Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

ДІНИ АҒЫМДАРДЫҢ ЖАСТАР ПСИХОЛОГИЯСЫНА ӘСЕРІ

Автор: 
Бибігүл Альмухамбетова, Ақмарал Смаилова (Қазақстан, Талдықорған)

Қазақстаннның тәуелсіздікке ие болуы және оның құқықтық, демократиялық мемлекет ретінде дамуы аясында діни сенім бостандығының саяси-құқықтық негіздері қалыптасты. Қазақстан Республикасында дәстүрлі діндер қатарына ислам және првославие діндері жатса, дәстүрлі емес діни ұйымдар да Қазақстан аумағында өздерінің діни ілімдерін кеңінен тарату және бекіту жолында белсенді қызмет жүргізе бастады. Дәстүрлі емес діни ұйымдардың қызметіне баға беру өте күрделі. Дегенмен, әлемдік тәжірибе бойынша көптеген елдерде дәстүрлі емес діни ұйымдардың тіркелуіне уақытша шектеулер енгізіліп отырғанын атап өтуге болады. Сонымен қатар дәстүрлі емес діни ұйымдардың бірқатары өздері орналасқан елдің Конституциясы мен заңдарына қайшы келетін қызметі үшін мемлекеттік органдардың да, қауымдастықтың да тарапынан қатты сынға алынып отырғандығы, тіпті тыйым салынатыны белгілі. Көбінесе бұл дәстүрлі емес діни ағымдар тұлғаның және жеке әлеуметтік топтардың, бірінші кезекте, жастар санасының ауытқуына, халқымыздың мәдени құндылықтарынан қол үзуіне әкеліп соғады.

         Дәстүрлі емес діни ұйымдардың идеологиялық және басқа да жұмыстарының нысанына жастар алынатындығы жиі кездесетін жағдай. Жастар әлеуметтік-демографиялық топ ретінде өзіндік, соның ішінде рухани сипаттағы ерекшеліктерге ие. Көпшілік өмірдің рухани негіздерін іздеу, өмір сүрудің мән-мағынасы туралы сұрақтарға жауап іздеу жолында дінге келеді. «Соңғы кездері біз қандай да бір діннің тереңіне бойламай, діндердің ізгілігіне, шынайылығы мен жалпыға ортақ басқа да қырларына тереңдеп енбей жатып діндарлықтың сәнге айналғанын көріп отырмыз. Адамдарды қандай да бір дінді қабылдауға мәжбүрлеуге болмайды. Сондықтан жастарға ерекше назар аудару қажет», - деп Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассаблеясында сөйлеген сөзінде айтып өтті [1. 2б.].

         Қазақстан аумағында «дәстүрлі емес» діни ұйымдардың таралуының келесі себептерін көрсетуге болады. Сенім мен сенімсіздік аралығында күмәнданушы «дін төңірегіндегі» тұрғындар санының едәуір көп болуы. Мұндай «дінсымақ» адамдар «дәстүрлі емес» діндердің миссионерлері үшін қолайлы жағдай тудырады.

Екіншісі, бұқаралық діни сауатсыздық, негізгі діни білімнің жоқтығы. Бұл қазіргі діни жағдайда адамдардың бағыт-бағдарын бұрмалауға және оларды діни насихат жүргізуде ыңғайлы нысанаға алуға мүмкіндіктер тудырып береді.

Үшіншісі, бұл «дәстүрлі емес» діни ұйымдардың догмалық, культтық, ұйымдастырушылық ерекшеліктері. Догмалық тұрғыда жаңа діни ағымдар жеңіл жол мен жауап іздеген бұқаралық тұтынушы қоғам адамының санасына негізделген тиімді догматтармен ерекшеленеді. Культтік тұрғыда, діни қызметтің қазіргі адам талғамдарына жауап беретін, бір көзбен қарағанда, өзіндік демократтық пішіні айқындалады. Зерттеуші Г.Т.Телебаев көрсеткендей, «ислам мен православиеге қарағанда дәстүрлі емес діндер жас ұрпақтың өзгермелі талғамын ескеретін жаңашылдыққа неғұрлым ашық». Социолог М.Вебердің пікірі бойынша, Қазақстандағы жаңа ағымдардың басым көпшілігі этикасы,  кәсіпкерлікке, қаржылық табысқа негізделген ұйымдар болып отыр [2.58б.]  .

Төртіншісі, жаңа діндерді ұстанушылар өз миссионерлік қызметін белсенді атқарады. Олар түрлі жағдайларға икемделіп, елдегі әртүрлі топтардың психологиялық ерекшеліктерін ескере әрекет ете алады. Олар жастарға, олардың ауыспалы талаптары мен талғамдарына баса назар аударыды. Алматы қ. «Қазақстан жастарына діни ұйымдардың ықпалы» атты тақырып бойынша ГЗО жүргізген зерттеулер «дәстүрлі емес» діндердің, соның ішінде жаңа протестанттық діни ұйымдар мүшелерінің басым көпшілігі жастардан құрылғанын анықтады. Бұл феномен былай түсіндіріледі: «Бұл жерде жастардың бойына тән жалпы қарсыластық қасиет, «басқалардан ерекше болуға талпыныс» ықпал етеді (респонденттердің жауаптары бойынша). Сонымен бірге, жас адамдар «дәстүрлі емес» діндер тарапынан жастарды өздеріне тарту үшін қазіргі психологиялық технологиялар қолданылатынын, діни ағымдардың уағыздаушыларының психологиялық дайындығы жоғары екендігін атап көрсетті» [3.45б.].

Дәстүрден тыс діни ұйым шырмауына ұшыраған адам өзін қалай сезінеді? Психологтардың айтуынша, "ұстазына" құлдық ұрған "шәкірттің" көкірек көзі ашылып, ақиқатқа көз жеткізеді, құдайдың нұрын сезінеді. Оның бойында жаңа психологиялық қасиеттер дамиды. Қарапайым тілмен баяндар болсақ, дәстүрден тыс діни ұйымдардың алдап-арбауының салдарынан сәби қалпына қайта оралғандай күй кешеді. Ол өзінің бұрынғы қадір-қасиеттерін тәрк етіп, сол ұйымдарға ұнамды бейнені қабылдайды. "Ұстаз" бен "таң­даулылардың" айтқаны ол үшін бұлжымас қағидамен тең.

Діни ағымдардың қоғамға қауіп төндіретіні рас. Сондықтан мем­ле­кетіміз осы мәселеге қатысты заңды тез арада қатайтып, діни басқарманың мәртебесінің көтерілуіне күш салуда. Қит етсе, «дін мемлекеттен бө­лек» деген сөзді алға тартамыз. Батыстың кейбір елдерінде «дін мемлекеттен бөлек» дегенмен, дінге кәдімгідей мән беріледі. Олай етпеген жағдайда, ертең елімізде «бөліп ал да, билей бер» қа­ғидасы орнауы әбден мүмкін. Яғни осылайша қоғамда іріткі пайда бо­ла­ды. Дін үлкен идеология ғана емес, ол – мемлекет біртұтастығының кепілі. Сондықтан мемлекет тарапынан оған мән берілгені жөн. 

Қорыта айтқанда, еліміздің ақпараттық кеңістіктегі түрлі діни сайттардың жұмысын қадағалауды күшейтумен қатар балабақшаларда тұлға ретінде қалыптастыру, мектеп қабырғасында тілімізді, мәдениетімізді қастерлеуге, жоғарғы оқу орындарында ұлттық құндылықтарымызды тереңдете игеру жолдарын қарастыру керек. Тек осы қағидаларды бойымызға сіңірген жағдайда ғана осындай теріс пиғылды діни ағымдарға және діни экстремизмге тосқауыл қоя аламыз. Халқымыздың мақсаты – ынтымақ пен бірлік және бейбіт өмір кешу.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1.     Егемен Қазақстан, 27 қазан 2009 ж., 2 б.

2.     Телебаев Г.Т. Ценностные ориентации казахстанцев в религиозной сфере// Глобализация и диалог конфессий в странах Центральной Азии: Материалы международной научно-практической конференции - Алматы: Институт Философии и Политологии МОН РК, 2002.-277б.−Аударған мақала авторлары.

(Курганская В.Д., Дунаев В.Ю., Косиченко А.Г., Подопригора Р.А., Садовская Е.Ю., Чупрынина И.Ю. Влияние религиозных организаций на молодѐжь в Казахстане (Научно-исследовательский отчет). – Алматы: Центр гуманитарных исследований, 2003, с.30. – Аударған мақала авторлары).