Автор:
Мархабат Садуақасова, Меруерт Пердебек (Қарағанды,Қазақстан)
Қазіргі нарықтық шаруашылықта еліміздің әлеуметтік және экономикалық дамуында, елдің өндіріс тиімділігін арттыруда кәсіпорындардың алатын орны мен қосатын үлесі ерекше. Елдің экономикалық өркендеу жағдайында нарықтық қатынастарға қатысушы мүдделі тұлғалар ұйымның қызмет ету процесіне үлкен көңіл аударатыны белгілі. Сол себепті олар есеп мәліметтеріне сүйене отырып, ұйымның қаржылық жағдайын бағалауға ұмтылады, кәсіпорындар тиімді дамуы үшін бақылауда ұтымды жүйені жетілдіріп, басқарушылық және ақпараттық жүйені құрады. Оны жүзеге асыруда кәсіпорынмен өндірілетін өнімдер мен істелінетін жұмысқа кеткен еңбек пен оған төленетін еңбекақы мөлшерін, еңбек өнімділігін дұрыс бағалау, сонымен қатар жұмсалған еңбектің саны мен сапасын, жұмысшылар мен қызметкерлерге еңбекақы төлеу үшін еңбекақы қорынан бөлінетін қаржыларды бақылау маңызды орын алады.
Кез-келген мемлекеттің әлеуметтік және экономикалық жағдайының бірден-бір көрсеткіші тұрғындарының еңбекақысы мен өмір сүру деңгейі болып табылады. Сол себепті еңбекақымен байланысты мәселелер маңызды болып есептелінеді.
Нарықтық экономиканың дамуымен байланысты кәсіпкерлік қызметтердің жаңа түрлері пайда болуына, акционерлік қоғамдар, жауапкершілігі шекетеулі серіктестіктер, комерциялық банктер т.б. көбеюі аудит қызметтерінің кеңеюіне және өсуіне алып келді.
Нарықтық экономика қатынастарында шаруашылық операциялары жөніндегі шешімге келу көпшілік жағдайда қаржы жөніндегі ақпараттарға негізделген, өйткені олар дұрыс, анық және талапқа сай болуы қажет. Осылардың барлығы нарық капиталының міндетті түрде үнемді пайдалануына әсерін тигізеді, оларды бағалауға мүмкіндік жасайды және экономикалық дұрыс шешімге келуге көмектеседі. Еңбекке ақы төлеу бойынша қызметкерлермен есептесудің есебі мен аудиті бухгалтерлік есеп аспектілерінде үлкен орынға ие. Осы ақпараттардың дұрыстығын, заңдылығын тек тәуелсіз аудитор ғана анықтап айта алады.
Еңбек ақы бойынша есеп айырысуды аудиторлық тексергенде аудит іскерлік қызметтің бір түрі ретінде шаруашылық жүргізуші субъектінің жұмыс істеу ережесіне қатысты фактілер немесе, сондай-ақ ережелер мен жұмыстар туралы ақпараттар және тексерумен шұғылданады, оны өкілетті тұлға жүзеге асырады, әрі белгіленген нормативтерге сәйкес жұмыстың ереженің немесе ақпараттың сапалық жағы туралы тұжырым береді.
Қызметкерлермен еңбекке ақы төлеу бойынша есеп айырысуды аудиторлық тексеру - аудиторлық қызметтің көп еңбекті қажет ететін процестерінің бірі, ол ұйым қызметінің жекелеген түрлерінің ерекшеліктерін білуді талап етеді. Оның мақсаты - еңбек және еңбек ақы есебінің қолданыстағы заңдылықтарының сақталуын, бухгалтерлік есептің ұйымдастырылуы мен жай–күйін, сондай–ақ жүргізілген есеп айырысулардың дұрыстығын тексеру. Жұмысшылар мен қызметкерлерге еңбекақы төлеуді тексерудің негізгі міндеті – еңбекақы төлеуде нормативтік–құқықтық актілердің сақталуын бақылау, жалақыдан ұстап қалу мен еңбек ақы төлеуде бухгалтерлік есепті жүргізудің дұрыстығын тексеру болып табылады.
Қызметкерлермен еңбекке ақы төлеу бойынша есеп айырысу аудиті кезеңдеріне алғашқы құжаттарды тексеру, есеп айырысу-төлем ведомостері мен еңбек ақыдан ұсталымдарды тексеру жатады. Аудиттің ақпарат көздеріне ұйым жұмысшысын жұмысқа қабылдау, ауыстыру және жұмыстан шығару жөніндегі құжаттар, алғашқы құжаттар, бухгалтерлік есеп пен есептіліктер жатады. Алғашқы құжаттар ретінде жеке құрам есебі бойынша Жұмысқа қабылдау туралы табель, жеке карточка және тағы басқалар пайдаланылады. Бақылау барысында қолданатын ақпарат көздері болып 3350 «Еңбекақы төлеу бойынша қысқамерзімді берешек» шоты бойынша аналитикалық және синтетикалық мәліметтер өнімділіктің есебі және еңбекке ақы төлеуді есептеу жөніндегі бастапқы құжаттар (мысалы, жұмыс істеген уақыт есебі табелі мен нарядтар) уақытша еңбекке жарамсыздық парақтары, еңбек демалысына төлемді есептеу, нормативтік құжаттар, бұл операцияны реттейтін ҚР Еңбек Кодексі, қызметкерлердің еңбегі мәселелері жөніндегі әдістемелік ұсыныстар, олардың орташа еңбек ақысын есептеу тәртібі жөніндегі нұсқаулық және т.б. басшылыққа алынады [1;136].
Құжаттық тексеруді жүргізерге дейін аудитор ұйымның ұйымдық және технологиялық ерекшеліктерін зерттеп, оның өндірістік қызметінің барлық түрінің сипатын, мамандану аясын, қарқынын және құрылымын анықтауға міндетті.
Еңбекке ақы төлеу аудитінің аталмыш міндеттерін орындауға кіріспес бұрын, өндіріс процесіне жасалатын ішкі бақылаудың әлсіз және мықты жақтарын бағалау мақсатында алдын–ала шолу жүргізу керек. Жалпы мәліметтерді жинау және ішкі бақылау жүйесін бағалау үшін ұйымға арнайы сұрақтар жиынтығын дайындаған орынды. Аудиторлық тексеру барысында еңбекақыны есептеудің дұрыстығын, әрі заңдылығын анықтау қажет.
Аудитор әрбір жұмысшымен еңбекақы бойынша есеп айрысу операцияларын терең зерттеу үшін аудиттің бағдарламасын жасайды.
Аудиттің халықаралық стандартында «Қаржы есептері аудитінің мақсаты қаржылық есеп жасаудың белгіленген тұжырымдық негіздеріне сәйкес қаржылық есептің барлық маңызды аспектілері бойынша әзірленгендігі жөнінде қорытынды жасау болып табылады» деп анықтама берілген. Яғни аудиторлық қызметтің мақсаты – қоғамның талабын қанағаттандыратындай барынша тиімділікке, ең жоғары кәсіби талаптарға сәйкес қызмет көрсету [2].
Мұның шарты аудиторлық қызметтің негізгі төрт қағидасын (тәуелсіздік, объективтілік, кәсіби біліктілік және құпиялылық) үнемі басшылыққа ала отырып, халықаралық стандарттың талабын бұлжытпай орындауды талап етеді. Демек аудиторлық қызметтің қоғамның және клиенттің алдындағы жауапкершілігі, көрсетілген қызметтің сапасы мен мерзімі оның мақсатымен тікелей байланысты. Көрсетілген аудиторлық қызметтің мақсатына жетуінің нәтижесінде: клиенттің коммерциялық қызметінің жақсаруына, табысының өсуіне ықпал етеді; аудиторлық фирманың және аудитордың беделін өсіруге, клиенттердің шеңберін кеңейтуге қолайлы жағдай туғызып табысын арттырады.
Қызметкерлермен еңбекақы төлеу бойынша есеп айырысуларды тексеруді әр айдың бірінші күні 3350 шоты бойынша аналитикалық есеп көрсеткіштерінің және бухгалтерлік баланыстағы, бір уақыттағы Бас кітаптағы жазулармен сәйкестігін анықтап бастаған жөн. Бұл үшін Бас кітаптағы қарастырып отырған айлардың бірінші күнгі 3350 тізімдемесінің ведомосының жиынтық сомасын кәсіпорын баланысындағы сомамен салыстыру қажет.
Еңбек және еңбекақы бойынша есеп айырысудың алғашқы құжаттар тексергенде дайындалған жұмыс есебі үшін тиісті жерлерде жауапты адамның қолдарының бар болуы, толтыру барысында құжаттарда түзетулер, өшіріп қайта жазулардың бар жоқтығын анықтау керек. Сонымен қатар алғашқы құжаттарды төлеу ведомостарын тексеру барысында анықтайды. Еңбекті уақыт бойынша төлеуде тарифтік мөлшерлеме немесе мәміле шарттарын қолданудың дұрыстығы, кесімді төлеуде - жұмыстық сандық және сапалық көрсеткіштерін орындау, нормалар мен баға қолданудың дұрыстығы тексеріледі.
Заңнамаларға сәйкес жалақыдан мыналар ұсталынады: жеке табыс салығы, зейнетақы қорына аударымдар, бұрын берілген аванс бойынша берешекті, сондай–ақ арифметикалық қате нәтижесінде артық төленген соманы өткізуге; есеп беретін сома бойынша берешекті өтеуге; пәтерақы, баланың мектепке дейінгі балаларға мекемеде тәрбиеленгені үшін, еңбеккерлердің ұйымға келтірген материалдық зиянының орнын толтыруға; ақшалай төлемдер (заңсыз жұмсаған қаржыны біреудің мойнына жазу); несиеге сатып алынған тауарға; газет пен журналдарға жазылғаны үшін; орындалатын (үкім) құжаттар бойынша, өнім ақауы үшін. Жалақыдан басқа ұсталымдар еңбеккерлердің келісімімен ғана ұсталады [3;78].
Аудит есебінің қортындылау бөлімінде аудит қорытындысын жасау қажет. Оның негізгі мақсаты субьектінің қаржы есебінің дұрыстығын, оның мемлекет заңына, нормативтік құжаттар талабына, бухгалтерлік және аудиторлық стандарт талабына сәйкес жасалғандығын көрсету.
Тексеру қорытындысында мыналарды анықтау қажет:
1. Белгіленген мерзімде алынбаған жалақы сомалары дер кезінде депонентте жатқызылатындығы;
2.Депоненттегі сома төленгенннен және талап етілмеген депоненттік борыш табыс құрамының аударылғандығын;
3. Жұмысты қосып атқару бойынша дұрыс төленгендігі;
4. Заң актілерінде қаралған жұмыс істемеген уақыттарына төлем, жұмысқа уақытша қабілетсіздігі бойынша жәрдем ақылардың дұрыс есептелгендігі;
5. Шығындардың еңбек ақы төлеу бойынша қорына дұрыс жатқызылғандығы;
6. Кейбір төлемдердің өнімнің (жұмыс, қызмет) өзіндік құнға жатқызылғандығы;
7. Аналитикалық және синтетикалық есеп жүргізудің жиынтық мәліметтерінің және қаржылық қорынытынды есептеу формаларын толтырудың дұрыстығы;
8. Еңбекақы қоры бойынша бухгалтерлік есеп корреспонденцияларының жұрыс жазылғандығы.
Аудитор аудиторлық тексеру нәтижесі туралы есебін жасайды. Оны тапсырушыға шартында белгіленген мерзімінен кешіктірмей өткізуі қажет. Ол арнайы құжат “қабылдау-өткізу актісі” арқылы орындалады.
Қорыта келе, қазіргі нарықтық экономика жағдайында кәсіпорынның қаржылық-шаруашылық жағдайына жан-жақты объективті баға беруде аудитор мен аудиторлық ірі ұйымдардың алатын орны ерекше.
Әдебиеттер:
1. Сатмурзаев А.А., Укашев Б. Аудиттің теориясы: Ұлағат университеті. - 2007.- 231 б.
2. Халықаралық аудит және сапаны бақылау стандарттарының жинағы, 2009 ж.
3. Ажибаева З.Н. Аудит: Оқулық.- Алматы: Экономика, 2005. – 102 б.