Автор:
Марзия Асылбекова (Астана, Қазақстан)
Қазіргі таңда қоғамның әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуы бар әлеуметтік сұраныс негізі жан-жақты дамыған жеке тұлға ретінде қалыптасып қоғамдық ортада әлеуметтенуін қажет етеді. Жетім балаларды жаңа қоғам мүддесіне лайықты, жан-жақты жетілген, белсенді іс-әрекеті мен ғылыми саналы көзқарасын қалыптастыру, бойында ұлттық сана, ұлттық психология қалыптасқан ертеңгі қоғам иегері боларлық парасатты азамат тәрбиелеп өсіру – балалар үйі педагогтарының, Үкіметтің және барша халықтың міндеті.
Балалар үйі – мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларды қоғам талабына сай тәрбиеленуін жүзеге асыратын ұйым, ол демократиялық қоғамның тұлғаларын даярлайды. Бұл арнаулы ұйымдар – жетім балалардың дағдыларын қалыптастырып, әлеуметтік тұрғыда бейімделуін қамтамасыз етеді.
Осыған орай, Қазақстанда ұлттық психология ғылымының негізін салған психолог, ғалымдар: Ә.Алдамұратов, С.Балаубаев, Қ.Жарықбаев Т.Тәжібаев Г.А. Урунтаева, Х.Т.Шерьязданова, т.б. өздерінің ғылыми еңбектерін балалардың психологиялық даму ерекшеліктеріне арнады.
Сонымен қатар, балалар үйіндегі жетім балалардың психологиялық даму ерекшеліктері, тәрбиеші мен тәрбиеленушілер арасындағы және оқу-тәрбие жүйесіндегі қарым-қатынастар мәселесін зерттеген Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері ғалымдары Т.И.Дьяконова, И.М.Михайлицкая, С.В.Яосева еңбектерінде балаларды тәрбиелеу мен жан-жақты дамыта қалыптастыру мәселелерін зерттеп, ғылыми-әдістемелік жолдарын ұсынған.
Ал, С.А.Дзенушкайтенің «Біздің үй» атты еңбегінде: «Балалар үйінің педагогикалық ұжымы денелері мен психикасы дұрыс дамыған балалар үшін қажетті жағдай жасауға міндетті. Ол үшін жоғарғы ұрпақтардың бай тәжірибесін қолдана отырып, әлеуметтік жағдайда адамгершілігі мол, еңбекке бейім етіп, тәрбиеленушілерді өз беттерімен өмір сүруге жан-жақты дайындау» - деп ой түйіндеген [1, Б. 62].
Жетім балалардың психологиялық даму ерекшеліктері туралы А.М.Прихожан, Н.Н.Толстыхтың «Дети без семьи» атты еңбегінде: «Көптеген елдерде жүргізілген зерттеулердің нәтижесі көрсеткендей, отбасынсыз өскен балалардың дамуы, оның ішінде баланың мінез-құлық дағдылары мен жеке тұлға қасиеттерінің қалыптасуы отбасында өскен балаларға қарағанда ерекшеленіп тұрады. Басқаша айтқанда, олардың дамуы төмен немесе жоғары емес, жәй балаға қарағанда - олар өзгешелеу» - деп тұжырымдаған [2, Б. 6].
Жоғарыда біз талдау жасаған зерттеулер бүгінгі таңда балалар үйіндегі оқу-тәрбие үдерісін әр қырынан қарастырғанымен, жеке тұлғаны қалыптастыру мәселесі жан-жақты, арнайы зерттеу нысанасына алына бермейді. Сол себепті, біз зерттеуімізде балалар үйінің оқу-тәрбие үдерісінің барысында ішінара болса да жетім балалардың жеке тұлғасын қалыптастыру мен әлеуметтенуі мәселесін қарастыруға ден қойдық.
Гуманист психологтар Г.Айзенк А.Маслоу, Г.Оллпорт, К.Роджерс өз еңбектерінде жеке тұлға туралы құнды ой-тұжырымдар жасаған.
К.Роджерстің пікірінше жеке тұлға мен оның мінез-құлқы қоршаған ортаны қабылдауына байланысты дамып қалыптасады. Ғалым теориясында: «Мен» тұжырымдамасы «нақты Мен-ді» және «идеалды Мен-ді» (адамдар қандай болғысы келеді және қандай болуы керек) қамтиды. «Мен» тұжырымдамасының дамуы, негізінен әлеуметтену процесі арқылы жүреді. Әрбір адам үшін ең маңыздысы – оны басқалардың түсінуі және жақсы көруі десе, А.Маслоу адамның мінез-құлқы мен тәжірибесі қажеттіліктер иерархиясымен реттеліп отырады дейді [3, Б. 7-8].
Өзінің жеке тұлға теориясында гуманистік және жеке даралық тұрғыны біріктірген гуманист Г.Оллпорт адам табиғатының – жеке тұлғалық даму, өзін-өзі жеңе білу мүмкіндіктерін толық іске асыра білу аспектілерін зерттеген [3].
Г.Айзенктің жеке тұлға теориясы диспозициялық теорияның үш негізгі бағытының біреуіне – қатаң бағытына жатады. Бұл бағыт адамның қатаң биологиялық құрылымдары: дене құрылымы, жүйке жүйесі, ми және белгілі жеке даралық қасиеттері арасында қатаң сәйкестік құруға ұмтылады. Мәселен, психолог: «Жеке тұлға – бұл адамның қоршаған әлемге дербес бейімділігін анықтайтын, оның мінезінің, темпераментінің, интеллектісінің және дене құрылысының азды-көпті тұрақты құрылымы. Мінез – мотивациялы-еріктік мінез-құлықтың азды-көпті тұрақты жүйесі. Темперамент – адамның аффективті, эмоциялы мінез-құлықтың азды-көпті тұрақты жүйесі. Интеллект – бұл когнетивті мінез-құлықтың азды-көпті тұрақты жүйесі» - деген тұжырым жасаған [3, Б. 401]. Әрине, жеке тұлғаның қылықтары, іс-әрекеттері оның мұң-мұқтажы мен (физиологиялық қажеттілікті қоспағанда) талап тілектерінен туындайды.
Осыған орай, біз балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілердің даму ерекшеліктерін анықтауда төмендегідей мәселелерді қарастырдық:
- дүниеге келген кезінен бастап әрбір кезеңдердегі өсу тарихын қарастыратын құжаттар мен материалдары;
-
жетім балалардың физиологиялық, психологиялық, педагогикалық жағынан дамуы;
-
балалардың білімге қызығушылығы мен ынта-ықыластары;
-
балалардың еңбексүйгіштік деңгейлері мен еңбекке қатынастары;
-
жетім балалардың денсаулық жай-күйлерінің бақылауға алынуы.
Осындай мәселелерді жан-жақты талдау барысында әрбір жетім баланың психологиялық өзгешеліктерін айқындай аламыз. Біздер жоғарыдағы сұрақтарға жауап бермес бұрын, тастанды, жетім балалардың пайда болу себеп-салдарына тоқтала отырып, балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің нормативтік-құқықтық құжаттарын талдау барысында төмендегідей мәселелерді анықтадық.
Балалар үйіндегі балалардың әрқайсысының жеке дәрігерлік сараптамалар тарихымен танысқанымызда, біз байқаған ерекшеліктер: балалардың 90% денсаулықтарына байланысты дәрігерлік есепте тұрады, оның 63% невроз, астеноневротикалық, психоневрологиялық тұрғыдан жүйкесінің нашарлауы жиі кездеседі. Ал, 27% йод тапшылығы, темір тапшылығы сияқты т.б. сырқаттары бар екені анықталды. Осы мәліметтерге қосымша ескерілетін жәйт, балалар үйіндегі жетім балалардың психикалық дамуы мен мінез-құлық, жүріс-тұрыстарында өзіндік бағыттылық сияқты қасиеттердің тұрақты еместігі байқалады.
Көрсетілген мәселелердің мәнін ашу барысында жетім балалардың балалар үйіне келгенге дейінгі тарихымен танысқанымызда, олардың ата-аналарының 80% ата-аналық құқықтарынан айырылғандар. Соның 35% моральға жат қалықтарымен өз балаларына теріс әсерлер жасаса, 24% әке-шешелерінің бірі ішімдікке салынған, ал балалардың 21% шешелері жезөкшелік пен қыдырымпаздыққа бой ұрғандар. Қалған 20% ата-аналары жұмыссыздықтан, тұрмыс күйінің жоқтығынан, жалғыз басты студент аналар балаларын балалар үйіне берген.
Қазіргі уақытта ата-анасының қамқорлығынсыз қалған тәрбиеленушілердің психикалық дамуы жағынан отбасында өсетін құрдастарына қарағанда айырмашылығы болады. Себебі, балалар үйі жағдайында тәрбиеленіп жатқан балалардың даму қарқыны бәсеңдеу. Олардың дамуында және денсаулығында бірқатар сапа жағынан жағымсыз ерекшеліктер бар, олар нәрестелік жастан басталып, мектепке дейінгі шақта және одан әрі барлық сатысында байқалады. Бұл ерекшеліктер әр түрлі және бірдей емес дәрежеде өсудің әр сатысында байқалады. Осылайша, балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балалардың бірінші өмір жылында-ақ отбасында өсетін өз құрдастарына қарағанда ерекшеленеді: олар шаттана білмейді, олардың танымдық белсенділігі төмендеген, үлкенге үйір болу сезімі туындамайды, сенбейді, тұйық, көңілсіз және енжар, т.б. Мұндай мінез-құлық сезімдері тәрбиеленушілердің жеке тұлғасының қалыптасуына кері әсерін тигізуі мүмкін.
Осы тұрғыда, америка психологы М.Райбл ана қамқорлығынан айрылған 600 нәрестеге бақылау жүргізген де, ана қамқорлығының болмауы баланың екі айлығынан бастап-ақ өте ауыр тәндік бұзылуларға әкеп соқтырады. Өйткені, емшектегі бала ағзасының дұрыс жұмыс істеуі үшін сыртқы ортадан оған ана-ның табиғи қамқорлығын беретін қоздырғыштар алуы тиіс деген шешімге кел-ді. Сипалау, қолға алу, төске басу, ананың дауысы, емшектегі бала үшін ему мүмкіндігі, емшек сүті, белгілі бір ауа температурасы және т.с. бала үшін өте маңызды. М.Райблдың пікірі бойынша гигиена сақталмайтын жағдайда өмір сүретін, бірақ анасымен табиғи қарым-қатынасы бар нәрестелерде тәндік бұзылу туындамайды. Сонымен қатар, оның деректері бойынша ана қамқорлығының болмауынан тәндік бұзылулар жақсы жабдықталған және ғылыми тұрғыдан дұрыс күтімді қамтамасыз ететін ең жақсы балалар ұйымдарында да кездеседі. Алайда, зерттеуші есептегендей жетім балалардың толық дамуы үшін қажет «нәзік жеке әсерді» айырбастай алмайды [4].
Жоғарыда аталған ғалымдардың зерттеу нәтижелері бойынша физикалық дамуы (бойы, басының көлемі, салмағы) көбінесе ұйымда бала ұзақ уақыт бойы өмір сүруіне қарай жақсарады. Салыстырмалы қолайлы физикалық дамуының жақсаруын авторлар емшектегі балаларға арналған ұйымдарда көрсетілетін медициналық көмектің жақсылығымен түсіндіреді. Бірақ ақыл-парасат деңгейі физикалық дамуға қайшы келеді: неғұрлым бала ұйымға ерте түссе, солғұрлым олардың ақыл-парасатының бөгелуі байқалған.
Жетім балалардың дамуында психологиялық ерекшеліктер байқалады. Олар:
-
психикалық процестердің дамуындағы ерекшеліктер: қабылдауының төмендігі, түйсінудің әлсіздігі, есте сақтаудың, қиялдың баяу дамуы, көрнекілік-бейнелік ойдың толық жетілмеуі, ерік-жігері әлсіз, зейіннің тұрақсыздығы, т.б.;
-
мінез-құлық дағдыларындағы ерекшеліктер: жиі көңіл-күйдің өзгеруі мен тұрақсыздық, ашушаңдық, өзін-өзі ұстай алмаушылық, сабырсыздық, сенбеушілік, ызақорлық, тұйықтық, енжарлық, қатыгездік, ұқыпсыздық секілді жағымсыз мінез-құлық дағдылардың басымдылығы;
-
қарым-қатынастағы ерекшеліктер: құрдастарымен жиі келіспеушілік, құрдастарымен бірігіп ойнай білмеуі, үлкендермен сөйлесе алмау, оқшаулануы.
Осыған орай, жетім балалардың психологиялық дамуындағы сәтсіздікті анықтайтын себептер мынадай:
- әлеуметтік мәдени ортамен қарым-қатынастың шектеулілігі;
- тәрбиеленушілерді тәрбиелейтін үлкендердің, маман педагогтардың жиі ауысуы;
Отбасы жағдайында, өз үйінде бала өзін еркін ұстап, қалаған қажеттілігін қанағаттандырып отырады. Мысалы, қыз бала әжесі мен анасының үй жұмыстарына қатысып, ұл бала ата, әкесімен үй шаруашылығына қажетті заттарды, нәрселерді жасауға қатысып, көзімен көріп, іс-әрекеттерді бөлісуге, жоспарлауға ат салысады. Әрбір еңбек іс-әрекеттері үлкендер тарапынан қадағаланып, бала еңбекке баулынады. Ал, балалар үйлеріндегі ұл-қыздардың мұндай мүмкіндіктері жоқ. Сол себептен, тұрмыстық қарапайым жұмыстарға икемсіздік көрсетеді. Қазіргі психологиялық зерттеулерде балалар үйлері тәрбиеленушілерінің дамуында болатын негізгі кедергі (депривационные условие), қолайсыз күй деп білеміз.
Жетім балалардың мұқтаждықтарының шектелуі, жеке тұлға ретінде қалыптасуда қажетті әлеуметтік қарым-қатынастар мен аналық жылылықтың болмауынан деп тұжырымдауға болады. Балалардың ақыл-ой, адами ізгілік қасиеттері мен психологиялық процестердің бағдарлы дами алмауы - өз қажетін өтей алмаудың басты сипаттамасы болмақ.
Қорыта айтқанда, жетім балардың тұлғалық сапаларының тежелуі әлеуметтік-мәдениет орталықтарына сирек баруынан, эстетикалық тәрбиенің әлсіздігінен, айналасындағы адамдармен қарым-қатынастардың аздығынан болады. Ал, Жетім балалардың ең басты талап-тілектерін қанағаттандырмайтын іс-әрекеттер құрамы қимыл-қозғалыс, айналасындағы қарым-қатынас мұқтаждығы, әлеуметтік қарым-қатынас күйі, бала жасындағы әлеуметтік шектелу, өз-өзін әлсіз сезінуі, т.б. әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан алғанда, қарым-қатынастың кедейленуі, әсіресе, олардың сезіну, түйсіну, есте сақтау, қиялдау, т.б. процестерінің дамуының тежелеуінен болады деп ой түйіндейміз. Біздің жетім балалардың психологиялық ерекшеліктерін анықтаудағы мақсатымыз – жетім балалардың тұлғасын қалыптастыру мен оларды әлуметтендіру жолдарын іздестіру, бағыт-бағдарын айқындау болды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Дзенушкайте С.А. Наш дом. – Москва: Педагогика, 1987. – 176 с.
2. Прихожан А.М., Толстых Н.Н. Дети без семьи. –Москва: Педагогика, 1990. – 160 с.
3. Психология. Адамзат ақыл-ойының қазынасы. 10 томдық: Гуманистік психология. 5-том // Құрастырушылар: Әбеуова И.Ә., Шериязданова Х.Т. – Алматы: Таймас, 2005. – 480 б.
4. Лангмейер И., Матейчек З. Психическая депривация в детском возрасте. – Прага, 1984. – 264 с.