім кепіл.

Қазіргі медицина құрсақтағы балаға сыртқы дыбыстың әр алуан әсері барын әлдеқашан дәлелдеп қойған. Құрсақта жаңа қалыптасып келе жатқан шарананың қандай мінезді пенде болып туарына сырттағы әуез айтарлықтай ықпал етеді екен. Атам қазақ аттың жалында, түйенің қомында көшіп жүріп ән айтқан, күмбірлете күй тартқан. Адуын мінез бәйбішелердің өздері келін-кепшікті алқақотан жинап ән салдырған, бой жаздырған. Мұның ар жағында - ұрпақ қамы, дәстүрлі тәрбие мәйегі жатқан жоқ па?! Ән шырқаған көңілден ауру қашарын әлмисақтан білген, шадыман көңіл жас анадан шаттық кернеген, мінезді ұрпақ туады деп сенген. Бала тәрбиесi – игiлiктi iс. Берерi де, сұрауы да, жемiсi де мол тәрбие саласының ең өзектiсi.Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікке тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші роль атқаратыны белгілі.

Бүгінгі ұл – ертеңгі әке, ол әкеге қарап өседі.Бүгінгі қыз –ертеңгі ана,ол шешеге қарап өсіп, бой түзейді. Балаға білім,тәрбие беруде басты тұлға ұстаз болса, оны жалғастырушы, демеуші – ата –ана және қоғам.

Мектеп өмірі, оқушы тұлғасын әлеуметтендіру проблемасы әріптестік педагогиканы талап етеді. Және мектеп пен ата-ана, қоғам бірлескен кезде ғана тәрбие үрдісі өз жемісін нәтижелі бере бастайды.

Ынтымақ бар жерде тәрбие де бар. Ынтымақ бар жерде береке, бірлік те бар. Қоғамдық тәрбие жанұядан басталады. Ал сол жастар «рухани» байлықпен қылаптасады. Қандай бағытпен жүреді, қандай ізгі істер жасайды, қандай қоғам келешекті қалыптастырады? Ол жалғыз мектеп проблемасы болмауы керек. Оған ата-аналар да, қоғамның әрбір мүшесі де бірігіп атсалысуы қажет

Баланы тәрбиелеу үшін ата- ана өздері белгілі деңгейде тәлімді, үлгілі, өнегелі болуға тиіс.Әке- шешесі бұзық болса олардан тәлім алған бала жөнді болмайды. Алдыңғы арба қалай жүрсе соңғысы да солай жүреді демекші солардың кебін киеді. Сондықтан бала тәрбиелеймін деген кісі ең алдымен өзін өзі тәрбиелегені жөн. Ақылды да парасатты болу -тәрбиеге тығыз байланысты. Ақылды адам өмірден алған сабағы арқылы білімді келеді.

Сіз балаға жөн сілтемесеңіз де ол сізге қарап өседі,әрі істегеніңізді қаз қалпынша жасайтын болады. Бала тәлім -тәрбиені тыңдау,қимыл іс әрекетті көріп соған еліктеу арқылы алады деген сөз. Тәрбиесіз баланы тәрбиелеу оңай. Ал,жаман тәрбиелі пендені түзетіп қайта тәрбиелеу өте күрделі.

Баланы жақсы мен жаманды, бұрыс пен дұрысты толығынан айыра білетін етіп тәрбиелеу үшін біршама игі жұмыстар атқарылуы сұралады.Ең алдымен бала тәрбиелеуші ата- ана өзіне мән беруі жөн сияқты.Өте қатал болсаңыз балаңызды ренжітіп жүрегіне қаяу саласыз.Егер өте мейірбан болсаңыз балаңыз момын, ынжық болады. Егер балаңызды қараусыз жіберсеңіз қоғамға да өзіне де зиян болуы мүмкін. Яғни өз бетімен кеткен бала басқаға еліктеп жаман тәрбие алатыны бар.

Балаға дұрыс тәлім-тәрбие беру әрбір ата- ананың абзал борышы.Бала көбінесе үйде әке-шешесінің қасында тәрбиенің денін алуға тиіс.Баласы қылмыс қайшылық жасай қалса кейбір ата-ана мектебіне,мұғалімдерге, ортаға,достарына қарай кемістікті аударғысы келетіні бар.

Қандай теле хабар тыңдап,қандай кино көруге болады,нені оқуға болады дегенді ата- ана айтып түсіндіріп отырса.Әсіресе қажетті әңгіме,ақыл кеңестерді тұрақты тыңдатса. Біздегі бір келеңсіз жағдай тәлім-тәрбиесі аз, көргенсіздер осындай хабарлардан тыс қалуы. Басқаға үлгі өнеге боларлықтай қарияларды аз тыңдайтынымыз өкінішті.

Ұлттық тәрбиенің ең маңызды тұсы адамды ойлануға үйретуі. Бұлай дегенде әрбір жеке адам ең алдымен өзінің белгілі бір ұлттың мүшесі екенін іштей терең сезініп, санада сілкініс жасауы керек екенін, содан кейін барып жалпыадамзаттық қоғамға лайық орнын белгілеуі қажеттігін сіңіруі болса керек. Бұл жерде негізгі әңгіме арқауы мемлекетшілдік, ұлттық сана, ұлттық ұстаным, ұлттық мүдде туралы болып отыр. Өйткені, біздің төлтума бітімімізді, қайталанбас ұлттық болмысымызды, ұлттық ойлау машығымызды, қала берді ұлттық кейпімізді сақтап қалу бәрінен маңызды. Ол бізге мынау аждаһадай төніп келе жатқан дүлей дүниеде біржола жоғалып кетпеуімізге кепіл болуға тиіс. Қалай десек те ендігі жерде өзіндік “менін” сақтауға ұмтылған жұрт ең алдымен ұлттық тарихи жадын, бірегей ұлттық ойлау машығын, өзіндік дүниетанымын, ана тілі мен ділін, дінін дәстүрлі мәдениетін аман алып қалу және оны одан әрі дамыту жолында күреске түсетіні анық. Олай болса, осы айтқанымыздың бәрі ұлттық тәрбиеге тікелей байланысты жүзеге асатынын мойындауға мәжбүрміз. Ұлттық тәрбие туралы идея бүгінгі күн талабы мен өмірлік қажеттіліктен туындап отыр. Қазақ елінің әлемдік кеңістікте өз жолын таңдауы әрбір қазақтың емін-еркін өмір сүруінің кепілі. Ол сөзсіз ұрпақтар қамы деген ұғыммен үндеседі. Ел болу, мемлекет құру сонау түркі заманынан желісі үзілмей келе жатқан ұлттық арман-аңсар. Ел болу – болашаққа ашылған даңғыл жол. Сол болашаққа ашылған даңғыл жолды ұлттық тәрбие арқылы жүруді үйренсек, ешкімнен кем болмайтынымыз анық. Бұдан шығатын қорытынды – ұлттық тәрбие идеясы ата-бабалар алдындағы – қарыз бен өкшебасар ұрпақтың алдындағы – парыз деп түсінуіміз керек. Яғни, парыз бен қарыздың түйісер тұсы осы ұлттық тәрбие деп білеміз. Сондықтан мұнда алдымен мемлекет жасауға ұйытқы болып отырған этнос пен мемлекеттің мүддесі қатар тұруға тиіс. Өйткені, біз бұдан былайғы кезеңде бүкіл адамзат баласы жасаған өркениеттермен қатар дамуға тиіс мәдениеттің (қазақ мәдениетінің) мүшесі болып саналамыз. Ендеше, адамзат баласының осы уақытқа дейін жасаған озық тәжірибелері мен жетістіктерін қолдан келгенше түгел игеріп, қажетімізге пайдалануымыз керек. Сондай-ақ, ағымдағы уақыттың талабы мен сұранысын қанағаттандырып отыру да ұлттық тәрбиедегі негізгі қағиданың біріне айналуға тиіс. Бұл үшін қазақ ұлтын қай тұрғыдан да жаңа дәрежеге, жаңа интеллектуалды сапаға көтеріп алу тиімді.Бүгінгі қазақ ұлты – бұрынғы көшпенді тұрмысқа бейімделген дала халқы емес. Бүгінгі қазақ ұлты – бұрынғы “қызыл идеологияның” қыспағындағы бодан халық та емес; бүгінгі қазақ ұлты – өркениет орталығы саналатын қала халқына айналып, сапалық жағынан көп ілгеріледі, бүтіндей аграрлық жағдайдан гөрі, индустриялық-инновациялық мемлекет құруға көшіп отыр. Сонымен бірге “Мәңгі ел” ұлттық идеясымен қаруланған тәуелсіз халық. Қазіргі кезде әлем жұртшылығы ұлы реформатор, ұлт лидері деп таныған Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей бастамасымен Үкімет осы бағытта үлкен мемлекеттік бағдарлама жасап, барлық деңгейдегі билік өкілдері елдің индустриялық-инновациялық даму жолына түсуін қатаң бақылауына алып, жіті қадағалап отыр. Түсінген адамға мұның түпкі астарында да мемлекеттік идеядан туындаған ұлттық мүдде, ұлттық ұстын жатыр.

Екінші негізі, адам мен қоғамның қарым-қатынасына тәуелді. өзақ уақыт бойы педагогикалық мақсаттарды талдау мен негіздеу қоғам мен өкімет қажеттілігіне сай келетін мақсаттар жоғары дәрежеде болып есептеледі. Мұндай жағдайда баланың қызығушылығы екінші орынға шегеріліп отырды.

Бірақта, гуманистік педагогика баланың қызығушылығын ояту мәселесін ең басты деп есептеді. Бүгінгі күнде тәрбиеленушінің өз күшімен жетістікке жету мүмкіндігіне басшылық жасау тәрбие берудің басымдық рөлін арттыруда.

Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовтің “Ел боламын десең бесігіңді түзе” дегені бар. Біз болашақ ұрпақтың елдік рухы мықты болсын десек, оларды рухани мәдениет уызына жарытып өсіруге тиіспіз. Мемлекетшілдік, елдік, бірлік, татулық ұғымдарын бала санасына жастайынан сіңіруіміз қажет. Елбасы Н.Ә.Назарбаев бір сөзінде: “Біз өзіміздің балаларымызды, жастарымызды өзгелерді тыңдауға және түсінуге, басқа ұлттардың тілі мен ділін, салт-дәстүрін құрметтеуге тәрбиелеуіміз керек. Онсыз қазіргідей жаһандану дәуірінде ешқандай жетістікке жете алмаймыз. Қазақстандық жастар өз елінің патриоты болулары керек. Түрлі экстремистік сипаттағы “көзбояушылықтарға” қарсы тұрар иммунитеттерін күшейтулері қажет”, – деп еді.Ұлттың болашағы үшін тәрбиенің маңызы зор екені белгілі.

Әдебиеттер тізімі:

1.Назарбаев Н.Ә. Қазақстан халқына Жолдауы. Алматы, 2012.

2.Әлімбаев М. Халық - ғажап тәлімгер. - Алматы: Рауан, 1994.

3.Бөлеев Қ. Қазақ отбасындағы отбасылық тәрбие. 2008.

4.Қалиев С. Тамыры - ұлттық, танымы - ғылыми тәрбие // Қазақстан мектебі,

2010.

 

.