Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

ТІЛДІ ОҚЫТУДАҒЫ ЖАҢА БАҒЫТТАР

Автор: 
Баян Абылбаева (Қарағанды, Қазақстан)

Қазіргі кезеңде білім берудің ұлттық модеміне өту оқыту мен тәрбиелеудің соңғы әдіс-тәсілдері мен инновациялық педагогикалық технологияларды игерген, технологиялық-пеагогикалық диагностиканы қабылдай алатын, педагогикалық жұмыста қалыптасқан, бұрынғы ескі сүрлеуден тез арада арылуға қабілетті және нақты тәжірибелік іс-әрекет үстінде өзіндік даңғыл жол салуға икемді, шығармашылық педагог-зерттеуші, ойшыл мұғалім, зерделі оқытушы болуын қажет етеді. Өйткені еліміздегі дүбірлі өзгерістер, қайта жаңғырулар білім беру жүйесіне де айтулы реформалар мен мақсаттар әкелді. Білім стандартының жасалынуы, төл оқулықтарымыздың жазылуы, жаппай компьютерлендіру, инновациялық технологиядағы іздену, білім мазмұнын байыту, әлемдік білім кеңістігіне ену мақсатындағы жұмыстар сол өзгерістердің куәсі.

Біріккен ұлттар ұйымының шешімімен «ХХІ ғасыр – ақпараттандыру ғасыры» деп аталады. Қоғамды ақпараттандыру – экономиканың, ғылымның, мәдениеттің дамуының негізгі шарттарының бірі. Сондықтан тіл үйретуде ақпараттық технологияларды қолданудың тиімді жақтары мен жаңа ақпараттық технология құралдары (жаңа типті компьютерлер, телекоммуникациялар, виртуальды орта және мультимедия, интерактивті құрылғылар) оқу үрдісіне көптеп енгізілуде.

Білім беру үрдісін ақпараттандыру – жаңа ақпараттық технологияны пайдалану арқылы дамыта оқыту, дара тұлғаны бағыттап оқыту мақсаттарын жүзеге асыра отырып, оқу-тәрбие үрдісінің барлық деңгейлерінің тиімділігі мен сапасын жоғарылатуды көздейді.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында «Біз бүкіл елімізде әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметіне қол жеткізуге тиіспіз. Қазіргі таңда ақпараттық-коммуникативті технологиялар біздің елімізде де жоғары қарқынмен дамып келеді. Оқу үрдісінде жаңа технологиялық әдістермен қатар жаңа ақпараттық технологияларды да қолданудың мүмкіндігі жасалып отыр» деген болатын.

Яғни, еліміздегі білім беру жүйесінің ең басты міндеті – білім берудің ұлттық моделіне өту арқылы жас ұрпақтың білім деңгейін халықаралық дәрежеге жеткізу. Осы бағытта оқытушылар алдында оқытудың және тәрбиелеудің жаңа ақпараттық технологияларын қолдана отырып, жеке тұлғаның дамуына қолайлы жағдай туғызу қажеттілігі тұрғанын жақсы түсінеміз. Өйткені кез-келген адамның үздіксіз білім алуын қамтамасыз ету жүйесі ақпараттандырумен тығыз байланысты. Қазіргі жаңа ақпараттық технологиялардың мүмкіндіктері адамның интеллектуалдық, шығармашылық потенциялының даму мүмкіндіктерін арттыруға септігін тигізетіні сөзсіз.

Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы» Заңында еліміздің білім беру жүйесінің басты міндеттері атап көрсетілген. Соның бірі: «Білім беру жүйесін ақпараттандыру, оқытудың жаңа технологиясын енгізу, халықаралық коммуникациялық желілерге шығу» делінген. Бұл міндеттерді шешу үшін, нәтижеге бағытталған білім берудің жаңа жүйесіне көшу үшін әр оқытушы, жеке тұлға күнделікті ізденіс арқылы барлық жаңалықтар мен өзгерістерге батыл жол ашарлық жаңа тәжірибеге, жаңа ақпараттық технологияларға, әлеуметтік, тұлғалық және жеке құзыреттілікке ие болуы тиіс. Бұл талаптар күнделікті әдістемелік жұмыстың жүйелі түрде ұйымдастырылуы негізінде жүзеге асырылады.

Жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы дамыта оқыту, қашықтықтан оқыту, дара тұлғаға бағыттап оқыту мақсаттарын жүзеге асыра отырып, оқу-тәрбие үрдісінің барлық деңгейлерінің тиімділігі мен сапасын жоғарылату – бүгінгі күннің басты талабы.

Оқытушының инновациялық іс-әрекеті - өз қызметіне жаңа технологияларды енгізу. Білім беру жүйесінде қазір технологиялардың сан алуан түрлері бар. Осыған байланысты деңгейлік тапсырмалар беруде оқытушы ең алдымен тапсырмалардың мазмұндық жүйелілігіне аса назар аударуы қажет. Жаңа инновациялық технологияны жүзеге асыруда оқытушы белсенділігі, шығармашылық ізденісі артып, өз мамандығына деген сүйіспеншілігі, студенттерін жеке тұлға ретінде бағалауы орын алады.

Сонымен қатар, ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялардың оқу-тәрбие үрдісінде қолданылуы студенттердің білім алу мүмкіндіктерін кеңейтеді. Ақпараттық компьютерлік технологияны пайдалануда студенттер мектепте алған білімдерін ұштап, мамандыққа сай берілетін білімдерін молайтып сабаққа белсене қатысады. Өйткені компьютер арқылы оқу материалын беруге, оны әзірлеуге, бақылауға, қорытындылауға, көмек беруге мүмкіндік зор.

Түсті графиканы, бейнетехниканың мүмкіндіктерін пайдалану оларға ерекше әсер етеді. Студенттің кез-келген тапсырманы аяғына дейін орындап, өзінің ой-өрісін пайдаланып, кез-келген сұрақты қойып, оның шешімін тауып, білімін дамытуға мүмкіндік туғызады. Ақпараттық технологияны жеке тұлғаны дамыту мақсатында қолдану жолдары:

- электронды почтаны қолдана білу;

- материалды компьютер арқылы презентациялау;

- мәтінді графикпік сызбаларға түсіру;

- мәліметтер қорымен, әдебиеттермен жұмыс;

- электрондық оқулық, диск, қосымша материалмен жұмыс;

- интернеттен ақпарат алу.

Яғни, осы аталғандар арқылы ұйымдастырылған сабақ студенттердің шығармашылығын дамытып, өз бетімен ізденуге, алған білімін ұштауға, сенімін арттыруға, жеке тұлғасын, қабілетін, ынтасын, рухани әлемін дамытуға басты құрал болып табылады. Осындай жан-жақты ойластырып, мазмұнды түрде жоспарланған сабақ төмендегідей мақсаттарға қол жеткізеді:

- танымдық ой-өрісін кеңейтуге;

- жоспарлы жұмыс жасауға;

- нәтижені болжай білуге;

- танымдық қызығушылығын арттыруға;

- ойлау қабілетін арттыруға;

- өздігінен жұмыс жасауға;

- тез есте сақтауға;

- шығармашылық қабілеттерін дамытуға.

Осыдан байқайтынымыз, оқытушы мен оқушы арасында ақпараттық мәдениет қалыптасып, оны шапшандыққа, ізгілікке, тапқырлыққа, жауапкершілікке үйретеді, оқушының ойлауына, қабілетіне әсерін тигізіп, жеке тұлғасын дамытады.

Дәстүрлі оқытуда оқытушы дайын, толық ақпаратты берген болса, оқушы тек соны тыңдап, ақпаратты оқытушы арқылы қабылдап отыратын. Сабақта көбіне репродуктивті әдістер, лекция, баяндау, әңгімелеу, мазмұндау және т.б. қолданылды. Егер дәстүрлі оқытуда оқу тәрбие үрдісінде басты рольді оқытушы атқарса, технологияның көптеген түрлері қамтылған қазіргі жағдайда белсенді қызметті оқушы атқарады, яғни өзі ізденеді, өзі оқып, өзі үйренеді. Ал оқытушы сабақты ұйымдастырушы, кеңес, бағыт-бағдар беруші. Әрбір студенттің жеке мүмкіндіктеріне байланысты қызығушылықтарын арттырып, берілген тапсырмалар олардың қабілеттерін ашуға бағытталады. Олардың жұмысы көптеген тұлғалық қасиеттеріне қарай бағаланады (интеллектуалды дамуы, тіл мәдениеті, дербестігі, инициативасы, жауапкершілігі).

Студенттерді қажетті білім дағдыларымен қамтамасыз ету үшін оқытушы әр сабақта жүйелі жұмыс жүргізуі қажет. Ол үшін тіл үйретушінің әдіскерлік шеберлігі, теориялық білімі, ұйымдастырушылық қасиетінің жоғары деңгейде болуымен қатар, құнды жасалған көрнекілік, электрондық оқулық, аудио, бейнетаспалардың болуы да қажет. Осыған байланысты бір ғана электрондық оқулықтардың тиімділігін айта кетсек:

- әртүрлі жұмысты тез және қысқа мерзімде орындауды қамтамасыз ету;

- тілді үйрену уақытын үнемдеу;

- көрнекілік және түсініктілік принципін пайдалану мүмкіндігі;

- бейнелелеу мүмкіндігінің жан-жақтылығы;

- дидактикалық мүмкіндігінің жоғары деңгейлігі;

- тіл үйренушінің өз бетімен жұмыс істей алуы;

- тілді білу деңгейін бақылау және бағалау;

Сондай-ақ, электронды оқулықтағы оқыту, модельдеу, тестілеу т.б. бағдарламалар жиынтығы тіл үйретуде жай оқулықтарға қарағанда өте тиімді қосымша мүмкіндіктер береді. Олар жинақы, ыңғайлы түрде алынады, өйткені электрондық оқулық – бұл дидактикалық әдіс-тәсілдер мен ақпараттық тенологияны қолдануға негізделген түбегейлі жүйе. Оны пайдалану барысында төмендегі мақсаттар жүзеге асырылады:

- тыңдалым арқылы екпін, қазақ тілінің төл дыбыстарына назар аударту; тыңдау арқылы қабылдауға, есте сақтауға, дұрыс оқуға дағдыландыру;

- оқылым арқылы мазмұндап, өз ойын айтуға үйрету; оқу жылдамдығын арттыру; оқу арқылы мазмұнын меңгерту;

- жазылым арқылы берілген түрлі жаттығулар мен тапсырмалар арқылы тіл үйренушінің сауаттылығын арттыру; қойылған сұрақтарға жауапты жазбаша жазуға үйрету;

- көру арқылы берілген тақырып бойынша материалды пысықтау;

- әртүрлі тапсырмалар, тест арқылы тіл үйренушінің білімдерін тексеру.

Толассыз ақпараттар ағымын бүкіләлемдік Интернет жүйесі, спутниктік каналдар, теледидар, ұялы байланыс арқылы көріп, естіп қабылдауға машықтанған ХХІ ғасырдың өкіліне нағыз керегі – сандық бейне, анимация, компьютерлік оқыту ойындары, дыбысты жаңғырту т.б. компьютерлік технологиялар. Осылардың бәрін қолдануға мүмкіндік беретін қазіргі мультимедиялық бағдарламалар тіл үйретуді жеделдетуге, оқу уәждемесін көтеруге, сөйлесім әрекетін дамытуға зор әсерін тигізеді. Сөйлесім әрекетінің кез келген түрінің негізінде көру-есту моторының арасындағы байланыс жататыны белгілі.

Түйіндей айтсақ, ақпараттық технологияның кез-келген түрінің бүгінгі күні қарқындап өсуі, оның тиімділігі сапалы білім берудің бірден-бір қайнар көзі екендігі және оны әсіресе тіл үйретуде пайдалану – тіл үйренушінің ең басты құралы болып отырғандығы шындық. Ендеше келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде оқытушының инновациялық іс-әрекеттің ғылыми-педагогикалық негіздерін меңгеруі сапалы білімнің жемісі болмақ. Сондықтан қазақ тілін оқытуда дайын өнімдердің жетістіктерін есепке ала отырып, мультимедиялық технологияларды қолданып, ақпараттық оқыту бағдарламаларды әзірлеудің теориялық, әдістемелік мәселелерін терең саралау арқылы оны жетілдіре түсу біздің басты мақсатымыз болмақ.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан – 2030». Ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауы. - Алматы. «Білім баспасы», 1998.
2. Жанпейісова М.М. Модульдік оқыту технологиясы оқушыны дамыту құралы ретінде. - Алматы, 2002.
3. Ержанова А. Білім беруде ақпараттық технологияларды қолдану. –Алматы. 2005.
4. Жалпы орта білімді ақпараттандыру мемлекеттік бағдарламасы. –Астана. 1997.
5. Қазақ тілін оқыту: жетістіктер мен жаңа даму бағыттары. Республикалық ғылыми-әдістемелік конференция. – Алматы, 2011.