Автор:
Асель Оспанова (Талдықорған қаласы, Казахстан)
Тұлға – интеллектуалды ерекше жаратылыс иесі. Кез-келген адам мен болмыс тұлғаның деңгейін бере алмайды. Кез-келген шығармашылық адамы жеке-дара тұлға бола алмайтыны белгілі. Тұлғаға ең алдымен даралық қасиет тән. Яғни ол «өзгелер» деп атауға болатын жалпылама ортақ болмыстан ерекшеленіп бөлініп шыққан өзіндік бітім-болмысымен айқындалуы қажет.
Екіншіден, тұлға адамзатқа тән құндылықтарды тап басып тани білуі, сезініп қабылдай алуы тиіс. Және сол құндылықтар үддесінен өзі де көрініс беруі керек.
Үшіншіден, тұлға тудырған интеллектуалды таным нәтижесі белгілі өнер түрінде танылуы қажет.
Көркем өнердің бір саласы - әдебиеттегі шығармашылық тұлғанының даралық сипаты, ең алдымен, жазу стилінен аңғарылады. Бұл жайында Е.А.Басин: «Шығармашылық тұлғаның қалыптасуы мен дамуы - оның сөйлеу қабілетінің қалыптасуы мен дамуы» [1,61б], - дейді. Шындығында, көркем әдебиеттегі негізгі материал сөз болғандықтан, суреткердің тіл байлығы, оны қолдану ерекшелігі мен өмір шындығын бейнелеудегі нақтылығымен қоса көркемдігіне жауап береді. Ал шығармашылық процестегі жазу стилі, жағдаяттық сөз қолдану мәнері қаламгер шеберлігін айқындайды.
ХХ ғасырдың алғашқы отыз жылындағы қазақ әдебиетінің жанрлық-тақырыптық және стильдік байлығы ақын-жазушылардың қоғамдық өмірдің барлық қабатын, оның тарихи, саяси-әлеуметтік, адамгершілік мәселелерін толық қамтуға, сонымен бірге жаңа характерлер жасауға күш салғандарының айғағы болып табылады.
Өзінің шығармашылық тұлғасымен де, адамдық болмысымен де, елден ерек тұлға-тұрпатымен де қазақ деген тағдыр-талайы талқыға түскіш ұлттың табиғатын таныта алатын, сонымен қатар өз ұлтының сырбаздығы мен тектілігін бір бойына жинаған, Жетісу деген өңірде дүниеге келген қазақтың біртуар перзенті Ілияс Жансүгіровтің тілдік әлеуеті, қазақтың сөз қазынасындағы әрбір дүниені орнымен қиыстыра білудегі ешкімді қайталамайтын, ешкімге қайталата алмайтын қас шеберлігі тіл өнеріндегі бөлекше әлем деуге татиды. Қазақтың классик жазушысы І.Жансүгіров тарихи мәні зор «тұлға» концепциясын қазақ әдебиетінің көп салалы роман жанрында терең психологиялық негізде күн тәртібіне қойды.
Ілияс Жансүгіровтің «Жолдастар» романы - ұлттық тарих пен қазіргі қоғам өмірінің маңызды сәттерінің көрінісі, жеке тағдыр мен тарих барысының арасындағы үзілмейтін байланыс, характерлер мен сюжеттің әлеуметтік-тарихи дәлелдемесі, сюжеттік оқиға байлығы. Сонымен қатар, кейіпкердің ішкі әлеміне назар салу секілді қазақ романдарының одан арғы дамуының жалпы үрдісін айқындады.
Шығарманың өзекті идеясы - халықтың теңдік пен бостандық үшін ұлы күрес жолын бейнелеу. Бұл шығармада халық өкілдерінің образдары жасалған. Жазушы романында бірқатар жас жігіттердің тағдырын түйістіріп, олардың шым-шытырық өмір жолының революция жолына әкелгенін баяндаған. Сондықтан да роман «Жолдастар» деп аталған.
Оқиғалар негізінде І.Жансүгіров аласапыран жылдардағы қазақ ауылы өмірінің шындығын, адамдар тағдырындағы өзгерістерді, тынымсыз ізденісті кең бейнелейді. Ескі ауыл мен оның адамдары бойындағы қайшылықты күйлер мен ұғымдар тартысының суреттері, психологиялық толғаныстар жазушы реализмнің байлығын, суреткерлік құлашының кеңдігін көрсетеді. Роман кейіпкерлері заманмен, дәуірмен қабаттаса өзгеріске ілеседі, қоғамнан өзіне лайық орын іздейді. Ол орынды бірі тауып, бірі таба алмай жатса да, жалпы ізденістің беталысы елдің оянуға ұмтылысын аңғартады.
Ілияс шығармаларында адам болмысы, адам тәрбиесі мәселелерін қалай шешкендігін түсінуге көмектесетін М. Дүйсеновтың «Ілияс Жансүгіров» монографиясында [2] ілиястану тарихына қысқаша шолу жасалады. Ақын шығармашылығының, кейіпкерлерінің орыс оқырмандарымен танысу жолдары сипатталады. Кітапта Ілиястың тарихи, философиялық көзқарастарының тегі талданып, ақынның өзіне дейінгі қазақтың қоғамдық ойынан нәр жинау арқылы қазақ қоғамының рухани дамуына жасаған пәрменді ықпалы зерттеледі. Қаламгер өскен тарихи орта, оның дүниетанымының қалыптасуына әсер еткен факторлар зерттеу еңбекте жан-жақты сипатталады.
Жансүгіров кейіпкерлері өздерінің өмірлік тәжірибелеріне сүйене отырып, тағдырларының тарихи жағдайға тікелей байланысты екенін түсініп, әлеуметтік өмірге біржола араласып кетеді. Суреткер адамдардың шиеленіске толы, күрделі де бай ішкі әлемін қоршаған ортадан, қоғамдық жағдайдан әсте бөлмей, біртұтас күйде қарастырады. Кейіпкер санасы мен психикасының эволюциясы сыртқы себептермен тікелей байланысты болады. Егер В.Г. Белинскийдің «роман тарихи уақыттың көркем идеяларымен, әсіресе кейіпкер идеясымен байланысты» [3,45 б.] деген пікірін ескерсек, Жансүгіровтің роман жанрын таңдауы оның тұлға табиғатын, оның бостандығын, бақытты өмір сүруге құқығын, тарих қозғалысымен байланысын, тағы сол сияқты кейіпкерге байланысты мәселелерді дұрыс тануымен тікелей байланысты деп тұжырымдай аламыз.
Шығарманы дүниеге келтіру жолындағы жазушы еңбегінің маңызды сатыларының бірі – шығарманың бітімі. Көркем шығарма - тұтас бітім. Ондағы оқиғалар бір – бірімен байланыста, олар белгілі бір тәртіппен орналасады. Оның бөлім – бөлшектерінің арасында пропорция сақталады. Басы артық нәрсе, бөлек тұрған бірде – бір деталь болуға тиіс емес. Бәрі де автордың көркем ойына қызмет етуге тиіс. Тек сондай үндестік тапса ғана шығарма көркем болады.
Классик жазушы Л.Толстой қоғамды жақсартудың негізгі жолы адамдардың өзін-өзі кемелдендіруі деп тұжырымдаған болатын. Яғни, негізгі кілт-адамда, оның табиғатында, тәрбиесі мен парасатында, адамгершілігінде. Адам жақсармай, қоғам жақсармайды. Адам тәрбиесінің, оның адамгершілік деңгейінің жалпы қоғам тіршілігінде шешуші роль атқаратынын жоққа шығару мүмкін емес. І.Жансүгіровтің өз замандастарынан бір ерекшелігі - ол қоғамдық әділетсіздіктің негізі тек әлеуметтік құрылымда ғана емес, адамның табиғатында, мінезінде, ішкі дүниесінде деп таниды. Сондықтан да, І.Жансүгіровтің негізгі объектісі - тұлға және оның қалыптасуы.
Ілияс прозасында адам бейнесі сан - түрлі мінез-құлықтармен көрініс береді, кез келген өмір тіршіліктегі іс-әрекеттерде адамды бар қырынан көрсетеді. Саналы, ізгілікті, мейірімді, жүрегінде тұнбасы бар, үлкен махаббат иесі болған жандармен қатар елді арбап, алдап, құныққан, зұлым, ниеті бұзылған жат қылықты адамдар қоса суреттеледі. Ілияс прозасындағы осындай кейіпкерлердің болмыс табиғаты жазушының өз болмысынан, жазушылық позициясынан туатыны даусыз.
Ілиястың философиялық, адамгершілік және ағартушылық ойларының, кейіпкер тұлғасы мен болмыс құбылыстары жайындағы терең толғаныстарының қазіргі ұрпаққа тәрбиелік, танымдық мәні жоғары.
І.Жансүгіров шеберлігін зерттеу жазушының көркем мұрасын танып, көзқарас, әдіс мәселелерін түсіндіруге ғана мүмкіндік беріп қоймайды, сонымен бірге қазақ әдебиетінің дамуының, оның ішінде қазақ прозасының қалыптасуының толық, біртұтас көрінісін жасауға көмектеседі.
Талай сурет, образдарында, мінездемелері мен салыстыруларында, портрет, пейзаж өрнектерінде - қысқасы жалпы бейнелеу күралдарында қалыптасқан реализм стиліне тән растық, дәлдік бар. Адамның, заттың, кұбылыстың характерлі сипат, белгілерін жазушы көп ретте тауып айтады. Сол себепті олар қысқа, жұмыр, тұжырымды болып келеді және қазақ халқының ұғымына, ойлау, сөйлеу ерекшелігіне лайық, қонымды түрде алынады. Мысалы, «бойшаң, тарғыл мысық көзденген, кәмпит мұрын, ақ сұр қыз», «Ол үлкен үйелмендей кісі. Майдан көзі бітіп, мұрны үшкірленіп қалған. Мойны мен жауырын тұтасып, басы ит бақтанып қалыпты. Омырауы есіктей болып, қарны дастарқанға сүйретіліп отыр. Бұған берген қымыз тек бір сабадан бір сабаға қотарылған сияқты» деп берілген суреттемелер сол адамдардың бейнелерін елестетеді, «Сатан отқа үйтілген сирақтай істікке жаншылып жүгініске отырды», «жыландай сумаңдап, сұқсырдай сүмеңдеп, сұр атқа таман келе берді», «ұйықтаған аюша бүктеліп жатқан қоңыр таудың бауыры», «аршылған жуадай-ақ мойны жұп-жұмыр екен», «Мәмбет оттан алып лақтырған шаладай далаға шықты», «оның алдына жел жүрісті, жылпың қызметкер әйел ала сиыр көздеңкіріп үш жұмыртқаны кішкене табада шыжылдатып әкеп койды», «жалма-жан жәшікті иыққа салып, қозы алып қашқан бөрідей желіп жөнелген жігіт», «Ыдырыстың көңілін ит тырнағандай болды» [4,211 б.] деген сықылды теңеу, балау, салыстырулар Ілияс стилінің ұлттық колоритін, оригиналдығын және ешкімді қайталамайтын өзіндік дара өзгешелігін танытады. Шалматай қажыны «ит кемірген асықтай тықырайған қара қажы» деп бейнелеуі тек ірі қаламгердің қолынан келмек.
Сөзді ойната білу шеберлік, шешендік болуы мүмкін, бірақ ойды ойната отырып, белгілі бір ұлттың концептуалдық дүниетанымындағы көркем кеңістікті тілдік астармен әдіптеу кез келген суреткердің пешенесіне жазылмаған қабілет болса керек.
Төмендегі мысалдар да I. Жансүгіровтің стильдік ерекшелігінен хабардар етеді: «Әдемі бір қоңыр кеш. Көнетоз шағи жібек түстеніп, аспанның батыс жағы сар қызыл тартты. Ертіс өзенінің бұлдыраған жойқын беті ... мыс шәугімдей қызарғаннан-қызарып барады. Өзен үңіле қараған көзге, не отты пештің қозы, не қорыған алтын секілденіп, аспанның алтын шапақ сәулесіне араласып кетті. Жер мен көктің мұндай шекарасын ешбір өткір көз ажырата алар емес. Міне, осы шұғылаға аспанды, суды көміп бара жатқан отты күн қып-қызыл болып, шеті суға ілінді. Үйдің жанынан жылжытып айдап жіберген ақ, атандай ыңыранған пароход өзінің арнасына тартты». Бұл картина қазақ прозасына барлық жағынан жаңалық; біріншіден, бұрын бұл секілді кешкі өзеннің картинасы суреттелмеген-ді. Екіншіден, «көнетоз шағи жібек түстеніп», «мыс шәугімдей қызарып», «үйдің жанынан жылжытып айдап жіберген ақ атандай ыңыранған пароход» деген образдар қазақ жазушысының өзі тапқан, тек өзіне тән жаңалықтары.
І.Жансүгіровтің романы пейзажға бай емес, бірақ арагідік кездесетін табиғат суреттері әсем де дәл берілген. Мысалы, «Жазды күні ыстықта қоңыр қырау түсіп, қар жаумай бұл таудың маңайын ел де, ма да көрмейді. Жалғыз-ақ бұл жерді мекендеп жүретін аңда – қара құйрық, қоян, қасқыр, құста – бөктергі, сауысқан, адамда – жол тосқан ұрылар ғана. Көсеумен шұқылап, отқа пісірген бауырдай қара быжырық таудың жырақаналарында жылт еткен су жоқ. Күні шыжып, ысып, аңызақ желі ұдайы соғады. Сайлардың ішінде шанғажайлап седірең тобылғы, тырбықбай бозқарағандар болмаса, берекелі шөп жоқ. Бұта да, шөп те таздың шашындай». Даланың бұл сүреңсіз, сұрықсыз пейзажы кейіпкерлердің көңіл-күйімен сәйкесіп жатады.
Жансүгіров – шұрайлы тілдің шебері. Қазыналы халық тілінен өзіне керектісін таңдап, талғап ала біледі, оны суреттеу құралы ретінде өте орынды пайдаланады. Кейіпкерлердің көзқарасына, мәдени дәрежесіне, мінез-құлқына қарап, олардың аузынан шығатын сөз де мың құлпырып тұрады. Мәселен, Сатан мен Шалматай байдың сөздері бір-біріне ұқсамайды. Сатан мақалдап, мәтелдеп сөйлейді, сөзге ұста, тапқыр. Шалматай да өз мүддесіне, көздеген мақсатына сай мақал-мәтелдерді көп қолданады. Мысалы: «Жап аузыңды, сорлы сенің балақ бауың менің қолымда», «Құр аяққа бата жүрмейді».
Ілияс Жансүгіров ішкі монологты да жақсы меңгерген. «Светлана» пароходында келе жатып Мәмбет өмір туралы былай қиялдайды. «Мынау үлкен өзен, күні-түні тоқтаусыз аққан су асығып қайда барады? Су кім үшін ағады! Өзен осы ағысымен неге ұқсайды? Бір аққан су қайтпайды... Әлде адам өмірі осы сияқты ма»? Бұл монолог Мәмбеттің ойын, рухани дәрежесін, мінез ерекшелігін дәл бейнелейді.
Кейіпкер тұлғасы - көркем шығармадағы кемелденген образ, оның жан- дүниесі, ойлары, сезімі мен дүниетанымы. Суреткер тұлғасы ауқымды, күрделі. Ол әдетте өзінің өмірлік түсінігін, позициясын, көкейкесті арман - мақсаттарын кейіпкер тұлғасы арқылы сөйлетеді. Жазушының дүниені түсінуі, мүддесі, мінез - құлқы, табиғат пен қоғамға қатынасы оның шығармаларының стилінде, формасында өз көрінісін табады. Кейіпкер тұлғасы суреткердің мақсат - міндеттерін анықтап көрсетеді.
Ілияс Жансүгіров шеберлікті орыс жазушысы А.М.Горькийден үйренген. «Бұл ұлы ұстазды үлгі тұтамыз» дейтін мақаласында: «Орыс әдебиетін шама-шарқынша оқып, түсінуге жеткен күннен бастап мен Горькийге ойша еліктедім. Оның кітабын бірінен кейін бірін құныға оқыдым. Горькийдің кітаптары жазушы болуға итермелейді. Олар менің көзімді ашып, жаңа күш-қайрат берді, алға жетеледі» [5,3 б.], - дейді. Шындығында да, «Жолдастар» романында М.Горькийдің әсері анық сезіледі.
Жазушының шығармашылық тұлғасы – көп қырлы. Ол жазушының өмірбаяны, дүниетанымы, дарыны, шеберлігі т.б. қасиеттері. Өмірбаян – жазушының өмірі жайлы мәлімет қана бермейді, оның толық өмір белестерінен, автор өмір сүрген қоғам ерекшеліктерінен, өміріне түрткі болған фактілерден деректер береді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Басин Е.А. Творческая личность художника. // Новое в жизни,науке, технике.Серия «Эстетика», №3.- Москва. Знание, 1988.-64с.
2. Дүйсенов М. Ілияс Жансүгіров.- Алматы: Ғылым, 1965ж.-
3. Белинский В.Г. О русской повести и повестях Н.В. Гоголя
Полн. собр. соч. Москва, 2012.- 380 с.
4. Жансүгіров І. 5 томдық шығ. жинағы. - Алматы: Жазушы, 1987ж.-415б.
6. Сыдықов Т. Ілияс Жансүгіров және дәстүр жалғастығы. - Алматы: Арыс, 2011ж.-488б.
7. Иманғазинов М. І. Жансүгіров. – Алматы: Қаз. университеті, 2004ж.-218б.
8. Аңызға бергісіз ғұмыр.//Құраст:Кыяхметова Ш. Талдықорған: ЖМУ баспасы, 2006ж.
Нуичный руководитель:
кандидат филологических наук, доцент Кыяхметова Шара Асетовна.