Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

ПАРСЫ ТІЛІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ СИПАТТАМАСЫ

Автор: 
Роза Садыкова (Алматы, Казахстан)

       Парсы  мәдениеті – Азия аумағына кең  тараған және кеңінен  ықпал  еткен мәдениеттің  бірі. Парсы тілі  үндіеуропалық тілдер әулетінің   иран  тобының   оңтүстік-батыс  тармағына   жатады  және  Иран Ислам  Республикасының  мемлекеттік тілі  болып  табылады. Парсы тілі  ортағасырлық  парсы  әдебиетінің   және  Қайта  жаңғыру  дәуіріндегі  әдебиеттің   аса  бай  мұрагері   болып  табылады.  Қазіргі  кезде  парсы  тілінде сөйлейтіндердің  саны  барынша   мол:  бұл Иран  елінің  мемлекеттік  тілі  болып  барлық әкімшілік – басқару,  қоғамдық  және  діни  салалардың  барлығында,  Тәжікстанда, Пәкістанда, Ауғанстанда, Парсы  шығанағында  орналасқан   Бахрейн, Ирак, Оман, Йемен, Біріккен Араб Әміриаты  сияқты  елдерде кеңінен  пайдаланылады.  Парсы  тілінде  сөйлетіндердің  саны- Иранның өзінде  65  миллионнан  асады (шамамен  90 пайыз), Тәжікстанда 7 миллион   астам  адам, ал Ауғанстанда   осы  парсы  тілінің  варианты  болып  табылатын  дари  тілінде   34  миллион  адам, Пәкістанда  2 миллион   адам сөйлейді.Парсы  тілін   АҚШ-та, Ұлыбританияда, Германияда, Ресейде тұратын  диаспора  қолданады.Жалпы  алғанда, 61  миллион  адам парсы  тілін   бірінші  тіл, ал  62  миллион  адам  екінші тіл  деп есептейді.  Әрине,  бұл арада  барлық аумақта   парсы  әдеби тілі пайдаланылады деуге болмайды, әр  жерде  парсы  тілінің  диалектілік ерекшеліктері  қалыптасқан.  Қазіргі  кезде  жазба  тіл  үшін   парсы  әліппесі   қолданылады, ол  араб әліппесінің  негізінде   жасалғанмен, парсы  тілінің  заңдылықтарын  қамтитын  бірнеше  таңбалармен   толықтырылған.  Дегенмен  қазіргі   парсы әдеби тілі  көне парсы тілінен  бастау  алатынын   айтуға тиіспіз, ал  көне парсы  тілі  біздің  эрамызға   дейінгі   I  мыңжылдықтарда таралады  да, ортағасырлық  парсы  тілі  арамей графикасын   пайдаланды. Жаңа  ғасырдағы  парсы  тілінде   жетілдірген  араб  жазуы  қолданылады.  Жаңа   ғасырдағы  парсы   тілі-мұсылман  әлеміндегі   маңызды  жағынан  екінші  тіл  дәрежесінде. Осы  жаңа  парсы  тілі- мұсылман  әлеміндегі   маңызы  жағынан  екінші   тіл дәрежесінде.  Осы  жаңа  парсы  тілінде   классикалық  ортағасырлық   әдебиет  қалыптасты,  Фирдоусидің, Рудакидің,  Хафиздің , Омар  Хайамның   шығармалары  парсы   тілінің   эталоны  түрінде  танылады. Аталған  атақты  адамдардың   шығармалары   әлем  мәдениетінің  бай  қорына  қосылған. ХІХ  ғасырдың соңына  қарай  парсы  мәдениетінде   проза  жанрының үлгілері  өркендеді,оның  дамуына  Садег  Хедаят,  Бозорг Алави,  Мухаммад Али  Жамал-заде, Садег  Чубак, Джелал аль-Ахмад, Хосроу Шахани, Мухаммад  Доулатабади,  Бахрам  Садеги, Джемаль мир Садеги, Хушанг  Гольшири,  Исмаил  Фасих  және т.б  көрнекті  жазушылар   елеулі   үлес  қосты.

      Парсы  тілінің әлеуметтік  лингвистикалық  жағдайын  қысқаша  түрде  төмендегіше сипаттауға  болады:

      Бірінші.  Парсы әдеби  тілі  классикалық  парсы  тілінен  фонетика      (әсіресе  дауысты  дыбыстарға   байланысты), морфология, синтаксис,  лексика  жақтарынан   үлкен  айырмашылықтарға  ие.  Қазіргі  кезде  ауызекі  сөйлеу   тілінде   жақындау, соған  бет  бұру  үрдісі  байқалады,  бұған  әсіресе ХХ  ғасырда   парсы  прозашылары  жасаған  туындылары  зор  әсер етті.

       Екінші. Қазіргі  парсы әдеби  тілі Иранның  ресми  тілі   және білім  беру  жүйесінің  тілі  болып  табылады.  Бірақ  парсы  диалектілері   өте  көп, сондықтан   парсы  интеллигенциясының   тілді  толық  меңгерген топтарында    қостілдік  сипат бар  деп саналады, яғни  олар  қазіргі   парсы әдеби  тілі   мен  диалектілік  ерекшеліктерді  араластыра пайдаланады. Оларда   мазендеран, гилян  сияқты  иран  диалектілермен  қатар  әзірбайжан, түркімен, қашкай  сияқты  түркі   диалектілері  де бар.

        Үшінші. Парсы  әдеби  тілін  лингва  франка  деп  санауға  болады. Бұл терминге төмендегігей   анықтама   берілген: «Lingua franka-әр түрлі  тілдерді пайдаланушылар  арасындағы  коммуникацияда  қызмет ететін  тіл; өзіндік сипатқа  ие,  аралас дәнекер-тіл,  ол  қарым-қатынастың   нақты  әлеуметтік–экономикалық  ортасында (мысалы, саудада) әртілді  тұрғындарға  қызмет  көрсетеді. Лингва  франканы  нақты  бір  жалпыұлттық  немесе  халықаралық   тілмен  теңдестіру  ақиқатқа  сәйкес  келмейді» [1, 159-160 б.].

       Төртінші. Парсы  тілі мемлекеттік  тіл  бола  тұра,  орта  білім беру  жүйесінде  араб  тілі міндетті  пән  болып  саналады, бұл  тіл  парсы  тіліне  үлкен  әсер  етуде.

       Бесінші. Қазіргі  кезеңде лингвистикалық және  экстралингвистикалық  факторлардың  салдарынан   қазіргі  парсы  тілі  диалектілерінің  арасындағы  айырмашылықтар  анығырақ байқалуда.  Бұл  жайт  ауызекі  сөйлеу  тілінде  басталады  да кейінірек  жазба  мәтіндердің   стилі  мен фразеологиялық   құрамына көрінді.  Парсы  тілін зерттеушілердің  көзқарастары   бойынша  бұндай  айырмашылықтар   бүгінгі   таңда   іргелі  сипат  алып  отыр,  яғни тілдің   барлық   қаттауларына   тән  болып  отыр. Қазіргі  Иран, Ауғанстан және  Тәжікстан  аумақтарында  өзара  туыстас  үш  мемлекеттік  тіл  бар  деп  айтуға  болады, олар:  парсы, дари  және  тәжік  тілдері.  Парсы  тілі  мен  дари  араб  әліппесін, ал  тәжіктер  ХХ  ғасырдың  отызыншы  жылдарынан  бастап  кирилшені  қолданғанымен, үш  елдің  тұрғындары  өзара еркін  түсінесе  алатындай  дәрежеде.

        Парсы  тілінің  типологиялық  сипаттамасына  келетін  болсақ , онда  ең  алдымен бұл  тілдің синтетизмінің  элементтері   бар аналитикалық   тілдерге  жататындығын  атауға  болады.

      Парсы  тілінде  араб  сөздері, мамандардың  көрсетуі  бойынша 60-80  пайызды  құрайды.  Кейініректе  парсы  тілінің  лексикалық   құрамында  монғол, түрік,  батыс еуропалық   және  аздаған   орыс  тілдері  пайда  болды. Өткен ғасырдың  бас  кезінде өзге  тілден енген  сөздерден   тілді  тазарту  жұмыстары   жүргізілді, яғни  француз  және  ағылшын  тілдерінен  тілді  тазарту  жұмыстары  жалғасуда. Олардың орнына  парсы  тілінің  өзінің сөзжасамдық моделдерімен  жаңа  сөздер  жасау жолға  қойылған.

      Парсы  тілінің  әлемдік  мәдениетке   және әлемдік  экономикаға ықпалы өте зор. Сондықтан  қазіргі  заманда  әлемдегі  барлық  елдер  дерлік  парсы  мәдениеті мен  әсіресе   тілін  үйренуге,  білуге   басты назар  аударылып  отыр.

      Бұған әсіресе  орыс  мемлекеті  ерекше  мән береді, ХҮШ  ғасырдың  өзінде-ақ  Бірінші  Петр  парсы  тілін  білудің  маңыздылығын  байқап, бірнеше  аудармашы-мамандар  дайындатқызды. ХҮШ  ғасырдың екінші  жартысында  орыс  ғалымдары  Фирдоусидің  «Шахнама», «Авеста», Хафиздің «Диуан»   сияқты  шығармаларын  аударып, лексикографиялық  еңбектер  жасауды   қолға  алды. 1804  жылдан   бастап  Ресей   империясының  жоғары оқу орындарында   парсы  тілін  оқыту  бастаған  (Мәскеуде , Санкт-Петербургте,  Қазанда, Харьковте). 1826  жылы  Мәскеу  университетінің  доценті А. Болдырев  оқулық  хрестоматия  жасап шығарды,  оған  газелдер, қасыдалар, новеллалар  және  көлемді   шығармалардан  алынған  үзінділер,  сонымен  қатар  3500  лұғаттан  тұратын  парсыша-орысша  сөздік енгізілген. Осы  кітапта   сондай-ақ  парсы   тілінің   қысқаша  грамматикасы  болды.  Еңбектің  құндылығы  соншалықты,  бұл  кітап ХХ  ғасырдың   басына  дейін   жоғарғы оқу орындарындағы   парсы   тілі  үшін  негізгі   оқулық   болып  саналды  және  тіпті кейінгі  оқу құралдарында   да  А. Болдырев    жасаған  еңбектің  материалдары  мен  құрылымы,  негізгі   мәліметтер  пайдаланылды.

      Парсы  тілі  және  қазақ  тілі,  жалпы  алғанда,  парсы  мәдениеті мен қазақ  мәдениеті  арасындағы  байланыстарға   келетін  болсақ , әсіресе  мәдениеттер  арасындағы байланыс ертеректен  басталғанын  байқаймыз.Абайтанушы  ғалымдар   көрсететіндей,  ұлы  ақын  Абайдың   өзінің  алғашқы  шығармаларын Фердоуси, Шәмсиге   еліктеп  бастауы   парсы  мәдениетінің   қазақ  даласында  болғанын көрсетеді.  Парсы  мәдениеті   мұсылман  дінінің  таралуымен   байланысты   қазақ  даласына   келді.  Сонымен қатар  оқу-ағарту  жұмыстары   да  араб- парсы  тіліне   байланысты  болды. «Өз  дамуының  ұзақ   тарихында  қазақ   халқы  да   өзімен  көршілес  немесе  шеткері   жатқан  көптеген  елдермен  үнемі  қарым-қатынас  жасап  келгені  мәлім. Сондықтан  сол  халықтардың  тілдерінен  қазақ  тіліне  көптеген   сөздер   және  сөздік  элементтер  еніп,  қазақтың   тіл  қорын молайтып, байыта  тускен» .

      Қазақ  тілінде  парсы  және араб  тілінен  енген  сөздерден  саны, зерттеушілердің  пікірлері  бойынша,  шамамен  10-15  пайызды  құрайды. Бұлар, негізінен   ХҮШ-ХІХ  ғасырларда  енген  сөздер.  Бұлардың  қатарында  жалпы  абстрактілік  түсінік,  оқу-ағарту   және  мәдениет  терминдері  бар, мысалы  адамзат (адамизад),        әмісе (һәмишә),  ғазал (ғәзәл),  ыждағат (эджтеһад),  пешене (пешене), ақиқат(хағиғат), ақпарат(ахбар), ақырет(аһрет), аспаз(ашпаз), әдеп(одаб), әділет(одалат), бақша(бағче),ғашық (ошеғ), дана (доно),   дәреже (дәрәдже), дәстүр (дастур), жануар (джанвар), жаһан (джаһон), жұма (джоме),зерек (зирәк), дүйсенбі (душәмбэ), нан (нон), патша (подэша), зындан (зендон) т.б [2].

        Қазақ  тіліндегі  араб-парсы  сөздерін  зерттегендер – белгілі  ғалымдар І.Кеңесбаев, Н. Оңдасынов,  Л. Рүстемов,  Е. Бекмұхамбетов. Парсы  тілінің элементтері   әсіресе  оңтүстік  өңірдегі  қазақ  тілі  диалектілерінде   сақталған,  бұған  көршілес  жатқан  өзбек,  тәжік  ұлттары  тілдерінің   әсері бар.Парсы  тілі  қазақ  мәдениетінде   кісі  есімдерінде   де  кеңінен   қанат  жайған.Жалпы  алғанда,  қазақ  тілі  тарихы  бойынша  зерттеулерде  араб-парсы  элементтері  бөле-жара  көрсетілмейді,  екеуі  тұтас  қарастырылады. Бұның  бірнеше  себептері  бар.  Екі  тілдің  әліппесі   бірдейге   жақын,  оның  үстіне   парсы  тілінің  өзінде   араб  тілінің  сөздері  молынан  ендірілген.

       Қазақстан  Республикасының  Президенті  Н.Назарбаев    2009 жылғы  6 сәуірде Иран Ислам Республикасының  Президенті Махмұд  Ахмадинежадпен   кездесіп, араб, иран  елдерімен   экономикалық   және  мәдени   байланыстарды   дамыту   және  нығайту  үшін  маман кадрлар даярлаудың маңызды екендігін атап көрсеткен болатын. («Егемен Қазақстан газеті», 2009 жылғы 7 сәуір).

        Осыған байланысты Қазақстанда бірнеше оқу орындарында парсы тілін жете меңгеру, арнаулы мамандар даярлау ісі жолға қойылған. Қазірдің өзінде бірнеше сөздіктер, оқулықтар мен оқу құралдары жарық көрді.

        Оқып-үйренумен қатар мәдени қарым-қатынастарды нығайта түсу үшін аударма әдебиеттер жасау қажеттігі де бар. Бұл жолда Қазақстанның тәжірибесі соншалықты көп емес. Қазақ қауымы классикалық парсы әдебиетімен таныс, бірақ бұл таныстық орыс тілінен аудару арқылы қалыптасқан.  

       Зерттеушінің   мынадай пікірі бар: «Қазақ елі мен Иран жұртының арасындағы әдеби қатынастардың тарихының тамыры тереңде жатыр. Екі елдің әдеби сабақтастықтарын, ортақ құндылықтарды зерттеуде отандық, шетелдік ғалымдар көп еңбектенсе де, олардың сыр сипаттары толықтай ашылып бітті деуге әлі ертерек. Нәзирагөйлік дәстүр мен көркем аударма мәселелері байсалды назар аударуды қажетсінуде. Қазақ әдебиетінің өркендеуіне, кемелдене түсуіне өзге халықтар әдебиетінің тигізген әсерінің орасан екендігі ақиқат. Ұлттық әдебиетіміздің өзге халықтардың әдебиетіне ықпал ете алған бай қазынасы, ғажап қоры бар екендігі ашып айтыла бермегені шындық. Ғылымдағы сондай ақтаңдақтардың орнын толтыратын күн туды»[3].     

       Парсы тілінің фразеологиясы өте бай және өзіндік сипатқа ие. Оларды халықтың ұлттық мәдениеті айқын көрініс табады. Кейбір афоризмдер мен тұрақты тіркестерді және қанатты сөздерді орыс тілінде беру мүмкін болмайды. Сонықтан орыс тіл біліміндегі лексикографиялық еңбектерді көбіне парсы тіліндегі контекст тұтас алынады. Парсы фразеологизмдері сонымен қатар көпқырлы функционалды рөл атқарады, халықтың этнопсихологиялық және әлеуметтік-этикалық нормаларын көрсететіндіктен контрастивті-мәдениеттанулық талдау жасау үшін барынша маңызды болып саналады.

     Пайдаланылған әдебиеттер

 

1.Сүлейменова Э.Д., Шәймерденова  Н.Ж., Смағүлова  Ж.С., Ақанова  Д.Х. Әлеуметтік  лингвистика  терминдерінің  сөздігі. Словарь социолингвистических  терминов. /Жауапты   ред. Э.Сүлейменова, А.Алдашева . - Астана. 2008.

2. Ж.Б.Пилтанг, Р.К.Садықова Қазақ және парсы тілінде мағынасы бірдей сөздер.-Алматы, 2007.

 3. Дүйсебаев Д.Қ. М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының парсы

 

тіліне аударылуы.Канд.дисс., -Алматы. 2006 .