Автор:
Мархабат Садуакасова, Ақбота Даниярова (Қарағанды, Қазақстан)
Қазақстан Республикасының егемендік алып, нарықтық экономикаға көшуі қоғамдық өмірдің барлық жағынан өзгеруіне әкелді. Елде кәсіпкерлік қызметтегі әртүрлі субъектілердің ара қатынастарын реттейтін жаңа экономикалық институттар туындау қажеттігі пайда болды. Оның ішінде аудиторлық институтқа деген қажеттілік өзгеше болды. Оның басты мақсаты – бухгалтерлік және салықтық есептілікте көрсетілетін ақпараттардың шынайылығын бақылауды қамтамасыз ету. Ақша қаражаттарын қолдану бойынша, заңды объектілерде сауда операциялары мен инвестицияларды жүзеге асыру бойынша мәліметтер тәуелсіз аудитор көмегімен объективті түрде расталады.
Жеке және ұжымдық меншік иелері акционерлер, жарнашылар, сонымен қатар кредиторларда өз қызметтерінің саласында барлық көптеген қаржылық және шаруашылық операциялардың заңға сәйкес орындалғанына және бухгалтерлік жазбалармен тоқсандық және жылдық есептерде дұрыс көрсетілгеніне өз бетімен көз жеткізу қиындықтары туындады. Ұйым қызметі мен оның заңды орындалуын тәуелсіз аудиторлық тексеру мемлекетке де экономика қаржыландыру, несие беру, инвестициялау, және салық салу саласында қажетті шараларды қабылдау үшін қажет, жекелеген кәсіпорындар, ұлттық экономика салалары мен аймақтар бойынша жүргізілетін аудиторлық тексерулер өздерін қызықтыратын қаржылық есептеме нақтылығын дәлелдеу үшін республиканың мемлекеттік органдары, министрліктер мен ведомствалар, соттар, прокуратураға және басқаларға қажет.
Елбасы «Қазақстан-2050» атты стратегиясында әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру туралы өз жолдауында атап өткендей, Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында, өркенді де өршіл дамып келе жатқан қоғамның іргетасы тек қана осы заманғы, бәсекеге қабілетті және ашық нарық экономикасы бола алады. Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кірудің бірінші басымдығы әлемдік экономикаға ойдағыдай кіруі болып табылады. Осыған байланысты мемлекетті дамыту процесінде бухгалтерлік есепке алу, қаржылық есеп беру мен аудит жүйесін бара-бар дамыту ерекше өзектілікке айналады, өйткені бухгалтерлік есепке алудың, қаржылық есеп берудің және аудиттің мақсаты басқару шешімдерін қабылдау үшін мүдделі пайдаланушыларды экономикалық ақпаратпен қамтамасыз ету болып табылады [1].
Отандық және әлемдік тәжірибе көрсеткендей, аудиторлық қызметтерге мұқтаждық мынадай жағдайларға байланысты туындады:
- осы ақпаратты пайдаланушылармен (меншік иелерімен, инвесторлармен, кредит берушілермен) жанжал болған жағдайда әкімшілік тарапынан дәйексіз ақпарат беру мүмкіндігімен;
- қабылданған шешімдер салдарларының ақпарат сапасына байланыстылығымен;
- ақпаратты тексеру үшін арнайы білімнің болуы қажеттілігімен;
- ақпаратты пайдаланушылардың ақпарат сапасын бағалау үшін оның көздеріне қол жетімділігінің ішінара болмауымен.
Барлық осы алғышарттар тиісті дайындығы, біліктілігі, тәжірибесі және осындай қызмет түрлерін көрсетуге рұқсаты бар тәуелсіз сарапшылар қызметтеріне қоғам мұқтажының пайда болуына алып келді. Бұл, расталған ақпараттың болуы барлық мүдделі нарыққа қатысушылардың жұмыс істеу тиімділігін арттыруға және түрлі экономикалық шешімдер салдарларын бағалауға және болжамдауға мүмкіндік беретінімен байланысты.
Елдің микроэкономикасына басқару құралына сай қажетті әр түрлі бизнес салаларындағы шаруашылық жүргізуші субьектілер қызметін талдау, аудит және басқару есебі сияқты арнайы ғылымдарға айырықша маңыз беріліп отыр. Аудитті ұйымдастырудың озық тәжірибесі Халықаралық валюталық қордың, Бүкіл әлемдік банктің, Халықаралық даму бойынша АҚШ агенттігінің, Еуроплық одақтың және Британдық кеңестің белсенді қатысуымен өткізілгендіктен, оны құрудың ағылшын американдық үлгісі негіз етіп алынды [2, б.63].
Біздің елімізде аудит дамуы 1987жылы «Инаудит» акционерлік қоғамы пайда болуынан басталады. Ол КСРО Министрлер Кеңесінің арнайы қаулысына сай құрылған. Оның құрылуы елімізде аудитті әрі қарай дамытуға зор ықпал етті.
Шаруашылық есептегі ревизиялық топтармен салыстырғанда жоғары ұйымдық-құқықтық нысанға ие болғанымен фирма мемлекеттік бақылау органы базасында құрылды, ал құрылтайшылары одақ министрліктері болды.
Бірегей құрылым ретінде «Инаудит» сақталмады, ол бірнеше жеке аудиторлық фирмаларға бөлініп кетті. Оның себептерінің бірі фирмада өз фирмаларын құруға және басқаруға мүмкіндік туған кәсіпқой мамандар мен нағыз көш бастаушылардың көп істеуінде болды.
1989-1993 жылдары КСРО-дағы аудиторлық қызмет туралы заң актілерін қабылдауға ұмтылыс жасалды. Бұл кезеңде елде көптеген коммерциялық ұйымдар, оның ішінде аудиторлық фирмалар пайда болды. Соңғылары жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер ретінде тіркелді. 1989 жылы ҚазССР-ының Қаржы министрлігінің бақылау-ревизиялық басқармасы жанында шаруашылық есептегі ревизиялық топ құрылды. Содан соң оның базасында 1990 жылы үкімет шешімімен алғашқы «Шаруашылық есептегі аудиторлық орталық» аудиторлық фирмасы мен оның аумақтық бөлімшелері ұйымдастырылды. Жинақталған тәжірибе, тұрақты түрде өскен аудиторлық қызмет көрсету, қандай да бір дәрежеде әлемдік аудиторлық практика ұсынымы 1992 жылы шаруашылық есептегі орталықты «Қазақстан-аудит» тәуелсіз акционерлік аудиторлық компаниясына айналдыруға мүмкіндік берді. Ол республикадағы аудиторлық қызмет көрсету жөніндегі, меншіктің жеке нысанына негізделген және аудитті үкімет атынан жүргізу құқығы бар лицензияға ие бірінші тәуелсіз кәсіби компания болып табылады.
Қазақстанда аудиттің қалыптасуы мен оның кең танымал болуына «Қазақстан-аудиттің» сіңірген еңбегі зор. Ол республикамызда аудиторлық қызмет туралы заң жобасын жасаудың негізгі дайындаушысы және оның министрліктерде, үкімет деңгейінде және парламент комитеттерінде талқылануында бас кеңесші, сонымен қатар Қазақстан аудиторлары Палатасы жарғысының жобасының авторы болды.
1990 жылдан бастап нарықта «Эрнест энд Янг Сыртқы аудит» пайда болды. Ол орналасқан жері және иелігіне қарамастан, олардың өтініштері бірлескен кәсіпорындарға аудиторлық тексерулер жүргізді. Бұл сол кезде «Үлкен алтылыққа» енген ірі континент аралық аудиторлық фирма еді. Және 1993 жылы аудит «Аудиторлық қызмет туралы» бірінші Заңның қабылдануымен аудит өзінің дүниеге келуін ресми түрде бекітті. Осы уақыт ішінде аудит қаржы нарығы саласында өзінің лайықты орнын тапты, аудит институты ретінде өзінің өмір сүру құқығын дәлелдеді. Алайда дәл осы заңның шикі тұстары табылып, 1998 жылы 20 қарашада жаңа заң қабылданды.
Қазір Қазақстанда аудиторлық қызмет көрсететін ірі халықаралық аудиторлық ұйымдар мен жергілікті аудиторлық фирмалар өз қызметтерін дамытуда. Қазақстан Республикасының Қаржы министрінің 05.04.2001 жылғы №173 «Аудиторлық ұйымдар мен кредиттік рейтингтік агенттіктер тізімін бекіту туралы» бұйрығымен жыл сайын ұйымдар аудитін жүргізу және кредиттік рейтингті ҚР Үкіметінің 2001 жылғы 28-ақпанындағы №290 «Кейбір акционерлік қоғамдар мен республикалық мемлекеттік кәсіпорындар (ұлттық компаниялар) қызметін тиімді басқару мен бақылауды ұйымдастыру жөніндегі шаралар туралы» қаулысына сәйкес дәлелдеу мақсатында «ПрайсуотерхаусКуперс»ЖШС, «КПМГ Жанат»ЖШС, «ЭрнстЭндЯнг»ЖШС, «ВДО Қазақстан-аудит» ЖШС (соңғы аудиторлық фирма ҚР Қаржы министірінің 2004 жылғы 19-шілдедегі №294 бұйрығымен бекітілген) сияқты аудиторлық ұйымдар тізімі бекітілген.
Бүгінде елде 129 аудиторлық компания тіркелгені белгілі болып отыр. Сарапшылардың пайымдауынша, алдағы 3 жылда елде аудиторлық қызметтерге сұраныс артатын болады. Бұл өз кезегінде нарықтың дамуына әсер етеді. Жағымды факторлардың арасында – қаржылық саланың оңалуы, несие ұйымдарының ретке келуі мен несиелік ресурстарға сұраныстың артуы бар. Аудиторлардың негізгі қызметі – тұтынушылардың қаржылық есептерін тексеру болып табылады. Оған баға беріп, заң қойған талаптарға жақын ету. Аудиторлық компаниялардың қызметтеріне - әріптес бизнес құрылымдары, банктер, мемлекеттік компаниялар мен ашық ақпарат алғысы келіп отырған ұйымдар жүгінеді.
Заң бойынша, аудиторлық компаниялардың қызметі нақтыланып отыр. Негізгі міндет – бұл қаржылық аудит. Және оның жанындағы қызметтер – тренингтер мен есеп және бухгалтерлік есеп құру кезінде көмек көрсету. «Эксперт РА Қазақстан» компаниясы жүргізген ресми зерттеу жұмыстарында: тапсырыстардың 92 пайызы жалпы аудитке тиесілі екендігі көрсетілген. Сондай-ақ, сұранысы жоғары: салық, қаржы консалтингі және қаржылық аудитті атап өтсек болады. Қазір оның жиынтық үлесі 5 пайызды құрап отыр.
Қазір Қазақстанда жоғарыда айтып өткендей, 120-дан астам аудиторлық компания еңбек етіп келеді. Елде аудиторлық қызметтер мемлекетіміз тәуелсіздік алған кезде дами бастады. Сол кезде, нарыққа ірі шетелдік компаниялар келе бастады. Бизнестің құрылымын бағалап өту үшін ірі құрылымдар шетелдік компаниялардың қызметтеріне жүгініп келеді. Олардың арасында: KPMG, Price Waterhouse, Ernst&Young, Deloitte & Touch компанияларын атап өтсек болады [3].
Қазақстанда аудитпен байланысты мәселе ол аудиторлық компаниялар санының аздығында, және оның сапасына келіп тіреледі. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, осы жылы бірнеше ірі аудиторлық компаниялардың нәтижелері кеш берілгендігін айтуға болады. Қазақстандағы барлық ұлттық компаниялар «үлкен төрттікте» үш жылға кезекте тұрғанын айтып шағымданған. Үлкен төрттіктің нарықта неше пайыз алатынын айту қиын дегенмен оның үлесі көп екені анық. Барлық ірі компаниялар, банктер, зейнетақы жинақтау қоры, сақтандыру және мұнай өндіру компаниялар осы төрттіктің жұмысына жүгінеді. Себебі ірі компанияларды аудиттау техникалық жағынан өте қиын, және қаржылық есептілік халыраралық стандартқа сай өзгеріске ұшырайды және толықтырылады. Сонымен бірге өте жоғары тәуекел бар, ол операциялық тәуекел, қаржылық құралдар тәуекелі тағы басқа. Сондықтанда жергілікті аудиторлық ұйымдарға мұндай жұмыс жүргізу қиын, тіпті мүмкін емес. Сонымен қатар 2006 жылы «Аудиторлық қызмет туралы Заңға» өзгеріс енгізіліп, халықаралық аудит стандарты қабылданды. Соған байланысты жарты аудиторлық ұйым өз жұмысын тоқтатты. Осы заңға сәйкес аудиторлық ұйымда кемінде 3 сертификаты бар аудитор болуы керек. Осы жылы 328 аудиторлық ұйым бар еді, оның 129 қалды. Аталған заң бойынша соңғы өзгерістер мен толықтырулар 4 шілде 2013 жыл жағдайына.
Аудиторлық қызметтердің құнына – аудитор оған қанша уақыт бөлгені әсер етеді. Эксперт РА Қазақстан рейтингтік агенттігі жүргізген зерттеу жұмыстарына сүйенер болсақ, 2012 жылы 15 ірі аудиторлық компаниялардың кірісі 13,9 пайызға артқандығы белгілі болды. 2011жылмен салыстырғанда төмендеу 5 пайызды құрады. Сала мамандары бұған нарықтың игерілмегендігі мен консалтингтік қызметке сұраныстың артқандығы әсер етті деп отыр.
Қазақстанда нарықтық қатынастар енгізілуімен бірге экономикалық субъектілердің қаржылық қорытынды есебін пайдаланушылардың қажеттіліктерін ол ақпараттардың дұрыстығын дәлелдеу түрінде қамтамасыз етуші тәуелсіз бақылау жүйесі өркендеп дамып келеді. Аудиторлық қызметті реттеуші стандарттар енгізілуде, аудиторлар жұмыстарының сапасына кәсіби бақылау жүйесі жақсарып келеді, сондай-ақ, бұл салада кәсіби мамандар даярлауға қосымша талаптар қойылуда.
Қорытындылай келе, Қазақстанның әлемдік экономикаға кірігуін жеделдету мақсатында аудит жүйесін реформалаудың негізгі бағыттарын, оларды іске асыру жөніндегі нақты тетіктерді жасау, шетелдік инвестициялардың ағынын молайту, халықаралық нарықтарда қазақстандық ұйымдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қор нарығын жандандыру керек. Жоғарыда айтылған мәселелерді шешу үшін Қазақстанда нарық жағдайына бейімделудің қиындығына қарамастан, елде ғылыми-теникалық саясатты, маңызды теориялық және іс-тәжірибелік білім саласына айналатын нақты ғылыми әзірлемелерді жинақтаумен әлеуметтік-экономикалық қызметтің жаңа әрі озық нарықтық бағытын түбегейлі және қолданбалы зерттеу белсенділігін арттыра түсу керек. Елдің микроэкономикасын басқару құралына аса қажетті әр түрлі бизнес салаларындағы шаруашылық жүргізуші субъектілер қызметін талдау, аудит және басқару есебі сияқты арнайы ғылымдар мен оқыту пәндеріне айрықша маңыз беру керек. Сонымен бірге аудиторлық ұйымдардың сапасын арттыру үшін арнайы рейтинг жүргізіп, шетелдік «үлкен төрттікке» бәсекелес болатындай, және аудиторлыққа байланысты негізгі мәселелерді шешетіндей бірнеше шағын аудиторлық ұйымдарды біріктіріп үлкен компаниялар құру қажет.
Әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы
2. Абленов Д.О. Аудит негіздері: Оқулық.- Алматы: Экономика, 2005. - 400б.
3. http://www.uchet.kz/news/